Абай мен Мәшһүр Жүсіп екеуі бір-бірінің аты-жөндеріне сырттай қанық болса да, әлі дидарласа қоймаған кезі болса керек. Бірде, тобықты еліне жолы түскен Мәшһүр Жүсіп арнайы сәлем беру үшін Абай ақынның үйіне келеді. Табалдырық аттап үйге кіре бергенде Абай тосын сауал қойып: «Ақылдының өзінен бұрын айтқаны жетеді деген. Атың құлағымды сарсылтып еді, шынымен Мәшһүр болсаң айтшы кәне: Құдай қайда? Жұмақ пен тозақ қайда?!» – депті.
Сонда Мәшһүр Жүсіп кідірместен: «Абайдың Құдайының қайда екенін білмедім. Менің құдайым жүрегімде. Ал, жұмақ пен тозақ әркімнің өз үйінде, қатының ақылды болса – жұмақ, ақымақ болса – тозақ!» – деген екен.
Абай есті сөзді естігеніне риза болған шыраймен: «Мәшһүр десе дегендей екенсің!» – деп, қолын алып, төрін ұсыныпты.
Осының өзі ақылдың санадағы ең үлкен қазына екенін, әрі адам ақылы арқылы даналыққа жететінін айғақтайды. Ал, даналық – адамды басыбүтін және үнемі баурайтын соңғы лебіз, соңғы дау. Даналық өне бойы өткенге көз тастап, тарихқа үңілумен болады, адамның, қоғамның, халықтың қазіргі күйіне өткен шақ және болашаққа қарап, салыстырады, сынайды. Сонысымен ерекше.
Халқымыздың даналық жайлы түсінігінде ынтымақ пен достық-бауырластықты, кез келген адамға ақ ниетпен қарым-қатынас жасауды, ізгілікті әрдайым жоғары қойған. Қонақжайлық, үйіне келген адамды таныс-таныс емес болсын ашық, ақжарқын қабақпен төріне шығарған. Әділдікпен мәмілеге келіп, кез келген қиын шиеленістің алдын алған. Тіпті қиын жағдайда да «Сабыр түбі – сары алтын» деп оны асықпай реттеуді, бейбіт келісіммен шешуді кейнгілерге үлгі еткен. Бұл секілді қарым-қатынастың ереже-тәртіптері де ұлттық танымдық салт-дәстүрге айналғдырған. Қағаз жүзінде жазылмаса да халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне еніп, дала жұртының даналық ойлары түрінде сол қалпында сақталып қалды.
Даналықтың өз ауқымы өте кең түсінік. Соның бірі – ұстазға деген құрмет. Ирак жерінен шыққан Әбу Ханифа есімді шәкірт ұстазы Ахматтың үйіне қарай аяғын созып отырмайды екен. Ұстазына деген құрметтің нәтижесі оны даналыққа жетелеп, Ислам әлемінде аты алтын әріптермен жазылған ғұламаға айналды. Адамның кемелдену нәтижесінде жететін жетістіктерінің бірі осы еді.
Бір аңызда « Патшаның даналығы» Бір дана патша өмір сүріпті. Оған оның ұлы бір күні, әке сені елдің бәрі дана, көрегені көп, ақылды деп сыйлайды, сен осы сол даналықты қайдан оқып білдің, қандай кітаптар оқыдың,сені қандай мұғалімдер оқытты,-деп сұрақ қояды. Сонда әкесі: « Ұлым мен ел оқыған, сен де оқып жүрген кітапты оқыдым. Менің де ұстаздарым сен білім алып жүрген ұстаздар болды. Бірақ ел айтып жүрген парасаттылық, ақалдылықты тек олардан ғана емес өмірден, табиғаттан да алдым. Құмырсқаларды байқап жүріп,олардың еңбекқорлығына, шыдамдылығына, қайтсе де алдыға қойған мақсатқа жетудегі талпыныстарына қызықтым. Бүркітке қарап байқағыштыққа, тез шешім қабылдай алушылыққа үйрендім. Барыстан — ептілік пен шыдамдылықты. Бөдене құсқа қарап сүйіспеншілікке, қоршаған адамдарына жанашырлық көрсетуге. Нағыз даналық пен ақылдылық әр кезде біздің қасымызда жүреді. Тек адамның көзі, құлағы, жүрегінің есігі оған ашық болуы керек» — , депті.
Мінез-құлықтың санқырлылығы сияқты адам ой-өрісі де дария сияқты кемерінен асып толқиды, бірақ ол әркімге беріле бермейтін нұр іспетті.
Азамат Мәуленұлы