Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізгелі қай салада болсын, батыл қадамдар мен жаңашыл бастамаларды қолға алып, озық мемлекеттердің қатарына ену жолында айтарлықтай ірі реформаларды іске асырып келе жатқаны ақиқат. Елдің дамуындағы басым бағыттардың бірі ол – ғылым және оқу-ағарту саласы. Бүгінде мемлекет пен азаматтық қоғам, халық пен билік арасындағы ықпалдастықтың өрісі кеңейіп келеді. Бұған, әрине, бүгінгі таңдағы негізгі жолға қойылған реформалар дәлел бола алады.
Ортағасырлардағы ғылым ордасының іргесін көтерген ойшыл Әбу Нәсір әл-Фараби бабамыздың рухани мұрасы қазіргі жаһандану үрдісіндегі әртүрлі көзқарастар тоғысында жастардың дұрыс бағытта өсіп-жетілуіне негізгі арқау болары ақиқат. Фарабидің философиясында адам бақытқа тек білім мен игілікті мақсаттар жолында қызмет етсе, шынайы бақытқа жетеді. Ол бақытқа жету жолдарының бірі білім деп түсіндіреді. Қазақ халқының рухани өміріне өлшеусіз тер төккен Шоқан, Ыбырай, Абай, Ахметтей бабалардың шығармашылық даналығы бүгінге дейін біздің ұрпаққа құнды мұра ретінде шуағын шашып келеді.
Тарихтан белгілі, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Патша өкіметінің Қазақстандағы халыққа білім беру жүйесіндегі өзіндік ерекшеліктері бүкіл ағарту саласына ықпалы біршама тиді. Патшалық Ресейдің 1870 жылы қабылданған «Ресейді мекендейтін бұратаналарға білім беру жөніндегі шаралар туралы» заңы қазақ халқын орыстандыруға бағытталған болатын. Осы тұста Алаштың қайраткерлері оқу-ағарту және ғылым саласын басты назарда ұстады. Халықты ағарту жүйесінде бастауыш мектептер туралы және олардың қандай болуы керектігі жөнінде баспасөз беттерінде ой-пікірлерін тұрақты түрде жазып отырды. Атап айтар болсақ, М. Сералин, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ә. Бөкейханов сынды қазақ зиялылары өз халқына білім беру саласына қатысты көптеген келелі ойларын ашық түрде «Қазақ» газетіне, «Айқап» журналына жарыса жариялап отырғандығын архив деректері айғақтайды.
Қазіргі таңда да мемлекеттік тұрғыда халыққа жүйелі білім беру мен оқыту саласы бірінші кезектегі келелі мәселелер қатарында тұр десек қателеспейміз. Себебі, Президент жыл сайынғы жолдаулары мен әрбір салмағы басым баяндамаларында білім мен ғылымның саласына ерекше көңіл аударуды назардан тыс қалдырған емес.
Ағымдағы жылдың маусым айының 1-жұлдызында Алматы қаласына арнайы ат басын бұрған Президент Қ. Тоқаев Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына арналған салтанатты сессияға қатысты. Білім мен ғылым саласының жанашырлары мен майталмандары басқосқан кеңесте ол білім және ғылым министрлігін екі ведомствоға бөлуді ұсынған болатын. Міне, бұл ұсыныс қазірде мақұлданып, Білім және ғылым министрлігі оқу-ағарту министрлігі және Жоғары білім министрлігі болып екіге бөлінді. Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, қосымша білім беру, балалардың құқықтарын қорғау, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді цифрландыру саласындағы қызметтері мен өкілеттіктері Оқу-ағарту министрлігіне үлестірілген.
Мемлекет басшысы Ұлытау төсіндегі ұлы құрылтай жиынында: «Қазір – ақыл-ой және дарын иелерінің заманы. Қазақстан да осы көштен шет қалмауға тиіс. Озық білім мен қажырлы еңбекті ұштастыра білсек қана, еліміз өсіп-өркендейді. Көздеген мақсатына жетеді. Халқымыз қанағатшыл, үнемшіл, өнертапқыш болуға ұмтылуы керек» дей келе, осындай жақсы қасиеттер әрбір азаматтың асыл мұратына айналуы қажеттілігін айтып өтті.
2021 жылғы үкімет отырысында министр 2025 жылға қарай мемлекеттік грант иегерлерінің саны артып, студенттердің шәкіртақысы екі есе өсетіндігін мәлімдеген болатын. Бұл да бір үлкен қуантарлық жағдай.
Жоғарыда айтып өткен өзгерістер мен жаңашыл реформалар келешек саналы да терең білімді азаматтарды даярлауға оң әсерін тигізетіндігіне сенім мол. Бұл мақсатта білім мен ғылымның іргетасын қалап кеткен ұлт зиялыларының өнегелі жолынан айнымай, ұлт мүддесі жолында ұрпақ тәрбиелеуіміз міндет.
Қорыта айтқанда, білім ол – игіліктің ең бір жоғары тұғыры мен жетілгені деп түйіндесек қате айтпасымыз анық.
Берікбай Елтайұлы, ұстаз