«Ақ жол» демократиялық партиясы Ұлттық кеңесінің мәлімдеме жасады, деп хабарлайды dasturkb.kz.

«Ақ жол» демократиялық партиясы Мемлекет басшысының Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауын өткізу туралы шешімін қолдайды.

Бұл сайлау республиканың жаңа саяси жүйесінің қалыптасуын тәмамдап, биліктің заң шығару тармағында қоғамның кең өкілдігін қамтамасыз етуге тиіс. Осылайша, мемлекеттік басқару институттары Президент Қ.Тоқаев ұсынған және 2022 жылғы 5 маусымда жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституцияның жаңа редакциясына толығымен сәйкестендірілді.

«Ақ жол» демпартиясы кәсіпкерлік мүддесін қорғап, Алашорданың зияткерлік мұрасына сүйене отырып, экономика мен қоғамдағы либералды қайта құруларды табандылықпен жақтап, жемқорлық пен әділетсіздікті батыл әшкерелеп, нарықтық реформаларды ұсынып, алға жылжытуда. Біз шағын және орта бизнестің, отандық тауар өндірушілердің, өзін-өзі қамтамасыз ететін зиялы қауым мен табысты жастар түріндегі орта таптың қалыптасуы мен кеңеюіне талмай жәрдемдесудеміз.

Өзінің 20 жылдан астам тарихында, соңғы үш парламенттік науқанда партиямыз Мәжілісте және барлық деңгейдегі мәслихаттарда фракциялар құра отырып, сайлаушылардың артып келе жатқан қолдауына тұрақты түрде ие болып жүр. Соңғы үш жылда партияның бастамалары мен Саяси бағдарламасы, бюрократия мен оппоненттердің қарсылығына қарамастан кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл мемлекеттік жүйеде болып жатқан өзгерістердің, біздің саяси ұсыныстарымыздың өзектілігі мен «Ақ жол» партиясының қазіргі Қазақстанның маңызды саяси күші ретінде қажеттілігінің нәтижесі.

«Ақ жол» демократиялық партиясы өз сайлаушыларының мүддесін қорғап, Жаңа және Әділ Қазақстанды құруға лайықты үлес қосу мақсатында Президент жариялаған барлық деңгейдегі өкілді органдарға сайлауға барынша әрекеттесіп қатысады.

Бұл сайлау мемлекетіміздің, әрбір қазақстандық отбасының тағдырындағы терең де түбегейлі өзгерістердің бастауы болуы керек деп есептейміз.

Ақ жол, Қазақстан!

Бөлісу: