БІЛІМ  БЕРУДІ  АДАМГЕРШІЛІКТЕНДІРУ

«Білімді адам» ұғымына бүгінде жаңа көзқарас қалыптасуда. Білімді адам бойына білім жинақтаған, білетін, тіпті көзқарастары қалыптасқан жан дейтін түсінік қазіргі заманға жанаспайды. Қазірде білімді адам деп қазіргі мәдениеттің күрделі мәселелерінде бағдарлана алатын, өмірде өз орнын түсінуге қабілетті, өмірге дайындығы бар адамды айтады. Сондықтан білім беру еркін тұлғаны қалыптастыру үшін, басқа адамдарды түсіну үшін, ойлау, қарым-қатынас, адамгершіліктік мінез-әрекет дағдыларын қалыптастыру үшін мүмкіндік жағдай жасауға тиіс. Бұл тұрғыдан алғанда білім – құндылық ретінде танылады.

«Білімді тек практикалық біліктіліктер негізі деп қарамай, оны адамгершілік негізі ретінде тану қалыптасқан. Білім мен құндылықтардың бірлестігі білім негізінде қалыптасты, сөйтіп, білім аса жоғары құндылық деп есептеледі» [1].

Білім беру – кейінгі ұрпақтарға адам өмірінің мәні туралы гумандық түсінігін жеткізудің өміршең тәсілі ретіндегі құндылық деп танылады. Білім берудің құндылық ретінде үш ұғымы қалыптасқан: білім берудің тұлғалық құндылығы, білім берудің қоғамдық құндылығы, білім берудің мемлекеттік құндылығы.

Адамға бүкіл өмір бойында білім берудің үздіксіздігі, білімнің арқасында өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндігінің қамтамасыз етілуі білім берудің адам үшін басты құндылық екенін көрсетеді. Білім берудің мәні тұлғаны қалыптастыру, дамыту деп айқындалу жағдайында ол нағыз тұлғалық құндылық сапасына ие болады.

Білім берудің қоғамдық құндылығы оның қоғам қалпын бейнелеуімен сипатталады. Білім берудің дамуы мен қызмет етуі қоғамның экономикалық, саяси, әлеуметтік, мәдени т.б. жағдайларына тікелей байланысты және өз кезіндегі қоғамның талаптарын орындайды. Білім берудің қоғамдық құндылық саналуының тағы бір себебі – оның мәдениетпен байланыстылығында. Мәдениет алдыңғы ұрпақтардың мінез-құлық, адамдардың санасы, қоғам өміріндегі заттар мен құбылыстардың үлгілерін кейінгі ұрпаққа жаңғыртып жеткізеді.

Әлеуметтік институт ретінде білім берудің мемлекеттік құндылығы айқындалады. Әлеуметтік институт жүйесі білім берудің бөлімдерін, басқаруды, ұйымдастыруды, кадрларын, мақсатын, мазмұнын, оқу бағдарламаларын, оқу жоспарларын, т.б. қарастырады, бұл елімізде білім берудің біртұтас жүйеде болуын қамтамасыз етеді.

Азаматтық сананың түзілімінде отансүйгіштіктің, ұлттық сананың, мемлекеттік тілдің құндылықтық мәні үлкен. Отаншылдық сезім адамға туа біткен қасиет емес. Ол – әлеуметтік ортаның ықпалымен қалыптасатын құбылыс. Отансүйгіштік, елжандылық сезімінің дамуында тарихи сана сабақтастығының да үлесі үлкен. Оқушының бойында кемел тарихи сананың қалыптасуын оның оқиғалардың дамуындағы, уақыттардың байланысындағы, ұрпақаралық дәстүрлер мен қатынастардың өзара жалғастығындағы сабақтастықты түйсіну, сезіну, ұғыну көрсете алады. Мұндай тұлғаның ішкі әлеміндегі тарихи сананың отаншылдық сезім тудыруында көркем әдебиет, ауыз әдебиеті үлгілерін құрал ретінде қолдану тиімді. Ол пәндік білім мазмұнында ескеріліп, оған ізгілік сипат береді. Яғни, тарихи сананың тұлға үшін мәнділікке айналуы мақсат етіледі.

Елжандылық сезім – тұлғаның еліне, жеріне, өз тілі мен мәдениетіне, ұлттық құндылықтарына жеке қатынасын, өзіндік бағасын түсінуін, қуаттап қолдауының жиыны ретінде көрінетін сезім. Отансүйгіштік сезімі еліміздің тәуелсіз дамуында қазақстандық патриотизм ұғымымен байытылуда. Ол – өз Отаны – Қазақстанды сүюден, еліміздің өткендегі тарихи ерліктеріне, қазіргі болмысындағы өзгерістерден,  қазақ ұлтының Қазақстан мемлекетін әлемдік деңгейдегі дамыған, өркениетті мемлекеттер дәрежесіне көтеру жолындағы тарих алдында өте жоғары жауапкершілігін ұғынудан, құрметтеуден Отанымыз – Қазақстанға адалдықпен, сүйіспеншілікпен, биік адамгершілік сияқты қымбат мазмұнда көрінеді. Отаншылдық сезімді орнықтыру қай заманда да, қай қоғамда да маңызды. Бұл әсіресе жас мемлекеттер үшін ерекше мәнге ие. Біз патриоттық тәрбие беруге көп көңіл бөлуге тиіспіз. Мұның бір қайнар көзі тарихты білу, одан тағылым алу, бабаларымыздың даңқты істері үшін мақтану екендігі анық. Солай ету керек те. Сонымен бірге, тек тарихты малданып қана қалуға болмайды. Бүгін мақтанатыны қалмаған елдер өткенімен мақтанады деген сөз бар. Біз өткенімізбен де, бүгінімізбен де мақтанатындай ұлт болуымыз керек. Өткен тарихты білген ұрпақ бүгінгіні де қадірлеп құрметтеу сезіміне дайын болатыны – өткен мен қазіргінің өзара сабақтастығының тәрбиелік мәнінен туындайтынын көрсетеді.

Қазақстан қоғамының тарихи ақиқат шындығын – қазақ тілінің мемлекеттік тіл екенін  танып, құрметтеу, оны әрбір қазақстандықтың қолдану мүмкіндігіне, барлық жағдайдың жасалатынын түйсіну, сөйтіп меңгеруге ұмтылу – қазақстандық патриотизм сезімінің бір көрінісі. Мемлекеттік тілге көзқарас – қазақстандық патриотизмнің өзекті көрсеткіші. Тілде халықтың тағдыры, ой-арманы, ұлттық болмысы бейнеленеді, ол әсіресе көркем шығармаларда айқын, кең көрініс табады. Тілді білу – сол тілдің иесі болып танылатын халықты құрметтеу.

Тіл – ұлттың жоғалып кетпеуінің сенімді кепілі. Ол – ұлттық басты құндылық, сонымен қатар, тіл – қатынас құралы ретінде де құндылық. Ол білім беруде өзге құндылықтар кешенінде тұлғаның қарым-қатынастық қабілетінің даму тетігі қызметін атқарады.

Оқушылардың әлеуметтік, азаматтық, мәдени, экономикалық және кәсіптік өмірге қатысуы және өз басына жауапкершілік алуға қабілетті болуы үшін мектеп олардың бойында қарым-қатынастық қабілеттіліктің, шешім қабылдауда өз бетінше, дербес және тәуелсіз болудың дамуын қолдауға тиіс» [2, 56-81] .

Бұл айтылғандар қазақстандық патриотизм ұғымының мазмұны оның ұлттық сана көрсеткіші екенін де аңғартады. Ұлттық сананың ең жоғарғы көрінісі өзінің елін, жерін, тілін, салт-дәстүрін, ұлттық келбеттің асыл сапалары мен мінез-құлқын, мәдениетін, әдебиетін, тарихын құрметтеу болса, ол сөз жоқ, қазақстандық патриотизммен үнқатыстықта бағамдалмақ.

Білім беруде тұлғаның бойында патриоттық сезімді қалыптастыру мақсатында азаматтық санаға бағдарлану айрықша мәнді. Сонымен бірге, азаматтық сананың аса маңызды құрамдастары деп азаматтық еңбек нарқындағы әрекеттерінің нормативтік-құқықтық жауапкершілік, оны қорғауға дайын болу сезімі, елдегі өзгерістерге өзінің қатыстылық сезімі, елдің жасампаздық әлеуетінің дамуына өз шамасынша қатысуға ұмтылысы танылады [3, 43].

Азаматтық сананы түзуші құндылықтар кешенінде конституциялық-құқықтық мұраттар, құндылықтар да өзіндік тұлғалық мәнділікке ие. Мұрат дегеніміз – адамның өзі аңсаған, сондай болсам деп армандаған болашаққа жетелейтін арман. Ол тұрақты мақсат ретінде бойдағы бар мүмкіндікті соған қол жеткізу үшін жұмсауға итермелейді, ой-санада берік орын алып, тұлғалық сапаға айналады. Рухани бейне ретіндегі мұраттың белгілері: бейнелілік, әркез өзіне ұмтылдырып тұратын рухани тартымдылық, субъектінің жетсем деген ұмтылысының ақиқаттығы, адамгершілік биіктікке жету үшін жұмсалар іс-әрекетінің кешенді жүйелілігі, үздіксіздігі, тегеурінділігі, бағыттылығы.

Мұраттардың құрамдас құндылықтары қоғамдық және азаматтық жағынан біртұтастық құрайды. Қазақстан халқының мұраттылық құндылықтары: еркіндік, теңдік, адам өмірі, бостандық, мемлекеттік тіл, Қазақстан халықтарының өзара түсіністігі т.б. – халқымызға да, әрбір азаматымызға да ортақ. Мемлекеттік мүддені түсіну, оны қорғау, мемлекеттің мүддесін жүзеге асырудағы жауапкершілік пен белсенділікте қоғамдық және азаматтық сананы ортақтастыратын құндылықтар болып табылады, Конституциялық мұрат құндылықтарының әрбір азаматта қалыптасуы шарт, оны орындауға, сақтауға қорғауға әрбір тұлға міндетті.

Тұлғаның бойында азаматтық сананы қалыптастыру мақсатында конституциялық мұраттар мен құндылықтарға білім беру мазмұны мен үдерісі бағдарланады.

Қоғамдық дамуда экономикалық-әлеуметтік оң үдерістермен бірге құндылықтық негіздердің әлсіреуі, биік мұраттардан алшақтауы, әлеуметтік және экономикалық құндылықтарының модельдері өзгеруі байқалуда.

Мысалы, қазіргі жастардың санасында өнімді еңбек ету құндылығын материалдық қамтамасыз етілу құндылығы ығыстырып отыр. Мұнда «еңбек ету» ұғымы мен «материалдық игілікке қол жеткізу» ұғымының өзара байланысы әлсіз. Адамның мұратына өнімді еңбек емес, делдалдық алыпсатарлық еңбек айналуда, ол өндірістен гөрі банк, қамсыздандыру, бизнес салаларында жүруді артық санайды. Мол ақша табысына қол жеткізуге белсенді ұмтылушылық барысында көп жастардың өзін-өзі адамгершілік бақылауы жоғалады.

«…жұртшылықты ақ адал маңдай терімен өз күйін өзі түзейтін еңбекшілдікке, қарекетшілдікке баулысақ қандай ғанибет болар еді. Дүниені түзеткің келсе, әуелі өзің түзел  деген қастерлі қағидаға мойын ұсынбай тұрып, жағдайды жақсартып алу өте қиын» [4], – деп, Ә.Кекілбай айтқандай, ол шын мәніндегі құндылықтық бағдар алуы үшін тұлғаның ішкі әлеміндегі еңбекке деген көзқарас үшін қажеттілік тууы шарт. Өнімді еңбекке деген қажеттілік өз өзінен туындамайды, бұл орайда мақсатты тәрбиелік ықпалдың орны үлкен, білім берудің маңызы барынша арта түседі. Еңбектің, әрекетшілдіктің мақсаты адамға жақсылық етуге бағытталғанда ғана ол құндылық ретінде ізгілік  сипатқа ие болады.

«Іскерлік дегеніміз – адамның кісілігіне, адамгершілігіне қатысты құбылыс. Егер олай болмаған жағдайда біз іскер адамдарды емес, қылмыскер топтарды ғана көбейте береміз» [5].

Қазіргі әлемнің қиындығы болып отырған қоршаған ортаны сақтау мәселесінде адамның оны қорғаудағы белсенді қызметінің орны ерекше, табиғаттың, адамның және қоғамның өзара ықпалдастықтарын зерттей келе, әлемдегі экологиялық жағдайды талдап, оның мүмкін болатын зардаптарын болжап, В.И. Вернадский адамдарды «өздерінің ақыл-ойын, еңбегін өзін өзі жоюға жұмсамауға» [6, 35] шақырған еді.

Ендігі жерде тек өз басы, отбасы, елінің тағдыры үшін ғана емес, ғаламшардың амандығы үшін де жауапкершілік сезімі қалыптасқан адамды тәрбиелеу міндетінің зәрулігі артуда. Табиғаттың, социумның, адам психикасының, мәдениеттің үйлесімді бірлестігі ғана әлемді сақтап қала алатыны барған сайын айқын сезілуде. Бұл үйлесімділікте оның өзекті арқауы мәдениетті, адами және адамгершілік қасиеттері сапалы, дені сау, танымы кең, өзін-өзі ұйымдастыра алатын адамның орны аса жоғары. Мұндағы адам белсенділігінің қалыптасуы, танылуы және жүзеге асуы жалпы деңгейде ғана емес, ең алдымен, жеке дербес деңгейде «тұтас ықпалдаса толымдылықта [7, 73-74]  жүреді. Оған, негізінен, адамның тұлғасын ізгілендіру жағдайында ғана қол жеткізілетіні айқындала түсуде. Осы орайдан қазіргі білім беру адамның әлеуеттеріне, қажеттеріне, құндылықтарына, ой-арманына, сезімдеріне, күш-қуатына, рухани әлемнің ізгілігіне, мәдениеттер диалогына бағдарлана отырып, адамды өмірдің мақсаты мен мәнін ғаламшарлық тұрғыдан пайымдауға бағытталады.

Мұндай адам  шын мәніндегі жоғарғы дәрежедегі ізгілікті  адам  болып табылады.

Құндылықтар мен адами тұрғыдан қарағанда, жеке тұлғаның сезімдік-құндылықтық саласын құрайтын негіздер – руханилық пен адамгершілік қасиеттері. Адамгершіліктің әлеуметтік болмысы адамдардың бір-бірімен және қоғаммен қарым-қатынасының, мінез-құлқының ұстанымдарының және нормаларының жиынтығы екені ғылымда тұжырымдалған. Педагогикалық айналымда руханилық – адамның ішкі әлеміндегі адамилық яғни кісілік қасиеттер. Руханилық – адамды оның физиологиялық қажеттіліктерінен, саналы әдебінен, пайданы ғана көксейтін қабылдауларынан биік көтеріп тұратын, тұлғаның үнемі ұмтылатын ең жоғарғы жан қабілеті [8, 2] .

Руханилық-адамгершілік мінез-әрекеттің негізін құрайтын тұрғыда болғандықтан, рухани-адамгершілік ұғымындағы тұтастықта қолданылады. Рухани әрекет көбінесе адамгершілік қасиет түрінде көрініс береді.

Адамның ішкі жан әлемінің көрігі сезім-күйі екені ертеден-ақ белгілі. Халықтың ұғымында ол жүрек деп аталады. Жүрек – сезім-күйдің бейнелік атауы. Жүрек адамның қалауын, тілегін, ұмтылысын, сезімдерін бағыттап отырады. Олар жүректің аса жоғары қабілеті болып саналатын сүйіспеншіліктен туындайды. Сүйіспеншілік – адам сезімінің ең жоғарғы түрі, ең басты сезімдік қасиеті, ең терең, ең күшті, ең серпімді сезім ретінде жарқындықтың ішкі көзі, ол адамды әрекеттерге қозғайды, тіпті оны құлпыртып, түрлендіріп, қайта жаңартып жібереді. Жүректің рухани ықпалдарды қабылдай алатын да қабілеті бар. Тап сол жүрекпен адам жақсылық пен жамандықты сезіп, оларды таңдау қабілетіне жетеді, жүрек – ұят сезімінің ұясы.

Абай өлеңдерiнде жүректің алпыстан астам күйде бейнеленуі тек поэзиялық шеберліктің жемісі ғана емес, оның адам сезімінің көрігі екенін ақынның аңғаруында болса керек. Данышпан ақын:

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек  [9, 146], –  деген тұжырымға келген, яғни адамның толымды қасиетке жетуінде сезімнің аса жоғарғы орнын анықтап көрсеткен.

Э.Формм «Душа человека» кітабында: «Адам жақсы мен жаманға бірдей бейім келеді. Бұл екі бейімді тең таразыланып тұрғанда, ол оларды еркін таңдауға қабілетті. Алайда оның жүрегі түңіліп, қатаяр болса, одан сабыр кетеді, ол ендігі жерде таңдау қабілетінде еркін емес» [10, 107 б.].

Сүйіспеншілік тәрбиесі дегеннің өзі, түптеп келгенде, жүрек тәрбиесі екеніне педагогтар бұрыннан-ақ көңіл бөліп келген. Жүректің күйіне бүкіл сезім мен ой, тілек пен әрекет тәуелді деп білген. Баланың жүрегінде сүйініш тудыратын орта жасауды ұмытпауды И.Г. Песталоцци ескертсе, К.Д. Ушинский, А.И. Пирогов, В.Я. Стюнин, И.А. Ильин, А.С. Макаренко, В.А. Сухомлинский т.б. көрнекті педагогтар жүректегі рухани отты үнемі қолдап отыруға шақырды. Жүрек тәрбиесі деген – қасиетті атаулыға, сергектікке, сүйіспеншілік шаттығына және жақсылыққа ұмтылуды биік талғам тәрбиесі деп білді.

Сонымен, баланың ішкі әлемімен үйлесімді, сонымен қатар, қоғамдық мәні бар белгілі бір құндылықтарды таңдап, талғап сұрыптап қолдану рухани-адамгершілік тәрбиесінің негізгі міндеттерінің бірі ретінде білім беру мазмұнының бағдарын құрайды.

Мәдениеттi адамның тұлғалық бейнесінде адамның табиғи ерекшеліктері (денсаулығы, сезінуі, ойлауы, әрекеттену қабілеттері), әлеуметтік қасиеттері (азаматтығы, отбасылық және табиғат, қоғам, адамдармен қарым-қатынасы) және мәдениетті адамға тән қасиеттер (еркіндік, ізгілік, руханилық, шығармашылық) көрініс табады. [11, 7] Бұлардың қайсысының болсын, мазмұндық негізінде рухани-адамгершіліктік құндылықтар жатады. Сондықтан да адам тәрбиесі қай заманда болсын, рухани адамгершілік сипат алып отырған.

Тұлғаның рухани-адамгершілік тәрбиесі деген ол – зияткерлік, сезімдік, эстетикалық, адамгершілік байлықтарын меңгеруі, ол ой мен сезім сұлулығында, арман-тілектерінің рухани асқақтығында, басқа адамдармен қарым-қатынас шаттығында бейнеленеді. Адам сұлулықтан рухтана отырып, оны қорғайды, сақтайды, оған қамқоршы болады, мейірімді, сүйкімді, оңбағандық пен жексұрындықтарға бітіспес қатал болу қасиеттерін меңгереді. Сөйтіп, адамгершілік тәрбиесі, бір сөзбен айтқанда, адам жанын, адамның рухын ізгіліктерге қанықтыру. Осы арқылы мектепте тұлғаның қалыптасуы жүреді. Ол жекелеген адамгершілік қасиеттерді дарытуымен шектелмейді, тұлғаның ішкі, рухани жан әлемінің кешенді күйінің толыққанды дамуын қамтамасыз етіп тұтастық сипат алады.

Сол тұтастықтың бір қыры – эстетикалық құндылықтар әлемі. Эстетикалық құндылық деп көркемдікті сезіне білу, көркем шығармаларды тамашалай алу, ләззаттану, адамдар арасындағы ізгілікке негізделген қарым-қатынасқа ұмтылу, с.с. адамның ішкі жан сұлулығының көріністерін тануға болады. Эстетикалық құндылықтардың қалыптасып дамуында өнердің ықпалы ерекше. Қазақ халқының ән мен күйлерінің, оның өмір салтына айналуы ұлттық рухани сұлулықтарының сақталуына негіз болғаны бұған айғақ. Сондықтан да кемеңгер Абай:

Құлақтан кіріп бойды алар,

Жақсы ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар

Әнді сүйсең – менше сүй  [9, 271],  – деп, өнердің адамның ішкі сезімін тебірентіп, жанын рақат күйге келтіретінін жазады.

Эстетикалық құндылықтарға бағдарлану оқушылардың көркем-эстетикалық мәдениеттілігін қалыптастыруды көздейді және олардың бойында эстетикалық білімдердің, талғамдардың, қызығушылықтарының, сондай-ақ сұраныстарының мақсатты және жүйелі даму үрдісін анықтайды [12, 14].

Адам жанының рухани құндылықтарының баюына өзгелермен тілдесу, сұхбаттасу сияқты қарым-қатынас та тиісінше әсер етеді. Адам қарым-қатынас жасау барысында рухани-адамгершіліктік, эстетикалық құндылықтарды бойына сіңіреді. Мысалы, «ата-аналап, бауырларымен қатынасуының нәтижесінде жеткіншекте туысқандық, бауырмалдық… жақынға деген адалдық, құрмет, сүйіспеншілік сияқты мінез-құлық орнығады [13, 121].

Адамдар арасындағы қарым-қатынастың құндылықтардың мәні оның адамның өмірі үшін аса аңызды екенін американ психологы П.А.Тойтс жеке адамның басқалармен қарым-қатынасы неғұрлым азайған сайын, соғұрлым өзіне-өзі сенімсіз болып, психикалық тұрақсыздыққа ұшырауы мүмкін деген пікір айтады [14]. Демек, қарым-қатынас – тұлғаның бойындағы маңызды құндылықтар қатарынан орын алатыны даусыз тұжырым. Өнер, табиғат және адамдар арасындағы қарым-қатынас жеке тұлғаның эстетикалық қалыптасу саласы болып табылады.

Рухани-адамгершілік құндылықтарын Б.Ж.Тұрсынов, т.б. авторлар белгілі бір ұлтқа тән, ол жеке адамның рухани өмірін түсініктер жүйесі арқылы реттейді және олардың тұлғаның адамгершілігін анықтайтын өзіндік бағыты болады деп түсіндіреді [15]. Б.Н.Бессонов рухани-адамгершілік құндылықтар адамның әлеммен қарым-қатынасының тетіктерін жетілдіреді, оның сезімдері мен көңіл-күйін, мұратына ұмтылысын, адамзатқа сеніммен қарауын байыта түседі деп біледі [16]. Г.А.Бейсенованың пікірінше, кез келген мәдени дәстүрдің негізінде белгілі бір рухани-адамгершілік құндылықтар жатады, оларда қоршаған дүние туралы түсініктер өз қырынан бейнеленеді [17].

Бұл анықтамалар негізінде рухани-адамгершілік құндылықтарды азаматтық, ұлттық-мемлекеттік ауқымда тұлғаның беріктілігін қамтамасыз ететін, оның кемелдігі мен әлеуметтенуін көрсететін, ішкі әлемінің, ақыл-ойының, мінез-құлқының, ар-ұятының, жан сезімінің күйін анықтайтын, адамилық деңгейін сипаттайтын ішкі құрылымының аса маңызды құрамдасы деп тұжырымдауға болады.

Рухани-адамгершіліктік құндылықтардың сапалық сипаттарын зерттеу-шілер әр қырынан көрсетеді. Б.С. Гершунский оны тұлғаның терең тамырлы сипаты деп, барлық басқа ізгі сапалардан жоғары тұратынына мән береді [18]. Рухани-адамгершілік қасиеттің тұлғаның тұрақтылығының өзегі болып табылатынын В.И.Тимошинов айтады [19]. Адам психикасының әлеуметтік деңгейін оның адамгершілігі көрсете алатынын Г.Қ. Нұрғалиева аңғартады [20]. Л.А. Степашко бүкіл тәрбие атаулының мақсаты адам бойына адамгершілік қасиеттерін егу, болатын болса, рухани-адамгершілік – тәрбие объектісі болып саналады деп тұжырым жасайды [21]. Адамгершілік – тұлға кемелдігінің белгісі деп, А.Г. Здравомыслов оны тұлға дамуындағы басты критерий деп табады [22]. О.Г. Дробницкийдің көрсетуінше, рухани-адамгершілік құндылықтарының тұрақты, өзара қайшылықсыз жиыны – тұлғаның біртұтастығы, сенімділігі, мораль мен адамгершілік ұстанымдарына, мұраттарына адалдығы сияқты сапаларының алғышарты [23].

Сөйтіп, білім беру мазмұнының тұлғалық бағыттылығының мәні тұлғалық-адамзаттық, қоғамдық-әлеуметтік, ұлттық-мемлекеттік сипаттағы тұлға үшін мәнділікті құндылықтарға бағдарлануды қажет етеді. Бiлiм берудi адамгершiлiктендiру – оның ізгілік сипаты. Ол бiлiм беру мазмұнындағы құндылықтардың өзара үйлесiмде тұлғаны дамыту мақсатына қызмет етуiн ұйымдастыру арқылы жүзеге асады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. 1. Зеньковский В.В. Педагогическое наследие русского зарубежья. М. 1993. с. 157
  2. Ахтамзан Н.А. Дискуссия в немецком обществе об образовательной политике Германии // Педагогика. 2003. №2. с. 91; с. 56-81.
  3. Филонов Г.Н. Феномен гражданственности в структуре личностного развития // Педагогика, №8. 2007. с. 43
  4. Кекілбайұлы Ә. Дүниені түзеткің келсе, әуелі өзің түзел // Кекілбайұлы Ә. Азаматтықтың ақ таңы. – Уақыт мінбесінен айтылған сөз -Алматы: Қазақстан, 1998. -665 б..
  5. Есім Ғ. Саяси философия, 106-б. Алматы., Ел шежіресі, 2006.
  6. Вернадский В.И. Философские мысли натуралиста. М., 1988. с. 35
  7. Ухтомский А.А. Избранные труды. Л., 1978. с. 73-74
  8. Петракова Т.И. Гуманистические ценности образования в процессе духовно-нравственного воспитания подростков // http: || www.oim. Ru/reader.asp? Nomer =197. стр 2 из 35.
  9. Құнанбаев А. Шығ. Бір томдық жинағы, Алматы, ҚМКӘБ 1961, -146 б. 271 б.
  10. Фромм Э. Душа человека. — М., 1992. – с. 107. (Сілтеме көзі: Петракова Т.И. Гуманистические ценности образования в процессе духовно-нравственного воспитания подростков )
  11. Аманжолова А. Жеке тұлғаны адамгершілік-рухани бағытта тәрбиелеу // «Өзіндік таным» журналы, №5, 2004. 7 б.
  12. Комплексная программа воспитания в организация образования Казахстана, Астана, 2000, с 14
  13. Мыңжасарова А.Ж. Эстетикалық тәрбиенің маңызы // Тәуелсіз Қазақстан жағдайындағы үздіксіз білім беру жаңғыртуы. І т. Алматы, 2007, 121 б.
  14. Цит. По книге: Анисимов С.Ф. Духовные ценности: искусство и потребление. Москва, 1998.
  15. Турсунов Б.Ж., Нурахметов Н.Н., Ергалиев И.Е., Иргебаев Н.М. Нравственно-духовное просвещение / Алматы. Фараби-фонд. 1995. – 336 с
  16. Бессонов. Человек. Пути формирования новой личности. /М.ИПЛ. 1998-126 с
  17. Бейсенова Г.А. Образование в контексте социально-философских проблем / Алматы. Қазақ университеті. 1999. -56 с.
  18. Гершунский Б.С. Менталитет и образование / М.: Флинта. 1997. -140 с.
  19. Тимошинов В.И. Культурология. Казахстан-Евразия-Восток-Запад. Алматы. 2001. -400 с.
  20. Нургалиева Г.К. Ценностные ориентации личности: методология, теория, практика формирования / Алматы: Ғылым. 1993. – 198 с.

21.Степашко Л.А. Философия и история образования / М.: Флинта. 1999. -272 с.).

  1. Здравомыслов Л.Г. Человек и его работа / М. МП 1967.-206 с.
  2. Дробницкий О.Г. Проблема ценностей в марксисткой философии /М.: Мысль, 1967. -237 с.

Гүлтас Құрманбай, педагогика ғылымдарының докторы, профессор

Бөлісу: