Әдебиет пен өнердің дамуы мен насихатталуына мемлекетіміз тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Бүгінде ұлттық мәдени мұраларды сақтау мен дәріптеу мақсатында қолға алынған мемлекеттік жобалар өз жемісін беруде.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «Тарихи-мәдени мұраны (дәстүрлі музыканы) кешенді түрде зерттеу және оны қоғамдық білім, бұқаралық мәдениет және ақпарат салаларына енгізу» гранттық жобасы аясында 2018-2020 жылдар аралығында бірқатар құнды еңбектер жарық көрді. Нақтырақ айтқанда, бұл жобаның аясында еліміздің түпкір-түпкірінде бұрын-соңды жарық көрмеген тың дүниелер халыққа ұсынылды. Жоба аясында өнертану ғылымдарының докторы, профессор Гүлзада Омарованың жетекшілігімен дәстүрлі әнші Тілеулес Құрманғалиевтің «Тәңіртау әуендері» атты ноталық-музыкалық жинағы және «Әндер, термелер, толғаулар» атты үнтаспасы, дәстүрлі әнші, өнертану докторы (Phd) Аманкелді Күзеубайдың «Домбырамен ән салу» оқу-әдістемелік құралы, «Арқа аймағының жыр-терме сарындары» атты ноталық жинағы мен «Арқаның ән-жыр сарындары» атты үнстаспасы жарияланды. Сонымен қатар, жыршы Күнқожа Қайрулланың «Бесқала қазақтарының әндері» және «Бесқала қазақтарының күйлері» ноталық-музыкалық жинақтары да жарық көрді. Аталған кітаптардың авторлары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұстаздары. Бұл еңбектер бүгінде консерваторияда және өзге де жоғары және орта музыкалық оқу орындарында оқу құралы ретінде пайдаланылып келеді. Жоба аясында жарық көрген бұл еңбектердің қазақ дәстүрлі музыка өнерінің дамуында маңызы зор.
А.Күзеубайдың аталған оқу-әдістемелік құралы балалар музыка мектептері мен орта музыка оқу мекемелерінде домбырамен ән салу сыныптарында дәріс беретін оқытушыларға арналған. Бұл еңбек бағдарлама талаптарына сай және оқушылардың жеке орындаушылық қабілеттерін ескере отырып жазылған болса, Тілеулес Құрманғалиевтің «Тәңіртау әуендері» ноталық-музыкалық жинағына Жетісу аймағының оңтүстік-шыығысындағы Хан Тәңірі өңіріне тән әншілік өнердің дамуына зор үлес қосқан Құланаян Құлманбет, Шарғын Алғазыұлы, Албан Шойбек, Бөлтірік Атыханұлы, Күләй Бектайқызы сынды ақын-әнші, композиторлардың мұралары мен көптеген халық әндері енгізілген. Бұл жинаққа енген әндер мен мақам-саздарды кітап авторы ел арасындағы көнекөз қарттардан жазып алып, нотаға түсірген.
Аманкелді Күзеубайдың «Арқа аймағының жыр-терме сарындары» жинағында Арқа аймағының ән-жыр, терме сарындары беріліп, мұнда қаһармандық эпос және лирикалық эпостардың таңдаулы үлгілерімен қатар, оларды орындауда қолданылатын мақам-саздар берілген. Еңбек Арқа аймағының жыршылық дәстүріндегі мақам-саздардың алғаш рет нотаға түсіріліп, жарияланғанымен құнды. Алдағы уақыттары аталған аймақтағы жыршылық дәстүрді қайта жаңғыртушыларға бағыт-бағдар сілтейтін бағалы еңбек болып отыр.
Ал жыршы, өнер зерттеушісі Күнқожа Қайрулланың «Бесқала қазақтарының әндері» жинағында қазақ халқының үлкен бір бөлігі шоғырланған Бесқала өңіріндегі (Қарақалпақстан) әншілік өнер туралы жазылып, ол аймақтағы әншілер мен олардың әндері туралы тұңғыш рет кең көлемде мәлімет берілген. Аталған жинақта халық композиторы Таңжарбай, Жұмабай Қалдыбайұлы, Дариябай Төребаев, Қайырмақол Қалмұрат, Жақсылық Мамытұлы, Қошқар Ахметұлы, Наурызбек Нұржаубайұлы, Сәтмағамбет Нұрмағамбетұлы, Атаубай Мәмбетұлы сияқты әнші-жыраулардың әндері бар. Өнер зерттеушісінің «Бесқала қазақтарының күйлері» атты жинағында аталған өңірдегі қазақ күйшілік өнері және күйшілері жөнінде алғаш рет жан-жақты мәлімет беріліп, 63 күй нотасымен жарияланған. Онда Тілеуқұл, шүйт Орынбай, Шалмырза, Қазанғап, Емберген, Рах, Амантұрлы, Шүңке, Жолды, Қарасай, Әкімәлі, Жұмалы, Арқабай, Тоғайбай, Молдағали, Биман, Қарға, Қарасай, Ахмет сияқты ертедегі және бүгінгі күйші-композиторлардың шығармалары берілген.
Аталған жоба аясында өнертану ғылымдарының докторы Гүлзада Омарованың «Казахский кюй: культурно-исторический контекст и региональные стили» монографиясы, «Қазақтың қобыз дәстүрі» атты оқу-құралы, Сонымен қатар Г.Омарова, Г.Мырзағалиева, А.Омаровалардың авторлығымен «Қазақстан аймақтарының музыкалық фольклоры» атты ноталық жинағы жарық көрді. Г.Омарованың бұл ғылыми еңбек, оқу-құралдары мен музыкалық жинақтарында қазақ мәдениетіндегі қобыз аспабының орны, қызметі (функциясы), оның құрылым негіздері және орындаушылық техникасы туралы мәліметтермен бірге қобыз күйлерінің аңыздарымен, олардың жанрлық-тақырыптық негіздері және күйлердің музыкалық-стильдік талдаулары берілген.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «Тарихи-мәдени мұраны (дәстүрлі музыканы) кешенді түрде зерттеу және оны қоғамдық білім, бұқаралық мәдениет және ақпарат салаларына енгізу» гранттық жобасы аясында аз ғана уақыттың өзінде осындай қыруар еңбек жасалып, қазақ халқының дәстүрлі музыка өнерінің дамуына сүбелі үлес қосылды. Бұл жоба ары қарай жалғасын тауып, мемлекеттік архивтер мен жеке мұрағаттарда жатқан небір құнды мұралар халықпен қайта қауышады деген сенімдеміз.
Нұрбану КАМАЛ