Ана құрсағындағы тоғыз ай миллиард жылға пара-пар (Эксклюзив)

Жазушы-дәрігер, фантаст, драматург, Медицина және Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Нострадамус атындағы академияның толық мүшесі – Академик  Совет-Хан ҒАББАСОВпен сұхбат.

– Халықтық болымыс пен Текті сақтау туралы айтып жүргеніңізді белеміз, аға. Әрбір ұлттың ұлт болып қалуы үшін де керегі осы емес пе?

–  Қазіргі таңда «Жер – түймедей, Әлем кеңістігі – қалпақтай» болып қалғандықтан, адамзаттың аралас‑құраластары ерекше жиілеп кеткені анық. Сондықтан, олардың бір‑біріне деген әсерлері өте көп. Соның арқасында күшті ұлттар, әлсіздеу ұлттарды өзіне сіңіріп алуға тырысушылық мол. Міне, дәл осыдан сақтануымыз керек. Оның жолы бар ма? Әрине, бар!..

Одан сақтанудың бір-ақ жолы, ол –  халықтық болымысыңды (менталитетіңді) сақтайтын – ұлттық Дәстүр‑салтың мен  Ана тілің.

Бұл екеуі тереңде жатқан Тегіңді де сақтайды. ЖаҺанданудың қыспағына шыдайтын – жарылмайтын Жаңғақ – тек осы екеуі екенін ұрпағымыздың білгені жөн. Осы орайда ұрпақтарға үгіт-насихат, менің ұсынып отырған тәрбие берудегі ілімім басты рөл атқарады.

Осы кезеңдегі басты жауымыз – Еліктеушілік – екенін де естен шығаруға болмайды.  Жастарымызды еліктеуден сақтандыруымыз керек.

– Аға, осы соңғы жылдары ертегі білмейтін, немересін әлдимен ұйықтата алмайтын, қазақша сөйлемейтін  ата-әжелер пайда болды. Не істеуге болады?

– Бұның барлығы әншейін еліктеушілік сияқты дүние. Қазір мысалға айтқанда қазақта «ақсақал» да жоқ. Қазір олар азаюда. Бұрын ауылды ақсақалы басқарған. Өзінің салт-дәстүрін, халқының тағылымын білетін, халықтың қамын ойлайтын адамдар болған. Пендешілдіктен арылмаса, істегені бір бөлек, сөйлегені бір бөлек жанды ешкім ақсақал деп айта алмайды. Бүкіл  қазақты дамытып, осы уақытқа дейін жеткізіп келгені ақсақал мен әжелердің арқасы ғой.

Қазақтың  бай  әдебиетіндегі ертегілер, аңыз әңгімелер, батырлар жыры, т.б әлі талданбай отыр. Қазақтың бай әдебиетіне жететін қай халықтың  мұрасы  бар?  Ер Төстіктің  өзінде  психологиялық дүниелер тұнып тұр. Жануарларды сөйлеткен біздегідей ертегілер кімде бар? Біз солардың барлығын талдап-таратып, ұрпағымызға бере алмай отырмыз.

Бір қарлығаштың өзінен қандай мықты мультфильм жасап еді. Қазір қалай болса солай жасалып жатыр. Мына Алдар көсе деген мультфильммен қазақты мазақтап жүр ма? Қазіргі идеологиясының түрі осы.

Бұлар туралы мен көптеген мақалалар жаздым, ғылыми конференцияларға қатыстым. Сөйтіп мұның бәрінің жолы тәрбиеде, ұлттық тәрбиеде екенін түсіндім.

– Аға,»Педагогика мен психология негіздері» атты мынау қалың кітабымда үш жүзден астам жаңалық бар деп қалдыңыз. Сонымен қатар бұл жаңа жаңалықтардың бәрі патенттелгенін де айттыңыз. Мұныңыз дұрыс болған екен. Неше күннен бері сұхбаттасып жүрміз ғой. Сіздің бала тәрбиесі үшін айтқан әрбір сөзіңіз бүгінгі әрбір қазақ отбасының жазылмаған заңына айналуы керек деп ойлаймын. Ол үшін не істей аламыз, қалай енгіземіз? Сіз де осы жолға жеңіл келмеген шығарсыз? Жалпы осы жаңа ілімді өзіңіз өз өміріңізде қолданып көре алдыңыз ба?

– Әрине, қарағым-ау. Менің негізгі мамандығым – дәрігер. Медициналық институтты бітірдім. Бұл саланы таңдаған себебім, жеті жасымда он жеті… он тоғыз жастағы екі ағам, арасына он күн салып қайтыс болды. Ол кезде Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында, Сұңқар өзенінің жағасында Қызыл Сұңқар деген ауылда тұратынбыз.    Ағам әскери комисариатқа барып келгеннен кейін қайтты.., денесі ақ қағаздың түсінен де әппақ болатын. Көз тиген, дегендерін естідім. Жеті жасар баламын,  шымылдықтың арғы жағына жасырынып кіріп кеткенмін. Ағамның өлі денесінің алдында  мен «ажалмен күресемін» деп өз-өзіме ант бердім. Советбек  деген ағам қыстың ұзақ күнінде бүкіл батырлар жырын, лиро-эпостық жырларды… исламияттың хикаяттарын мақаммен оқып беретін. Жазушылыққа келгенім де осының әсері болуы керек.

Медицина институтына түстім. Соңғы екі жылында  комсомол комитетінің хатшысы болдым. 1958 жылдан бастап емтиханды қазақша тапсырып түсуге болатын еді. Мен де 1959 жылы химия, физика, биология пәндерін қазақша тапсырдым. Кейін 1961– 1962 жылдары  190–200-ден аса қазақ балалары  мамыр айында  интитуттан шығарыла бастайды. Олардың жылап-еңірегендеріне жан шыдамайды.  Сондағы тапсыра алмаған пәндері – тарих,  политэкономика, научный  коммунизм, физика,   химия сияқты медицинаға еш қатысы жоқ сабақтар еді. Тіпті физиканың заңдарын… химияның элементтерін біліп тұрып… орысша айтуға тілдері жетпеген. Сол кезде… Мединститутта қазақ мұғалімдері жоқ десе де болады.

Біз түскен жылдардың алдында Мәскеудегі екінші медицина институтынан, профессор Қуаныш Аманбайұлы Макиров деген ғалым   институтке ғылыми проректор болып  келіпті. Тегеран конференциясына қатысқан, гвардия полковнигі. Ол кезде  бұл адамдардың барлығы да ұлттық мәселеден өздерін аулақ ұстап, саясаттан қатты қорқатын.

Соңғы студенттік  екі жылым да мен  Комсомол комитетінің хатшы болып қызымет істедім. Осы кезде біз мына мәселені көтердік. Жаңағы екі жүз баланың шығып қалатын  бірінші курстағы бес сабағын  қазақша оқытатын группалар ашуды ұсындық. Мұны көтеруге басты себеп болған, сол тұста Комунистік партия  «жастар өз проблемаларын өздері шешшін» деген ұранды қозғалыс қатты жүріп жатқан еді.  Медицинаға қатысы жоқ   бес сабақты   қазақша оқыту деген мәселе көтердік.   Бұл кезде деканаттар да, проректор де  жаңадан ауысып жатқан еді. Басшылыққа жаңадан келген қазақтар барлығын да жабық  жасауға тырысатын-ды. Себебі – қорқады…  Осы қойылған мәселенің арқасында  1963 жылы бес факультеттің әрқайсысынан үш-үштен он бес қазақ группасын аштық. Бұл Алматыда, бүкіл Қазақстанда сенсация болды. ҚазҰУ мен Политехтың студенттері бізге келіп, комитеттің жұмыстарымен жиі танысатын. Қазақ группалары ашылған бірінші жылдың өзінде-ақ, бұрынғы екі жүз бала шығатын институттан  бар-жоғы он-ақ  бала шықты. Олардың өзі – тәртіп бұзғандары мен оқуға келмей жүргендері бар.  Бірақ оның ішінде… қазақ балалары жоқ.

…Институтты бітірісімен-ақ,төртінші ықшамауданда жңадан ашылған поликлиникада хирург болып қызмет еттім. Табиғатымдағы жаңа идеяға құмарлығыммен, сол кездегі балтыр тамырларының кеңеюін (варикозное расширение) емдеуді  қолға алдым. Сол уақытта бұл ауру әйелдер арасын да өте көп таралып кеткен еді. Ол кезде ешкім емдемейтін. Осыны жолын тауып, кеңейген тамырларға арнаулы дәрі жіберу арқылы  емдеуді бастап кеттім. Тамырға  жіберген дәрі  бір-екі күннің ішінде кеңейген тамырларды қалпына келтіреді. Осыны естіп бүкіл қала іші үлкен жаңалаққа айналды. Поликлиниканың алды  ем іздеген адамдарға толды. Алматы қалалық денсаулық сақтау ұйымы мені алғыспен марапаттап, атақты хирург-  профессор М. И. Брякиннің клиникасына ординатор етіп ауыстырды.

Кандидаттық жұмыс алып, «соискатель» ретінде ойдағыдай қорғап шықтым. Тақырыбым да    микробиология мен хирургияны  біріктіре зерттеу арқылы, хирургияда антибиотиктерді реттеп қолданудың жаңа әдісі ұсынылды. Профессор М. И. Брякин мен профессор Қ. А. Макиров екеулері ғылыми жетекшілерім болды.

Ал осыдан 8 жыл өткеннен кейін, докторлық жұмысым да асқазан операциясының жаңа әдісін ұсындым. Асқазанның Бильрот ұсынған операциясына   бүгінде  150 жылдан аса уақыт болып барады. Ол әдістің үш түрлі кемшіліктері болатын. Менің ұсынған әдісім   осы кемшіліктерді жояды. Менің «Қандауыр»  атты романымда осы асқазан оперция әдісінің суреттері мен барлық жүйелері жазылған.

–»Адам тәрбиесінің жаңа ілімін»    өз отбасыңызда қолданасыз ба?

– Әрине қолданамын. Өзімнің кенжем осы тәсіл бойынша дүниеге келді. Жетістіктері жетерлік. Өзім де жоғарыда айтқанымдай, мінәжет етемін. Тән тазалығы мен қоса жан тазалығын да ұстағанның арқасында ауру-сырқаудан аман-есенмін…

– Сіз сияқты шығармашылық адамға медицина ауырлау болған шығар. Әлде керісінше ме?

– 1987 жылы  мен медицина ажалды жеңбейтінін түсіндім. Сөйтіп, медицинамен қош айтыстым да, осы жазушылыққа біржола бет бұрдым. Әйтсе де,   мен мынау он саусағыммен — төрт мыңнан аса ота (операция) жасадым. Бүкіл асқазан мен ішек жолдарына, қызылөңеш пен бауырға ота жасадым. Ота жасау кезінде де…  артынша да бірде-бір  асқыну болған жоқ. Әдет болып кеткендікі ме… бүгінге дейін қолыммен ет турап ұстамаймын. Сүйек кемірмеймін. Қолыңды қанша жусаң да инфекция шығады. Бұл хирургиядағы өте қиын нәрсе. Құдайға шүкір, бір адам менің отамнан асқынған емес.

1974 жылы мені Жазушылар одағының мүшесіне қабылдады. Әнуар Әлімжанов бар. Олжас  та ол кезде хатшы болатын. Сөйтіп біраз жылдар дәрігерлік пен жазушылықты қатар алып жүрдім.

– Ұлттық тәрбиеге қалай келдіңіз?

– 1987–1989 жылы Мәскеуге барып оқыдым. Аягөздің жігіті Ғабиден Құлахметов сияқты азаматтармен курстас болдым. 1987 жылға дейін адам тәрбиесінде  үлкен қаталықтар бар екенін сезіндім. Осы жайлы көптеген мақалаларым шыға бастады. Москвадан келгеннен кейін… Жазушылар одағынының «мектеп кеңесін» басқардым. Міне, осы кезде, яғни 1990 жылы менің    «Үзіліссіз ұрпақ тәрбиесі мен оқу-ағарту жүйесінің үлгісі» атты концепциям шықты. Оны талқылап Білім минстрлігі қабылдап «Жоба» кітапшаларына енгізді.  Ахмет Байтұрсынов атындағы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми кеңесі және Бүкілодақтық Мәскеудегі «Педагогика академиясының»  Алматыдағы филиалынан ұсынылған еді.

Осы тақырыптың негізінде  «Халық педагогикасының теориялық  және методологиялық негіздері»  атауымен… Абай атындағы ҚазҰПУ-дің    ғылыми кеңесінде 2002 жылы  «Педагогикадан» докторлық дисертация қорғадым. Мен ұсынған методологияның екі сатысының біріншісі – биологиялық индивид, екіншісі – сананы жетілдіру  болып табылады. Бұл бүгінгі педагогиканың еш жерінде жоқ. «Биологиялық индивид» — тіршіліктің түрі. Ұрық құрсаққа барып түскеннен  нәрестенің қырқына дейін барып  жүрек тәрбиесінің тәсілдері арқылы – жанның он екі арнасы ашылады. Бұл туралы  жоғарыда айтқанмын.

Ал сананың жетілуі – баланың қырқынан шығуымен сипатталады?!.. Бала алғаш рет   ақ пен қараны ажыратқанын аңғартады. Бұл – сананың ең алғашқы пайда болу сәті. Ал – менің технологияммен дүниеге келген балаға- Сана екінші күні келеді. Ал – қырық пен екі күннің арасы  ондаған жылдармен есептеледі.

Ана құрсағындағы тоғыз ай миллиард жылға пара-пар екені ғылыми дәлелденген құбылыс қой. Құрсақтағы бала – бүкіл он сегіз мың ғаламның түрін түгел басып өтеді. Он бес күннен кейін балықтың түріне келеді. Желбезегі мен қанаты болады. Тіршілікті жаратушы Алла… соның 450 миллион жылы су астында. Неге кесірткі мен бақаны қосмекенділер,  деп айтамыз ?!.. Олар – суда да, құрлықта да тіршілік етеді.  Одан кейін сүтқоректілер. Тіршіліктің ең биігі – адам…                                                   Халық педагогикасы мен психологиясы дегеніміз не?                                                 Ол – адамның жан дүниесін тәрбиелейтін және зерттейтін ілім.  Адам дегеніміз не?  Адам – аса күрделі үш жүйеден тұратын  жаратылыстағы ең жоғары сатыдағы тіршілік иесі.  Жан дүниесі,  тән құрылысы мен психикасы  – Адамның рухы.

Жан дегеніміз не?  Жан – жер бетіндегі кез келген тіршіліктің формасы. Оның үш түрлі сипаты бар:  өсімдіктер жаны,  жануарлар жаны, адамның жаны.

Ғылымда бар жоғы екі-ақ сала –  табиғи ғылым және рухани ғылым бар.

Бүгінге дейін айтып келген – мәдениет, ғылым Грекиядан, Үндістаннан, Египеттен, Қытайдан дамыды деген сөзге келіспеймін. Біздің тарихымызды  кешегі әз Тәуке кезінде жаздырмағанына мен таңқаламын.  Бұрынғы кезде неге бәрі жазылмай қалды. Әлде барлығын өртеді ме? Халықты басып алған кездегі Қытайлардың ең бірінші ұстанымы, жазбаларын өртейді екен. Арабтар да, орыстар да осыны қайталады. Кешегі алып Ертұғылыдан бері,  Мөде ханнан бергі дүниенің барлығы жазылмауы мүмкін емес. Қытайдың иеороглиф жазуы қазақтың руна жазуы пайда болған уақытта жоқ болған. Неге деген сұрақ менің миымның мәңгі қонағы болды.

Советхан Ғаббасов: Қазір ұлттық идеологияға баса мән беру керек

– Мұның бәрі әдейі бұрмаланып отырған тарих қой..

– Кешегі өткен – Атила (Еділ), Шыңғысхан, Жошы, Батый, Алтын Орда шындықтары неге  бұрмаланып отыр? Мінеки, айта берсе, бұл тәрізді тарихи әділетсіздік толып жатыр…

Осының салдарынан, бүкіл адамзат тарихының  ғылыми жүйелері мен негіздері бұзылды.  Сақтар мен Ғұндар тарихының әдейі айтылмауынан, бүкіл Түрік халықтарының көне тарихы бұрмаланды. Осынау ар ұялар істердің бетін ашқан, тек Қазақ даласынан табылған бірнеше археологиялық ғажайыптар мен «Алтын адамдар» киімдеріндегі даналық өрнектер және Аркаим‑Сынтасты өркениеттері, Европацентризмнің әділетсіз де, жалған ғылым екенін дәлелдеді.

Мұндай фальсификациялардың салдарынан, адамзат қауымы бүгінге дейін,  әділетті  де қайырымды қоғам құра алмай отыр.

Бұның ең үлкен зауалы мен залалы, адамзат қауымының тәрбиесіне ауыр зардаптарын тигізуде…

Европацентризм методологиясының әсерімен, бүгінгі таңдағы қолданылып отырған бүкіл Педагогика мен Психология ғылымдарының Негіздері мен Жүйелері  жалған бағыттарды басшылыққа алды. Мұнда да Империялық саясаттың ықпалымен, адамзат тарихының даму жолдарын дәл сипаттайтын «Морган жүйесін» және генетикадағы «Мендаль ілімін» әдейі терістеу арқылы адам тәрбиесіне жалған тәсілдер ұсынды. Мысал үшін: классикалық педагогиканың негізін – философиядан  шығаруы. Бұл, тіпті ақылға сыймайтын қателік?! Өйткені, Морганның классификациясы бойынша, адамзат қауымының дамуын үш кезеңге – Тағылық (төменгі, орта, жоғарғы сатылары бар, 180 мың жылға созылады) – Жабайылық (мұндатда – төменгі‑орта‑жоғарғы сатылы,15  мың жыл) – Мәдениеттілік (5 мың жыл, бүгінге дейін) – деп бөлінеді. Тек, Жабайылық кезеңнің төменгі сатысында ғана, философиялық ой түгіл, енді‑енді шешен сөйлеудің белгілері (К.Маркс) білінеді, Олай болса, классикалық педагогиканың негізі философия деу, шындық түгіл қисынды өтіріке де ұқсамайды.

Ғылыми педагогиканың негізі – білім беру, оқыту, тәрбиелеу деуі, оның үстіне бүкіл Европалық ғалымдардың баланы туғаннан бастап қана тәрбиеленеді дейтін түсініктері де қате екені дәлелденіп отыр. Бала ана құрсағындағы 3-ші айынан бастап тәрбие күтетіні, ғылыми жаңалық ретінде мойындалған құбылыс. Олай болса, іште жатқан баланы – оқыту, білім беру, дегеннің көкейге қонбайтыны, ешқандай дәлелді қажет етпейтіні түсінікті.

– Ол жоғарыда сіз айтып өткен құрсаққа дейінгі тәрбие мен құрсақтағы тәрбие емес пе? Бұл сондай ілім болса не үшін адамзаттың өмірінен алынып тасталған, немесе мүлдем енгізілмеген?

– Ежелден белгілі – Аристотель мен әл‑Фарабидің ғылыми классификациясы бойынша, кез‑келген пәннің негіздері өзінің ішінен шыққанда  ғана ол нағыз ғылыми пән бола алады, дейтін тұжырымын еске түсірсек, ғылыми педагогиканың негізі деп отырғандары – білім де, оқыту да сырттан келіп тұрғанын ажырату қиын емес. Ендеше, бүгінгі Педагогика мен Психологияның осындай империялық саясатқа бағынған методологиясынан, бүкіл адамзат қауымының тәрбиесінде қабағат үлкен қателіктер бар. Осының салдарынан, бүкіл біздің өркенниетіміз бойынша, адам баласының бойындағы үш жүйесі – ТӘН – ЖАН – РУХ  тәрбиелері үндестіктерін тапқан жоқ. Бүгінгі таңда, Тән тәрбиесінен басқа, Жан мен Рухтың тәрбиесі түгіл, бұл екеуінің өзі – не екенін түсінбейтініміз шындық. Міне – Европацентризм методологиясының керағар әсерлерінің бір саласы ғана, осындай жайсыздықтарға ие.

Осыдан келіп, бұл кешегі империяларға, немесе, бүгінгі ЖаҺандану саясатына не үшін қажет болды? – дейтін заңды сұрақ туындайды. Қысқа қайырып айтсақ, бір халық өзінің отарындағы ондаған халықтарды еркін төстеп билеу үшін, қол астындағы халықтардың ұлттық және азаматтық санасын оятпауға тырысады екен. Сондықтан, империя атаулы бодан халықтың  ұлттық тарихын,  халықтық педагогикасын  жойып жіберуге тырысса,  тілін, жер аттарын, дәстүрі мен салттарын  өшіруді өзекті мәселесі ретінде таниды.

Мінеки, осынау санамалаған ұғымдардың теріс жүргізілуінен, ұлттық және азаматтық саналардың ашылмауынан, бүгінгі маңдайымызға күйелі көсеудей ұрғылап жатқан шалақазақтар мен космополиттердің қасіретін түсінуімізге болады.

–Ал енді, осыншама ауыр керағарлықты түзетудің жолы бар ма?..

–  Әрине, бар!?!  Оны, менің «Халық педагогикасы мен психологиясының негіздері» атты ұрпақ тәрбиесінің  жаңа ілімінен   оқып танысуларыңызды сұраймыз.

Қ.Бегманов

Бөлісу: