Аққу ұшып көлге кетті,
Сұңқар ұшып шөлге кетті,
Ол адасып кеткен жоқ,
Әркім барар жерге кетті!
Ел аузынан
Қазақ халқы ешқашан далада қайтыс болған адамды өз шаңырағына бірден шалқалатып алып келмеген, еш уақыт ет жақын бауырына өлген кісіге «пәленше өліп қалды» деп туралап айтпаған. Бұл – «Қазақ дәстүрлі мәдениетінің анықтамалығындағы» қазақтың естірту дәстүріне қатысты берілген сипаттама.
Расында да, халқымыз ардақты азаматы қайтыс болғанда ата-анасы, бауырлары, жанашырлары мен отбасы өкілдеріне туралап айтпастан, ақсақалдар топталып, жиналып келіп, алдын ала дайындап барып естірту айтқан. Бұл кісілердің өзі бір жаманат хабардың белгісіндей болған. Олар тұспалмен қаралы хабарды жеткізген.
Әрине, қазіргінің орыстанған, ұлттық ділінен біраз қашықтаған ұрпағы секілді төтесінен кетпеген. Осындай кісі көңілін ардақтауға негізделген ұлық үрдістің жаңа заман өрінде алыс ауылдарда болмаса, жалпы жұртшылық арасында өшіп бара жатқаны өкінішті-ақ. Дегенмен, сонау ықылым замандардан бері жалғасып келе жатқан бұл жоралғының ұлттық болмысымыздың бір қыры екендігін, одан айырылсақ қазақты қазақ етіп отырған жанымыздың бір бөлшегінен де айырылатынымызды дәлелдейтін этнографиялық деректер баршылық. Алысқа бармай-ақ, Шыңғысхан заманынан хабар беретін «Ақсақ құлан» күйі де естіртудің үздік үлгісі болып табылады. Тегінде, бұл естіртудің қара сөзбен де, өлеңмен де, тіпті музыкамен де орындалғанына нақты дәлел. Бірақ, қара сөз және өлең түріндегі формаларының ел ішінде көп таралғанын атап өткен жөн. Бұл жағынан алғанда, аталған тақырыпты зерттеу нысанына айналдырамын деген талапты жанға материал да шаш етектен. Қалай десе де, ауыз әдебиетінде естіртудің мол ұшырасуы қайсыбір зерттеушілер жазғандай, қазақ халқының жан дүниесінің тазалығын, қайғы көріп, қаралы болғанға қабырғасы қайысып, ауыртпалықты бірге көтеруге бейім болған ұжымдық менталитетін аңғартады.
Айталық, олардың ең көнелерінің бірі ретінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының қолжазбасынан «Қатын өлді, қамшының сабы сынды» деген мақалдың шығу тарихымен байланысты Жиренше шешенге Қарашаш сұлудың қазасын естірту турасындағы әңгімені кездестіреміз. Ол ұлтымыздың фольклоры мен мәдениетіне қанық әрбір қазақ азаматына таныс та болса керек.
Мәлім болғандай, қазалы жағдайдан кейін, Жиренше әуелі ханға сәлем бере келіп отырғанда, ханның: «Уа, шешенім, атасы өлсе, қайтеді екен?» демеуші ме еді?!
Сонда шешен: «Асқар тауы құлағаны есепті-дағы» дейтін еді ғой.
– Анасы өлсе, қайтеді екен, шешенім?
– Ағар бұлағы құрыған есепті-дағы.
– Ағасы өлсе, қайтеді екен, шешенім?
– Оң қанатың қайрылған есепті-дағы.
– Інісі өлсе, қайтеді, шешенім?
– Сол қанаты майырылған есепті-дағы.
– Апа-қарындасы өлсе, қайтеді, шешенім?
– Ұзын өрісі, кең тұсауы құрыған есепті десейші!
Тек ең соңында хан: «Қатыны өлсе, қайтеді, шешенім?» дегенде ғана Жиренше мәселенің байыбына барады, Қарашаштың қайтқанын түсінеді және күйінгеннен сүйеніп отырған қамшысы да ортасынан сынып кетеді.
Тағы бір нұсқасында «Әз Жәнібек хан: «Жиреншеге біз естірте алмаспыз, өзіне-өзі естіртсін, ешқайсың сездіріп қоймаңдар» деп уәзірлерімен сөз байлап қойған» деп аздап өзгешелеп келеді. Яғни, шешен елге қайта оралып, ханның үйіне түсіп сәлемдесіп отырғанда үйреншікті сауалдарды тізбелей жөнеледі. Сосын хан ең соңында Жиреншеге: «Қатыны өлген қалай болады?» деп бетіне қарағанда: «Аһ!.. Менің Қарашашым өлген екен ғой» деп Жиренше күйініп қамшысын таянғанда, оның сабы ортасынан шарт сынып кетіпті-міс.
Осы әңгіменің Тазша бала естіртетін нұсқасында «Қатын өлсе, қамшының сабы сынды» дейміз» деп әйгілі сөзді оның өз аузымен айтқызады. Ол нұсқада өзімізге таныс қисынға сәйкес ауыл ақсақалдары он үш жасар тазша баланы алып, Жиренше жатқан ауылға келеді. Тазша болса бүй дейді: «Ал, аға, бүкіл қабырғаңызға қалқан боламыз деп қалың ел-жұртың келіп тұр!».
«Бізге ертегі айтып кеткені несі, Жиренше әпсаналық кейіпкер, жиынтық образ емес пе?» дейтіндер табылса, біз Қожанасыр қалыбымен «сіздікі де дұрыс» деуден тартынбаймыз. Тарихи тұлға ретінде аз зерттелген болса да, аты аңызға айналған дала данышпаны біржағынан бүкіл алаш жұртының модельдік бейнесі, бүкіл ділдік қасиеттерінің кілті де іспеттес. Дәл бұған дауласушылар табылса біз дайын. Сайып келгенде, Жиреншенің түркі халықтарына ортақ ойшылы, ХІV-ХV ғасырларда тіршілік еткен тұлға ретінде таныстырылуына қарағанда, Қазақ хандығы құрылмай тұрып та қазіргі тілмен айтқанда, естірту этикетінің қолданыста болғанын байқаймыз. Одан бергі кезеңдегі естіртудің үздік үлгілері ретінде Үмбетей жыраудың: «Ей, «Абылай, Абылай, Абылай ханым, бұл қалай? Бұл қалайдан сескеніп, Сөзімді қойма тындамай» деп басталатын атақты Бөгенбай қазасын Абылай ханға естірту жырын, Қазбасты шешеннің Байшуақ өлгенде баласы Байғараға: «Алып арыстан құласа, жан беруші бар ма екен. Аққан дария құрыса, су беруші бар ма екен» деп сұраулай естіртуін, сондай-ақ, Абыл (Тілеуұлы) ақынның Сүйінқараның қазасын өлеңді толғау арқылы естіртуін және тағы қаншама естіртудің тамаша философиялық, классикалық үлгілерін атауға болады.
Жалпы, естіртудің соңы әркез жұбатуға, көңіл айтуға ұласады. Қазаны естірте отырып, адамды сабырға шақырудың өзі – табиғи дүние. Демек, естірту қазаны хабарлап, құлақтандырса, көңіл айтуда аты айтып тұрғандай қайғылы адамды жұбатады, қайғысын бірге бөліседі, сабырға шақырып, тоқтам айтады. Сондықтан да халық арасындағы естіртудің екінші аты – жұбату (Ж. Есімова. Қазақ тіліндегі эвфемизмдердің ерекшеліктері). Яғни, естіртудің мақсаты да сол, ауыр қазаны жөнімен жеткізе отырып жылатады, шерін тарқаттырып, тоқтау айтып жұбатады.
Ақсұңқар ұшты ұядан, қол жетпейтін қиядан;
Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қияғы бүтін сұңқар жоқ;
Тұлпардың тұяғы тасқа тисе кетіледі, суға салса жетіледі;
Немесе:
Теректен бұтақ, теңізден көбік, Ақсұңқар әуелеп аспанға ұшты;
Алтын қоңырау үзіліп жерге түсті;
Е, е, ханым саған құдайдың бір жазығы түсті;
Мойының жуан көтерерсің, көтермегенде қайтерсің;
Бәрінен де құдай күшті;
Көтер басыңды, жылатпа жұртыңды!
Біз қазақ тарихынан да, фольклорынан да мұндай лингводеректерді көптеп табамыз. Тіптен, оларды шоғырлап тізбелей беруге де болады. Дегенмен, бергі заманға жақын, естіртудің ел ішіне ең көп таралған және атақтысы – «Шоқанның қазасын естірту» туралы аз-кем айта кетейік.
Ел ауызындағы әңгімелерге қарағанда, бірегей ғалым, белгілі ағартушы әрі саяхатшы Шоқан Уәлиханов қайтыс болғанда Тезек төре оны Шыңғыс сұлтанға елдің басты адамдары арқылы естірткен деседі.
Аталған оқыс оқиға «Бабалар сөзі» жинағында былай суреттеліпті:
«Тезектің суыт хабарлауы бойынша, Атығай Келдібек би мен Әділбек батыр көп нөкер ертіп, Шыңғыс сұлтанның үйіне келіп түседі. Келсе, сұлтан іштей сескеніп отыр екен. Келдібек би ойлы пішінмен жадырай сөйлеп:
– Төре, дүниеде не қымбат? – дейді.
– Адам қымбат, – депті Шыңғыс.
– Адамға не қымбат?
– Бала қымбат, егер сүйеніш болар перзент туса.
– Жансызда не қымбат екен?
– Жансызда қымбат гауһар деуші еді…
– Теңіздің тұңғиық жатқан сол гауһардың да иесі бола ма?
– Е, иесіз дүние бар дейсің бе, әр нәрсенің екі иесі бар ғой.
– Егер осы жанды-жансыз ең қымбаттыға сол екі иесі таласса, қайсысы алар еді, – дегенде, Шыңғыс төре: «Ең күштісі, күштісі алады» деп өз санын бір соғыпты да: – Менің гауһарым Мұхаммед Қанапияға Тәңірдің оғы тиген екен ғой», – деп өкіре жылап, жер бауырлап жатып алыпты.
Келдібек би тоқтау айтып: – Уа, Сұлтан, бала сіздікі еді, бақыты халықтікі еді. Пұлсыз берді, құнсыз алды, не шара! – деп кемсеңдеп, төңірегіне көз тастағанда, үйдегілердің бәрі еңірепті».
Көріп отырғанымыздай, қабақтары ашық емес бір топ ойлы адамның аяқасты шақырусыз келуінің өзі бір жаманат хабардың барын байқатқан. Төрге озған соң да олар төтесінен бастамай, тұспалдап жеткізген (Қазақ мәдениетінің анықтамалығы). Біз мұны жоғарыда аталып өткен әңгімелердің барлығынан да байқап отырмыз. Алдымен түрлі сауал қойып, әріден бастап, адамды психологиялық тұрғыдан дайындап барып, қаралы хабарды жеткізеді. Бұл көшпенділер өркениетін өркениет қатарына қоспаған мәдениеттанушы Тойнби секілді еуроцентрист ғалымдардың түсінігінде де жоқ нәрсе. Мұны номадтық мәдениеттің гуманистік қырларының бірі, үздік қасиеттерінің бірегейі деп атасақ та қателеспес едік. Мұны түсіну үшін, әлбетте, бүкіл жан-дүниеңмен қазақ болуың, танымал жырда жырланғандай, «әкең де, шешең де қазақ» болуы шарт. Алайда, біздің сол қазақтықтан, қазақылықтан сақтанатын заманда өмір сүріп жатқанымыз және шындық.
Өз кезегінде, бүгінде «Пәленшекең ұлының хабарын есітіп, талып құлапты, түгеншекең қайғыны оқыс есітіп, өзі де жүріп кетіпті» дегенді құлағымыздың жиі шалып жататындығы осыдан ба екен?!
Екібастұздық «Отарқа» газетінде тікелей естіртудің осындай зардабы жөнінде жазылған мынадай ақпаратты көзіміз шалды: «Бұрынғыдай хат-хабар алысу қиын уақыт емес, сондықтан бүгінде бұл салт өзінің түпкі мақсатынан ажырай бастағандай. Кейбір ауылдық жерлерде болмаса, қазаны әдейілеп естірту дәстүрі қалып барады. Алыс жерде тұратын туыстарға қаза туралы ұялы телефон хабарламасын жіберіп естірту не қоңырау шалып айту әдетке айналды. Астарлап жеткізу былай тұрсын, уақыттың асығыстығынан бір ауыз сөзбен пышақкесті хабарлай салады. Өткенде осындай қаралы хабарды естіген жігітағасы жүрегі шыдамай, сол күні қайтыс болып кетіпті» делінген хабарламада.
Осындайда ойлаймыз ғой, ет жақын туыстың қазасын сол маңдағы жақын араласатын көрші не дос-жарандарының бірі жеткізсе, жөн болмас па еді?! Негізі, ата салттан да қол үзбей, жақын-жуықтың да жүрегін жараламай, естірту жоралғысына көңіл бөлу керек-ау. Қазаны естірту қазақ әдетінде өте жауапты іс саналған. Біз соны ұмытқандаймыз. Сондықтан да, заманға лайықтап, ықшамдап, шама-шарқымызша естірту әдебін жаңғыртсақ жаман болмас еді.
Қош, бұл рәсімнің таза қалпында өліп бара жатқаны анық. Бабаларымыз қазаны хабарлау рәсімін өнер дәрежесіне дейін жеткізген болса, қазіргі аз-маз тұтушылардікін айтуға да тұрмайды. Өйткені, естіртуде де үлкен мәдени сөз әдебі жатыр. Арамызда ауылға барғанда сирек те болса біреудің жалғызын не азаматының өлімін естірту айтылушының денсаулығына қарап, топ болып, тілді бір кісіні алдыға салып «арты қайырлы болсын» айтқанға куә болғандарымыз бар шығар. Бірақ, онда советтік кезеңдегі әдебиетші ғалымдар тамсана жазғандай, поэтикалық екпін де, ишара да, образдылық, пернелеу, тұспалдау да жоқ. Десе де, енді бір заман айналғанда, бұрнағы «классикалық» қарттардың көзін көрген бұл қариялардың өздері таусылып біткен кезде мұның өзімен жылап көрісетіндейміз бе, қалай?! Қазіргі ұлтсыздану қарқынымен, ол шақта бұл салттың өзінің қайтқанын естіртетін бірде-бір есті адамның қалмауы да кәдік. Бірақ, «үмітсіз шайтан» демекші, тым болмағанда осындай игі мұраның болғанын кейінгіге естелік ретінде жазып қалдырғанның өзі – жанға демеу, жұбаныш.
Тұжыра айтқанда, кейінгі буынның қаза барысында естіртудің жөн-жоралғысын білмеуін, көңіл айтып жұбата алмауын, үнсіз қалуын, жанашырлық танытпауын – асқан көргенсіздік дер едік. Дұрыс естірте білу үшін білім қажет. Біз «сол қасиетімізден түбегейлі ажыраймыз ба» деп қауіп ойлағандықтан айтамыз.
Уақыт жылжып, адамзат баласы жаппай футуристер айтып жүрген «әлемдік матрицаға» жалғанған заманда да әлемжелі – интернеттің бір бұрышында бүгінгі жазбамыз контент ретінде сақталып тұрса, соның өзі жеңіс болар еді. Ал әзірге тісіміз барда ысқырып, етігіміз барда қонышынан басып, қазақтың естірту дәстүрінің сағымға айналып бара жатқанын естірткіміз келеді.
Естірткенде де, Жиреншеге сөз айтқан Тазша баланың ізімен:
Туғаның сенің қара жер,
Өскенің сенің қара жер,
Бәрін де алған қара жер,
Осыма, аға, баға бер!» – деп тұспалдаймыз.