Елдің қамын жеген, сөзін сөйлеген азаматты халық қалаулылары қатарынан көргіміз келеді

Қоғамның ауыр жүгін жұртпен бірге арқаласуға сауат та, білім де, мінез де қажет. Депутат болғысы келген әрбір азаматтың бойынан осы қасиеттер табылған кезде ғана халықтың құрметіне бөленбек. Міне, Абай Балажан осындай жеті қырлы, бір сырлы азаматтардың бірі.

Ел тағдырын ойлайтын азамат: «Егер қазақ дейтін ұлтты сақтап қалатын болсақ, біз руханият дейтін мәселені ұмытпауымыз керек. Ал, сол руханияттың құралы – газет-журнал, теледидар, кітаптар»- деген Абай Балажан ұлттық рухты жасөспірім кезінен баланың жадына сіңіру керектігін үнемі айтып та, іске асыруға атсалысып та жүр.

Оқушылар арасында батырлар жырын жатқа айтудан «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бастамасымен өтетін байқау бүгінде республикалық деңгейге жеткені де ұлт жанашырының ізгі ісі деп білеміз.
Бұдан басқа да ел болашағы үшін атқарған бірқатар еңбегі бүгінде нәтижесін көрсетуде. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің айқарма бетінде ғылым саласы мен спортты, өндіріс еңбеккерлерін насихаттап, сұхбаттар жүйелі беріледі. Ұлт тағдырын ойлап, ұлттық мүддені қорғап, елдің көкейіндегі мәселені ашық айтып, үн қосып жүрген Абай Балажанның ерен еңбегі — халықтың көңілінен шығып жүр.

Қарапайым халықтың күнделікті тұрмысы мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын қоғам алдында айтып, ел игілігіне қызмет етуді үлкен жауапкершілік деп түсінген Абай Балажанның бұл қадамы көп болып құптарлық іс.
Биыл Абай Балажанның жалпы журналистикадағы еңбек өтіліне 40 жыл толды. Табан аудармай 25 жыл бойына «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактор болып жемісті еңбек етіп келеді. Жасынан сүйген журналистика мамандығын күнкөріс қамы, өмір сүрудің құралы деп емес, халықтың мұң-мұқтажын, ой-пікірін жеткізетін өнер, сүйікті кәсібім деп білді.

Ол Түркістан облысының «Оңтүстік Қазақстан» газетіндегі қаламы қарымды, сөзі өткір әріптестерінен қоғамда болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамауды, билікке, жауапты адамдарға кемшілікті тез, дәл уақытында жеткізуді талап етіп келеді. Журналистің билік пен халық арасындағы алтын көпір екенін осыдан-ақ байқауға болады.

Жаңа Қазақстанның жаңа Парламентінде елдік іске келгенде бұқпантайлап қалмайтын, жауапкершілікті жете сезінетін ұлт жанашыры жүруі керек. Әділдік пен еңбекқорлықты жанына серік еткен, үнемі іргелі істердің басы-қасынан табылатын парасатты, ұлтшыл азамат Абай Балажанның халық қалаулылары қатарында жүргенін қалар едік!

Бөлісу: