Әңгіме

   Бозда жүрген бұландай,

 Үйде отырмас ойқастап.

                                  Дулат Бабатайұлы

Шәукен ғана қорғаған Шәкәрімдей

Кетейін бе мен де осы дала кезіп…

                                                  Төлеген Жанғалиев

Азан шақырып қойған есімі Ғабдулкәрім. Жұмағұл молда ұлына арабы ат қойған. Анасы Кәкен атаған. Кәкеннің атасы туғанда ескі дәстүрмен есімін Шұлғаубай деп қоя салыпты. Өткен күнде белгі жоқ. Бұрынғы ноғай, қазақ заманда сахарада бәйге шапса, ат арқасына қаңбақтай жабысқан шабандоз жас балалар Жылқыбай, Құлыншақ, Барақ, Қойбақ, Шонай, Байбұқа, Күшік, Шабан екен.

Жұмағұл молда руы тарақты ішінде қарашие-көгедей, 1900 жылы Ақсуаттың Кіндікті өзені жанында, қалың сарымсақ түбінде жылан оралып жататын, алтын-күмісі көп Сарыбұлақ басында туды. Кәкеннің анасы Бәтіш найманның тоқабайы, отағасынан он жеті жас кіші, әншілік, өлең қонған. Құран аударған молда хат танитын үні әуезді біреуге түнімен қисса-дастан оқытатын. Әкесі Кәкенді жеті жасынан шежіреші болуға үйретті. Жұмағұл молда 68 жасында Шыңғыстауда, руы бөкенші Күнту болыс қорасында қайтыс болды.

Қарғадай Кәкен Сабыржан молда мен Абай өлеңін жатқа айтқыш Рахым молда сияқты данышпан кісілердің қасында әр сөзін қағып алып отырады. Шәкірт баулыған ұстаз екі шал исі тобықтының жер дерегін, қай ру қай төбеге шейін мекендейді, көсем кім, батыр кім, бақталас ағайын арасы араздық, итжеккенге айдалған есіл ер, ескі оқиғадан түк қалдырмай баяндайды. Ауылда сыйлы ақсақалдарды дәмге жиі шақыратын қонақжай дәстүрмен бір шаңырақта ағаш астаумен тартылған жылы-жұмсақ, қазы-қарта, жал-жая, бас қойылса, қой құлағын жеуден алдына бір бала салмаған соң ел әзілдеп, кішкентайынан Кәкеншал атады.

Ахметбек Қожаханұлы ел тұтқасы Кеңгірбай бидің баласы Ералыдан тарайды. Кәкеннің құлағы өзінен қырық жыл бұрын туған елгезек, естияр бала екенін сезіп, Шыңғыстау шежіресін көкірегіне құя берді.

Тобықты ішінде әнет, жігітек, ырғызбай, жуантаяқ, бөкенші, борсақ, топай, торғай, көтібақ, үмбетей, мәмбетей, мотыш, көкше, құлық, жүзбенбет, мырза, мамай, наз, текебай, есім, есболат рулары туралы небір деректі жасы кішіде Кәкеннен артық білетін ешкім жоқ.

Қариялар әңгіме айтса жанын ерен қинап, тебірене толқиды. Кеңгірбай би жер дауы, жесір дауы, барымта-сырымтада айнала жуан ата арғын-найман, керей-уақпен қақтығыста аз тобықтының рулық мүддесін қызғыштай қорғаған. Билігі бұзылмаған Кеңгірбай биді кейінгі ұрпақ Би Ата атаған. Қой жылы кетіп, мешін жылы келерде үркер жоғары туып, ақсүйек жұт болғанда Кеңгірбай би бүкіл тобықтының малын Ташкентке айдапты.

Ел шежіре, нысаналы жер тарихына Кәкен қанық болғаны сонша, көкірегіне біреу сызғандай, жер асты суы атқылаған ұсақ шоқылық, мол жазық, күншығыс аққан су Ертіске, күнбатыс аққан су Балқашқа құятын; ен жайлауы лек-лек тұнжыр қарасу, жертас, қалың ши, сай-сала шілік, бір тауы бұлғыр, бір тауы асқақ, тырнакөз көл құрақ-қамысы шулаған, ақ өлең өскен жабайы шошқалы, қыры шоқпардай алтын бас тырналы, құстан қу мен қарқара, аңнан жолбарыс, аю тұқымы құрып, түн құстары қуыста бұғып қалған; түлкі үрсе, бөрі ұлыған, мүйізі күнге тартқан бұғы, бұлан қарағайлы-шыршалы көк орман сиреп өлген соң Алтын тау асқан, жақпар тасында таутеке, арқар ойнап, тоғайында сілеусін қышқырған жанды карта орнады. Тасқа таңба басқан тарих шындықтың көкесі. Ежелгі адамзат Күнді құдай санап табынған. Жеті қат аспаннан үздіксіз метеорит нөсер алтын жауғанда қисапсыз кен жер қыртысына сіңген есте жоқ ескі уақыт жұрнағы жартастағы күнбасты кісі бейне, аң аулау рәсімі, үңгірдегі тайпа таңба, шеку шимай, қашаулы ойма суреттер есін алды. Ол суық сұлулықты жаны құлай сүйген зергер сияқты жер-көктен қазына, рух іздеп, із кесті. Ізге шөп салған аңшылар жолда қалды.

Тобықты десе селдей таситын дәмдес бір ақсақал Жұмағұл молдаға: «Молдеке, бергі арғында, мен білсем, сенің мына жүрдек балаң әлгі біздің Қиясбайшылап жер кезуге тым әуес көрінеді. Жаяу-жалпы ел адақтап, ұшарын жел, қонарын сай білген қаңбақ, кезбе атанған Қиясбай сияқты», –деп күлді. Әкесі: «Кезінде Абай жарықтық жақсы көрген дуана,  домбырашы, сыбызғышы, қияли Қиясбай ма?», – десе, ақсақал даусы лезде күңгір тартты: «Ғұлама Мұхаң кітапта өшпестей таңбалайтын Қодардан туған немере Қиясбайды айтамын. Ұлы бабамыз Рыспетек-Мұсабайдан тараған ұрпақ қай заманда да болғанды болған деумен келеді. Қалқаман-Мамыр, Еңлік-Кебек, Қодар-Қамқа оқиғасын тобықты сырт ағайыннан еш жасырған жоқ. Сыбырлағанды құдай естімеуші ме еді?! Әттең, соңғы сүрең сүйекке түскен қара таңба, құдайдан безген азғындықты Құнекем қанмен жуып кетіргені теріс пе еді, молдеке, асылын айтыңыз?!». «Ақсақал, уыздай Қалқаман оқ байлау жазасына кесілді, Кебек ер ат құйрығына таңылды, қарт Қодар түйе қомында дарға асылды, бөтендер табаласа, садақ оғы, ат жалы, түйе қомы деп жұмбақтайтұғын шерлі шежіре. Сондықтан Шәкерім әулие үш қайғыға бірдей жыр жазуы, өз атасы Құнекең кесімін ақтауы тегін деймісіз. Ол айтуы жеткен, ел есінен кетпес тірі сөз. Мынау тісті бақадай жабысып, сөз аңдыған қарағым аңыз-әңгіме, жұмбақ жер, балбал тастарға өлердей құмар. Түнде өкіретін су сиыр бар дейтұғын Сарыкөлге, тауда алып дастарқан төселген Жынтасқа қона бармақ». «Молдеке, балаң аңыз, шежіре естуден жалықпаса, Қарауылдың басында тұратын жазушы Кәмен Оразалинге апар, өзге білмегенді бір білсе, сол біледі».

Кәкен жонды жаяу кезеді. Солтүстік Мұзды мұхитқа құятын ақ Ертістен 180 шақырым алшақ Шыңғыстаудың әр сүйемін алақандай біледі. Үш Олжай баласы мекен етіп отыр. Арқаның көкмайса, нулы-сулы биік жотасын тобықты елі жон деп атайды. Шаған өзені тобықты мен арғынның жер бөлігі. Шағаннан шошақ бейітке дейін мотыш аталығы жайлайды. Шошақ бейіттен Сарыжалға, бір шеті Шұнай тауына дейін жүзбенбет жері. Шұнай тауынан күнбатысында Қараша деген бай үш мың жылқы ұстаған, арғы бетінде есболат руынан Аққұлдың Оразбайына үш мың жылқы біткен. Оразбай 1923 жылы өлген, басына кенже баласы Медеу қызыл гранит тас қойған. Қазаннан, ағайынды Кәрімовтар баспасынан көне һаріппен арабша тас жаздырып әкелген. Оразбай ұры-қары болмаған, қажыға барған. Оразбайдың кенжесі дөң басында ойнап отырады екен. Ұзақ қарғалар келіп қонса, бала әкесінен үш мәрте сұрапты. «Ой, қарағым, бұл ұзақ қарға ғой, қыс хабаршысы», – депті әкесі. Оразбай бүй депті: «Балам, құдайдың қарғысы тигендей қыңыр сөйлейсің, сен мектеп сал, әйтпесе атың да қалмайды. Белес кетер, бел қалар, беглер кетер, ел қалар».

Құндызды өзені тобықты мен сыбан шекарасы, найман қаракерейден тараған сыбан руы керемет бай болған ел. Жел өті сырт Бұғылы-Машан тауын қоныс еткен жуантаяқ руы арғын қаракесекпен көрші. Балтабай, Шыбынтай, Таңбалы тас құлық руы жері. Тасында төре таңба қаптап тұр. Бұл елдегі төренің арғысы қожадан шыққан деседі. Тасқа төре таңба 1757 яки 1780 жылы басылған. Төре, тарақты, жалайыр, табынның рулық таңбасы бір – тарақ. Майқы би үш жүзді құраған қырық ру таңбасын жартасқа ойдырған.

Үшқараның ащы көлі, Бөрілі, Ақшоқы, Найзашоқы, Бақанас, Ералы әулие басы, Қоңыр әулие үңгірі. Боқты көлін кейін Оспан көлі атады, екі кісі аты. Кәкен ер Тәукенің Қарауыл биігіне талай шықты. Аңызға бергісіз атажұрт шындығын суреттеп айтуға қас шебер шежіреші Бекен Исабайұлы сүйектері қурап қалған Кебек пен Тәукені, Базарәліні бұл жалғанда еркек кіндіктіде ер шолпаны атаған. Нағыз өмірді бұрынғылар сүріп кеткен сияқты.

Кең далаға қараса, қарадай көзі тояды. Жеті қарақшы батпандай жеті жұлдыздың құйрық тұсы құдды қазаннан ас көсіп алған дәу саптыаяқтың сабы тәрізді, алмас қасықша жарқырап, Темірқазық шаншылған. Бір ұры түнде елсізде ет жеп отырып, қасындағы серігіне Темірқазықты көрсетіп, бүй депті: ет тәттілігін қойса, мен ұрлығымды қояр едім, міне, сенбесең, көк күмбез, шаңыраққа қарашы, даяр асқа тік қасық көрінеді. Сыбайласы айтады: – Е, бесіктегі жас бала етке жөргегін сатамын дейді екен!

Жаз туса мырза-мамайдың сабылған ұрысы мен сыбанның қос ұрысы Айпар-Жайпар жондағы тас бұлақтардан май бұлақтар ағызған.

Ай шоқ жұлдыздардан туу бері, тым жалқы телміріп жерге төнеді. Айдың тартылыс сиқыр күшін су қабылдайды. Құдіреті күшті құдай жаратқан, көз тоймайтын шексіз дүние қарашыққа қалай сыйып тұрады? Ғаламшардың темірқазық бір кіндігі балқыған алтын шырақ тотсыз Күн. Күнсіз Ай жоқ, Ай Күнге ереді. Әкесі Құраннан айтты, Көктер әуелде тұман болған. Күн өлсе Ай жоғалар. Кәкен мылқау ай астында шоқ-шоқ мың миллион жұлдыздан күміс нұрсәуле төгілген сабаншы құс жолына кіндігі байлаулы сезінген. Көк күмбез, айқара шашу жарқыраған көк түстен мөлдіреген су тегі уыз реңді риясыз сіңіре толықсиды. Көк жерге, жер көкке мәңгі ынтызар. Қой баққан жылдары Кәкен сүттей ақ ай толса, байыз таппайды. Мейлі құла түз қатерлі болсын, көкірегін қаздай шулатқан сиқыр күй билеп, айлы кезең әрнеде жолы болғыш. Құдай бергенге құлай берер. Алты қыр астында ат дүбірі естілді. Тырналар оңаша отау қонған құсқонақ мық жусанды бел, әзелде тұқымын қазақ қылған жыл құсы ғой.

Жылқы атасы тарпаң. Шыңғыстау петроглифтерінде тарпаңдар ені, тұрқы түгел ұзын, сирақты, аяқты. Таста салынған үйір-үйір бизон, құмай көп. Руы мотыш Әділ Икеұлы қорасы жаны, Шаған суы бойы жартаста шудалы көп бизон қашалған. Алып бұқалар. Үш мың-бес мың жыл бұрын жонда бизон қаптап жүрген.

Ұлы баба сахарада жыртылып айырылған құлан-тарпаңды құйрығынан тартып ұстап алып, асауды ат қылып мінді, сөйтіп, бірі құлан қыпшақ, бірі жалайыр атанған. Құла аң-құлан, тарпаңнан жиып мал қылған. Азаттыққа өлердей елту, қазақ шығу ат үстінде туды. Желдей есіп шапқанда қазақ қанат біткендей арқаланып, қиқу салуды төбесінде ұшқан аққу-қаз, тырнадан көз ақы алған-ау.

Тауда қонса Кәкен аян түс көргіш. Тастан асыл не бар. Тау-тас, елеусіз таса үңгірге адамзат нәсілі жаралғалы табиғи қорған ретінде тығылған. Қарахан тауда бабасы жайлаған. Таста көз бар, сұлулық қаса сұлулықты сүйеді. Тас пен ғарыш тек металл, қорғау қасиеті күшті. Қымбат тас көз қуанту, әсемдік сиқыр үшін керек. Құстар жалтырауық тастарды неліктен сүйеді? Құс екеш құс шын асылға шүйлігеді. Өлі сауысқан бөтегесін жарса, көп асыл тас шығады. Өте сақ көзі асыл құс, кез келген жылтырақ затты тауып береді.

Тайпа басы жетімек асырап-баққан бөрі анасын еміп, оңалып, түркі баласы өсіп-өнген, бизонды бұзбай пісірген үшкіл жерошақ қазған, оттан тас балқып, темірдің қасиетін ашқан. Күміс табақтан ас ішіп, белбеу, ер-тоқым, үзеңгісін асылдан соққан. Күміс семдеп, зер термей, қошқар мүйіз төңкермей, ұласымды ою жараспас, көгеріс өрнек көмкермей.  Бұл өлең ауылда ел аузында жүр. Кәкен түсінде сиқырдай арбаған өте биік аппақ нұрлы тауға өрмелейді. Памир тауы деп ойлайды, құз-қия, шың-жартас, ұсақ тасына шейін саф таза күміс. Памир тауда қисапсыз мол күміс қоры бары күмәнсіз. Ұста дүкені бар руы топай Әбдікәрім ата қорасынан өгіз бас қос күміс, қаңылтырмен қаптаған, екі басты самұрық құс Ресей империясы белгісі бар шыны шишасы сынбай, бүлінбей ондық шам, бестік шам тапқанына көрінген.

Өлі патшалық тас қорғаны обалар. Жонда құл оба жоқ, қара оба, тас оба, қалмақ қырылған үйген тас төбелер бар. Күншығысқа қараған балбал тастар тым атам заманғы, жерлеу салт жорасында ел қорғайтын мықты, білекті алып ерлер өлгенде басына қоятын белгі сияқты. Қырналып-қашалмаған тұрпайы бағана тастар жер қорыған қорықшыдай жазық даланың көне иесі, аруақ басына қойылар қастерлі елдік нышан. Кәкен тас мүсіндерді бір жерге үйіп, музейге өткізді. Қазба жұмысында археолог ғалым студенттерге қадай айтты: «Балбал тастар көшпенді халықтардікі. Жер кіндігі сияқты оқшау тұратын болған соң кіндік тас деп те аталады. Тері мен сүйектен жасалған заттар көне түркінікі».

Хан биігінде Ешен әулие жатыр. Ақшоқыдағы зиратта Ырғызбай-Өскенбай әулетінен Құнанбай қажы, ұлдары Тәңірберді, Ысқақ, немерелері Мағауия, Әбдірахман жерленген. Ысқақ баласы Кәкітай іргелес жатыр. Өлі риза болмай, тірі байымайды. Ел басына түнейді. Жүзбенбет руы қоныс еткен Ақтанбұлақ. Мұнда жуантаяқ Нысан абыз моласын көктем, күзде су алып кетеді. 1984 жылы жазда ел құран оқытып, мүрдені қазып алып, құрғақ жерге жерлеп, басына ай қойып, мазар орнатты. Нысан абыздың зерлі тақиясы мен қобызы екі жүз жылдан соң бүтін шықты. Мемлекеттік музейден екі кісі келді. Зиратты трактормен қазғандықтан қобызды бүлдіріп тастады. Келгендер тақияны, Қазаннан шыққан 15 кітапты алып кетті. Сынған қобызды дұға оқып, молаға қайта көмді. Рух қобызын сындырды деп күңіренді. Баба аруағы аунады, басына қойған ай белгіні жел соққанда ұшырып, алыс лақтырып тастады. Күллі жаратылыс иесі рақымы зор, тым жұмсақ, аса жарылқаушы Аллатағала ағатты кешірер, аруақ кешірмейді.

1971 жылы 8 класта оқып жүрген Кәкенді үш әріп есепке алды.1990 жылға дейін созылды. Кәкен ит түрткіні мемлекеттік қауіпсіздік комитеті басшысынан көрді. Жасы 55-тегі қазақ, лақап аты Едірей. Сен, контра, буржуй, ескінің көзі дейсің, ескіні неге аңсайсың? – деп баланы ұрып-соғып кетеді. Басың ауған жаққа лағып жүре беретін мәжнүнсің бе, сығансың ба, неге тентірей бересің, көзіңе жын көріне ме? Тегіңде шалық шалған қыдырма біреу бар ма? Әке-шешең бай болды ма, қандыбалақ банды болды ма? деп мұны жатып тергейді. Үкіметті қопарып кете ме деп қорқады. Кәкен молда әкем қисса-дастанды жатқа соғады, ескіні іздеуді, бағы дүниені қастерлеуді өсиет етті деп айтса сенбейді. Шәкерім ақын ақталмаған кез еді. Бала «Қалқаман-Мамыр» мен «Еңлік-Кебек» жырын жатқа білді, мұнысын анау үкімет адамы болған соң жасырды. Едірей Кәкенге даладан қазына тапсаң, дереу үкіметке өткізесің деп бұйырды. Бір кішкене оқиға болса, Кәкенді ала жөнеледі. Апасы күйінді: – Балам, өзім жетім өстім, сорлағанда текке сотталып кетіп жүрме, жалғыздың үні шықпас, үкіметке қарсы болма.

Текше тауынан Кәкен тапқан бердеңкені Едірей тартып әкетті. Оның баласы бердеңкемен кісі атып, айыпты саналып, партиядан шығарып, жер аударылғанын артынан естіді. Жасөспірім ұл Едірейді аруақ атты деп ұқты. Кие де, Ие де бар. Кәкеннің арқасы бар. Күн жадын жұлдыздан болжағыш, малы ауырса емдейді. Жер сілкінерін алдын-ала сезеді. Түсі екен, Алжирде үңгір арқылы жер астына түсті, қараса, от пен су дию-пері кейпінде алапат алысып жатыр. Расқа шықты.

Кәкен ержеткен соң отыз жыл мал бақты. Қой мимырттап келеді, қой мамыр айда мамырлай жайылады. Жылан, мешін, тауық, доңыз жылы ауыр, сұры жаман. Жонда ақтүтек қыстан малшылар екі табын малды былқ етпей, аман алып шығатын Мейірбан қорығы бар.Теңіз орны. Қорықтағы ақ тастар теңіз шөгінділері, оған қарап археологтар жердің жасын шығарады. Ақ тастар құр үйіп қойған шөп, мая сияқты, жіг-жігімен жарылып тұрады. Жігін қопарып қараса, шарт етіп құлайды. Теңіз жәндігі тасбақалар, балықтар, құрттар, қоңызына шейін қатып қалған. Тас арасынан жаңғақ жарғандай мұртшалары анық көрінеді.

Адамзаттың жер мен космоспен байланысы ертегілерде жұмбақтай айтылады. Көкек айда Көк Тәңіріден жарық сәуле түседі. Көктен қатты айқай шықса, жер көбесі сөгіліп, реңі жасарады. Егер аспаннан нұр тамбаса, күн суық, мамыр аяғы, құралайдың салқынына дейін тоң ерімейді. Күн күркіремей, дала өсімдіктерін, ерте қылтияр сарымсақты жеуге болмайды.

Кәкен аспаған тау, табаны баспаған ұлтарақтай жер жон Арқада жоқ. Бұжыр шағыл тастар, бетіне қына өседі, ұсақ-ұсақ қорым тастар. Теңіздің малта тасындай қой тастар. Көтібақтың ен жайлауынан керей еліне бастар ойпаңға құларда көшпелі жылан ордасына кезікті. Жыланды жер алтын буынан мұнар көтерген сияқты толықсып жатады.

Кәкен тоғайдан үкі ұстап алып, бір ай баққан соң қоя берді. Үкі құс өн бойы жазылған аят. Қанатына аят жазылған деп ел айтады. Екі еліден, біркелкі, аумаған жазу. Қанаты жиналып тұрғанда білінбейді. Үкі өліарада түлейді, қауырсыны сауылдап түссе, ел жинап алады. Үлкендер үкі қасиетті құс, тірілей қауырсынын жұлып алма, обал болады деп тыйым салады. Кәкен ет пен су беріп бақты. Үкі етті кесек-кесек қылғымай жұтты. Үкі киіз үйде тұрды, саңғырығы көбейсе, тұрағы таза болмаса, өзін-өзі өлтіріп тастайды. Үкінің мойны 180 градусқа оқыс шыр айналады. Аяғын қоя береді, босатуы үшін мойнын бұрау керек. Құс асылы – байғыз, сөз асылы – аңыз. Ең қасиетті құс байғыз. Күндіз тас қуысында тығылып отырса, түнде ұшады. Үкі мен байғыз – нағашы-жиенді құс. Байғызды көрген адам не бай, не қу болады. Кәкен мырза-мамайдың жерінде байғызды тас қуысынан көрді, жақсылыққа жорыды. Ол байғыздың аяғын сипады, құс қыбыр еткен жоқ, екі көзі ғана қозғалды.

Ертеде аңшылар қу атамыз деп шығады екен. Қу қауырсын-қанаты қап-қара, аққу текті, мойыны аққудан ұзын, тұрқы ірірек. Қу Қазақстанның көл-суында тегіс болған, тұқымы тұздай құрыған. Қызға өкпелеген бозбала шығарған қара өлең: «Аспанда ұшып жүрген қарабай ма, / Жылқының жал-құйрығын тарамай ма. / Ұсақ деп сен де мені менсінбейсің, / Тоқты қошқар саулыққа жарамай ма?».

Қарабай күркетауық сияқты құс, балық, майшабақпен қоректенеді, ілез судан қағып алады. Италақаз құмай тазы туады, бір жұмыртқасы күшік. Қарға көктемде ауырады, құмырысқа илеуін қопарып жатса, құжынаған құмырысқа жабыла шағады. Қарға удан жазылып, ұшып кетеді.

Кәкен жаз туса, сегіз қиыр шартарапты адасқан қаздай жалғыз қаңғиды, несібесі тәңіріден, бағзы толықсыған ұлы көшті көруге аңсары ауғандай күй кешеді. Жер ортасы көктөбеге жетпесе де, жүргенге жөргем ілінерін Кәкен бек біледі. Ол қойма, қазына табарда ылғи аян түс көреді. Түсінде Би Ата Кеңгірбай мұны бір жерге жұмсаған сияқтанды. Таста екі жәшік тұр, ашса, іші толы сары май. Өңінде мол қазынаға ауысты. Кәкен Абайдың кітап, хаттарын тапқан. Атаман Анненков үш жыл Арқат-Бұрқат тауында жатқан, бейбіт елді қойға тиген жыртқыштай қырған пулеметін тауып, мектепке өткізді.

Қарауылдан қозы көш жер Алтын есімді апа тұратын. Түсінде ол Кәкенге тамақ әкеп берді. Биік қар басқан үш тауға жетелеп барып, Кәкенді биік тау басына қойып, қол бұлғап кетіп қалды.Тәңертең Кәкен құран оқып, Қоянбикеден тараған қаңлының ұл-қыздарына бағыштап, тілеу тіледі. Алтын апаның ұлы шешесі Қоянбике, Кеңгірбай би қызы. Үш тауға шықты, алтын тапты. Қоянбикенің күмбезді бейітін салғанда жоңғар әскері шабуылдап, төбесі бітпей қалған. Есік маңдайшасы қаланған, әлі құламай тұр. Ескі зиратты қазақ қайта көтермейді.

Ол 1972 жылы Текше тауынан көп дүние тапты, ертоқым, екі қылыш, жез самауыр, алтыатар, ою-өрнекпен безендірген басы темір, сабы ағаш, құсқа ас беретін аяқ, соқа, оны Жидебай музейіндегі тошалаға қойды. Арабша қолжазбалар, парсы тілінде екі кітап тауып берді, бірақ жабулы күйінде жатыр. Тыққанда екі метр терең көметін мылтық оқпанына темір тоттанбасын деп ағаш күлін салып, киізбен бітеп қояды екен. Аянбайдың Әміржаны қажыға барған, ақын, молда болған, қорасынан шиті мылтық, бір сандық арабша кітап шықты. Қоймада тұр. Абай інісі Халиолла Омбыда оқып жүргенде жазысқан хаттар табылды. Руы әнет Нұрсейіт Бікеұлы қолжазбалары табылды. Жазуы бар күміс тостаған, аят жазылған күміс жалпақ табақ, Мұхамед с.ғ.с. пайғамбардың жары Хадиша есімі жазылған. Екі ауызды күміс торсық, шетелден әкелген слюда ыдыстар табылды. Тетігін басса жанып тұрған оттық шыққанда анталаған ел күлді. Кәкен айдалада қой бағып жүріп, қазынаны жалғыз өзі тапса да, «Тоғжан» комсомол бригадасы тапты деп жоғарыға ақбар бере салған. Кәкен Шұлғаубаев Абайдың Семейдегі үлкен музейін, Жидебайдағы музейін, Бөрлідегі Мұхтар Әуезов музейін, Абай аудандық орта мектептегі музейді экспонаттарға толтырды.

Бөкенші өзені бойында руы ырғызбай Мұсатай Қодықұлы қорасынан 1878 жылы Тула қару-жарақ заводынан шыққан мылтық тапты. Темірден жасалған ошақ мосыға күмістен бедер түсірген, ертоқым, үй мүлкі көп шықты. Меккеге екі мәрте барған руы көкше  Садырбай қажы қорасынан бір сандық кітап, көбі құран, мылтық, қақпан шықты. Ол Тақыр өзені бойынан медресе салдырған, Көкбай Жанатайұлының ұстазы. Балалары Жақып пен Жақын ірі молда болған. Абай шәкірті Көкбай ақынның мешіт-медресесі бертінге дейін тұрған.

Жеті шақырым бұлақтан  ол тіке келді. Кәкен жиені Әленге Күнту зираты қасында тосамын, жолай ауылға ала кетіңдер деген. Шошақ, төрт құлақты қалың қорым. Әйменбет, Әзімжан, Марабай, Байту, Күнту, оның немересі Ақан, құсбегі, сері жігіт болған, бәрі бөкенші. Күн бұлттанып, себелей жауды. Жаз күні сағат кешкі бесте дала қараңғы тұтты. Зират ішінде екі мүрде төрт бұрышты, үсті ашық, ортасы қалың көде шөп өскен, құдды төсек сияқты, ойық. Кәкен шөпке жатқан соң бойы жылынып, жаңбырдан бұйығып, алаңсыз ұйқыға шомды.

Әлен мен Бекен машина бұзылып, уәделі тұсқа түнгі сағат он екіде жетті. Кәкен мотор гүрілін ести сала, бисмилләсын айтып, моладан далаға атып шықты. Машинаға қол бұлғай қарсы жүгірді. Машина сайға жалт бұрылды, оқыс шұңқырға түсіп, қисайып жатып қалды. Кәкен келе кабинаны ұрғылады, тым-тырыс, шыныдан үңіле қарады: – Әлен, Әлен, бұл мен ғой, Кәкенмін!

Екеуі мұны сайтан деп қалыпты. Жыраны қазып, машинаны үшеулеп зорға сүйреп шығарып, ауылға қайтқан. Қорыққанға қос көрінеді. Машина жарығымен түнгі жүргінші үсті лаулай жанған от сияқтанған. Көк түбі тесілгендей, жаңбыр төпей құйып тұрса, от пен су, сірә, үйлесе ме?! Ел бұл әнтек оқиғаны бір жыл әңгіме қылды.

Құс таранып, жер көгерді, жерде жатқан жұмыртқа айдай толды. Кең жазира көк мұнарға малынды. Кәкен қаласа атпен, кейде жаяу жүреді. Кішкене күрек, сусын, азығы қоржында. Тау ішінен қазына іздейді, әрі шөп шабады.

Жігітек Тұмырбай, Жұмырбай жері, қалың шатқалда қасқыр күшіктейді. Ит-құс көп, түнде ұлиды. Жігітектің желді қара тауында Кәкен ай жарығымен шөп шауып келе жатқан. Таудың арғы жағынан бір трактор көріне сала, қара түтінді будақтатып тұра қашты. Кәкен тұра қуды, трактор жеткізбей кетті. Таңғы бесте шырт ұйқыда жатса, мылтық, шоқпар, аша, күрек ұстаған он шақты қарулы жігіт кезеніп келді. Ойлары қаңғыған аюды соғып алмақ екен. Кәкен шық кепкен соң түстікке қақтама ет жеп отырған жігіттерге әңгіме айтты.

Би Ата Кеңгірбайдың бір баласы Борсықбай, одан Үркімбай, Бұғыбай, Бұланбай, қыздан Қоянбике. Киелі адамдар екенін ел біледі. Бақсы, балгерлігі аян Үркімбай шұбар жылқысын тұлпар танып, сұлы, сүт беріп асырап, кісендеп киіз үйде ұстапты. Тәуір жылқы көрсе қазақ ұрлап әкетеді. Абыралыда үш жүз ат ішінен қара үзіп, озып келіпті. Абыралы ұрылары Өкімшабдар жүйрікті ұрлап әкетсе, ұзамай жігітек қайта ұрлап әкеліпті. Ат әбден қартайып, алжып өліпті.

Үркімбай зираты қасынан өтсе, бір жалаңаш әйел адамдарды қуады. Түнде сол тұстан бір апаны көрдім. Қара жер хабар бермесін. Жарым түнде не іздеп жүрсіз? – деп сұрасам: Бұзаулы сиыр іздеп жүрмін, – деді. Су қараңғы, түк көрінбейді, кемпірдің екі көзі шүңірек. Керемет өткір. Кеудеме тірелген көзі жауырынымнан шығып кетті. Артыма бұрылып қарасам, кемпір Үркімбай ата зиратына кіріп бара жатты.

Бұл сөзді Кәкен көпке шейін айтып жүрді, оның аруақ екеніне шек келтірмейді. Жер мен көк матасқан, бір-бірімен байланысты. Аспан иесі – ер адам, жер иесі – әйел адам деп үлкендер айта-тұғын. Тірлікте неше түрлі керемет құпия бар.

Кәкен күлтөкпе қазады. Қазақ қымбат затын күлге тығады, конфескеде үкімет тартып алмас үшін кейін ескі жұртқа оралсақ қазып аламыз деген үмітпен тай тұяқ алтынды күлге көміп кетеді. Күл таза нәрсе, жара, қотырға жағады. Кәкен бір қыстақтан бір қыстаққа жаяу жетеді. Бұлақтарды бес саусағындай біледі. Сілесі қатып шөлдеп, бұлақ суын ішкенді, беті-қолын жуғанды жаны сүйеді.

Жайлаудан ел қайтқан көшкен жұртты аралағанға құштар. Жерошақ тегістейді, ел көшкенде салақтықтан ұмыт қалған қада-қазық суыру, жер шұңқырын жамауды молда әкесі сауап деген. Шеңбер сымға шырмалған жетім тоқты маңырайды. Сенде жазық жоқ, менде азық жоқ, жеген бұйырған деп сойып алды. Күзгі кемпіршуақ, тоқты етін қарынға салып, шоққа көміп пісірді. Итарқа күрке тігіп, бір күн аял қылды. Жазда шөп лашық тігеді. Алғаны неміс қызы, мектеп бітіре сап, қой баққан бригадада комсомолдық той жасап үйленген, үй шаруасын, балаларын тап-тұйнақтай ұстайды. Келіншек күйеудің жиһангездігін тыя алмады.

Сарыкөлде қорымда қола дәуірде тастан ойылған мүсін бар, бет әлпеті зәңгі тектес, ерні салпиып тұр. Мүсін астынан көп алтын шықты. Құмыра лық толы алтын тиын, шолпы, шашбау, әшекей. Камзолға тағатын өңір, кілең күміс бұйымдар. Ою-өрнек, сызықсыз күміс болса көне дәуірдікі.

1997 жылдан бергіде экспедиция келсе, археологтар Кәкенді сапарға ерте кетеді. Жол бастаушы деген атағы бар. Оба, қазба, алтын тапқыштығы аңызға айналды. Кәкенді дипломың жоқ деп басынып, мүйіздейтін жер шұқып, қола дәуір раритеті табылды деп жалғанға жар сала жариялауға мүдделі ғылыми атағы барлар. Қорғаннан табылған көне бұйымды қылшықпен аршып, таз басына жаппа ораған бүркенгіш әнеу профессор жарқанат тәрізді. Жарқанат теріс қарап жатады, басы төмен салбырап тұрады. Бұл-дағы жарықты көрмегенсиді, қазба табуда оқымаған Кәкеннің мысы басым екенін жорта білмегенсиді. Университет ректоры жаңа экспедиция ұйымдастыру тобына біздің елге Кәкенсіз бармаңдар деп тапсырды.

  • Ол академиялық білімі жоқ, жабайы, черная археологиямен айналысып жүрген әншейін біреу ғой… Ғылымда қазақбайшылықты қою керек, – деп жиналыста жарқанат профессор жауар бұлтша түйіле, жақтырмай сөйледі. – Ресей империясы шеткі аймағы саналған шығыс өлкеге Гумбольдт, Аспелин, Радлов, Потанин, Ядринцев сияқты ірі ғалымдар академиялық экспедициялар ұйымдастырған. Кунсткамераны ескілікті құндылықтарға толтырған. Ұлттық археология негізін Қанекең-Қаныш Сәтбаев, Әлекең-Әлкей Марғұлан, Кемел Ақышев қалап кетті. Мықты археолог маман болу үшін үлкен оқу аз. Экспедициядағы жас ғалымдар, студенттер біліктілігін арттыру, инновациялық жоба керек.
  • Мен тірі үшін істемеймін. Өлі аруақ, рух риза болсын деп бабалар өсиетімен жүрген қаймана қазақпын. Тірінің өтірігі мен қиянаты бітпес. Тапқан екен құлтабанды, қазба іздеуге, ал, бармадым, өздері тауып ала берсін! – деп мұны естіген Кәкен өкірте бір боқтады.

  7-27.01.2015.

   Айгүл Кемелбаева

 

Бөлісу: