Дәстүріміз үзіліп қалған жоқ па?

 Жазушы, публицист,  ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Уақап ҚЫДЫРХАНҰЛЫмен сұхбат.

 

 Қанағаттан айрылсаң, тойымсыз топастық жағалайды

 

 – Қазақта бұрын қайтыс болған адамның мәйітін екі-үш күн, тіпті одан да ұзақ сақтайды екен. Қазір неге қара жердің қойнына тапсыруға сонша асығады? Содан соң, «Аманат қою» деген қандай жоралғы?

– Кім болса да, туысын «өлдіге» қимайды. Қазақ тіпті сондай халық. Екі-үш күн қоштасады, қайтіп келмесіне көз жеткізіп, көңілдерін суытады. Көз жұма сала көмсе, «құтыла алмай жүр екен» деген сөзге қалады. Екіншіден, қазақ көшпелі халық. Бірі ойда, бірі қырда, бірі қыстауда, бірі жайлауда жүреді. Малын айдап, базарға кетеді. Алыс жақында құдандасы, ұрпақтары болады. Қайтыс болған адам соларды тосып жатады деген ұғым болған. Тоспаса, рух риза болмайды әрі ағайындардың өкпесіне қаламыз деген. Сонда ат сабылтып, хабар жеткізуге, олардың артынып-тартынып келуіне уақыт керек болған. Өлі дене қалыпты (салқын) жағдайда екі тәулікке шыдайды. Одан әрі бұзылмайтын жағдай жасайды. Қыста сақтау тым қиын емес. Ал қазір жағдай басқа. Жоралғының бәрін бір сәтте жасай алады. Бірақ адамның қайтыс болғанына көзі жетсе, оны көп сақтаудың қажеті жоқ. Араб елдері қазір де жарты тәуліктен артық сақтамайды.

«Аманат қою» – үркін-қарқын, көші-қон тағы сондай қысылтаяң жағдайда бір жерге «аманат» қойып, кейін ата-бабаның қорымдарына апарып, қайта жерлейді. Баяғыда, қыстың қатал бір жылында бір жас жігіт азын-аулақ малын отарда сақтап, көктемде шұбыртып қайта айдап келе жатқанын көрген байдың баласы:

– Ассалаумағалейкум, шұбырынды ақтабаным! – дейді мазақтап.

Уағалайкумассалам, әкесін сүрі қылып қақтағаным, – депті. Сөйтсе, байдың бар малы жұтап, өзі де қайтыс болған екен. Қатты аязда ешкім жиналмай, жер қаза алмай, байды киізге орап, қыстай шошалада сақтапты…

– Гогольдің қабірін қайта ашқанда киімі дал-дұл жыртылып, өзі теріс қарап қалыпты дейтін сөз бар. Бұған не дейсіз?

– Гогольді естіген емеспін. Бірақ бұл аңыздарда көп айтылатын, өмірде де кезігетін жай. Медицинада «клиническая смерть» (шала өлім) деген құбылыс бар. Мұны анықтамай, медицинада көз жұма сала көмдірмейді. Ал қазақ оны екі-үш тәулікке дейін сақтап, жанның шыққанын анықтап барып жерлейді. Гоголь жарықтықты сол клиникалық өлімі жағдайын тоспай жерлеген шығар.

Құрамында марқұм Жәнібек Кәрменов және Қапаш Құлышева, Жанар Айжанова, Ерік Асқаров бар, Нұрғиса Тілендиевтің «Отырар сазы» ансамблін алып, 1990 жылы Түркияға барып, бір айға жуық сондағы қазақтардың көңілін көтеріп, мұңдасып, танысып, табысып қайттық. Анкарадан Стамбулға қайтар жолда бауырында бұлттар жататын Боло деген ұлы таудан өтіп келе жатып, бір тұста Көроғлының зираты жатқанын естідік. Естідік те сол тұсқа тоқтап, құран оқып, бата жасадық. Асқар деген домбырашы жігітке «Көроғлы» күйін тартқыздық. Айнала күмбірлеп кетті. Әп-сәтте адамдар толып кетті. Қалың тұманнан көрмеппіз. Ауыл бар екен. Жарты сағат соларға концерт бердік. Түріктер, әсіресе, домбырамен тартылған «Көроғлыға» қатты таң қалды.

1991 жылы Түркияның мемлекеттік концерті шымылдығын өздері емес, біздің дәулескер күйшіміз Қаршыға Ахмедияровтың «Көроғлы» күйімен ашты. Қара домбыраның күмбірімен тік тұрған қалың түріктің қошеметі біразға дейін басылмады. Сөйтсек, «Көроғлыны» түріктер өздеріне балайды екен. Ал ол жалғыз түрікке немесе түрікменге, әзірбайжанға ғана емес, бүкіл түркі халқына ортақ қаһарман, ортақ эпостық тұлға ғой. Бүкіл өмірін парсылармен күреспен өткізіп, көз жұмған сол Көроғлы Қызылбастар қырғынында қаза тапқан ананың құрсағынан қырық күннен кейін қабырда туыпты деген әпсана бар. Ал мұндай оқиғалар «Мың бір түн» мен «Бақтиярдың бұтақтарында» құдіреттің хикметтері түрінде сипатталады. Әсет Найманбаевтың «Шәкір-Шәкірат» қиссасында у құдықтың басында жылан шағып өлтірген Шәкіраттың денесін әлде бір кезде Меккеге бара жатқан ерлі-зайыпты қарттар Хаққа жалбарынып, тірілтіп алса, «Салиха-Сәмен» қиссасында патша жасақтары өлтіріп, үңгірге тастап кеткен Сәмен батыр да төрт тәуліктен кейін қайта оянады. Жалпы жүрек тоқтаса да, адамның денесінде жанды сақтай алатын қуат (мүмкіндік) болатынын ғылым да жоққа шығармайды.

– Қазір әркім-ақ жеті шелпек пісіріп, дұға оқып, тілектерін өз тілінде айтып жатады. Сол дұрыс па? Сонан соң осы «жеті» саны қайдан шыққан?

– Жеті – қазақта киелі сан. Меніңше, ол тегіннен-тегін қасиет саналмаған. Өйткені, көп нәрсенің сипаты жеті санымен өлшенеді. Жыл айдан, айдан апта құралса, апта жеті күннен тұрады. Демек, жылдың басы – жеті күн. Нұрдың түсі жетеу. Үн жеті ырғақтан тұрады. Денедегі сезім мүшесі де, имани сенім де – жетеу. Көк жеті қат, жер жеті қат. Нәсілдің асылдығы жеті буынмен (жеті ата) өлшенеді. Әулие – жетеу, қазына да жетеу. Жоқ – жетеу, жетім – жетеу, Наурыз көже – жеті дәмнен жасалады. Тіпті, тұсауын кескен баланы да «жеті ықылым жерді арала, жеті жұрттың тілін біл» – деп, әуелі жеті қадам жасатады. «Жеті шелпек те» – соның біреуі.

– Бұл туралы Құран Кәрімде айтыла ма?

– Құран Кәрімде «Алла Тағала он сегіз мың ғаламды алты күнде жаратты да жетінші (жұма) күні Ғарышты меңгерді» деген аят бар. Әкем марқұм бір кезде Міржақып Дулаттан дәріс алғанын айттым, Медресені де тауысқан, ескі-жаңаға бірдей жан болғанын жоғарыда айттым. Осы «жетілер» жоралғысы қайдан шықты дегенге Құрандағы жоғарғы анықтаманы айтып, мұнда әрі табиғи тағылым әрі дүниеуи дәстүр бар деуші еді. Жетілер ұғымын мен де солай түсінемін.

Ал оны қай күні пісіресіз, ол сіздің еркіңізде. Негізі жұма күні дұрыс. Кімге, неге арнайсыз, тілекті қай тілде айтасыз, тағы өзіңіз біліңіз. Тек ниетіңіз түзу, тілегіңіз ақ, сеніміңіз мықты, жүрегіңіз таза болсын. «Жақсы сөз – жарым ырыс». Алланың атымен жасалған ырым да қырын кетпейді.

– Адамда «өзін-өзі табу» дейтін бір күрделі құбылыс бар ғой. Біздің өзіміз де басымызды тауға да, тасқа да ұрып көрдік. «Ақын боламыз, шабыт шақырамыз» деп, шарап та іштік. Қазір бұл тағдырды сырттан іздейтіндер көбейіп кетті. Сонда оны қайдан, қалай іздеуге болады?

– Иә, бұл тым күрделі құбылыс, өмір бойы үзілмейтін үрдіс. «Еңбектеп өмірге енесің». Ата-ананың мейірімі, аға-бауырдың ынтымағы, айналаның аялауы, отбасының жылуы кәмелетке жеткізеді. Одан әрі кемел адамдықтың жорығы, өзіңді-өзің іздеу үрдісінен басталады. Көлденеңдеп пенделік пиғылдың, пәни дүниенің кедергілері шыға келеді. Данышпан Абай айтқандай, «Бес асылды игеру үшін, бес дұшпанмен» күресуің керек. Қанағаттан айырылсаң, тойымсыз топастық жағалайды. Тәубеден жаңылсаң, тағы болып кетесің. Кеудеңнен шүкіршілік көтерілсе, оның орнын күпірлік басады. Сезім мен төзімнің, жүрек пен бастың тізгінін тең ұстамасаң, тағы да адасасың. «Жүрек қасиетті-ақ. Бірақ ол – жеңілтек» дейді. Лұқпан Хакім: «Оны баспен басқару керек. Жүрекке салсаң сезімге тартады. Ақылға салсаң төзімге тартады. Сезім мен төзімнің тізгінін тең ұстасаң ғана кемелдікке жетесің!» дейді.  Көрдіңіз бе, басқаны қойып, сезімнің өзіне тізгін керек екен. Демек, өзіңді өзің табам десең, ең әуелі өз бойыңдағы кінәраттармен күресуің, қағілездігіңді қалғытпай, сезіміңді сілкіндіріп отыруың керек. Өзін-өзі танымаған жан өзгені де танымайды. Онда сыйынатын Тәңір, сүйенетін сенім, ұлықтайтын ұлылық, қорғайтын құндылық та болмайды.

– Ал осы танымды сабылып, сырттан іздейтіндерге не дейсіз?

Ол өзін іздеу емес, өзін-өзі жоғалту деген сөз. Қазақ оны о бастан көп кешкен. Туған жерден үркіп те, қашып та, босып та көрген. Барған жерден бақыт таппаған. Керісінше, отансыздықтың отына күйген, сандалып, сағыныш кешкен, өкініп, өмірі өксіген. Қазақтың үштен бірі  әлі де Атамекеніне жете алмай, тоз-тоз болып, әр жақта жүр. Ұлылықты ұлтыңнан, ынтымақты ұйысқан ұлысыңнан ізде. Кеңдік керек пе? – далиып далаң жатыр. Биіктікке құмартсаң – күллі түркі кіндік кескен Алтайың, асқары аспанмен таласқан Алатауың тұр.

«Тауды бұзып, тас жарған,

Таза, мөлдір бал бұлақ.

Айна бетін аспаннан,

Аймалаған ай құлап.

Тұнығы шөл қандырып,

Тіліңді ала қашатын,

Самалынан әл кіріп,

Сарайыңды ашатын», – бал бұлақтан артық қандай тұнықтық керек. Сен өзіңді осыдан ізде. Тіліңді, дініңді, діліңді сақта. Әуелі, өзіңді танымасаң, өзгені де танымайсың.

– Қазір ел ішінде өздерін әулие санайтын сәуегейлер мен көріпкелдер, тамыршылар мен тәуіптер көбейіп бара жатыр. Солар шын мәнінде ұлтқа қайта оралған дәстүрлі данагөйлер ме, әлде далбасалар ма? Сіз соларға сенесіз бе?

Бақсы, балгер, тамыршы, емші, көріпкел, тәуіп дегендер бұрын да болған, қазір де баршылық. Адам әлеміндегі бұл да бірқилы құбылыстар. «Дауасыз дерт, жазылмас жара, шарасыз шырғалаң жоқ». Біреуге дерт жіберіп, оны біреуге емдетіп, біреуге бір нәрсені бүлдіртіп, енді біреуге жөндетіп, енді біреудің есін ауыстырып, тағы біреуге ақылымен қайта қауыштырып қойған да Құдіреттің ісі. «Ей адамдар, сендер бірің артық, бірің кем (әр алуан сипатта) жаратылдыңдар. Осыдан ғибрат алыңдар» деген аяттар бар. Алла сол ғибрат үшін пенделерден ақыл-парасатын арттырып, Пайғамбарларды жіберді. Оларға да түрлі-түрлі мұғжизалар (кереметтер) дарытты. (Мұсаның асатаяғы, Жүсіптің түс жоруы, Исаның алапесті емдеуі, біреуге желді жетелетіп, енді біреулерге құстың тілін білдіріп қоюы сияқты.) Болжамайтын болашақ, көрмейтін құбылыс, емдемейтін ауруы жоқ етіп, көкіректерін ілімге толтырып, Қызыр әулиені, Лұқпан Хакімді әкелді. Нысандай абыз, Қойлыбайдай бақсы, Көкшедей әулие қазақта да аз болған жоқ. Бақсы-балгерліктің үнділерде «Нахидатизм», Тәңіршілдерде «Шаманизм» жүйелері, ғылымда «Телепатия», «Спиритизм» ағымдары бар. Тек олардың бәрі адамзатқа бодаусыз қызмет етуге бұйырылған. Бұлдау – үлкен күнә. Өз басым қазіргі Алланың атымен алақан жайып, ақша сұрайтын, құжынаған құмалақшы, сарнаған сәуегейлерге, зіркілдеп, зәреңді ұшыратын зікіршілерге сене бермеймін.

– Өзіңіз бақсының ойнағанын көрдіңіз бе?

– Нағыз бақсыны көрген жоқпын. Бақсы болып ойнағандарды білемін. Қазиқан деген құдамыз болды. Алты бақсының жынын шақыратын. Сарнайтын, зіркілдейтін, күбірлейтін. Қилы-қилы күйге түсетін. Қыза-қыза шаңыраққа шапшитын. Қызған темірді жалайтын. Жындарын қуып, жанталасатын. Бірде, тіпті, екі-үш күн толғатып, босана алмай жатқан балдызына базына жасап, бақсы болып келіп, «Кет бәлекет, босат қызды!» – деп ақырып, шымылдықтың етегін қамшымен ұрғанда бала «шыр етіп» жерге түсіпті. Бір ғажабы, осыдан кейін «бақсылықты» біржолата қойып кетіпті. Неге десе, «Мен бақсы емес, сайқымазақпын. Тұқымда ондай жоқ. Ойыннан от шығып келе жатыр. Кейде өзімді ұстай алмайтын күй кешемін. Бүйтіп жүріп, біреулердің обалына қалар жайым жоқ» дейді екен.

– Бұл қай жылдары…

– 1944-1945 жылы шекараның арғы жиегіндегі біраз елді Зайсан, Марқакөл аудандарына өткізіп, қытайларды бір жыл оқшаулап тастаған. Сол ағайындардың халін сұрап, көңілдерін көтеруге Қазақстан өнер қайраткерлері Ахмет Жұбанов, Күләш пен Қанабек Байсейітовтер, Манарбек Ержанов, Құрманбек Жандарбековтер барған. Қазиқанның қойып кеткен бақсылығын қолқалап отырып, солар ойнатты. Осы жаққа алып келмек болды. Бірақ үкімет рұқсат етпеді. Өтірік бақсының ойынын сонда көрдім.

– Ислам руханиятында Лұқпан айрықша айтылады. Ол Пайғамбар ма, әлде мифтік тұлға ма?

– Құран Кәрімде 25 Пайғамбар, төрт тұлға айтылады. Парасаты Пайғамбардан кем соқпайтын, сол төрттің бірі – Лұқпан Хакім. Исламият руханиятының, илаһи ілімнің ұлы насихатшысы, бүкіл тіршілігі – тағылым, бар ғұмыры ғибрат болған тұлға. Былайша, адамдықтың ең жоғарғы сатысы – Имани Кемал, инсани Кемалдық (имандық толықтық пен адами толықтыққа) бірдей жеткен ақыл иесі. Лұқпанның өз ұлына берген ақылы, қалдырған өсиеті Құранда айтылады. Сонымен бірге қарағаны қуат беретін, Алладан соңғы аса шарапатты шипагер болған. «Жаста қылған ғибадат – тасқа ойған таңбадай» дейді ғой. Менің де бала күнімде естіген бір хикметім есімнен кетпейді. Қызылдардың қысымына ерте түскен әкем дертке де ерте ұшырап, отырып қалған жан еді. Жаны сәл жадыраса бала оқытатын. Қол тоқпақтай ғана көрігінің тұмсығын шоққа тығып, ысылдатып үрлеп, темір қыздырып, бәкі-пышақ соғатын, күміс балқытып, жүзік, білезік жасайтын. Сынған шыны-шәйнектерді құрсаулайтын, жүрегі қысылғанда зәреміз ұшатын. Өзі қиналып отырып, бізді жұбататын. «Лұқпан Хакімге жазылмайтын дерт жабысқан бір міскін келіпті» дейтін еді. Хакім қабылдамапты. Өмірден үміт үзген бейшара сүйретіліп келе жатып, айдаладағы бір жас отаудың табалдырығына жетіп  құлапты. Сиыр сауып жүрген келіншек жігітті сүйреп, төрге жатқызып, сауған сүтін күбіге құйып, екінші сауымға кетіпті. Өліп бара жатқан ауру аунап-қунап күбіге жеткенде сүт ішіп жатқан жылан жылт етіп, ініне кіріп кетіпті. Жыланның тұмсығынан түскен сүттің бетіндегі топырақты қасында тұрған қураймен арластырып-
араластырып, сүтті сіміріп алады да, ұйықтап қалады. Құданың құдіреті, содан сергек оянып, секіріп тұрып кетеді. Жігіт Хакімге келеді. Хакім аң-таң. Жігіт бастан кешкенін баяндайды. – Сені емдеу үшін жеті жылғы қысыр сиырдың сүті, жеті жылғы қысыр жыланның уы, адам денесінің нәрі сіңген топыраққа өскен шөптің нілі керек еді, – депті Хакім. – Қысырдың сүтін де, өліктің нәрі сіңген шөпті де табармын. Жеті жылғы қысыр жыланды қайдан табамын. Сені алдарқатпағаным сол еді, – деген екен. Жігіттің жолымен айдаладағы отауға келеді. Сүт қысырдікі екенін біледі. Ендеше, анау жылан да жеті жыл жұмыртқаламаған. Енді қурайдың түбін қазса, оның астынан адамның жамбас сүйегі шығыпты. – Қорықпаңдар, қарақтарым, – дейтін, осындайларды айтып. – Көрдіңдер ме, тіпті, Лұқпан Хакімнің қолынан келмегенді Хақ Тағала айдаладағы жас отаудың отбасынан-ақ үйлестіргенін. Тек Алланың рақымынан күдер үзбейік!

– Шешем Айжамал немере апамыз келін болып түскенде, дастарқанда жаңғақ, кәмпит сияқты мәзір болмай, қатты қысылған екен. Бір уақытта шаңырақтан бір қап жаңғақ пен бір қап кәмпит түсіпті, – деп өзі көргендей әңгіме ететін еді. Сонда бұл қалай болғаны? Жалпы жын-пері, жалмауыз кемпір, жезтырнақ, «үйдің иесі» дегендерге діни бір дәйектеме, пәтуа бар ма?

– Қожанасырдың бір күні ақша керек болып, «А, Құдай, маған дәл қазір тұп-тура 100 ділда бер. Одан бір тиын артық берсең де, бір тиын кем берсең де алмаймын», – деп күңіренетіні бар еді ғой. Соны естіген біреу Қожекеңді сынамақ болып, шаңырақтан 99 ділда түсірмей ме. Қожекең санайды да қалтасына салады.

О, Қожеке, әлгі бір ділда кем болса алмаймын деген антың қайда? – дейді ғой ақша иесі.

Е, Алла есеп білмейтін, сен сияқты надан деп пе едің. Ділда 99, сыртындағы қабымен 100 емес пе, – деп жүре беріпті. Сірә, той үстінде шаңырақтан түскен екі қап тәтті де сол сияқты біреулердің қитұрқысы болмаса, қазіргідей Құдайсыз қоғамда адам илана қоятын құбылыс емес
сияқты.

Ал жын Құранда айтылады. Көзге көрінбейтін, ізі білінбейтін бір тылсым тұлға. Қиян-кескі соғыстарда, апатты сәттерде, әділетті шақта аяқ астынан шыға келіп, көмектесіп жүретін (Алланың әмірімен) жасақ түрінде айтылады. Мысалы, жоңғарлар жеңіп бара жатқанда аяқ астынан шыға келіп, жайратып тастайтын, «Мың баланың» жасағы сияқты. Пері, жезтырнақ, жалмауыз кемпір, үйдің «иесі» дегендер осы жынның мысалында, пенделерді пәлекеттерден сақтандыратын, қорқытып, қашық жүруді ескертетін мифтік тұлғалар. «Қорыққанға қос көрінеді». Егер өмірде әлдекім ондайды көрдім десе, ол психологиялық ауытқудың әлегі.

– Өлімнің артын күтудің бүгінде ұмытылып кеткен бір салты – «Тұлдау» жоралғысы. Оны қойып, аза тұтудың мерзімін де сақтамай, жылдық асын ерте беріп, тез құтылып жатады. Жас жесірлер кейде аза мерзімін күтпей-ақ өз жолын тауып кетеді. Осы дәстүрді жаңғыртса қайтер еді?

– «Тұлдау» – қаралы үйде аза тұтудың ең басты жоралғысы болған. Ол ең әуелі адам қайтыс бола сала, қара түндік жабумен немесе түндікке жалпақ қара бау тағудан басталады. Егер ол кісі батыр болса, жабыққа қара найза тігеді. Жүкке (төсекке) қара жамылғы жайып, қайтыс болған адамның киімдерін іліп қояды. Әйелі қара жамылғы жамылады. Мырзаның (батырдың) бәсіресінің кекілін күзеп, құйрығын қысқартып, ешкімге мінгізбей қоя береді. Көшкенде ердің ерін ерттеп, оның үстіне ең кәделі киімін жауып, жетелеп жүреді. Қырық шырақ жағулы тұрады. Егер ол кісінің туыстары көп болса, қырық күн бойы ертелі-кеш үн қосып, жоқтау айтысады. Ауқатына қарай жыл бойы қазан оттан түспейді, дастарқан жиналмайды. Бата оқитындар үзілмейді. Осыған қарап, қазақта «қарның ашса, қаралы үйге шап» деген мақал осыдан қалған. Аза марқұмның жылдық асымен аяқталады. Ұлы тұлғалар үшін ұлан-байтақ елге сауын айтылады. Ең беделді адамдардан астың алқасын сайлайды. Аста алалық болмау үшін оны басқа рудың беделді адамы басқаруы да мүмкін.

Ең әуелі келетін адамның санына қарай аса көркем, кең қоныс таңдалады. Бір аптадай ілгері ту бие сойып, ошақты майлайды. Осыдан екі жүз жыл бұрын біздің бабамыз Жұрсын байдың асы берілген Қара Ертістің оң жақ алқабы қазылған ошақтың санына қарай қазірге дейін «Қырық ошақ» деп аталады. Одан соң абыз-ақсақалға бата жасатып, қаралы атты бауыздатады, астың малын соя бастайды. Қаралы үйде соңғы жоқтау айтылады. Хатым оқылады. Қара түндік ауыстырылады, қара найза түсіріледі, қара жаулық шешіледі.

Ұлы астар он-он бес күнге созылады. Астың соңы тойға ұласады. Аламан бәйге жіберіледі. Алып балуандар күреседі, тіпті ақындар да айтыстырылады. Бұл аза осымен аяқталсын, қам көңіл қайта көтерілсін, сезім сергісін, той басталсын дегенді білдіреді. Сабаларын артып, сойыстарын айдап, жүйріктерін жаратып, балуанын баптап, ақындарын үкілеп келген асшылар, аттарының бәйгесіне, балуандарының ұтысына, ақындарының жеңісіне тигендерін айдап қайтады. Асқа арналған, сауынға келген мал қайта үйірге қосылмайды. Жоқ жітікке таратылады. Қабанбай батырдың алтыншы ұрпағы Сүлеймен бидің асына әкелген қашқар ұйғырлары мен Бұхара өзбектерінің керуен-керуен торғын, торқаларын түгел сатып алып, асқа келгендерге таратып беріпті. Менің Қытайдан бір тұста келген досым, бір мезгілде университетте оқыған курстасым, парасатты педагог, жалынды ақын, жақсы жазушы Аманжан Жақып мұны егжей-тегжейлі жазған. Даңқы бұдан да асып түскен Сағынайдың, Бөжейдің т.б астарының дәрежесін енді өзіңіз ойлай беріңіз…

– Астан соң қандай шаралар жасалады?

– Жас жесірлерге ерік беріледі. Әмеңгерлік аясында таңдау жасатады. Ұрпақтарға мұра белгілейді, қамқор тағайындайды. Жесірді қаңғытпайды. Жетімнің ақысын жегізбейді.

– Қазір осы дәстүр үзіліп қалған жоқ па?

– Құдайға шүкір, бәрі бар. Қаралы үйді қазір де қайғы басып тұрады. Еркектер қара белбеу байлайды, әйелдер қара жаулық жамылады, қайтыс болған адамның суретіне қара жиек тағылады. Яғни, жоралғылар жасалып жатады. Мүмкіндігі барлар қазір де бір малын жолға арнап жіберіп жатады. Арулаусыз қалған қай аруақ, атаусыз қалған қай рух бар? Қарқаралы хандарымыз бен ұлы билерімізге, батырларымыз бен аруақты ата-бабаларымызға беріп жатқан астарымыз Сағынайдың асынан кем бе? Тіпті Абай сықылды алыптарымыздың аруағын әлемге сыйлатып, ЮНЕСКО-ға да аза тұттырып жүрміз. Осының қайсысы Сағынайдың асынан кем. Аруақтарды бұлай атағанды қойып, әкесінің жаназасына қатысқан адамды соттап жіберген Құдайсыздық кеше ғана басымыздан өтпеп пе еді? Құдайсыздықты құрықтатып, тәуелсіздікке жеткізген Жаратқанға тәубе дейік. Алла енді тәубеден жаңылдыра көрмесін.

 

Моланы жаңғырту – өлім шақырады

 

– Анам ертерек дүние салды. Осыдан жүректе айықпайтын, жазылмайтын мұң қалды. Түркістанның іргесіндегі Бабайқорғанда бейіттің басына күмбез орнатқанбыз. Әкем тоқсанға келіп, былтыр қайтыс болды. Елден қалмайық деп, басына күмбез тұрғыздық. Сырты тозып қалған анамның күмбезін ақ кірпішпен қайта қаптатып, жаңартқым келеді. Шариғатқа сия ма осы ойым?

– «Моланы жаңғырту – өлім шақырады» деген ұғым болған қазақта. Ол тыйым емес, ырым. Моланы жаңғыртқанды
қойып, сүйекті көшіріп те жатады. Ол енді өз еркіңіздегі шаруа. Ал моланың басына қара жерді қайыстырып күмбез орнату – шариғаттың бұйрығы емес, адамдардың бәсекесі. Құранның құптайтыны өлген адамға көметін жер мен кебінін сатып алу ғана. Көмуге қатысу – мұсылманның парызы. Керек десеңіз, өлім шыққан үйде ас жасатып, тамақ ішіп отырмайды.

Күмбез тұрғызу – марқұмның өзіне бұйырмаған ризығын далаға тастау деп есептеледі. Өйткенше сол қаражатқа мешіт тұрғыз, көпір сал, жол жөнде. Жетімдер үйіне бер. Аруаққа сол сауап.

Әр жыл сайын Меккеге миллиондаған адам ғибадатқа барады. Мыңдап-мыңдап қайтыс болып жатады. Соның бәріне күмбез тұрғыза берсе, бүкіл Сахараға сыймас еді ғой. Сондықтан мәйітті ақ-арулап жерлейді де, басындағы қалақтай ғана қара тасқа аты-жөнін жазып қояды. Мәлім уақыттан соң оны да сыпырып тастап, басқаларды жерлей береді. Марқұмның аты-жөні кітапқа тіркеледі.

Ертеде бір байдың күмбезінің маңына жерленген әкесінің басына келіп бір жарлы жігіт аят оқып отырыпты.

– Әкесінің басына күмбезді қойып, зират тұрғыза алмаған сені де балам бар деп кетті-ау, анау шал, – депті күмбездің табалдырығында тұрған бай баласы мазақтап:

– Оқасы жоқ. Сенің әкең мынау алтын-күмістің астынан шығам дегенше, менің әкем рухтанып, жұмағында отырады, – депті жарлы жігіт.

– Қайтыс болған адам туралы төңірекке хабар жібереді, сауын айтады, нәзірге шақырады, ошағын майлайды. Соның бәріне жақын жұраттар құр қол келмейді. Осы өлімді сылтау етіп, жылу жинау емес пе және бұлар қалай аталады?

«Қаза ортақ, той ортақ» дейді қазақ. «Кісілігіңді торқалы тойда, топырақты өлімде көрсет» дейді. Бұл екеуінен ешкім қашып құтыла алмайды. Сондықтан құр қол келмейді. Біреу қойын өңгеріп, енді біреулері тай-тұяқтарын жетелей келеді. Мұның аты «бата оқыр», «ақтық» деп аталады. Жылу емес, жанашырлық, парыз емес, қарыз деп біледі.

Қара Ертістің Қазақстанмен қиылысқан тұсы. Шеңгелдіқарын түбегі. «Қашқындар мен босқындардан» құралған 1-15 үйлік жарлылар жатағы. Мұндағы ең ақарлы-шақарлысы – біздің үй. Үйелменді-сүйелменді алты баламыз. Әкеміз ауру. Жан сақтап жүрген жалғыз ағамызды шекараға таяу тұста алтын қазып жатқан жерінен орыстар ұстап әкеткен. Бір бұзаулы сиыр, үш лақты ешкіміз бар. Бірақ аш болмаймыз. Ауыл азаматтары тапқандарын тамаққа салады да, ешкім тарықтырмайды. Өзі дімкес әкем үлкен ұлының қасіретінен күрт құлап, 1941 жылдың 21 маусымында (бұл жақта соғыс басталардан бір күн бұрын) көз жұмды. Бүкіл ауылдағы екі атты-хабаршы Шәміл атамның жіңішке жирені мен Бұқат жездемнің дүбір аяқ шабдарын мініп, хабар айтуға кетті. Жазда ат ізі түспейтін түбекке «Ой, бауырымдаған» ағайын толып кетті. Әлгі орыстар ұрлап кеткен Мақсұт ағамның қайын атасы Сәдуақас құда киізі қоңырқайлау, жаңа үй әкеліп тікті. Аулада 10-15 қой көгенделіп, желіге 4-5 тай-тайынша байланды. Маған тетелес Гүлжиһан деген әпкемді баласына айттырған Еңсепбай құда сойысқа 15 қой, сауынға бір сиыр әкеліп, бөлек қамап кетті. Ділі қатты, дінге берік, ешкімге иілмейтін, ешкімге мүсіркетпейтін сол Еңсекеңнің:

– Неге асықтың, Қыдырхан! Гүлжиһан мен Ғаділбектің тойына кімді шақырамын, отауының төріне кімді отырғызамын. Мен де жетім құда болып қалдым-ау, – деп жұртты түгел жылатқаны әлі есімде.

– Өлім қайда барасың?

– Сынға барамын.

Байдың малын шашамын,

Кедейдің артын ашамын, – дейтін қазаның ауырлығын «Торқалы той, топырақты өлімде» жұрт болып, жұмыла көтеріп кетеді екен. Сәдуақас құда түндігін көтеріп тігіп кеткен қоңырқай үйдің белдеуінен үзілмеген көңіл айтушылар да, Еңсебай құданың ақтығы мен басқа да жегжат жұрттардың «бата оқырлары» жетіп жатты.

 

Сұқбаттасқан Қ.Бегманов

(Жалғасы бар)

Бөлісу: