Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Ж. Тоқаевтың «Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты 2020 жылы халыққа Жолдауында: «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады. Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек» дегені өзекті мәселе.

Мұның үшін ұлттық рухымыз заманға қарай өзгеріп, бойымыздағы жаман әдеттерден құтылып, жақсы әдет-ғұрыптарды құрметтеп, өнегелі мінезділікті қалыптастырып және үнемі жетілдіруіміз керек. Әлемдегі дамыған зайырлы мемлекеттер қатарына қосылу үшін халқымыздың ұлттық сезімін ғылыми негізде дамыта отырып, заманауи жаңа қоғамдық сана қалыптастыру арқылы әділ, демкоратиялық, адам құқықтары құрметтелетін және оның игілігіне жұмыс істейтін қоғам құру бүгінгі маңызды мәселе. Бұл мемлекеттің ең басты міндеті десек те, осынау асыл мақсатқа қол жеткізуде заманның қатаң талаптарына сәйкес әрбір азаматтың ел алдындағы парызын мінсіз атқарғаны жөн. Қазақстан – ұлттық мемлекет десек, халқымыздың салты, тілі, мәдениеті рухани құндылықтары болып табылады, яғни ұлттың өнегелі дәстүрлерін өмірлік тіршілікке қатысты амалдарды жан-жақты талдай отырып, бойымызға рухани тазалық, адамгершілік, адалдық сияқты жақсы қасиеттерді қалыптастырып, бүгінгі уақыт талабына сәйкес білім мен біліктілікке қол жеткізгеніміз абзал.

Осынау игі мақсатқа жетуде ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан үлгі боларлық игі дәстүрлерді талдап, талғап іске асырған жөн болар. Ойланып көрейікші: ежелден отбасы – қасиетті де қастерлі мекен. Әрбір ата-ана дүниеге келген сәбиін алақанына салып, бойларындағы адамгершілік, сүйіспеншілік, татулық қасиеттерін сәбидің бойына сіңіріп, ынтымағы жарасқан мінез көрсетсе, шаңырақтың берекесі ғана емес, бұл өскелең ұрпақтың бақытты болуының кепілі. Дәстүрлі тәрбиеде ұлды – әке, қызды – ана тәрбиелеген. Әсіресе ата-әжесі бар отбасындағы сәбилердің жағдайлары ерекше болған. Олар еркін, ортаға бейімделгіш, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді ерте танып өседі. Ата мен әженің балаларға айтары мол. Бауырына басып, өмірлік оң тәжірибелер мен қызықты жайларды естеріне салып, жақсы мен жаманның айырмашылықтарын түсіндіреді. Атаның сөзі мен әңгімесі өткен өмір тарихы, адамның санасын, дүниетанымын, елдің қоғамдық қарым-қатынастары, ел бірлігі туралы болса, сәби ұлттық құндылықтарға сусындап, адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіріп, оның тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді.

Әрине ұлағаты мол ата-әже бола алмаған жандар – өскелең ұрпағына өнегелі өсиеттерді айта алмайды. Үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, қамқорлық таныту, еңбекті сүюді үйреткен атаны ардақтау, әкені әспеттеу ежелден халқымыздың дәстүрі. Ел рухын биік көтеретін ұлтжанды азамат болып өсіп жетілуде осы дәстүрді жүзеге  асыруға әрбір азаматтың, мемлекеттік басқару қызметіндегілердің шын мәнінде жанқияр адалдық пен мүдделі жанашырлық көрсетуі абзал.

Халқымыздың «ынтымақ – ырыс шақырады» деген өсиет дәстүрінің мәні тереңде жатыр. Көзіміз көріп, куә болған ертеректе ауыл кісілері ақсақалдарын қатты құрметтейтін. Олардың инабатты сөздері жерде қалмай орындалатын. Ресми басшылар өзекті мәселелерді парасатты көнекөз қариялармен кеңесіп, зерделі ойларын көңілден өткізіп шешетін. «Қариясы бар ауылдың – дариясы бар» деп мақтанатын ауыл тұрғындары. Осынау ұлтымыздың өнегелі салт-дәстүрі қазіргі күні жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді. Әлі де кеш емес. Қызметтің талай сатыларынан өткен бойынан көсемдік, бекзаттық байқалатын айтар ойы мен пікірі бар парасатты ел ағалары қазір де бар, тек оларды танып, мән беріп, ақыл кеңесін тыңдайтын басшы табылса.

Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар ізгі құндылықтардың бірі – «дастарқан басы». Отбасының төрінде әдетте жасы үлкен кісі орын алатын. Атасы бар үйде әрине ол орын сол кісінікі. Әдетте, ақсақал атанған ата көбіне балалары мен немерелерін әңгімеге тартып, өмірде не болып жатқанын тыңдайтын. Көңілден шығатын игі істерді естігенде марқайып, ризашылық пейіл білдіріп, жақпайтын жәйттерді елеусіз жібермей кемшіліктерді түзеу жолдарын көрсететін. Бойына жинаған адамгершілік қасиеттерін ортаға салып, адамдар арасындағы сыйластық қарым-қатынастарға көңіл бөліп, сабырмен өмірлік қағидалардан мысалдар келтіріп, жақсы мен жаманды айыра білуге өнеге көрсететін. Ал, отбасында орнаған өзара сыйластық шаңырақта береке мен тыныштықтың кепілі емес пе? Ал атаның жоқтығында осынау ізгі міндет әжелердің құзырында болатын.

Отбасында үлкен кісілердің болуы «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дегендей, өскелең ұрпақ жастайынан үлгілі әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді, ізгілікті, кең пейілді имандылықты бойына сіңіріп, өмірлік ортада өзін еркін ұстап, кішіге қамқор, үлкенге ізет сақтайды. Дастарқан – ежелден ұрпақтар сабақтастығының жылуы кетпес ошағы, отбасының тәрбие мектебі. Аға буын өкілі ретінде өткен күндерден көңілге тоқығанымыз, өнегелі ата-әже, әке-ананың үлгілі тәрбиесінен өтіп, атаны ардақтау, әкені іспеттеу, кішіні сыйлау, қамқорлық көрсету, ең бастысы еңбекті сүю, бағалау сияқты адами қасиеттерді бойына сіңірген жасөспірімдердің заманына сай алғыр, ұлтжанды өскендерін көзіміз көрді.

Ежелгі дәстүрлердің бірі – қауымдастық тіршілікпен өмір сүру. Халқымыздың жеті атаға дейінгі тегін білуі және одан аспайынша жастардың бір-біріне үйленулеріне қатаң тыйым салуы биологиялық тұрғыдан адам ағзасының тазалануының кепілі екеніне қазіргі күні ғылыми зерттеулерде баға беріліп, әлемге танылды. Тарихтың көрсеткеніндей, руластық қарым-қатынаста өмір сүрудің негізі – бауырластық, бірін-бірі ардақтай білу. Қоғамдық құрылым тұрғысынан қазақ рулары (жүздері) өздері орналасқан жерлерді пайдалану, оны сырт елден қорғау, бірлесіп қарекет етуі табиғи құбылыс. Мемлекеттік тұрғыдан қазақ жүздері тегін сақтай отырып, ауызбірлікті қорғаған.

Қазіргі заман жастары қиялға берілген екен демесін, елдің есінен кетпейтін Ұлы Отан соғысы аяқталған кезде (бастан кешкен өмірлік дәлел) жағдайлары кедейшілік жайлап, тұрмыстың төмендеуі туындағанда рулас ағайындар бір көшенің бойында тұрдық. Естен кетпесі: аталастар тұрғызған жерүйлердің ортақ қабырғасы бір, тек есіктері екі жақта болатын. Ағайындар отбасыларымен бір бөлмеде бірге тұратын. Сол жылдары қыс қатты, қалың қар есік алдын, қора-қопсыны басып қалатын. Сыртқы есік ішке қарай ашылғанда, үйге қар сау ете қалатын. Әрине, жабылып, есік алды – қора-қопсы қардан тазаланып, қар үстіне шығып, төңірекке көз салғанда Қолдасбай және Қамысбай атты ауыл ақсақалдарының бірінің мұнарасынан биік түтін көтерілген күні бүкіл ауыл болып, кеште шақырылмай-ақ сол үйге келетін. Өйткені онда ыстық тамақ дайындалып, ауыл кісілері жиналатын, ерекшелігі әкелері соғыстан қайтпағандардың балалары үй иесінің жанына жайғастырылып, үлкендердің ықыласына бөленетін. Қолдасбай атам мені «Балқиям» деп (соғыстан оралмаған әкемнің атымен атап) бауырына басатын.

Сол қасиетті ақсақал аталар: «тегіңді есіңнен шығарма, өйткені ол сөздің ар жағында жатқан адамгершілік, адалдық, рухани тазалық, бекзаттық т.б. адамға қажетті ең қымбат қасиеттерді бойыңа жинасаң туысқандықты, бауырмашылдықты ұғынып, руының, халқымыздың тағдырына бейжай қарамай, еліміздің бейбітшілігін тілеп, өркендеуіне ат салысыңдар» дегендері жадымызда.

Осынау сырлы сөздің қазақтың тектілерімен құда болуды көздейтін арман-дәстүрі руын танып, біліскенде нағашы, жиен, қарын-бөле сияқты бір-бірімен туған-туысқан болып жақындастыратыны әлі күнге дейін өміршеңдігін дәлелдейді.

Халқымызыдың қасиетті дәстүрлерінің бірі – «ұстазды ұлағаттау, құрметтеу». Сонау өткен тарихымызды көтермесек те,  балалық шағымыздан мектептен бастап оқытқан мұғалімдерге ауыл ақсақалдарынан бастап, биліктегі қызметкерлер олардың балаларға сіңірген тәлімгерлік пен ұстаздық еңбектерін бағалап, құрметтеу мен сыйластық ілтипатын білдіретін. Қазақстанның ұлттық мақсаты әлемдік дамыған зайырлы мемлекеттер қатарына жету десек, өскелең ұрпақтың бойына жан-жақты ізгілік, іскерлік жаңашыл, бастамашыл қасиеттер мен сапалы білімді сіңіріп, кәсіби мамандарды дайындау, білім беру саласының әлеуметтік нәтижелілігін жоғарылататынын есте ұстасақ, осы бағыттағы мемлекеттік шараларды жүзеге  асыру барысында «ұстаз» деген ұлы атаққа ие болған бала-бақша, мектеп, орта кәсіби білім беру мен жоғары оқу орындарындағы тәрбиеші, оқытушыларына сіңірген еңбегін бағалап, ілтипатты құрмет көрсету ежелден келе жатқан қасиетті дәстүрлерді жалғастыру болар еді.

Сәбилік кездегі дәстүрлердің бірі – Рамазан айында балалардың жиналған тобы кеш мезгілінде көрші үйлердің терезе тұсына келіп, ақ тілекті ән-жыр орындайтыны, үй иесі жағынан оларға сый-сыяпат ретінде тәтті дәндер, тыйын-тебен беріп, көңілдерін аулауға тырысатын дәстүр бүгінде келмеске кеткен.

Таудың биіктігін, теңіздің тереңдігін жағалауда тұрып білмейсің, олай болса, Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық мәдениет алшақ рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жақтайтын пайдалы азамат шықпайды» дегенін еске ала отырып, ұлтымыздың мәдениетін ұлықтап, бізге жеткен ізгі дәстүрлерін балалық шақтан бастап жастарымыздың бойына мұра етіп сіңіру арқылы жаһандану заманында еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ету барлығымыздың ұлағатты да, қасиетті борышымыз.

Нұридін Балқияұлы,  А.Яссауи атындағы қазақ-түрік халықаралық университетінің Құрметті профессоры», ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, Түркістан қаласының және Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы», «ЛжКА» АҚ ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Бөлісу: