Мен мектепте оқып жүргенімде ағам үйге келін түсірді. Баламыз ғой, қуанышымыз қойнымызға сыймай жүр. Ақ шымылдықтың ішінде қызыл орамал тартқан, құлағындағы салпыншақ сырғасы келбетін аша түскен, қазақтың қара қызы болғанымен, ажары айдай, жұмыртқадай әппақ жеңгеміздің сұлулығына тамсана да сұқтанған көзбен қараймыз. Қасынан шыққымыз жоқ. Дүркіреп той өтіп, қонақтар тарқасты. Аулада ағайынды жігіттерден тараған үйелмелі-сүйелмелі 3 қыз, 2 ұлмыз. Абыр-сабыр басылды, бірақ, жеңгеміз біздің есімімізді әлі сұрамады ғой деп ашулана бастадық. Болмаған соң, өзіміз таныспақ болып, жанына барғанымызда мені «Еркежан», әпкемді «Көркем», сіңлімді «Боташым», ағамды «Батыр бала», інімді «Кенжетай» деп атағанда еріксіз жақсы көріп, жақын тартып, өсе келе, сырласымызға айналдырдық. Сонымен қоса, ол қайнаға, апаларына да «Үлкен үйдегі аға», «Әкім тәте» деген секілді есімдер қойып алыпты.
Атадан балаға жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа ұласып келе жатқан бұл ізгі дəстүр қазақта «ат тергеу» деп аталады екен. Ат тергеу дегеніміз — қайын жұртын тікелей атымен атамай, арнайы ишаралап ат қою дəстүрі. Бұл жас келіннің түскен жеріне, күйеуінің туыстарына деген ізгі құрметінің, əдебінің игі көріністерінің бірі болып саналады. Жуырда Семей қаласында жарық көрген «Абай туралы естеліктер» атты жинаққа ертеректе жазып алынған Абайдың баласы Мағауияның қызы Уәсиланың естелігі жарияланыпты. Онда естелік иесі өзінің Абай атасының тәрбиесінде болғанын айта келіп, атасынан естіген мына сөзді келтіреді: «Әкем (Абайды айтады ) бір күні былай деді: бір адамның, әйелдердің қайнағасының, не атасының, не сол елдің бір үлкен адамының атымен аттас болса, сонда ол адамды, не сол заттың атын атамайды да, жалған ат қойып алады. Мысалы, өзіңнің үлкен атаң Құнанбайды халық «Тәте» деп атаған, Кеңгірбай биді «Қабеке» деп атаған. Жас әйелдердің «әтиім», «сылқым», «ортаншым», «тетелес», «кішкентай», «төрежан» деп қайындарына, аталарына жалған ат қойып алуы да сол ғұрыптан шыққан, әдепті болудан шыққан сөз» дейді.
Ат тергеу немесе ат қою – біздің халқымыздың адам сыйлау жөніндегі ізеттілік, кішпейілділік қасиеттерінің биік көрінісі. Өзінен үлкен адамның атын тура атау тəрбиесіздік, көргенсіздік болып табылады. Бұлар ертеден-ақ діни наным-сенімге негізделсе, қазіргі күнде ғұрыптың бірі. Тыйым сөздерді сыпайы сөздермен алмастыра білген келінді аталарымыз «көргенді қыз», «тəрбие көрген қыз» деп мақтап отыратыны да бар. Осыдан келіп шығатын қорытынды тыйым сөздерді қолдану бұл таңда – əдептіліктің белгісі. «Қыз – өмірдің қызғалдағы» демекші, қыз баланың салт-сананы сақтауы, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуі, əрине анасының берген ақылы мен үйінде көрген тəрбиесіне байланысты болмақ. Өйткені қыз баланың жасалған əрбір қадам-əрекетінен, сөйлеген сөзінен тəрбиенің деңгейін көруге болады. Дегенмен де қазіргі енелер келіндерінен «енешка» дегенді көптеп еститін болды. «Күйеуімнің мамасы», «Ана үйдегі кемпошка» деген сияқты немқұрайды салқын атаулар да қоғамымызда көптеп кездесетін болды. Қыз тəрбиесіне тек ана емес, радио мен теледидар, газет-журнал, кітаптар мен кинолар, бүгінде етек алған планшеттер мен ұялы телефондар жан-жақты əсер етуде. Бұл тəрбиенің жағымды жақтары да, жағымсыз жақтары да бар. Оның бəрін дұрыс қабылдап, түсіне білу керек. Ұлттың бойындағы бар жақсы қасиеттерді – тілін, дінін, əдет-ғұрпын, салт-санасын, дəстүрін атадан балаға жеткізуші, əрине, əйел-ана. Демек халқымыздың ырысты ынтымағын, береке-бірлігін іске асырып, туыстың татулығын одан əрі дамытқан əйел адамның өмірінде «ат тергеу» салты жоғары бағаланған. Сол салт-дəстүрге деген құрмет қазақ халқының қыз тəрбиелеудегі айнасы болмақ.
Байырғы ұлттық дәстүр, құндылықтардың бұзылуынан қазір ата-ене, қайнағаларын сыйлайтын келіндер азайды. Неге? Өйткені, ғасырлар бойы қалыптасқан сыйластық, ата дәстүр, таным бұзылды. Яғни ұяттың орны ауысып кетті. Ұялуға тиіс дүниеден ұялмайтын әдет қалыптасты. Қазақтың «ат тергеу» дәстүрінің астарында ұлы құдірет «ұят» дейтін ұғым жатқан-тын. Соны жоқ ету арқылы ағайынгершілік, сыйластықтан ажырап қалдық емес пе?!
Дереккөз: 1. «Қармақшы таңы» газеті.
- «Егемен Қазақстан» газеті.
Ақмарал Орынбекова, Шымкент қаласы, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының қызметкері
Фото интернеттен алынды.