Дәстүр трансформациясы баспасөзде

Қасымхан БЕГМАНОВ, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

«Президент және халық» газетінің бас редакторы, профессор Марат Тоқашбаевтың 70 жылдығына  арналған «Қазіргі заман және публицистика» атты ғылыми-практикалық конференциясында жасалған баяндама

Марат Тоқашбаев ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді насихаттау, отбасы құндылықтарын дәріптеу, отаншылдық қасиеттерді орнықтыру мақсатында екі мыңыншы жылдардың басынан бастап бірнеше басылымдар шығарды, солардың бірнешеуін әлі де үзбей шығарып келеді.

 «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, әдет-ғұрыптарды білместікпен шатастыру, дарақылық пен даңғазалық, дәстүр трансформациясын елемеу, жергілікті дәстүрлерді ұлттық дәстүрге айналдыруға тырысушылық сияқты қайшылықтар бүгінгі күннің ащы  шындығына айналып отыр. Басылым оқырмандардың сол мәселелерге қатысты сауалдарына түпкілікті, түбегейлі жауап беруі үшін, еліміздегі белгілі этнографтардың басын біріктіретін Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясы құрылды. Марат Тоқашбаев ашып, басқарып келе жатқан осы Академия бүгінде ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімізді жинақтаумен, оларды жүйелеумен айналысады (журнал «Ақиқат»). Той мәдениетін ретке келтіру үшін аяулы жары, белгілі журналист  Раушан Каршалова екеуі «Той әлемі» журналын да шығарып, қазақ тойында түзететін мәселелерді тізіп жазып, олардың нақты шешімін де тұжырымдап берді.

 «Адамгершіліктің қарапайым қағидалары», «Ерлі-зайыптылық ережесі»,  Раушан Каршалова екеуінің «Бақыттың кілті» сияқты кітаптары жарық көрді. 2017 жылы «Дәстүр» баспасынан шыққан «Бақыттың кілті» кітабы оқырмандардың үлкен ықыласына ие болып, төрт рет қайта басылған.  Бүгінгі жиында осы кітаптың бесінші басылымының тұсуы кесілгелі отыр.

Дәстүрдің трансформациясы туралы да Марат Тоқашбаев жоғарыда өзі шығарған басылымдарда ең алғашқылардың бірі болып қалам тербеп, мәселе көтерген болатын.  Мысалы, «Этнографиялық әдебиеттерде айтылатын көптеген дәстүрлер көнеріп, уақыт сұранысынан қалып қойды. Ал бірқатары әлі күнге қолданыста. Айталық, өткен ғасырдың басында Жақып Ақбаевтың “Қазақтардың отбасылық неке қатынастары туралы ойлар” атты ең­бегінде келтірілген “Қарғыбау” сияқты дәстүр бү­гінде жоқ. Оның орнына “Үкі тағу” немесе “Сырға тағу” сияқты дәстүрлер енді.

Мұндай өзгерістер алдағы уақытта да бола беретін тәрізді. Дегенмен, қыз ұзатып, келін түсіру сияқты от­басылық өмірдің аса маңызды сәттеріндегі қазықты дәстүрлерді бір ізге түсіретін, қаймана қазаққа ортақ құндылықтарға айналдыратын кез жетті» [6,6-б]. Сонымен қатар, 2017 жылы  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының     аясында шыққан менің «Дәстүр: кеше, бүгін ертең» атты сұқбатқа құрылған төрт томдығымда да Дәстүрдің трансформациялануы көтерілген болатын. Қазақ дәстүрлерінің эволюциясы қандай жолдан өтті, алдағы уақытта қай бағытта дамуға тиіс?  Осы тұрғыда  ерлі-зайыпты журналистер, той мәдениетінің этнографиялық зерттеушілері Марат Тоқашбаев пен Раушан Каршаловаға сұрақтар топтамасын ұсынған едім.  

«Қыз ұзату, келін түсіру дәстүрі кеше ғана пайда болған жоқ. Ол кемінде 10-12 мыңжылдық тарихы бар құбылыс. Осы дәстүрге әр мыңжылдықтардың қалдырған өзінің қолтаңбалары бар. Әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріміз бір күнде пайда болған жоқ, олар уақыт екшеуінен өткен асыл жауһарларымыз. Түсінікті болуы үшін, қарапайым ғана бір мысал келтірейін… Қалыңмал   – мыңдаған жылдардан бері үзілмей жалғасып келе жатқан қазықты дәстүрлердің бірі.  Ерте замандарда қыздың қалыңмалы бұрын жиі атылатындай, «қыздың құны – 47» болса, біртіндеп ол кему тарапына қарай өзгерістерге түсті. 16-19 ғасырларда қыздың құны орташа 37 қара болса, кейін ол 27 қараға, Қазан төңкерісі тұсында 17 қараға дейін кеміді. Кеңестік кезеңде жойылып, мүлде айтылмайтын болды. Дегенмен, «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу болмайды» дегеннің керімен 17 қара ақша эквиваленттеріне алмасылды. Кеңестік кезеңде жойылуға шақ қалған бұл дәстүр тәуелсіздік жылдарында жаңаша өзгерістерге түсті. Қызға қалыңмал ретінде деп қыздың әке-шешесіне  500-1000 доллар көлемінде қалыңмал апару қалыптасты. Көріп отырғанымыздай, қалыңмал дәстүрі уақыт қатпарларын тесіп өтіп, бүгінгі күнге жетіп отыр. Алайда оның түрлері мен көлемі жергілікті жердің ыңғайына сәйкес өзгерістерге ұшырады. Айтылып отырған осы жайттың барлығы қатып қалған еш нәрсенің  жоқтығын байқатады. Яғни уақыт ағымы салт-дәстүрлерге де, әдет-ғұрыптарға да өз әсерін қалдырады екен (8, …б.).    

Иә, бүгінгі жаһандану дәуірінің ғаламат ақпараттық ағынында адамзат қоғамында үлкен трансформациялық үдерістер жүріп жатыр. Томаға-тұйық оқшауланудың заманы кетіп, өркениеттілік деңгейінде ашықтық, икемділік таныта білген субъектілер ғана өмір сүре алатын дәуір келді.

Қазақ қоғамы да әлемдік тұтас қауымдастықтың құрамдас бөлігі, мүшесі ретінде өркениетті қоғамға ашық та икемді үн қату жасап дамуды көздейді. Дегенмен мұның өзі қазіргі жаһандану дәуірінде оңайға соқпай отырғаны жасырын емес. Батыс пен шығыстың, АҚШ-тың, т.б. субмәдениеттердің алуан түрлі ықпалы тұрғысында мынау дұрыс жол деп бір бағытты таңдап алдудың өзі оңай емес. Ал ұлттың, мемлекеттің тарихы мен дәстүрі, мәдениеті, экономикасы, қысқасы қоғам өмірінің барлық саласы трансформациялануға түсуге тиіс. Бұл – ешқандай қашып құтыла алатын үрдіс емес екені де белгілі. Жалпы алғанда «трансформациялану» дегеннің өзі – қарапайым түсініктегі қандай да бір биологиялық дененің эволюциялық тұрғыдағы өзгерісі ғана емес, бейзаттық, қоғамға тән құбылыстардың заман ағымына сай басқа бір сапаға өтуі болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда қазақтың ғасырлар бойы ұстанып келген ұлттық дәстүрлері де трансформацияланудан өтуге тиіс.

ХХ ғасыр – индустрияландыру ғасыры болды. Ал ХХІ ғасыр – ақпараттандыру ғасыры болып қалыптаса бастады. Индустрияландыру дәуірінде өндірілген өнім басты нәтиже болып саналса, ХХІ ғасырда өндірілетін өнімнен гөрі ақпараттың маңыздылығы арта түсті. Демек, ақпаратты дамытып, оны ел игілігіне жұмсай білген, өз халқын мүмкін болатын алуан түрлі ақпараттық шабуылдардан қорғай алатын қабілетке ие мемлекеттер ғана болашақтың қожасы болмақ. Ол үшін өз мемлекетінің тұрғындарын да ақпараттық бірегейлікке бейімдеп, біртұтас ақпараттық айналым жүйесін құру қажет болады. Олай жасамаған жағдайда өзге күшті массмедиалы мемлекеттің ықпалында кетіп қалу салдарынан тіпті тәуелсіздіктен де айырылып қалу қаупі туындамақ.

Сондықтан да «жаңа дегеніміз – тоны айналдыра өзгертілген ескі» деген қағидаға негіздей отырып, халқымыздың бүгінге дейін қолданып келген дәстүрлі құндылықтарын замануи сандық ақпараттық жүйе арқылы лайықты трансформациялауды жүргізуіміз қажет. Қазіргі жаһандану заманында қазақ жастарының алуан түрлі тақырыптағы ақпараттық сұраныстарын ұлттық тіл арқылы жасалған сапалы өнімдермен қамтамасыз ете алмасақ, туған топырағының үстінде өмір сүргенімен жат идеологияның жетегіндегі мәңгүрт ұрпақты тәрбиелеуіміз мүмкін. Қазіргі кезде жалпы адамзаттық қоғам келбетінің психологиялық-идеологиялық тұрғыда санаға әсер ету алаңы ашық қоғам жағдайында барынша күрделі сипат алып келе жатқаны айқын болып отыр. Біздің қазақ қоғамының алдында мыналарға төтеп беру немесе солардың ықпалына біржола ұшырап кету қаупі тұр. Олар: жалпы жаһандандыру, одан өзге америкаландыру, орыстандыру, арабтандыру, қытайландыру, т.б. психологиялық-идеологиялық қысымдардың барлығы немесе таяу мерзімде мүмкін болатындығын мойындамасқа шарамыз жоқ. Осылардың бәріне қарсы тұратын күш – ол қайта қазақтану немесе дәстүрге беріктік десек, бұған біздің қоғамымыздың күш-дәрмені жете ме?

Ал мұны жүзеге асыратын қазіргі  буын мен жүзеге асырылу объектісі жас ұрпақтың психологиялық-идеологиялық дайындығы қандай? Нені трансформациялауды қалай жүзеге асырамыз? Және бұған мемлекеттің араласуы мен ықпал ету күші қандай деңгейде болмақ? Оны жүзеге асыру механизмі айқындалған ба? Оған деген ішкі және сыртқы кедергілердің болуы мүмкін бе? Ол туындаған жағдайда қалай әрекет етуіміз керек? Бұл сұрақтардың бәрі ойлануды, кешенді жоспар жасауды қажет етеді. Және қазіргі күні қолданыста бар дәстүрлердің қайсысы озық, қайсысы тозық?

Тәуелсіздік алғаннан бергі отыз жылға жуық уақыт ішінде қалыптасқан дәстүрлердің қандай сипат белгілерін дамытып, қайсыларын трансформациялап, келешек ұрпаққа не қалдырамыз? Бұл сұрақтарға жауап беру – бүгінгі күннің бас ауыртар сұрақтары. Ал бүгінгі күннің нақты жағдайы қалай? Бұл тұрғысындағы сұрақтарға отандық әлеуметтанушы ғалым Б.Нұржановтың мына бір пікірі жауап бере алады: «…Сондай-ақ интернет-компьютер бүгінгі гуманитарлы ғылымның күн тәртібінде тұрған идентификация форматын радикалды түрде өзгертуде. Қазіргі таңда әлеуметтанушылар, философтар мен психологтар көп жазып жүрген ұлттық идентификацияға төнер қауіп болса, ол жаһандану, интер немесе трансұлтшылдық, космополитизация, т.б. үдерістерінен емес, қоғамның компьютеризациялануы мен интернетизациялануынан болмақ. Сонымен қатар терең экономикалық, саяси, әлеуметтік, мәдени және көркем трансформацияланған жаңа медиа адамды және оның субъективтілігі мен идентификациясының қалыптасу тәсілдерінің құрылымын радикалды түрде трансформациялауда»[1,6-б].

Бірақ та жеке адамның субъективтілігі мен идентификациялылығының өзі, жоғарыда айтып өткеніміздей, томаға-тұйықтыққа жол бермейтін қоғамда мүмкін де емес. Біздің қазақ қоғамы компьютеризациялану мен интернетизациялану үдерісінен шет қала алмайды және ата-баба дәстүрлерін трансформациялап, жаңа тұрпатты мас-медиалар арқылы тұтынушыларға ұсынуды жүзеге асыра беретін болады. Бұл тұрғыда алғашқы қадамдар жүзеге асырылып жатыр. Оған жоғарыда айтқанымдай Марат Тоқашбаевтың басылымдары, Академиясы және өзім шығарып отырған «Дәстүр» журналы нақты мысал бола алады.

Болашақ ел тұтқасын ұстар азаматтың, яғни бүгінгі жас бүлдіршіндер мен жеткіншектердің, жастардың танымдық кезеңдеріне сай талғамына татитын ұлттық сипаттағы ақпараттарды сапалы түрде әзірлеп ұсынуға деген талпыныстар жасалып жатыр деп айтуымызға болады. Әрине, әзірлеу үшін құйылатын қаржы ондаған, жүздеген миллион доллларды құрайтын Голливудтық немесе ресейлік мультипликациялық өнімдер жасайтын алып медиамагнаттармен салыстыруға келмес. Бірақ қазақ руханияты тұрғысында жасалған төл аннимациялық өнімдеріміз   бен әлемдік медиаиндустрияның сұранысты өнімдерінен жасалған дубляждар бүгінгі күні кең экраннан, «Балапан» арнасы мен өзге де ақпараттық бейне құралдары арқылы көрсетіліп жатуы – болашақ үлкен істердің бастауы болмақ.

Қазіргі күні ғаламтор жүйесі ғаламат дамып отыр. Кешегі жетістік жаңалық бүгін ескіріп қалып жатыр. Бүгінгі жаңалықтың орнын ертең бұдан да қолайлы функция баспақ. Бұл жаңалық дегенді ақпараттық жаңалық тұрғысында да, техникалық ашылым тұрғысында да қолдануға әбден болады. Кеше ғана 2Д, 3Д форматтары үлкен жаңалық болған болса, қазіргі күні 5 Д форматы трендке еніп жатыр. Ал болашақта сандық форматтағы жетістіктің қарыштап дамитындығы сондай, оған тіпті қиялдың өзі жетпейтін деңгейге шығып отырмыз. Жасанды интеллект айналымға енгізілетін күн де таяу. Міне, бұлардың барлығы да біздің қазақ қоғамындағы өзіндік даралық пен жалпы әлемдік ықпалдастық тұрғысында үлкен мүмкіндіктер сыйлайтындығы анық. Мұны жүзеге асыру үшін   фундамент мықты болуы керек екендігі – басы ашық мәселе. 

Қазақ қоғамының, яғни қазақ әлемінің өзге туыстас түркі халықтарынан немесе, ислам әлемінен, болмаса ғасырлар бойы көршілікте келе жатқан славян, қытай халықтарынан өзгешелігі – туыстық қарым-қатынас, отбасы, қарашаңырақ, жеті ата, рулық шежіре, туу, өмір сүру, өмірден өту үштігінде атқарылар салт-жоралғылар болып табылады. Жиырма төртінші қара сөзінде Абайдың «… Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды…»[2,25,б], – дегенін жақсы мағынада тілге тиек етсек,  осы жақсы қасиеттерді заманауи ақпарат құралдары арқылы трансформациялап ұсына білуіміз қажет деп білемін. Осы тұрғыда қазіргі күні қазақ ғаламторы айдынында ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған сайттар мен порталдардың жұмыс атқарып жатқанын жақсы білемін. Олардың қатарынде елім.кз, тумалас.кз, әдебиетпорталы.жмайл.ком, т.б. атауға болады. Бұл аталғандар және өзге де сайттар мен порталдарда, әлеуметтік желідегі топтарда, өзге де ақпараттық құралдарында қазақтың салт-дәстүрлері жинақталып, талқыланып, екшеліп, сұрыпталу процесін бастан кешіруде деп айта аламыз. Яғни трансформациялану үдерісі тоқтаусыз жүріп жатыр деуімізге әбден болады. Бұл арада ең басты акцент қоятын дүние – шартты ұғымдар. Оларға арнайы тоқталуды қажет болады.

Мысал  үшін, солардың бірі шаңырақ культіне тоқталайық.

Қазақ қоғамында шаңырақ ұғымының орны ерекше. Шаңырақ – қазақ үшін ежелден сакральді ұғым болып келді. Шаңырақ – бір әкеден, атадан, әулеттен, рудан тараған ұрпақтардың бірлік символы. «Қара шаңырақ» ұғымы сонау патриархалды феодализм дәуірінде қалыптасса керек. Ұланғайыр өлкенің әр тарабында жүрген бауырластар үшін қара шаңырақ – ат айналар қазық ретінде танылған. Қара шаңыраққа міндетті түрде ұрпақтан ұрпаққа жалғасып кенже ұл отыруға тиіс болса да, көптеген факторларға байланысты, өзге ұлдар да, тіпті асырап алған балалары мен жиендер ие болатын жағдайлар да орын алып келді. Күні бүгінге дейін, қазіргі ақпараттық ағын заманында да қара шаңырақты кие тұтып әспеттеу сақталғанымен, жылдар өткен сайын бұл қастерлі ұғым өз маңызын жоғалта бастаған сияқты. Оның себебі мынада деп білемін: қазақ қоғамындағы урбанизацияның қарқынды әсерінен, бұрын халқымыздың басым бөлігі ауылдық жерлерде топтаса өмір сүрсе, қазіргі кезеңде көптеген әулеттер бірыңғай қалада тіршілік етіп, қалалық өмір салтымен өмір сүруде. Қала мен қала типтес елді мекендерде ғылым мен техниканың дамуы мен көрсетілетін түрлі қызметтердің кәсібилендірілуіне байланысты, туысқандар мен ауылдастардың бірлесе атқаратын ұжымдық, науқандық шаруасына деген қажеттілік мүлде дерлік жойылып бара жатқаны анық. Мысал үшін, шөп шабу, үй салу, құдық қазу, мал бағу т.б. бір адамның қолынан келе бермейтін шаруаларды қазіргі күні уақытында әрі сапалы атқаратын арнайы мамандар пайда болды. Сондай-ақ табыс тауып отбасын асырау – тек ер адамның ғана емес, әйелдің де қолынан келетіндігі – үйреншікті жағдайға айналды. Сол себепті де біздің қазақ қоғамында ер азаматтың биік те мызғымас тұлғасы, беделіне деген көзқарасқа да селкеу түсе бастады. Қазіргі күні кез келген балабақшадағы тәрбиеленушілердің жартысына жуығы әкесіз өсіп жатқан сәбилер екендігі осының айғағы. Сонымен қатар, қазақ қоғамында да азаматтық неке үрдісі белең ала бастады. Мұның өзі қазіргі қазақ қоғамындағы отбасылық қатынастар трансформациялануының жағымсыз  көріністері. Ал бұларды болдырмаудың алдын алу – қоғамдық институттардың қарастыратын мәселесі десек, қоғамдық институтардың көзі мен құлағы – ақпараттық құралдар.

Қазіргі күні бұқаралық ақпарат құралдары, соның ішінде ғаламтор арқылы насихатталып, халықтың барынша қызығушылығын тудырып отырған төл дәстүріміз – ұлттық шежіре. Бұл тұрғыда шежіре.кз. қазақ.кз, тумалас кз., тағы басқа да сайттар жағымды қызмет жасап отыр. Бұл арада ескеретін жағдай – шежіренің заманауи форматта қолжетімділігі, оны әзірлеуге модератордың үйлестіруі арқылығы ынта білдірген барлық адамдардың қатыса алатындығы. Қағазға басылған, яғни кітап немесе журналдарда жарық көретін шежірелерге қарағанда электронды форматтың артықшылығы көп екендігі мойындалған.

Жоғарыдағы мысалға қарап, қазақ қоғамындағы ізгі құндылықтар толықтай жойылып немесе күйреп кетеді немесе күйреді деуге болмайды. Біреулері өміршеңдік танытып, жаңа заманға бейімделіп жаңғырып жатса, енді бірі біртіндеп ұмытыла бастайды. Дәстүрлер трансформациясы ұрпақтар сабақтастығы арқылы көрініс табатыны шындық. Ал егерде бұл үрдіс сақталмаған немесе табиғи қалпынан күштеп әсер етіп басқа арнаға бұрған жағдайда құлдырауға жол ашылмақ.

Кезінде «түрі ұлттық мазмұны социалистік» деген ұран көтерген коммунистер қазақ халқының көптеген салттары мен дәстүрлерінің түпкі негізін мүлде өзгертіп жіберді. Немесе басқа арнаға бұрылып кетті. Еліміздің құндылықтар жүйесі дәл сол ХХ ғасырда айтарлықтай трансформацияланды жəне оның құндылықтық аспектілері қазіргі таңда да айқын көрініс беріп отыр. «Қазақтарға, олардың мəдениеті мен дəстүрлеріне ауқымды Еуразия кеңістігі, дала, олардың саяхат жасаған алыс қашықтықтары өз іздерін қалдырды. Мүмкін, өзге ортазиялық халықтарға қарағанда оларда жақсы жəне жағымсыз мағынадағы орыстану мен еуропалану да басым» [3, 37 б.].

Біздің халқымыз неге көршілес, туыстас кейбір халықтарға қарағанда орыстануға немесе еуропалануға бейім тұрады деген сұрақтың жауабы – ұлтымыздың ауқымды территорияға иелігі, қазақ халқын құрамдаушы ядроның арғы негізінде көптеген ежелгі империя құрған халықтардың енуі, т.б. факторлар жатыр және ұлттық дәстүрлерді трансформациялауды ақпараттық құралдарында жүзеге асыруда бұлар да ескерілуі керек деп ойлаймын.

Жалпы өзінің өткенін жаппай сынау, өзгені, болашақты идеал тұту, алғашқы құндылықтық мәндерді алмастыру – агрессивтілікті, жиіркенушілікті тудыратыны белгілі. Бұл кейінгі кезеңдегі қазақ қоғамында байқалған жағымсыз үрдістің бірі. Яғни, қазақ қоғамында посткоммунистік дәуірде материалдық, прагматикалық, индивидуалистік сипаттағы құндылықтар басымдыққа ие бола бастады. Зерттеулерге қарағанда тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тұрғындардың 2/3 бөлігі материалдық игіліктерден гөрі бостандық құндылықтарына басымдылық берген болса, бұдан кейін елдің жартысынан көбі бостандық құндылығынан материалдық иігіліктерді анағұрлым маңызды санауға көшкендігін көреміз. Сондықтан да қазіргі күні ұлтының тілінен, ділінен, дінінен безген немесе оларды тұтынуды, қолдануды өзіне ар санайтын жат ұрпақтың қарасы мол. Міне осы жағдайда әлеуметтік адаптацияланудың инновациялық тәсілі қажет және ол – компьютерлік-ғаламторлық ақпарат әлемі болып табылады. Біз оның осы мүмкіндігін ұлттық дәстүрлерді оңтайлы трансформациялап, қолжетімді ақпарттық танымдық орта қалыптастыруға жұмылдыра алсақ, көп жағдайда ұтарымыз анық.

Себебі, «өзгенікі таңсық, өзіміздікі қаңсық» деген ұғыммен ғасырлар бойы қалыптастырған халқымыздың озық салт-дәстүрлерін мансұқ етіп, батыстық өмір сүру салттарын идеал тұтатын болсақ, мемлекетіміздің  болашағына көлеңке түсіргендік болып табылады. Осы тұрғыда отандық зерттеуші философ Нұр Қирабаевтың мына бір пікірін ескергеніміз дұрыс: «Егер батыстық мемлекеттердің кейінгі 200 жыл шамасындағы дамуын жаңғыру теориясының аясында қарастыратын болсақ, оның негізі Еуропа болса, ал ХХ ғасырда адамзаттың əмбебап дамуының моделі АҚШ болды, қазіргі таңда мəлім болғандай жаһандану жаңғырудың жаңа теориясы ретінде əлемнің дамуындағы ең дұрыс, жалғыз теория емес екендігі дəлелденуде» [4, 43 б.].

Демек, қазақ қоғамы үшін барымызды базарлап, оны бүгінгі күннің сұранысына сай қолданысқа енгізіп, ақпараттық қажетітілік шыққанда қолжетімді болдыру – біздің азаматтық қоғамның міндеті болуға тиіс. Осы арқылы қалыпты мәдени трансформациялануға яғни, мәдени жаңғыру үдерісіне ие боламыз. Мəдени жаңғыру қоғамның жаңғыру үдерісінің құрамдас бөлігі болып табылатындықтан, дəстүрлі қоғамның жəне оның мəдениетінің заманауи қоғам үлгісіне сай трансформациялануы, Абай айтқан жағымсыз ғадеттерден аулақ болып, жағымды істерге құштар болу, оларды тиімді форматта ұсыну – отандық ұлтымызға жанашыр массмедиалар жұмысының басым бағыты болуы тиіс.

«Тілашар» өзінің аты айтып тұрғанындай баланың тілі шығуы кешеуілдеген кезде, тілі тез шығуы үшін жасалынғаны дұрыс. Ал енді мектепке баратын, тіпті оған дейін де біраз әріптермен танысып, оқи білетін балаға «Тілашар» жасау логикаға қайшы. Бірақ мектепке баратын балаға арналған қуанышты шара солай аталып кетті.  Бажайлап қарасақ, бұрынғы «тілашардың» уақыт ыңғайымен трасформациялануы бүгінгі «Тілашарды» туғызып отыр екен. Осылай уақыт жетілдірген дәстүрлер ұлттық қайнарларға қайшы келмейтін болса оны жатырқаудың қажеті жоқ», – деген болатыгн Раушан Каршалова «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» аты менің төрт томдығыма берген сұқбатында. Иә, трансформацияланудың мұндай жақтары да кездеседі.

«…Ұлттық сана бүгінгі таңда, кейбір ымырашыл (либералдық) идеяларды үстірттеу игерген қалпында социалистік және дәстүрлі көзқарастардың қойыртпағы болып отырған кезде айрықша мән-мағынаға ие. Қарапайым ақиқатты түсінетін мезгіл жетті, жаңғырған сана әсте ұлттық аңсарға қайшы келмек емес. Керісінше, ұлттымыздың «МЕН» дегізерлік қасиетін сақтауға жаңғырған сана ғана кепіл бола алады»[2, 53-54 бб.], — деген тұңғыш президентіміз, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың сөзіне сайсақ, ұлтымыздың асыл қасиеттерін әспеттеп жаңғырта отырып, әлемдік өркениеттен өз орнымызды нық алуымыз керектігі анық. Ол үшін ұлттық дәстүрдің игі трансформациясын бұқараға қолжетімді ақпарат құралдарында жүйелі түрде насихаттап отыру қажет деп білемін.

Пайдаланылған әдебиеттер

1 Б.Нуржанов. Постмодернизм и новые медиа (компьютер и интернет). // Тамыр. – 2012  №2 (32)

2 Абай. Шығармаларының толық жинағы. – Алматы: Жазушы, 1995 ж.

3 Ю.Малинин Их там много. // Тамыр. – 2002, №1 (16)

4 Н.Кирабаев Философия и культура в контексте кризиса современности. Материалы І Казахстанского философского Конгресса (Алматы, 27–28 сентября 2013 г.). – Алматы: Институт философии, политологии и религиоведения КН МОН РК, 2013. – С. 43-55.

5 Н.Назарбаев Н. Тарих толқынында. – Алматы: Атамұра, 1999. – 296 б.

6. М.Тоқашбаев. Раушан Каршалова   «Бақыттың кілті». – Алматы: Дәстүр, 2017. –

7. Журнал «Ақиқат», 2019 жыл.

8. Қ.Бегманов.  «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең». – Алматы: Дәстүр, 2017.  

Бөлісу: