Ауылым Үлгілі мен Бабайқорған. Бүгін

Апат айтып келмейді екен…
«Өрт пен су – тілсіз жау» дегендей, кешегі Бабайқорған жақты жайпап өткен топан су қаншама елдің үрейін тудырып, еңсесін басып кетті.
Туған жерім, балалығым, алыстап кеткен жылдарым еске түсіп отыр.

Кешегі жүрегім езіліп жазған постымды оқып, Илья Жақанов ағам хабарласты. Таза шығармашылық адамы емес пе, өзі ауырып емханада жатса да тілегін айтып, апаттың жеңілдігін тіледі.
Есімде қалғаны, ауылда қашан көрсең қолынан кітап түспейтін, оқымаған кітабы жоқ, романтик, ұзын бойлы, бізден бірер жас үлкен Есенгелдиев Темір атты келісті жігіт болатын. Көрген жерде оқыған кітаптарымызды жарыса айтатын екеуімізді кітап байланыстыратын еді.
Өзі барда тұрмысы жақсы, бақуатты тұрушы еді. Сол ауылдасым кенеттен дүниеден өткен кезде әкесі Есенгелді қарияға арнайы барып көңіл айтқан едім. Темірдің әйелі, жеңгеміз де аурушаң екен.
Үлгілідегі топансу Темірдің отбасына зардабын тигізіп, үйін тұруға жарамсыз етіп кетіпті.
Бас көтерер, қамқоршы азаматынан айырылған Темірдің үйіндегі 1956 жылы туған Тәттігүл жеңгеміз де, қызы Мөлдір де еңбекке жарамсыз, арнайы мүгедектігі расталған, қолдарында құжаты бар, мүгедек жандар екен.
Тұруға жарамсыз, апатты жағдайдағы үйінен кеткен қос мүгедек жан «Үлгілідегі» ауыл мешітінің жанындағы медресенің бір бөлмесін уақытша паналапты.
Қолдарында бары – жеті ешкі мен бір сиырын апаттан сақтап, жанұшырып бағып отырған сол үйдің Ерасыл Темірнемересі таңнан маған хабарласып жатыр.
Кішкентай құлыншақтың салған видеосын көріп, айтқан сөзін тыңдап, жүрегім ауырып, жариялауға мәжбүр болып отырмын.
«Көп түкірсе – көл» дегендей, жаны жаралы, өз беттерінше «әрекет» жасауға шамалары жоқ, мүмкіндіктері шектеулі жандарға тамшыдай болса да көмек қолдарыңызды созсаңыздар деп өтінемін.
Шын қиналған, баскөтерер азаматы жоқ отбасына ел болып көмек берейік!

Қасымхан Бегманов

 

Бөлісу: