ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА ҚОЛ ЖЕТКІЗУ – ӨМІР ТАЛАБЫ

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «…тарих арқылы түп тамырымызды білуге ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туады. Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз. Тарихи деректер көрсеткендей, «біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны. Алтай өңірінде біздің дәуіріміздің 1000 жылдығының орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы Дала төсінде жаңа кезең басталған. Орталық Еуразияда түркілер үстемдік құрған кезде Ұлы Жібек жолы гүлдену шегіне жетіп, халықаралық ауқымды экономиканы өркендетуге және мәдениетті дамытуға септігін тигізді. Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қарашаңырағы». Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үлестеріне елеулі үлес қосты. Төл тарихын білетін, бағалайтын және бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі» деп атап көрсетуі қазіргі жаһандық бәсекелестік жағдайында, ата-бабаларымыздың асыл арманы, әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, мәңгілік елді қалыптастыру мұратын меңзейді. Ол үшін халқымыздың ұлттық салт-дәстүрлері, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымызды дамыта отырып, адамгершіліктің басты құндылықтары мен адамзат моралінің негіздерін мағыналы түрде жан-жақты меңгеріп, тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтауымыз керек.

Осы игілікті мақсатқа жету үшін мемлекет тарапынан бірнеше кезеңге арналған бағдарламалар жасалынып, оның ішінде «Қазақстан – 2050» Стратегиясында көрсетілгендей, Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру жоспары іске қосылды.

Ел экономикасында оң нәтижелер баршылық. «Элоктронды үкімет» бағдарламасының іске асырылуы, инфрақұрылымның, оның ішінде көлік жәіне коммуникация саласының даму деңгейі көңіл көншітеді.

Дейтұрғанмен, деректер көрсеткендей, елдің сыртқы қарызы 176 миллиард долларға таяп, экономиканы диверсификациялау, индустриалды-инновациялық даму, халықтың әлеуметтік жағдайларының өсу бағдарламалары толықтай орындалмауда. Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметінше, әлемдік бәсекелестікке қабілетті елдердің ішінде 2015 жылы Қазақстан 42-орында, 2016 жылы 48, 2017 жылы 57, ал 2018 жылы 59-орынға түсті.

Дүниежүзілік банктің жорамалы бойынша: «Қазақстанда түбегейлі реформалар жүргізілмесе, қазіргі экономикалық саясат сақтала беретін болса, шикізатқа тәуелділіктен құтылмаса, он жылдың айналасында елдің экономикасы үлкен дағдарысқа ұшырайды, бюджеті екі есе кемиді».

Оған сенбейін десек те, «Стратегия» атты әлеуметтік және саяси зерттеу орталығының басшысы Гүлмира Илеуованың мәліметіне сәйкес, қазақстандықтар 2019 жылы жағдайларының жақсаруына үміт артпайды, керісінше, төмендейді» деп санайды. Стратегия сауалнамасына жауап берген қазақстандықтар кедейленуден үрейленуде. Кредит пайызы мен штрафтардың өсуінен олардың 80 пайызы тұрмыстарының қол жеткізген деңгейінің тез төмендеуінен қорқады. Соңғы үш жылдың нәтижесін талдағанда: орташа 3,6–3,9 адам құрайтын жанұяның 35 пайызының жалпы табысы айына 50 мыңнан 100 мың теңге аралығында, 37 пайызының табысы 101-200 мың теңге аралығында, яғни жанұяның әрбір жан басына айына 12,5 мыңнан 50 мың теңгеден келеді. 2018 жылғы сауалнама нәтижесі бойынша материалдық жағдайы орташа деп көрсеткендер саны өткен жылдармен салыстырғанда 10 пайызға қысқарған. Стратегия орталығы «Қазіргі кезде біз үш жылдық мерзімде әлеуметтік үміттің едәуір төмендеуіндеміз, мұндай негативті тренд тенденцияға айналудың басталуының көрінісі болуы мүмкін» деп қорытындылайды.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының зерттеулерімен бөлісе отырып, басқа да статистикалық мәліметтер келтірген Қазақстан жастар ақпараттық қызметінің бас директоры Ирина Медникованың айтуынша, 40 мыңдай жастардың 17,7 пайызы табыстың аздығынан, 15,8 пайызы жұмысқа тұрудың қиындығынан, 12,6 пайызы перспективаның жоқтығынан, демек, әлеуметтік-экономикалық проблемалар салдарынан қонысын аударғысы келеді екен. Олардың арасында дарынды, терең білімді, елдің болашағына қызмет ете алатын, шет тілдерін меңгерген, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті, инновацияға жаны жақын жастар баршылық.

Есесіне арамызда жағымпаз да, алаяқ та, әсіреқұмар да, шенқұмар да жетерлік. Әсіресе, жемқорлық пен пара берушілер, халық қазынасын тонаушылар азаймай тұр.

Америкалық экономистер, экономика ғылымының профессоры Роберт Кейлбронер мен Массачусетс институты жанындағы Менеджер мектебінің деканы Лестер Туроу былай деп жазады: «Нарық ыждағатты байларға ғана қызмет жасайды, бірақ кедейлерге қызмет етуге асықпайды. Ол өзімен бірге аномалия әкеледі: салтанатты тұрғын үйдің артықшылығы мен арзан үйдің тапшылығын, соңғысына біріншісімен салыстырғанда қоғамның зәрулілігі бірнеше есе артық болса да. Ол қорлар қуатты адамдардың, аса дәулетті таптың арасында өтіледі, салтанаттың есейіп көбеюіне бағытталады. Есесіне кедейлердің маңызды қажеттіліктері қанағаттандырылмайды. Бұл – жай экономикалық кемістік емес, бұл – моральдық (имандылық) кемістік. Нарықтық экономика имансыздықты тудырады».

Олай болса, кез-келген әсіресе қазіргі Қазақстандағы мемлекеттік билік қоғамдағы теріс әдет-пиғылдармен күресу үшін ең алдымен әділетті, қоғамның барлық мүшесіне бірдей тиімді қоғамдық жүйе қалыптастыруға күш салуы керек. Өйткені, әділетті қоғам ғана өмірдегі әділетсіздік пен теріс пиғылдарға табиғи тосқауыл және тежегіш бола алады.

Ұлы гуманист Махатма Ганди: «Адамзатқа залал келтіруі мүмкін жеті әлеуметтік күнәдан сақтандырыпты. Олар: принципсіз саясат, бейнетсіз байлық, арсыз рахат, ақиқатсыз білім, имансыз сауда, ізгіліксіз ғылым, құрбандықсыз құлшылық».

Егемендік алған жылдары тәуелсіздіктің ең басты құндылық екенін түсінген саналы жан ертедегі грек философы Эпикурдың: «Өнегелі, әділ және парасатты өмір сүрмей, сүйкімді өмір сүре алмайсың» дегенін естен шығармаса екен.

Ол үшін үкімет саналы азаматтарға сүйене отырып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған әрбір жоспарын тиянақты іске асырса, әлеуметтік жағдайға шынайы қараса, әр отбасы өз еңбектерімен, оның ішінде жетім мен жесір көшеде қол жаймайтындай, өздерін-өздері асырауға жағдай тудырса, ешкім еш жерде қажетті мәселені шешуде «төлем сыйлық» алмайтындай орта жасаса, ауру адам дәрігерден шынайы ем алатын жүйе орнатса, ұстаз бен шәкірт арасына сыйластық пен білімге деген құштарлық тудырса ертеңгі ұлағатты өмірге сенім артып, мемлекетіміздің жасампаздығы мен өміршеңдігі арта түсер еді.

Отанды – Отан етуге, халықтың өзін бақытты сезінуіне бағытталған «Ел басқарудың озық үлгісі – Ақыл. Байлық – береке, бірлік. Ынтымақ – ырыс шақырады» деген халқымыз жетімін жылатпай, жесірін жатқа бермей, қазынаға қазына қосуды мұрат еткен.

Қазіргі жаһандану дәуірінде әлем біртұтас жүйеге айналуға бағытталған. Ұлттық мәдениеттер озық технология, жаңа мағыналарымен толығады. Әрбір мемлекет – өзінің келбеті, дәстүрі мен экономикалық жағдайымен, мемлекеттік басқару тәсілі, заңдары және басқа ерекшеліктерімен сыртқы әлеммен «өзіндік бірлік» ретінде қарым-қатынас жасайды. Сондықтан «даму субьектісі» ретінде ұлттық құндылықтар код ретінде «Қазақ мемлекетін мойындауға» толық мүмкіндік береді. Кез-келген халықтың ұлттық кодының негізі – сол халықтың ана тілі мен туған жеріне тығыз байланысты, яғни ең басты екі нәрсе тіл мен жер сақталар болса ғана рухани өрлеу мен жаңару болмақ.

«Бүгінде жеке тұлға ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жете алады, яғни ұлттың табысты болуы, оның табиғи байлығымен емес, адамдардың бәсекелік қабілетімен айқындалады».

«Нақты мақсатқа жетуге білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, әр нәрсені ұтымды пайдалану тіршілік қағидасы. Табысты болудың негізі – білім мен  біліктілік, өйткені құндылықтар жүйесінде осыларға бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді».

Бүгінде білімнің адамға берер шынайы нәтижесін молайту үшін, білімнің тәрбиелік құндылығын анағұрлым арттыру керек.

Ұлы бабамыз Әбу Насыр Әл-Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек: тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне апат әкеледі» деген қанатты сөзі дәл қазіргі кезге арналғандай.

Адамгершілік пен имандылыққа, ізгілік пен жақсылыққа, достық пен бауырмалдылыққа деген құштарлық азаматтық сезімнен басталады десек, жастардың жүрегіне азаматтық сезімді ұлтымыздың асыл маржандай әдет-ғұрып, жауһар мәдениетін, қасиетті ұлттық тәрбиесін ұялатып, олардың рухани баюына ерекше көңіл бөліп, ел сенімін ақтайтын саналы ұрпақ болып өсуіне жол сілтеу балабақшадан бастап барлық оқу орындары ұстаздарының басты парызы.

Жоғары оқу орнының өкілі ретінде айтарым: бүгінгі таңда жастарға білім мен тәлім-тәрбие беру жүйесі қалыс қалған экономикалық жүйеге бағытталмаған, керісінше ел дамуының әлеуметтік тиімділік пен экономикалық нәтижелігін жоғарылату әлемдік бәсекелестік ұлттық экономика қуаттылығын арттыруға бағытталуы, дайындалған мамандар, кәсіби құзыретті және қазіргі заманғы технологиялармен жұмыс істеуге қабілетті болуға тиіс.

Өз елімізде ғылымға ерекше көңіл бөлінгені жастар арасына ғылымға деген құлшынысты арттыру, білікті танымал ғалымдарға жасына қарамай қолдау көрсету, отандық ғылым мекемелерді және жоғары оқу орындарын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, олардың арасында тығыз байланыс орнату, ғылыми жобаларға халықаралық сараптамалардың жасалуы күн тәртібіндегі шешімі табылуы керек өзекті мәселелер.

Мемлекетік басқаруда терең талдау мен зерттеу негізінде қабылданған шешімдер мен нақты тапсырмалардың шынайы белгіленген мерзімде орындалуы Ахмет Байтұрсыновтың «Мойындағы борышты білу – білім ісі, оны төлеу – адамшылық іс» дегеніне саяды. Түйіндеп айтсақ, тұлға мен мемлекет жарастығын қамтамасыз ету биліктің негізгі қызметі ғана емес, басты парызы да.

Ұлт жанашыры М.Шоқайдың: «…ұлтты құтқару күресі сыртқы жауды жеңіп, туған жерін азат етумен ғана шектелмейді. Ұлтты көтеру көбіне-көп ішкі реформаларға байланысты болатынында, реформаның қарқыны да ұлттың бойындағы дерт-дербездің қандайлылығына тәуелді. Мемлекетті қасіретке душар еткен дерт-дербезден құтқаруға белін бекем байлаған адам кез-келген кедергіні жеңуі, алға қойған мақсатқа қарай батыл қадамдар жасауы тиіс. Ұлт үшін азаттық пен тәуелсіздіктен артық тағы қандай қасиетті нәрсе болмақ?» – дегені мемлекеттік қызметкерлер мен ұлтжандыларға арналған.

Ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлы: «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» дегеніндей, заман талабына сай қажымас қайсарлы, сапалы білім мен біліктілікті бойына сіңірген, жан-жақты ізгілі, іскерлі бастамашыл Отанның нағыз патриотын қалыптастыру – ең алдымен отбасында әке-шеше, ата-әже, өскен ортасы, білім мен тәлім-тәрбие ошақтарына тікелей байланысты.

Бүгінгі бәсекелі заманның қатаң талаптарына сай әрбір жан өзіне сын көзбен қарап, талғампаздық, іздемпаздық пен ұлт, ұрпақ үшін қызмет жасауы Отан алдындағы борышы десек, артық болмас. Өйткені, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму жолына бағыт алған болашағы баянды елдің өрісі қашан да білікті де сапалы ұрпағымен кеңеймек. Елбасының жастармен кездесуінде: «Жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Қазақстанның болашағы сіздерге – сіздердің білімдеріңізге, күш-жігеріңіз бен патриоттық сезімдеріңізге байланысты. Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі буын – біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз. Ата-бабамыздан қалған дәстүрлер бар. Үлкенге құрмет, кішіге ізет білдірудің, мейірімділік пен адамгершілік қасиеттерін дамытудың маңызы зор» деуі бүгіннен ертеңгі жарқын болашақты меңзейді. Олай болса, жарқын болашаққа сеніммен қарап, жақсы істерді іске асыруға атсалысайық.

Н.Балқияұлы,

М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және

коммуникация академиясының профессоры,

А.Яссауи атындағы қазақ-түрік халықаралық Түркістан университетінің құрметті профессоры, Оңтүстік Қазақстан облысының

және Түркістан қаласының Құрметті азаматы.

Бөлісу: