Тіл – халықтың тарихы. Қазақтың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытов: «Ана тілі… жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына», – деп айтқанындай, тіл – әр халықтың ғасырлар бойы даму тарихында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани байлығы. Басқа да халықтар тәрізді, қазақ халқының да өзіне тән тіл тарихы көне бастауын әр кездегі ежелгі түрік жазуларынан алады. Яғни, қазақ біртұтас халық болмай тұрып-ақ тайпалардың қолданған ішкі жазба нұсқалары болған.

Орхон – Енисей, Талас тас жазулары әсіресе түркі қағандары Білге қаған мен Күлтегін, Тоны-Көктің (VІ-VІІІ ғғ.) басына қойылған құлпытастарға өте мәнерлі жазу қолданған. Оның тілі қанша көне болса да, қазіргі түркі тілдес халықтардың, оның ішінде қазақ тілінің түп төркіні екенін талай рет ғалымдар өз зерттеулерінде дәлелдеп келтірді. Кейін Орта Азия мен Қазақстанға ислам дінінің тарауы араб алфавитіне көшуге әкелгені белгілі. Алайда бұл ұзақ жылдар бойына созылған тарихи құбылыс болды.

Түрік қағанатынан бері қарай сақталып келген түркі жазба ескерткіштерінің Қазақстан мен Орта Азия халықтарының тіл тарихы үшін маңызы орасан зор. Әсіресе, Ж.Баласағұнның «Құтадғу білігі», қыпшақтардың «Кодекс куманикусы», М.Қашқаридің «Диуани-лұғат-ат-түрігі», Әл-Фарабидің трактаттары ортақ әлемдік құнды деректер көзі болып саналады. Тілдің тарихы осындай еңбектер арқылы бүгінгі ұрпағына жетіп отыр.

Кейбіреулер тілді қоғамдағы адамдардың қатынас құралы десе, мұндағы М.Қашқари: «Тәрбие басы – тіл» – деп, адам тәрбиесіндегі тілдің атқаратын өлшеусіз қызметіне тоқталып өтеді. Бұдан шығатын түйін, біздің рухани жазба мәдениетіміздің түп тамыры халқымыздың өз жерінде пайда болды дегенге тіреледі.

Адамзат тарихында тілдің алатын орнын ұлы ақын Абайдан асқан өнеге еткен дана жоқ шығар-ау сірә! Ақын он төртінші қара сөзінде «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды, амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады» дегенінен-ақ тіл бар екен-ау деп орынсыз сөйлей бермей, тілін жаттықтырып, жатпай-тұрмай, ерінбей, оқып-білім, ғылым алуға шақырады. Абай тілді ғажап өнер деп танып, өте жоғары деңгейде бағалап, адамға келетін он пайданың тоғызы тілден екенін ұқтырғандай.

Абайдың дәстүрін ілгері дамытқан «қараңғылықтың көгіне күн болмағанда кім болам» деп алдына мақсат қойып, артына өшпес әдеби мол мұра қалдырған қайсар мінезді Сұлтанмахмұт Торайғыров:

«Сүйемін туған тілді – анам тілін,

Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.

Шыр етіп жерге түскен минутымнан

Құлағыма сіңірген таныс үнін», – дей келе, санаулы аз ғұмырын тіл жанашыры болуға жұмсағанын көрсетіп тұр емес пе?

Тілдің осындай қадір-қасиетін қастерлеген М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, М.Мақатаев пен Т.Айбергеновтар сияқты ғұлама даналарымыздың қай-қайсысын алып қарасақ та, білім-ғылымды, оқу-өнерді, ана тілімізді ұлттық деңгейге көтеруді дәріптеумен болған екен.

Ана тілін жан-тәнімен сүйген, қазақ тіл білімінің негізін қалаушылардың бірі – Ахмет Байтұрсыновтың әліпбиі қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына жол салды. Оның «сөзі жоғалған жұрттың өзі жоғалады», – деуі арқылы өз ұлтының тіліне немқұрайды қарай алмайтын үлкен жүректі, өжет болғанын аңғарамыз. Өйткені – тіл халықтың тірегі. Егер тіл жоғалса, халық та өзінің өмір сүруін тоқтатпақ. Әлем қартасында ондай елдер болған да.

Қазақ тіл білімінің тарихында Құдайберген Жұбанов ерекше орынға ие болған тұлға. Ол қазақ филологиясынан тұңғыш шыққан ғылым докторы, профессор. Қ.Жұбанов қазақтың ұлттық мектептері мен жоғары оқу орындары үшін қазақ тілінің бағдарламаларын жасап, оқулықтар жазған. Кеңес өкіметі қазақ тілін шектеп, ана тілін ұмыттыруға арналған саясатын қабылдап қана қоймай, оны насихаттап, тіл үшін күрескен қазақ зиялыларына қысым көрсетумен қатар, оларды өмір сүру құқықтарынан айырып, рухани мәдениетіміздің дамуына кері әсерін тигізгені анық. Алайда, орыс тілі арқылы жаппай сауатсыздықтан құтылғандай болған едік. Халқымыз қараңғылықтан шығып, өз ана тілін қанағат тұтпай, орыс тілінің жетегінде кете барды. Жалпы, тілді білу – әрбір адамның қабілеті мен санасына байланысты екені даусыз. Дегенмен, өз анасының ақ сүтімен бойына дарыған тілін, ділін, салт-дәстүрін ығыстырып, ұлттық тәрбиеге нұқсан келтіру орны толмас өкініш. Шын мәнінде, қазақ тілі өз алдына ғылым ретінде осы кеңестік жүйенің тұсында зерттеле басталған-ды.

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адамды толық мәнді зиялы емес деуге де болады. Себебі оны қандайлық мамандық білімі болса да, рухани ой-тәрбиесінде сыңар жақ азамат дейміз. Ана тілін білмейтін адам мәдениетті адам санатына қосылмайды», – деді емес пе? «Тәрбиенің барлығы тал бесіктен», – демекші, орысша тәрбие, оқу баланың санасын шатастырып қана қоймай, оның мінез-құлқына да әсер етеді. Қазақ халқының материалдық, рухани мәдениеті ғасырлар бойы ел өмірімен бірге жасап келеді. Әлбетте, адам баласының өзі өмір сүрген кезеңінде рухани байлық – тілсіз, әдебиетсіз тасы өрге домалаған емес. Мұның барлығы түптеп келгенде, әр бала өз отбасынан өзін қоршаған ортадан көрген тәрбиесін алады. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», – деген сөз осыдан қалса керек-ті.

Рас, 1960-1980 жылдары Қазақстандағы қазақ тіліндегі мектептер жабылып, есесіне орыс тіліндегі балабақшалар ашылып жатты. Әрине, мұның ар жағында қитұрқы саясаттың жатқаны көзге ұрып-ақ тұр еді. Себебі орыс балабақшасынан тәрбиеленіп шыққан бүлдіршіннің кейін қазақ мектебіне емес, орыс мектебіне баратыны белгілі. Осы тұста ана тіліміздің беделін көтеріп, шынайы жанашырлық танытып, көзге түскен зиялы қауым өкілдері, ақын-жазуларымыздың есімдеріне тоқтамай өту біз үшін күнә деп есептейміз. Олардың қатарына Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ж.Молдағалиев, Ш.Айтматов, О.Сүлейменов, К.Аханов, Ө.Айтбаев тағы басқаларын жатқызуға болады.

Ғабит Мүсіреповтің: «Ана тілінен айрылған адам өз халқы жасаған мәдени мұраның бәрінен құралақан  қалады. Жастар мұны қатты ескеруі керек» – деген сөзі қазақ қоғамында сол кезеңде үлкен серпіліс туғызып, қазақ тілінде біртіндеп, мектеп-балабақшалар ашуға бағытталған түрлі деңгейдегі мәдени шараларды өткізуге итермеледі.

Өздеріңізге белгілі, 1989 жылы қыркүйектің 22-сі күні «Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы Заң» қабылданып, қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіл статусына ие болды.

Мінеки, бүгінде Қазақ Елі егеменді, тәуелсіз мемлекет. Біздің ана тіліміз – қазақ тілі. Қазақстан Республикасында тұратын өзге ұлт өкілдерінің өз ана тілдерімен қатар, қазақ тілін де үйренуге деген құлшынысы артып келеді. Өйткені біздің тіліміз Б.Момышұлының сөзімен айтсақ, көркем әрі бай тіл.

Әрине, тәуелсіз елде тіл біліміне қалам тартпаған ақын-жазушылар жоқ дей алмас едік. Бұл орайда белгілі тіл маманы, ф.ғ.к., докторы, профессор, академик Өмірзақ Айтбайұлының «Ана тіл, ана сүтім, арым менің» еңбегін айтпай кетуге болмас. Жазушы өз еңбегінде атадан-балаға мұра боп келген қасиетті Ана тіліміздің небір бел-белестер, бұлтарыс пен бұрылыстар, биіктеу мен аласарудан өтіп, талай қиындықты өткерді, енді тіл тағыдыры, оны қастерлеу, қадірлеу, оның көсегесін көгертіп, көрпесін ұзартатын жастар деп, біздерге үлкен үміт артады.  Одан әрі жазушы өз сөзінде: «ХХІ ғасырдың бел баласы болып саналатын және қазақ тілін қастерлеп қолданатын, дәріптеп өзінен кейінгі ұрпаққа жеткізетін әулет өкілдері – бүгінде бесігінде бөлеулі жатқан бөпелер, балабақшаға барған сәбилер, мектеп парталарында отырған оқушылар, еңбек майданына енді ғана қадам басқан жастар» – дей келе, бүкіл қоғамның басты парызы ана тіліміздің абыройын асқақтатып, оны көздің қарашығындай қастерлеп сақтау адами қасиетіміздің шынайы көрінісі екенін толықтыра түседі.

Ақтөбе облысының тумасы, ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор Рәбиға Сыздықтың «Тіл ғұмыр», «Сөз сазы», «Сөз құдіреті» еңбектері арқылы қазақ тілінің әдеби тілінің тарихын зерттеуге қосқан үлесі деп білеміз.

Иә, сонымен, қазақ тілі ұлттың деңгейге көтерілген ана тіліміз. Абай, Ыбырай, Шоқан, Шәкәрім сөйлеген дара тіліміз. Тіл тағдырына алаңдамаушылық, оны құрметтемеушілік – ұлтымызға таңба басқанмен тең деп есептейміз. Бүгінде елімізде 5 қыркүйек Қазақстан халқының тілдері күні, 21 ақпан Халықаралық ана тілі күні аталып өтілетіні мәлім. Әрине, ана тілге құрмет, халыққа құрмет. Қазақ Елінің жастары ата-бабаларымыздың бізге аманаттап кеткен асыл қазынамыз ана тіліміздің мерейін асқақтатып жүрсе, Мәңгілік Ел болу мұратына бірге жетеріміз сөзсіз. Бұл орайда Ақтөбе қаласынан шыққан ерекше дауыс иесі Димаш Құдайбергеннің әлем халықтарын қазақ тілінде ән салдыруының өзі біздің ана тілімізге деген құрметі емес пе еді.

Ұл-қыздарымыз қазақ тілінің қайнар бұлағы – халықтың ауыз әдебиеті, оның ішінде, «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Едіге» эпостық батырлар жырымен сусындап, М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы, т.с.с. ақын-жазушыларымыздың мұраларын оқып, өздеріне рухани азық алса, одан асқан байлық бар ма? Қазіргі таңда қазақ жастарының ана тіліндегі жазылған шығармаларға сұранысының артуы, өзге ұлт өкілдерінің манағы айтқан қазақ тілін үйренуге деген ықыласы күн санап артып келетіні қуантарлық жайт.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» дегендей, өз сөзімізді жергілікті ақтөбелік ақын М.Құрманалиннің мына бір өлең шумақтарымен аяқтауды жөн көрдік:

Батпасын аспандағы арай күні,

Қазақтың осы бүгін қалайтыны.

Біз үшін жұпар ауа, шуақты күн,

Ардақты ана тілі Абай тілі.

Рима Мәндібаева, Ақтөбе қаласындағы № 2 ЖББО мектеп-гиназиясы  тарих пәнінің мұғаілімі.

 

 

Бөлісу: