Жас буын ойы жүйрік, қиялы ұшқыр, өнерлі, ерік-жігері мол, дені сау, күшті болса, олар еңсеретін биік те еңселі болары анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында осы мәселеге баса мән беріліп, арнайы жұмыс тобы саралап, сараптай келе, биыл Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстарды орындау механизмі енгізілді.

Жалпы ел көлемінде Artsport.edu.kz платформасы бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелердің қызметін жан басына шаққандағы норматив негізінде қаржыландыру көзделген. Мәселен, Алматы облысы бойынша шығармашылық тапсырысты орындауға 850 миллион теңге қарастырылған.

Жүзеге асқан жұмыстың бір парасы — бүгінгі таңда Алматы облысында 586 шығармашылық үйірмеде 14860 жеткіншек өнер өлкесін тануда. Соның бірі, шағын қала Текеліде қыркүйектің басында ашылған «Art studio» Өнер орталығында 200-ге тарта бала түрлі үйірмелерге қатысып, талаптарын ұштап жатыр. Мемлекеттік тапсырыс аясында бұл шығармашылық үйірмелер тегін жұмыс істеп тұр. Орталықты ашқан «Әділжан» жеке кәсіпкерлігі түрлі үйірме жұмыстарын жүргізуге қолайлы ғимаратты жабдықтап, мүсіндеу, сурет салу, хореография және гитара тарту сияқты төрт үйірмеге балаларды тартты.

5-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер аталған үйірмелерге қатысып, өнерлерін шыңдайды әрі бос уақыттарын пайдалы өткізеді. Әр үйірме қатысушылардың жас айырмашылықтарына қарай бірнеше топқа бөлінген. Балалар ермексаздан неше алуан мүсін жасауға және қылқалам мен бояудың тілін ұғып, сурет салуға бес жастан баулына бастаса, би мен гитара тартуға 7-8 жасқа толған балалар қабылданады. Бидің өзі екі бағытты қамтиды. Бірі – ұлттық билер, екіншісі – хореографиялық ансамбль. Ал гитарада әуен ойнап қана қоймай, қосылып ән айтуға да машықтануға мүмкіндік бар. Осы мәліметтерді айтқан «Art studio» Өнер орталығының әкімшісі Анастасия Антонюк:

Үйірме жұмыстарын жүргізуге педагогтар қатаң талаптармен таңдалды. Осы уақытқа дейінгі тәжірибе, білімдері мен жетістіктеріне, жеке құлшыныстарына назар аударылды. Қазір 3 педагог жұмыс істейді. Біздің орталыққа балалар аса қызығушылықпен келіп жүр. Алдағы уақытта декоративті-қолданбалы өнер үйірмесін ашуды жоспарлап отырмыз»,– деді.

Мүсіндеу және сурет салу үйірмесінің жетекшісі Анна Кувычко осы салада 26 жыл табан аудармай еңбек етіп келеді. Қылқалам мен бояуды серік еткен ол өзін бақытын тапқан жанмын деп есептейді.

«Менің жұмысым емес, сүйікті ісім бар, сондықтан мен жұмысқа емес, сүйікті ісіммен айналысуға келдім деймін. Қаламызда бұл Өнер орталығының ашылуы қаншама баланың шығармашылық қабілетін ашуға мүмкіндік берді. Балалар өз қарым-қабілеттерін сынап көреді. Ата-анасынан ақша да сұрамайды, бәрі тегін. Мен аса қуаныштымын», – деген ұстаз үйірмеде балалар жас ерекшеліктеріне қарай топтарға бөлініп, жалпы бейнелеу өнерінің бастапқы баспалдақтарын үйренетінін, бояумен, қылқаламмен жұмыс істеп, әр тақырыптағы суреттерді салудың жолдарын ұғынатынын айтты. Үйірмеден сурет салудың қыр-сырын үйреніп, ары қарай онымен тереңірек кәсіби тұрғыда айналысамын деген бала арнайы білім ордаларында талантын шыңдауына болады.

Мемлекет қолдауының арқасында кәсіби маманның балаларды сурет әлеміне жетелеп, қызықтырып, жан-тәнімен беріле жұмыс істеп жатқанын сырттай бақылаудың өзі бір ғанибет. Ал кеше ғана қолдары қалт етсе ұялы телефонға телміретін біраз бала бояу, қылқаламмен достасып, қағаз бетіне жан бітіріп, өз туындыларына қарап мәз-мейрам.
Баланың қиялына қанат бітіріп, бойларындағы шығармашылық бүршіктің семіп қалмай, тамырынан нәрленіп, қауызын жаруға мүмкіндік беретін үйірме саны мен сапасы арта түссе, оның жемісі бүтін елді қуантар еді.

Бөлісу: