Есім жайлы мына бір әңгімеге атаның қатысы бар, ал атамен байланысты нәрсенің жай болмайтыны белгілі.
Бұл сонау 1973 жылдың жаз айы еді. Біз ол кезде қазіргі Достық даңғылы мен Төле би көшелерінің қилысындағы, Алматыдағы ең алғаш салынған биік үйдің жетінші қабатында тұратынбыз. Атаның қолына көшіп келгенімізге жылдан асса да, бұл үйдің тұрғындарын әлі күнге жүз жыға танымаймын. Қазағы аз, басқасы көп, жан-жақтан жиналған ала-құла жұрттың бір-бірімен емен-жарқын араласып, араласып емес-ау амандасып жатқанын көп көре бермейсің. Әркім өзінің кіріп-шығар есігін ғана біледі, адамдар мына он екі қабат бетон үй мінездес қоқайып суық көрінетін.
Өзгені қайдам, маған солай әсер ететін. Осындай томаға-тұйық күндерге бір кішкене өзгеріс енгендей болды. Ол не дейсіз ғой, үстіңгі қабаттан балконға шығып, аулада жүрген немересін айғайлап шақыратын, шақырғанда да сөзбен шықпыртатын бір бақырауық апа пайда болды. Қала өміріне, қала «тәртібіне» жаттықпаған адам көрінеді, ауылдағы өз шарбағының алдында тұрғандай балконға шықса болды тілінің тиегі ағытылады-ай келіп. Біздің асүйдің есігі балконға ашылады. Сондықтан ол апаның «ауыз өзімдікі» дегендей бөгетісіз айтылатын қисық-қыңыр сөздері асүйде көп жүретін маған анық естіледі. Немересінің аты анау-мынау емес – Абай. Оның атын әжесінің балконнан жар салып шақыратынынан біліп алғам. Баланың өзін де көрдім. Екі құлағы едірейген, тақырбас, үлкен қара көзді бес-алты жастағы балдырған. «Япыр-ай, сондай ұлы адамның есімін қойып алып неге сонша балаға айғайлай береді екен, төмен түсіп ертіп келуге болмай ма?» – деп ойлаймын ғой. Баланың аты – бала, шапқылап ойнағысы келетін шығар. Оның үстіне ауылда кең жерде еркін өскендіктен аузы-мұрны тұмшаланған тас керегелі пәтерге үйрене алмай далаға қаша беретін секілді.
Апаның ауылдан жақында ұлының үйіне қонаққа келгенін бірінші қабатта тұратын Ақыш әжеден естігенмін. Ақыш аталып кеткен Ақылия әже – нағыз қаракөк асылдың тұқымы. Абай атаның Тұрағұл деген баласының қызы. Менің бірден-бір араласатын, сөйлесетін адамым осы – Ақыш әже. Біз мұнда көшіп келмей тұрғанда қайтыс болған атаның жұбайы Ғайникамал апаймен рулас жақындығы болғандықтан Момышұлы шаңырағымен бұрыннан жақсы қарым-қатынаста екен. Ата Ақыш әжені өте құрметтеп сыйлап тұратын.
…Түс мезгілі. Дастарқан басында ас ішіп отырғанбыз. Осы кезде әлгі апа балконнан немересін өз дағдысымен шақыра бастады. Атаның бөлмесі пәтеріміздің түпкір тұсына орналасқандықтан мына жақтағы дауыс естіле қоймайтын. Бүгін қас қылғандай тура ата ас ішіп жатқанда, қырындау ашық қалған балкон есігінен ана кісінің әр сөзі анық естілді. Бір сөздің салмағы бір сөзге түсіп құлақты түршіктірді:
– Абай! Ау, Абай! Әй, қаңғыбас Абай! Ой, жүгермек Абай! Үйге кір деймін! Ой…
Мен барып балкон есігін жаба қойдым, бірақ одан пайда шамалы. Ата қолындағы қасығын үстел үстіне тарс еткізіп тастай салып, орнынан шұғыл көтерілді де:
– Мына идиоттың жағын қарыстыру керек, – деді тістерін шықырлатып.
Бақытжан әкесінің ұшқындап келе жатқан ашуынан сескеніп:
– Папа, папа, тоқташы, оның қайдан айғайлап жатқанын алдымен біліп алайық та, – деп өзінше басу айтпақ болды. Ата оқты көзімен бізді бір шолып, тамағын шала қалдырып асүйден шығып кетті.
– Мұндай да бәдік адам болады екен-ау! Бірақ папам оның жағын қалай қарыстырмақшы екен? – деді Бәкең.
Оның реті ертесінде оп-оңай келе қалды. Ата Жазушылар одағына бір жұмыспен бармақшы болып такси шақыртты. Әдеттегідей папкасын көтеріп қасына ілестім. Біз сыртқы есіктен шыққанда қалқадағы ұзын орындықта Ақыш әже мен әлгі апа отыр екен. Ата Ақыш әжені көре салып, сәлемдесу үшін бұрыла бергенде мен ақырын ғана:
– Ата, балконнан айғайлайтын кісі отыр, – деп «сатып» жібердім.
Ата таяғын сілтей, ширақ басып барып Ақыш әжемен сәлемдесті де, ана апаға төніп келіп:
– Абай деген баланың әжесі сенсің бе? – деп зілдене зірк етті. Әйел адамға «сен» деп сөйлемейтін әдеті бұл жолы жайына қалды.
– И-и-иә! – деп тұтығып зорға жауап қатты әлгі апа.
– Не немереңнің атын өзгерт, не былапыт тіліңді тый! Өйтпейді екенсің атып тастаймын! – деп салалы қолының сұқ саусағын тура көзіне безеді де, кілт бұрылып: «Жүр!» – деп маған бұйырды. Кетіп бара жатып Ақыш әженің көзінен ризашылықты байқадым, ана әйелдің көгерген жүзін көрдім.
Сол күннен кейін бақырауық апаның дымы өшті, пышақ кескендей тыйылды. Мезгілсіз марқұм болғысы келмеді білем, көпке бармай өзі де кетіп тынды.
(Зейнеп Ахметованың «Күретамыр» кітабынан алынды).
#Балаға ат қою