Қазақ елінің құдіретті әміршілерінің бірі Есім ханның бейнесі эпикалық дәстүр аясында дәріптеле сомдалатын «Еңсегей бойлы ер Есім» жыры көлемі жеті мың жолдан тұратын көлемді де күрделі эпикалық туынды. Халық ақыны Қазанғап Байболовтың жырлауында хатқа түсіріп, 1938 жылы Орталық ғылыми кітапхананың сирек қорына тапсырған – И.Ырсымбетов. Жырды зерттеуге кеңестік идеология тыйым салғаны белгілі, академик Ә.Марғұлан сол себептен де оны «Еңсегей» деп, бүркемелеп атап өтеді.
Еңсегей бойлы ер Есім – Қазақ ханы, Шығай ханның ұлы. Ол Қазақ хандығына Түркістан шаһарын түпкілікті астана етіп, билік жүргізген. Сұлтан кезінде-ақ ағасы Тәуекел ханмен бірге Түркістаннан Самарқанға дейінгі жерді Қазақ хандығы құрамына қосқан. Ол 1598 жылы Тәуекел Бұхара жорығында қайтыс болысымен таққа отырады.1599 жылы Бұхара хандығымен шарт жасасып, Ташкент қаласын, Ферғананы бағындырып алды. Ташкент қаласы содан бастап, 200 жыл бойы қазақ хандығының билігінде болды. Есім хан сонымен бірге, Шығыс Түркістан Қашғар, Турфан, Чалыш уәлаяттарында алты жылдай болып, сол елдің билеушісі Абд әр-Рахымның саяси билігінің нығаюына жәрдем жасады. Абд әр-Рахымның қызын өзі алып, інісі Күшік сұлтанның қызын оған беріп, сол замандағы дәстүр бойынша билік мәртебесін заңдастырды. Абд әр-Рахыммен бірге Ақсу секілді үлкен бекіністерге шабуыл жасап, көптеген шаһарларды құзыретіне қаратады. Демек, Есім хан – Қазақ хандығының аумақтық тұтастығын ұлғайтып, мемлекет билігін өрістеткен, сол кезеңде Орта Азияның геосаясатына өзгеріс енгізген айтулы тұлға.
«Еңсегей бойлы ер Есім» жыры батырлар емес, мемлекет тұтқасын ұстап отырған елбасы ханға арналғандықтан, мұнда елдік рәміздер – ту, ұран, ханның тәжі секілді киелі нысандар түйінді сәттерде асқақтатыла жырланады. Сонымен бірге, ел иесі ханның тұлғасы эпикалық мінсіз қаһарман ретінде әсіреле жырланып, оның ақыл-парасаты, ізгілігі, көріпкелдігі мол, ғажайып қасиеттер иесі екендігі суреттеледі. Мәселен, Есім фольклорлық өрнекке сай «әулиеден әулие қыдырған, етегін шеңгел сыдырған» перзентсіз кәрі ата-анадан, Шығыс Түркістандағы әулие-базұрық (бұзырық) Аппақ қожа дуасымен ерекше жағдайда туады, болашақ қиын сәттерде әдеттегідей осы баба пір оны ұдайы қолдап отырады. Ал Есімнің мініп жүрген «су тұлпары» өзі өмірге келерден бұрын жеті жыл қысыр қалған байталдың теңіз жылқысымен шағылысуынан соң дүниеге келеді.
Тұл қалып жеті жылдай тумай жүрген,
Жылқыда құла торы бір байтал бар.
Е, тақсыр, баяндайын алдыңызда,
Байталдың адам тәрізді ақылы бар…
Жарылып дария күңіренеді,
Бір хайуан шығып келеді.
Кеудесі жылқы, басы адам,
Осындайша сүйегі.
Байталға келіп асылды,
Иіскелеп аймалап,
Түсіп кетті қайтадан,
Байталы қалды арам ап.
«Иншалла, ат болсын,
Құлындаса балалап».
Жүрегі кетті жарылып,
Жыласты біраз қамығып.
Жырдың баяндауынша, Есімнің тұлпары осындай тылсым сырға ие болса, ал өзінің түпкі атасы – әлемнің әміршісі, қазақ хандарының арғы бабасы «садағын сағымға ілдірген» деп аңыздалатын Шыңғыс хан. Жырда Шыңғыс ханнан ұрпаққа ұласқан тәбәрік мұралар ең бір түйткілді сәттерде Есім ханға дем береді, әруақтандырады, бір сөзбен айтқанда, мемлекет билігінің тек-тамырын көрсететін киелі рәмізге айналады. Мәселен, Есім ханның анасы еріне бүй дейді:
Түбіңіз – Шыңғыс ханнан келе жатқан
Нақышты дүрри гауһар бір жүзік бар.
Салсам, – деп, – итаяққа ойлаушы едім,
Ішінде алтын сандық тұрған шығар.
Қазақта сәби өмірге келгенде «жаны берік болсын» – деген ишарамен нәрестені итаяққа салып шомылдырып, оған ата-бабадан қалған бағалы жүзік салатын салт болған. Демек, жырда болашақ Есімханды шілдеханада шомылдыратын суға жиһангер Шыңғыстан кәдеге қалған жүзік қолданылатындығы тұспалданады.
Есімханның тууына шарапатын тигізген делінетін қашқарлық Аппақ қожа опасыз әмірші Тұрсын ханға қарсы аттанарда Есімге бата беріп, қолына жай қылыш емес Әмір Темірден қалған қастерлі мұраны ұстатады.
Әмір Темір патшадан,
Қалған екен бір қылыш,
Жазып алса, он бес кез,
Бүктеп келсе, бір уыс.
Осыны беріп Есімге,
Байлап жатып беліне:
«Қан ұрттамай, шырағым,
Қатысына түспейді,
Бұйағына түсінген,
Ырымға алған пал қылып.
Қазақ ордасының өркенін өсіріп, кең-байтақ шекара-шегін қаһармандықпен қалыптап, ұлысын даналықпен ұйытқан, Орта Азияның гео-саяси ахуалына елеулі өзгеріс енгізіп, өзі замандас патшалардан иығы озған баһадүр Есім ханның қолына ұстаған туы әлемнің әміршісі Шыңғыс ханнан қалған асыл тәбәрік екендігі жырда әсірелене суреттеледі, сол арқылы көшпелілерде мемлекеттік дәстүр сабақтастығы үзілмегендігі мадақтала жырланады. Міне, мұның өзі тарихи сананың айғағы, азаттықтың анық айшығы болса керек:
Шығарды Шыңғыс ханнан қалған туды,
Туды ұстап жарқыратып, тұлпар мінді.
Туына хан Шыңғыстың жасын сүртіп,
Ішінен тарқатты Есім сары суды.
Сайланып, іріктеніп өңшең батыр,
Ерлердің наһансінген бәрі жүрді.
Бір порым бәрі бірдей сыпайылар,
Өнерпаз ығай-сығай неше түрлі…
Жырда опасыз жауға берілген ауыр соққы – олардың туын құлату рәсімі екендігі суреттеледі:
Қаһарланып Жиембет,
Ұстады найза қолына.
Араласты аянбай,
Қатағанның тобына.
Хан Тұрсынға күрзі ұрды,
Сүйенді аттың жалына.
Ту ұстаған адамын,
Екі бөлді атымен,
Келтірді батыр табына.
Қатағанды қашырып,
Қойша айдады алдына.
Жырда әкесі Тәуекел (Шындығында, Есім ханның әкесі Шығай хан, ал Тәуекел – оның ағасы. Бірақ жырда тарихи тұтастану құбылысына байланысты кейіпкерлерде ауыс-түйіс болатындығы көркемдік ерекшелік) ханнан қалған болашақты болжайтын киелі асықты жорықтық алдында Есім иіріп, сәуегейлік жасайды, осылайша ханның көреген, абыз тұлғасы сомдалады:
Әкең сойған қойының,
Сақтап едім ілгері,
Ту қара қойдың асығын.
Дабылға тілла иіргін,
Оңқадан тұрса, оңдадың.
Басқасы болса, насырың,
Жолың болсын, бар балам,
Хан Тұрсынды қашырғын!
Жалпы, тақ таласы бейнеленетін хандар туралы тарихи жырларда рәміздер, тұспалдар, психологиялық шендестірулердің мол қолданылатыны байқалады. Едіге кіріп келгенде, аңдаусызда Тоқтамыстың селк ететіндігі, оны дәлелдеу үшін ханның етегіне куәгерлердің ине шаншитындығына ұқсас эпизод «Еңсегей бойлы ер Есім» жырында да қайталанады:
«Есім елші пормасына түсіп, ханның алдына кіріп келеді. Хан орнынан ыршып түрегеледі. Елші бірнеше күн елшіханада қонақ болып жатты. Елші бала алдына кіріп келсе, хан орнынан еріксіз ыршып тұра беретін болды. Бұлай деп айтқанға сенбеген соң, уәзірлер бір күні ханның етегіне киіз тігіп қойды. Бала кіріп келгенде, хан киізді көтере түрегеліп, сонда сенді».
Жырда Есім хан жоңғарларға қарсы жорықта жүргенде Ташкент тарабындағы қазақ ұлысын билеп отырған Тұрсын хан тұтас елді бөлшектеп, жеке дербестігін жариялап, дүрбелең тудырады. Тұрсын ханның бұл оқшаулану әрекеті жырда сатқындықтан да ауыр, «антұрғандық» ретінде айыпталады. Ел арасында «Қатаған ханы – хан Тұрсын, Кім арамды ант ұрсын», «Қатаған – бойың жатаған» дегендей мәтелдердің таралуы да тегін емес. Бұл оқиғаның тарихи негізі бар екендігін көптеген зерттеушілер баян етеді.
«Сол заманның тарихшысы Махмұд бен Уәлидің айтуынша, Есім хан 1627 жылы жорық туын көтеріп, бүкіл алаш әскерін жинап, қатағаннан, ұлыстың басқа да руларынан құрылған қосындарын топтап, Моғолстан тарабына – қалмақтарға қарсы соғысқа аттанады. Мазасыз көршіге айналған, күн озған сайын күшейіп бара жатқан қалмақтарды ойсырата жеңеді. Міне, дәл осы кезде Тұрсын хан да бар әскерімен аттанады, алыстағы жауды емес, жақындағы бауырын таптап, Түркістанды шабады. Қарусыз қаншама жұртты қырғынға бөктіріп, ат тұяғы тиген жердің бәрін ойрандайды. Есім ханның үй-ішін, әйелдері мен жас балаларын тұтқындап, Ташкентке әкетеді».
Жырда дүниеқор, бүлікшіл Тұрсын ханның лаңы ұлғайтыла суреттеледі. Ашкөз билеуші соғысты пайдакүнемдіктің құралы болдырғалы, қарамағындағы әскерін «қызыл тұмсық» етіп олжаға батырмақшы болады:
Бір күні айтты шаһ Тұрсын,
Жиып алып жұртына:
«Арқан дәулет, құлақ сал,
Бір пайдалы сөзім бар.
Жеткілікті бәріңе,
Осы жолы дүние-мал…
Түркістанда Тәуекел,
Қазақтың қазір ханы сол.
Қартайған ғана шалы бар,
Қымыз ішіп, мас болған,
Халқының аңқау әлі бар.
Ұлы кетті Қашқарға,
Адамын алып жарамдар…
Осы жолы тілімді ал,
Бірің қалмай, бәрің бар.
Қызыл тұмсық боласың,
Есепсіз қанша дүние-мал».
Жыршы елдің бірлігін сетінеткен, мемлекеттің тұтастығына қауіп төндірген, өз бауырына қылыш жұмсаған қатігез оқиғаны ауыр айыптап, әр замандағы осындай сызаттан бастау алған берекесіздіктің ақыры қазақты алтын тақтан айырып, қара түнек бодандыққа қарай жетектеп әкелгендігін ашына толғайды:
Алалық болып бірлік,
Осындай болып тірлік,
Әлі жеткен басып жеп,
Бірінен-бірі басым боп,
Нәрестені зарлатып,
Сол себептен патшалық,
Мұсылманда қалмады.
Жырда жасы ұлғайған Тәуекел он бес жерінен жараланып, соғысып жүріп өледі. Шындығында, Тәуекел Тұрсынмен соғыспаған, ол жетпіс мың қолмен Бұхара шаһарын он екі күн қоршауға алып, жанталаса соғысып жүргенде жарақаттанып, 1598 жылы қайтыс болған еді. Эпос поэзиясы тарихи деректерді көркемдік заңдылықтарға лайықтап, сюжеттік желіге икемдеп пайдалануды мұрат тұтады. Әйтпегенде, Тәуекел Есімнің әкесі емес, туған ағасы екені белгілі.
Жырда Есімнің әке орнына хан сайланғаны туралы «кілемге алтын салады, Қазығұрттың басына хан көтеріп шығады» деп жырлап, қара сөзбен түсінік бере кетеді:
«Есім далаға шығып, ілгеріде айтқан хабары бойынша, үш жүздің баласын тегіс жинап, хан көтерілді. Әскер құрып, сап түзеп, елеулі ерлерін іріктеп, шығарып салып, алдына тұрғызды. Сол күнде үш жүздің баласында атақты төрт батыр болар еді. Ұлы жүзде, Бөгежілі елінен Шабайұлы Жақсығұл деген мерген еді. Қоңыраттан Алатау деген батыр еді. Кіші жүз Алшын-Жаппаста Бөрітоғашұлы Жиембет деген еді. Үйсіннен Сүлеймен батыр. Қай Үйсін екені белгісіз».
Тарихи жырларда хандар мен бас қолбасшының қасына танымал батырлар жинақталып, топтасатынын зерттеушілер атап өткен. Есім ханның маңына жиналған батырлар былайша бейнеленеді:
Сапсыз ерлер жиылды,
Айтайын бір-бір хабарын.
Ұлы жүзден – Жақсығұл,
Бөгежілі затынан,
Руы еді Жаныстан –
Шабайдың ұлы Жақсығұл,
Ауада ұшқан аққудың
Шашар еді қандарын.
Ер Алатау Қоңыраттан,
Батыры еді әмбенің.
Бөртоғашұлы Жиембет,
Алшын дейді, аңғарғын.
Үйсін батыр Сүлеймен,
Білмеймін ру намдарын.
Жырда бас көтерер азаматтары майданға кетіп, қаусаған кемпір-шал, бала-шаға тіршілік етіп отырған бейуаз елді қырған бүлікші ханның әрекеті қорқаулық, таққұмарлық екендігі айыпталады. Ал елдің тыныштығын күзетіп шолғыншы болып қалып қойған Жақсыбай мергеннің қалың жауға қарсы жалғыз шауып, қаһармандық жасауы отансүйгіштіктің үлгісі ретінде өрнектеледі:
Болжаса жолдың бойы кесілген бас,
Көп өлік, жердің жүзі қып-қызыл қан.
Хан Тұрсын елді қырып, қойған жамсап,
Байлауда бір қатары қалғандардан.
«Қалайын бір атысып Құдай үшін,
Өлгенде артықпын ба, осынша жан?»
Қарлы тау зорға шықты ең басына,
Дәрісін оң келтірді жамбасына.
Бастады қатағанға қырғын түрін,
Тоғыстың Бадамменен арнасында.
Түтінін түтініне қосты атып,
Жаңғырық пайда болды тау-тасына.
Өз бауырына оқ атқан Тұрсын хан опасыз қаныпезер бейнесінде суреттелсе, оның бәсекелесі Есім хан жауласқан қалмақ пен қазақты белгілі бір кезеңде ынтымаққа ұйыстырған мәмілегер тұлға екендігі таңбаланады. Тіпті құдіретті Есім хан қалмақтың Борай ханын өзіне бағындырып, мұсылман дініне енгізгендігі әсіреленіп бейнеленеді:
Енді келіп Есім хан,
Бір сөз айтты Борайға:
«Бір нәрсе десем, жарай ма?
Иманды болып өлгендер,
Кіреді алтын сарайға.
Келте қылып айтайын:
Пайғамбарға үмбет бол,
Жарай ма бұл сөз, жарай ма?»
Тәсір қылды бұл сөзді,
Борайдың жақсы мінезі.
Мұсылман болды, кәлима айтып,
Не қылайын ұзартып.
Әскербасы қып қойды,
Орын беріп сорайтып…
Жарасып қалмақ, қазақ тату болды,
Шақырды хабар беріп, қалың елді.
Дүр, маржан, алтын-күміс, жауһар шашып,
Бастады Есім ханды шәріне енді.
Қазақ эпосында батырдың жеке қару сарыны жоқ екені ғылымда анықталған. Әйткенмен, Есім хан жекпе-жекке шыққанда ұстайтын гүрзісін досы Борай ханның тарту еткені айтылып, бұл сайманның бейнесі әсіре ұлғайтыла жырланады:
«Жәдігер менен болсын» деп,
Беріп еді Борай хан:
«Салмақты күрзі ауыр деп,
Зарпынан өлген көп ел» деп,
Бірнеше пұт салмағы.
Бір атқа өзін арттырып,
Ап жүрушы еді шідерлеп.
Эпикалық кеңістік әдеттегідей, батырдың жауды жайратқан жеңісімен тұйықталады. Сатқындықты тура әрі шұғыл жазалау – фольклор поэзиясына тән бедер. Есімнің Тәуекел ханнан қалған алтын тәжді басына киюі жеңістің салтанатты көрінісі іспетті. Өйткені ежелден алтын тәж азат мемлекеттің бас рәмізінен саналады.
Бөгеді олжа көп елді,
Бәрін де артып келеді.
Тәуекел ханның тәжісі,
Бір сандықта тұр екен.
Көңілі шат боп, қуанып,
Басына Есім киеді.
Тарихшылар екі мықты қолбасы Тұрсын мен Есімнің тізе қосып, талай жауды жамсатқанын айтады. Жеңістің нәтижесінде Тұрсын Ташкент өңірінде тұрып, оңтүстік тарапқа билік жүргізеді, ал Есім Түркістанға мығым орнығып, солтүстік пен шығыс шекараға дейін иелік етеді.
«Қазақ арасында мәтелге айналған, «Қатағанның хан Тұрсын, хан Тұрсынды ант ұрсын!» деген ескі сөз бар. Тұрсын бір емес, әлденеше рет ант бұзған сияқты. Өзін хан жариялап, дербестік белгісі ретінде ақша шығару – әуелгі анттың бұзылуы ғана. Бұдан соң Есім ханмен кем дегенде екі рет бітісіп, екі рет рет серттен таяды» деп жазады М.Мағауин.
Бұл шындық эпоста да көрініс табады. Алауыз болған екі ханға Хиуа билеушісі Әбілғазы Баһадүр хан ара ағайындық жасап, анттастырып, бітімге келтіреді. Расында, 1625 жылы қазақтың екі ханына мейман болып паналағанын «Түрік шежіресі» кітабында Әбілғазының өзі жазады. Әрине, бұл дерек жырда көркемдік шартқа бағындырылған. Текетірескен екі ханға анттың қасиетті сөзін айттырып, дуалы су ішкізген – Әбілғазы хан.
Әбілғазы сөйледі:
«Бұдан кейін жамандық,
Қайсысың қылсаң, мабада,
Аруақ ұрсын ұранмен,
Қияметке дейін оңалма.
Ұрық, нәсілің құрысын,
Ағаштай боп, қуар да!
Ант салты сақ заманынан жалғасып, көшпенділер арасында қанмен бекітілген заң қызметін атқарып келген. Оның сөзі қатерлі қарғыс түрінде болады, егер бір тарап оны бұзса, мәтінде айтылған ауыр жаза халық алдында ашық орындалуы тиіс. Жырда Әбілғазының аузымен айтылған: «Ұрық нәсілің құрысын, ағаштай боп қуар да!» деген жаза – хан Тұрсынның жетегінде болған қатаған қауымына қолданылғаны тарихымыздың қанды да қасіретті парағы екені шындық. Ілгергі-кейінгі тауарихта «арбаның оқпанынан бойын асырмау» қырғыны Есімханнан бұрын әйгілі Шыңғыс хан тарапынан татарларға ғана қолданылған жаза екен. Қатігез заманда жүзеге асқан бұл қатал тәртіп «Есім ханның ескі жолы» заңында «өз мемлекетіне жасаған сатқындықты жазалау» деген елеулі бір бап болса керек. Жырда Есімнің ауыр жаза қолданғанын ара ағайын хиуалық Әбілғазы баһадүр ханға мәлімдеп, ол туралы «Дүниеде сүйір халқы қалмасын деп, сөзі бар пәтуа кітап көнелердің» деген түсінік жасайды.
«Есім хан Тұрсын ханның басын алып, найзаға шаншып, «маған қарсы шыққан дұшпанның көрер күні осы!» деген ишаратпен, өзінің бітіспес жауы Бұхара ханы Имамқұлыға сәлемдемеге жібереді…Құдіретті қатаған қауымының арбаның күпшегінен бойы асқан еркек кіндіктісі түгел найзаға ілінеді, әйел заты түгел үлес-олжаға беріледі» деген деректі хабарлайды ғалым М.Мағауин.
Бұл қанды оқиға елді бүлдіруші оқшауланушыларға тартылған қатал жаза, болашаққа ащы сабақ ретінде эпоста былайша көрініс табады:
Ұғынар енді халық айтпасам да,
Басында ант қып қойған шарты бар-ды.
Кез келсе еркек тұқым, бірін қоймай,
Кезіксе буаз қатын, ішін жарды.
Тапқанға еркек бала сүйінші айтып,
Үлесіп жетім, жесір қатындарды,
«Нәресте Қатағаннан» десе біреу,
Тең тартып сүйегіне тіллә алды…
«Бар болса, жер жүзінде Қатаған» деп,
Өтініш әр патшаға хабар салды.
«Дүниені, бірі қалса, бұзады» деп,
Зер беріп, сәлем-сауқат, көп жалбарды.
Алты алаштың басын біріктіріп, ұлы далаға әмірін жүргізген айбынды Есім ханның бауырлас қырғыздарды да бір тудың астына топтағаны белгілі. Есім хан туралы аңыздар сол себептен қырғыздар арасына да көп таралған болатын. Бұл жағдайлар жырда мақтанышпен айтылады. Түрік тектес халықтардың түгел бірлігі қажет екендігі, сонда ғана ел азаттығының баянды болатыны, қазыналы далаға көз алартқан сұғанақ жау ынтымақ болса, ашкөздік жасай алмайтыны эпоста ұрпаққа өсиет етіліп, осы мұрат Ташкентке бек сайланған қырғыз биі Көкімнің аузымен айтылады:
– Армансыз, ер Есім хан, олжаладың,
Бір тайпа түгел алып олжаларын.
Арманың бұл жалғанда қалғаны жоқ,
Мүддеңнің бәрі болып, ырзаландың.
Ынтымақ, ауыз бірлік қып тұрайық,
Сайлы жұрт, жасаған жау, қырса бәрін.
Найыбың өзіңнен соң мен болайын,
Баласын қырғыз-қазақ бір санағын.
Артыңнан мен інің боп сүйенейін,
Қолайтты, қатты жауға жұмсап алғын.
Бір шеті халқыңыздың Қапқаз болды,
Бір шеті Қытай болып шекараңның.
Ұрыссақ, еш патшадан бос келмейміз,
Баршасы түгел тұрса бұқараңның.
Бытырап ауыз бірлік болмаған соң,
Русия жақындатты Қырым ханын.
Халқымен Ауған, Бұхара шырын болып,
Үйреніп ғылым, өнер бірталайын.
Кәпірге оң жақтағы қарсы тұрып,
Кірейік қолайтына Түркияның!
Қорыта айтқанда, азат елдің айбынды ханы Есім ханның бейнесі жырда мемлекеттік рәміздермен шебер қиюластырылып сомдалған. Оның сол замандағы Орта Азия билеушілерінен оқ бойы озық өр тұлғасы әсірелене дәріптеліп, алты алашты бір тудың астына біріктірген саяси-стратегиялық, әскери-тактикалық, мәмілегерлік шеберлігі мадақталады. Әсіресе түркі халықтарының бірлігін аңсап: «Кірейік қолайтына Түркияның!» деп ұран етуі, бөрілі байрақ көтерген ежелгі көк Түрік империясының халықтың санасында жаңғыруының белгісі деуге болады. Осылайша Оғыз ханнан бері мыңдаған жылдар бойы ел жадында сақталған Ұлы Тұран бірлігі жырда ұлықталып, бүгінгі күні маңызы арта түскен бауырластық пен татулыққа нәр беріп отырған отаншыл, түрікшіл сана дәріптеледі.
Ақеділ Тойшанұлы, филология ғылымдарының кандидаты, фольклортанушы