«Жастар және дін: рухани қажеттілік пе, әлде сән бе?»

2019 жылдың 11 наурызы күні Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасы «Жастар және дін: рухани қажеттілік пе, әлде сән бе?» атты дөңгелек үстел өткізді.
Оқырмандар шарада «Дін қазіргі қоғамда қандай орын алады?», Жастар және дін: рухани қажеттілік пе, әлде сән бе?» тақырыптары бойынша өздерінің пікірлерін ортаға салып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығының теолог маманы Жидебаев Сұлтан Сабырбекұлы оқырмандардың пікірлерін тыңдай отырып, қазіргі қазақ жастарының басқа дінге, басқа секталарға кіруі олардың дін жөнінде білімдерінің жоқтығын, елінің тарихын, дәстүрін жете білмеуінен екендігін айтты. Жалған уағызшылардың шақыруын ойланбай қабылдап, жетегінде кетпей, әрбір іс-әрекеттері мен қадамдарын ақылға салып, оларды қоғамда белгіленген жүріс-тұрыс және адамгершілік нормалары тұрғысынан пайымдау керектігін түсіндірді және жастарды тәрбиелегенде халықтың рухани байлығынан – салт-дәстүрін, тілін, діні мен ділі арқылы имандылық пен сауаттылық қасиеттерді сіңіре білсек,сонда ғана біз ұлттық рухы дамыған, мемлекеттің гүлденуіне өз үлесін қоса алатын азамат өсіре аламыз деп баса айта отыра, оқырмандардың қойған сауалдарына жауап берді.
Мемлекеттің жастарды тәрбиелеуге, тәні сау және рухани бай жастар ортасын қалыптастыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға ерекше көңіл бөлуі өте маңызды. Діннің ең асыл мұраттарын өмірлік ұстанымға айналдыра отырып, заманауи білім алуға және білікті маман болуға ұмтылу – елін сүюдің және оның нағыз патриоты болудың шынайы өлшемі. Шараға қатысқан мектеп мұғалімдері өзіндік тұлға болып қалыптасуда мектеп оқушылары үшін осындай діни сауат ашу шараларының маңызы зор екендігін және жастарға ой салып, кеңес алғандығын айтып, кітапхана қызметкелеріне ризашылықтарын білдірді.
Дәстүрлі Ислам дініміздің құндылықтарын үйренетін «Дін – тәрбиенің рухани тірегі» кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалды.

Кәмила Ідрісова, Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасының бөлім меңгерушісі

Бөлісу: