ЖЕРДІҢ КІНДІГІ ҚАЙДА? ЖЕРҰЙЫҚ ҚАЙДА?

ХІІ ғасырда жасаған қараханидтер әулетінің тіл ғалымы, географы Махмұт Қашқари «Түрік сөздігіне» қыстырма сурет ретінде жердің картасын салғанында, оның кіндігі етіп, өз мемлекетінің қалаларын тізген екен. Ғалым жердің кіндігі ретінде үлкен төртбұрыш терезе жасап, оның өзегіне 5 қаланы орналастырып, 5 қаланың төртеуінде атау жоқ, тек ішінде біреуінде Барысхан деген атау бар. Бұл автордың өзі туған қаласы еді. Осы өзектің астына бір жіңішке терезе ашып, оның ішіне мемлекет астанасы Баласағұнды орналастырған. Төртбұрыш терезенің оңынан тік жіңішке терезе ашып, оған Күша, Баршын, Үш (Ош), Қайнарбасы қалаларын қойып, төртбұрыш терезенің сол жағынан тағы бір тік жіңішке терезе жасап, оған Кіші Талас, Екі Оғыз, Тараз қатарлы 5 қаланы қойған. Осы терезелердің сырт жағының астына Исбиджаб, Қасан, Қозжент, Марғұлан, Қожант, Самарқан, Шашы қатарлы 13 қаланы белгілеген екен. Төртбұрыш терезенің оң жағынан тағы екі кішкентай терез ашып, оған Қышмер (Кашмир) бастатқан 8 өңірді белгілепті. Жайқын өзенін Хорезммен шекара етіпті. Соған қарағанда Жайқыны – Әму. Көрдіңіз бе, ғалым жердің кіндігі ретінде елдің астанасы Баласағұнды атап, тіпті де нағыз жердің кіндігі дегізіп, қақ ортасына өзінің туған қаласы Барысханды қойып жібереді. Махмұт Қашқари үшін жердің кіндігі қалай екені белгілі болды. Оның заманында ғалымға «жердің кіндігі қайсы?» десең тап соны көрсеткелі тұр.

 

1957 жылғы 4 қазанда Байқоңыр ғарыш айлағынан тұңғыш ғарыш зымыраны сәтті ұшырылып, жасанды жер серігін жердің өсіне шығарды. Арада 4 жыл өткенде, 1961 жылдың 12 сәуірінде бұл арадан Юрий Алексеевич Гагарин «Шығыс» ғарыш кемесімен «алғаш рет ғарышқа көтерілген адам» атанды. Содан бастап Сыр бойында «Жер кіндігі – Байқоңыр екен» деген сөз тарай бастады.

Алтай қазақтары «Жердің түбі – Жеменей» деп Сауыр тауын айтады. Өйткені, бұл жерді Асан қайғы «Жердің түбі – Жерұйықтың өзі екен. Алайда, аттың сауырындай кішкентай екен. Бүкіл елім сыймас» деген екен. Бұл жердің тауы жазда жайлау, қыста қыстау болатын, қар апаты болмайтын, жазда көп тасқыны жоқ, мал ерекше семіретін жер болған. Қасиетті Мұзтауы бар. Сауыр тауының күнгейі Қобық ауданының, теріскейі Жеменей ауданы мен Зайсан ауданының жері. Жеменей аумағының атына айналған Жеменей өзені сол ауданда емес, батысындағы Зайсан ауданында.

Қимақ қағанатының астанасы, Дүрмен-Ойрат одағының, Жоңғар хандығының бастапқы үргесі, кейінгі Торғауыт үргесі мен Абақ Керей ордасы да осы Сауырда орналасқан. Қимақ (Кумек, Имек) қағанатының Қаған-Кумек деп аталатын орталығы Ертістің Сауыр жақ шұрайына орын тепкен. Бұл тарихи Жеменей аумағына жататын, әкімшілік тұрғыда қазіргі Қаба ауданына қарасты өңір. ХІV ғасырдағы Дүрмен-Ойрат қаласының жұрты – Қобық қалашығынан оңтүстік-шығысқа қарай 5 шақырым жерде.

Жоңғар қаласының жұрты – Қобық қалашығынан шығысқа қарай 5 шақырым жерде жатыр. 500×500 метрлік квадрат болып салынған қала. Қарасұры қыш кірпіштен қаланған. Құрылысы Тибет стилінде болған. Бұдан тыс, Қобық қалашығының өзіндегі Обаты ғибадатханасын 1640 жылы Жоңғар хандығының негізін қалаған Батыр қоңтәжі салдырған болатын. Қобық өзені осы жерді кесіп өтеді.

Торғауыттар Еділден оралған соң, Солтүстік Торғауыттардың көсемі Үрімжаб салдырған екі қабатты, жер асты үйі бар, жасыл шатырлы, ақ қабырғалы хан сарайы қазір Қобық қалашығында тұр. Абақ Керейдің Көгедай төресінің хан сарайы солтүстікте, Жеменей ауданы жерінде орналасқан.

Демек, осы әулеттер бұл жерді бекерден-бекер таңдамаған ғой. Байырғы бабалар бесік еткен астананы «жердің түбі – жер ұйығы» дейтін ұғым осылай жалғаса береді.

«Жердің сарасы – Жеті Қаба» деген сөз бар. Қаба өңіріндегі 7 Қаба өзенінің болуы ескі Қимақтардың 7 рудан тұрғанын аңғартады. Қимақ сөзі Имек деп те жазылған. Бұл жерлерге байланысты туындаған Көбек, Көбік, Қобық сөздеріне зер салсақ, Қимақ атауының әуелгі түпнұсқасы Хувох болуы ықтимал. Хув (құба, қобы) сөзіне оқ деген тайпалық ұғым қосылып, осы атау туындап тұр деп сенсек, Хув сөзі уақыт өте келе в дыбысының м, б дыбыстарына өзгеруімен, Хумы, Хубы болып дыбысталып, о, ы дыбыстарының а болып әшекейленіп айтылуына сай жаңағы Қаба сөзіне айналады. Бұл тура орыстардың хорошо деп жазып харашо деп айтатынындай. Бізде бүктемелі пышақтың бүкі сөзі ретінде пайда болып, бәкі деп айтылатынындай.

Жеті Қаба делінгенімен, шын мәнінде Қаба деп аталатын өзендердің саны 7-ден асып кетеді. Олар: Нарын-Қаба, Ақ-Қаба, Жаман-Қаба, Нарсын-Қаба, Темірті-Қаба, Тұлымды-Қаба, Ағүлгін Қаба, Қара-Қаба, Арасан-Қаба. Бұл өзендер Қаба, Күршім, Қатон-Қарағай аудандарының жерімен ағады. Қыпшақтармен одақтас Куман атауы да Хубы сөзіне ян деген елдік атау жалғанып, Куман (Құбан) сөзін тудырып отыр. Сауырдың күнгейіндегі Қобық ауданының шығысынан басталатын атақты Құбы (Гоби) құмы, орлалары осы атырапта болған Құба-Қалмақ атауында сол ескі елдің атауы жаңғырады.

Қобы деп қазақ әдетте қуысты, өзеннің жылғасын айтады. В дыбысын қолданатын заманымыздағы түпкі нұсқадағы Хувох сөзі бізде қуық деген сөз ретінде сақталған. Жергілікті торғауыттар Қобық атауын теңбіл бұғы деп,  Сауыр атауын Сайыр деп атап, сәуірік, яғни жылқы деп түсіндіреді. Себебі, Сауыр тауы жылқы мүсіндес деп, Қобық-Сауыр сөзінен Қобық ауданының Қобықсары деген екінші бір аталымы жарыққа шыққан. Хувохты қуық, қуыс, Қобық өзенінің жылғасы деп түсінуден тысқары, оны көк сөзінің хух деген ескі айтылымы деп түсінуге де болады. Қазақ көк деп бозғылт түсті айтқан. Сондықтан, Құба-Қалмақ, Құбан-Қыпшақ атауларының да құбамен, яғни бозғылт түспен тұтасып тұрғанын, Құмықтың да, Қыпшақтың да Шығыс Еуропа жұрттарымен қаны жақын, өңдес, аққұба болғанымен де тоғысатын ұғым. Қазақтың аққуды қу деуі, Нирун Монғолдарының арғы анасын Алан-Гоа (Алан-Құба) атауы, Ертістің бірінші саласы Қу-Ертіс деп алынса, оның жоғары жағындағы Хухту-Хай, яғни ақ көл ұғымынан қазіргі Көктоғай көлінің атауы шығып отыр. Соған қарағанда, құба сөзі ең алғаш хву деген аққуға арналған атаудан пайда болып, кейін әртүрлі бауырлас халықтардың аузында қу, құба, көне деген әртүрлі нұсқамен дыбысталып, түрлене түскен. Қымыз, қымыран сөздерінің басындағы қым сөзі де осы ақ түстен шығып отыр. Көне, көнеру сөзі әдетте, өзінің түсін жоғалтып, ағара бастаған затқа қаратылады.

Сондықтан, Көк-Түрік қағанатының құрылуы осы Сауырдағы, Қабадағы ежелгі Хвх (Көк), кейінгі Қимақ, Қобық, Көбек, Құмық деген сан түрлі атауларға ие халық пен түркі халқының одағынан құрылған мемлекет деуге болады. Көк сөзін шығыс деген сөзбен түсіндіре салу терең пайымдамау. Тұран ұғымымен тамырлас Дүрмен рулары ХІV ғасырда сол Қимақ атауының мұрагерлерінің бірі болған Қалмақ, яғни Ойраттармен одақтасып, жаңа елдіктің іргесін қалаған болатын. Көшпенді қытайлар Қарахан елін басып алған соң, Қарахан елінің атымен қосылып, қара-қытай деп аталуы да осындай біріккен ұғымдарды білдіреді. Көк-Түрік қағанатының дәурені біткеннен кейін құрылған Ұйғыр қағанатының бастапқыда Хұйх, Хұйху деп құрылуы, кейін келе біртіндеп Құйғыр, ақырында Ұйғыр атауын тудырғанына орай, Түрік қағанатын ыдыратушылардың да осылар екенін, олардың Түрік қағанатының тиянағы болған Алтайда тұрғанын ескерсек, Көк-Түрік атауының Хұйх (Көк) рулары мен Түрік руларының бірігуінен пайда болған іргелі мемлекет екені айқындала түседі. Біз оны қашанға дейін қиялымыздан туған «Көк Түрік сөзі Шығыс Түрік деген мағына береді» деген сөзімізбен жүре береміз. Батыс Түрік қағанаты пайда болмай тұрып, ұлан-ғайыр аумақты алып жатқан, не шығысқа, не батысқа жатпайтын алқапты бауырына басқан Көк Түрік қағанатын атауының мәні осы одақтық сипаттан шыққан.

«92 баулы Қыпшақ. Бұлтың (Бөрілі) шежіресі» деген, «Полиграфия» баспа үйінен шыққан, 2009 жылғы шежірелік кітапқа назар аударсақ, «Қыпшақтың ата шежіре кестелерінде» Қыпшақтың Баскөбек, Ақкөбек, Ақкөнек, Байкөбек, Жанкөбек, Жаскөбек, Еркөбек, Алкөбек, Балкөбек, Қаракөбек, Сарыкөбек деген өте көптеген Көбек тамырлары таратылады.

Қазақ қыпшақтары Әліптен туатын Баскөбек, Ақкөбек, Ақкөнек аталарынан тарайды екен деп, қалған Көбектердің тұқым-жұрағаты біздің ішімізде емес. Онда қайда?

Олар Дағыстандағы Қыпшақ саналатын, Қыпшақ генетикасындағы Құмықтардың ішінде. Оларда қазақ тұскиізіне ұқсас ою-өрнекті тұскиіз, өзара жақын тіл жақсы сақталған.

Біз 7 Қаба өзенінің атауына қарап, ежелгі Кумандар 7 рулы ел болған болуы мүмкін деп болжам жасаған едік. Ақ-Қаба, Қара-Қаба атауларымен үйлесетін Ақ-Көбек, Ақ-Көнек, Қара-Көбек тармақтары Қыпшақ шежіресінде жүрсе, Ағүлгін-Қаба өзені атауына үйлесетін Агул тайпасы Дағыстанда бар. Саны 40 мыңнан асады. Лезгин тілінде сөйлейді. Олардың ішіндегі Курак, Долдуг, Гоа диалектілерінің атаулары Қара-Қаба, Тұлымды-Қаба, Құба атауларымен үндеседі. Тұлымды атауына сай, Құмықтардың ішінде Дуло тайпасы бар. Дулоның жері ретінде Долонты, Долоты атаулары туындаса, Тұлымды атауының мәні айқын көрінеді. Өйткені, Қашқарияның Мекіт ауданындағы дулаттар жергілікті халық тілінде доландар деп аталмай ма? Ол жақта 1347 жылдан бастап Дулаттың әмірі Болатшы 16 жыл өз иелігін құрған. Одан кейін іркес-тіркес тағы бес Дулат көсемі әмірлік еткен. Олар: Қамарадин, Құдайдат, Сәнияз, Мұхаммед Қайдар, Әубәкір.

Мекіт ауданындағы Ордакөл осы кісілердің ордасын құрған жері.

Дулаты, Долаты деген жер атаулары дулаттар өмір сүрген тарихи қоныстарда кезігеді. Қытай-қазақ шекара өткелдерінің бірі Дулаты деп аталса, Алтайда Ертістің бойында Долаты қонысы бар.

Құмықтың ұлт атауының өзі сол Көбек, Қобық, Қимақ атауларының заңды жалғасы.

Түріктердің аңыз болған жер кіндігі, жер ұйығы – Оттукан. Ол Түрік қағанатының астанасы. От дегені – орда сөзінің бастапқы нұсқасы. Тукан дегені – Тұқиян, яғни Тұқ империясы деген сөз. Әмір Темірдің Ұлытаудағы тасқа қашалған жазбасында өз елін Тұран деп атау, ІХ~Х ғасырлардағы саманидтер әулеті елін саманян деп атауының бәріндегі ян жалғауы елдік ұғымын білдіріп тұр.

Түрік атауы алғашында Тұқ, Тұйық деген атаулармен аталып, «р» дыбысы кейін келе қосылған. Орыс ғалымдарының Түрік сөзін тұмақ, тақия деп түсіндіретіні, Қытай тарихында Тукуе (突厥) деп жазылатыны содан. Түрік қағанатынан бұрын, Ғұн империясы кезінде оларды Ғұнның ең күшті руы ретінде 屠各 (Туге) деп жазған. Нарынқолдағы Түрік қорымдарының Тұйық аталатыны да сол. Біздің «түп-тұқиян», «түп-төркін» сөздеріміздің бәрі Түрік қағанаты заманына қаратылады. Бір-бірінің арғы тегін тектеуде осы сөз арқылы өздерінің түбі – Түрік екенін білдірген. Оттукан атауы Махмұт Қашқарида Отукан делінсе, қазіргі көптеген әдебиеттерде Отукен делініп жүр. Бұл орда қазақтар ішінде аса жоғары бағаланған. Қазақта бұл тарихи ордамыз кісі есімі ретінде Өтеген деген атпен көп ғасырлар бойы атын өшірмей, жалғасын тауып келді. Уақыт өте келе, Тұқ сөзінің Түрік сөзіне, Тұқиян сөзінің Тұрқиян (Тұран, Тұрғын) сөзіне ауысуына байланысты енді түркілер жанға жайлы, көркем, тау қойнауындағы жерлерге Түрген, Дүрген деп ат қоя бастаған. Бұл олардың Отукен сияқты ерекше жер деген ескілікті сезімін білдіреді. Түріктің бастапқы атауы негізінде Тоқа деп аталатын рулар тобы пайда болып, көптеген ұлыстарымыздың құрамында жүр.

Орда сөзінің өзі орта деген мағына беретіндіктен, көне халықтарда жердің түбін, жердің кіндігін белгілеуде өз елінің ортасын (ордасын) көрсететіні де содан екен. Ордаға жайдан-жай жер таңдалмайды. Ордаға көркем көрінісінен көрі адамның денсаулығы мен малын өсіруге ең жайлы, апаттан аулақ, қысы жайлы жер таңдалады.

Асан қайғы айтқан жерұйық қайда? Асан қайғы Сібір мен Арқаны, Ферғананы, Еділ-Жайықты қанша кезсе де, неге бұл аймақтардан ол жерді таба алмады? Асан қайғыны ескі заманның ел қамын жеген географы деуге болады. Әрбір жердің қасиетін, адамдарға оң-теріс әсерін талдап береді.

Асан қайғы бабамыз өзіне дейінгі бабаларымыз өліп-өшіп айтқан, қақаған қысы болмайтын, жанға жайлы, мол өнім алуға болатын қасиетті жерді іздеуге бел буады. Асан қайғы «кішкентай жерұйық» деп атаған Сауыр тауының күнгейіндегі Қостолағай (қос төбе. Қалмақша: толға – төбе) қалашығында тас дәуірінің тұрағы табылған шөгеріліп жатқан желмаяның пішініндегі мүсін тас бар. Асан қайғының желмаямен жер ұйық іздеуі де осы жерұйықтағы желмая мүсінінің Асан қайғының дәуіріне дейін аңыз болып жеткен дерегіне байланысты болса керек. Асан қайғы жерұйықты іздеу барысында қалай да желмая тасы бар қоныс іздеген. Желмая тасы бар жерлердің табиғаты шынымен малға, жанға жайлы болса аңыздағы жерұйықты тапқаным деп сезінген.

Бұл жер көне Шумер өркениетінің алтын бесігі болған, шумер тілінде унуг деп айтылған, 5 мың жыл бұрынғы құрметті қала. Шумерлерді ғылымда Месопотамиялық сақтар деп, оларды Орта Азия тарапынан келген деп. Шумерлер өз заманында қараша халықты сағиға (саггигга, сақа) деп аталған. Сыр мен Әму арасында өркениет ошағын құрған ежелгі Қаңға (Қаңлы) таңбасы мен Шумер таңбасы өзара ұқсас. Осыдан-ақ Ұйық аңызын алғаш таратушылардың қаңлылар екені бесенеден белгілі. Унуг аңыз түрінде Ұйық болып жетсе, Аккадша дыбысталған Урук атауымен, Арамей тіліндегі Эрех атауымен Түркілер арасында Орақ деген кісі есімі ретінде танымал болды. Елден ерек, ерекше деген сөзіміздің ең арғы шығу тектері де айқындалды. Еуропаға басып кірген ғұндардың 430~435 жылдардағы бір шанюйы да Орақ (Ruga) атанған. Урук қаласы тұрған өңірді бүгінгі арабтар Эль-Урка деседі. Еуропалық ғұндардың көсемі Rugaмен тізе қоса жауға қарсы күрескен батыр Маңдай (Moundiou) деп аталса, Ноғайлы (Алтын Орда) кезеңінде осыған жалғас Орақ-Мамай деген қос көсемнің аты әйгілі болды. Мамай 1371~1380 жылдары Алтын Ордаға билік жүргізген.

Қазақтардың ішінде Орақ деген атпен рулар да қалыптасып кеткен. Төлеңгіттер Орақ деп ұрандайды.

Қалмақтар ордаларын үрге деседі. Мұның бәрі ұйық сөзінен. Ежелгі шумерлік Унуг қаласы Урук деп те аталғанын атап өткенбіз. Урук қаласынан табылған археологиялық мұраларда олардың шошақ бөрік кигені айқын көрінеді. Мұндай бас киім Арабияның жергілікті халқының киімі емес.

Ең қызығы, Дүрмен-Ойрат одағы үрге (ұйық) еткен жер Жеменей өзені ағатын «Жердің түбі – Жеменей» тұрған Сауыр тауы болса, Жоңғардың алғашқы үргесі де осында болған. Арғы Қимақ қағанатының үргесі де сол. Соған қарағанда, қалмақ атауы сол қағанат тұрған Қобық жері атауының заңды жалғасы болса керек. Қала тұрған жер Қобық өңірі делінсе, Қобыланды Қимақпен алысқанда оларды Көбікті деседі, кейін Қыпшақтың ішінде Ақ-Көбек, Қара-Көбек, Ал-Көбек бастаған 11 рудың пайда болғанын жоғарыда атап көрсеттік. Торғауыттар Еділден көшіп келіп, осы жерді тағы үрге етсе, Абақ Керей ордасы да осы төңірекке жақын орналасқан. «Жердің түбі – Жеменей» атауының ары жағы қайда жатыр? Шумерге барып бір-ақ ұласады екен.

Урук қаласының армей тілінде Эрех деп аталғанындай, осы Сауыр тауының батыс жүлгесінде Орқы-Жар (Орқашар) сілемі басталады. Оның оңтүстігінде Орқы керіштері орналасқан.

Шумердің өзіндік атауы Ki-en-gi (Ki-en-gir), яғни Кіенгі, Кіенгір. VII~VIII ғасырлардағы Каңгар одағының астанасы Самарқан болса, одақ құрылған Ұлытауда осыған байланысты Қара-Кеңгір, Сары-Кеңгір, Жезді-Кеңгір өзендерінің атауы пайда болған. Каңғар одағының негізін қалаушылар – Қаңлы тайпасы біздің заманымыздан бұрынғы 5 ғасырдан, заманымыздың 4 ғасырына дейін Қытай тарихында Каңгу (康居) деп таңбаланып келген болатын. Қаңлы сөзі Канглі, яғни Канг елі дегеннен келіп шыққан. Сахалардың құрамында беделді Кангалас руы бар. Шумер таңбасы мен көне қаңлы елінің таңбасының өзара ұқсас екенін жоғарыда сөз арасына келтіргенбіз. Түрікменстанда Әмудің Сарықамыс атырабында Қаңға-Қала бар. Ол заманымызға дейінгі 5 ғасырда пайда болыпты. Ташкенттің Аққорған ауданында да Қаңға деген қаланың ескі жұрты бар. Ол заманымызға дейінгі 3 ғасырда қаланған қала екен.

Қаңғыл (өзбектердің дыбыстауында Хонгул) деп аталатын ежелгі Қаңлы бұғысы, қазіргі уақытта Бұхара бұғысы немесе тоғай бұғысы деп аталатын бұғы түрі бұрын Әму мен Сырдың, Арал теңізінің тоғайларына көптеп таралған екен. Үздіксіз ауланудың барысында Сыр мен Арал тоғайларындағы бұғы-маралдар жойылып, Өзбекстан жерінде Сары Раушан өзенінің Әмуге жақын бойында, Тәжікстанда Әмудың басында, Түрікменстанда Сары Раушан өзенінің Әмуге құйғаннан кейінгі жағалауларында қалған. Бұл бұғы түрінің ең көбірек сақталған жері Бұхара облысының төңірегі болғандықтан, ақыры бұл бұғы ғылымда Бұхара бұғысы аталып кете берді.

 

Енді, Шумер өркениетін жасағандар осы ең ескі қаңлылар болса, Уруктың Шумерше Унуг деп аталғанын ескерсек, оны үңгу, үңірею деген және ұйық, ойық деген қуысты білдіретін мағынасын ашсақ, енді жерұйық деп сипатталған Сауыр тауынан шыққан Қобық, Көбік, Көбек, Құмық, Қуық атауларының бәрінде осы қуыс ұғымы жасырынып жатқанын мақаланың жоғары буынында атап көрсеткенбіз. Бұл Шумердің өзіндік Кіенг атауымен де табысады. Қаңлы мен Шумер таңбасы – күнтаңба. Қазақ шежіресі қаңлыдан бұрын Қоғам деген ел болған, Қаңлы мен Қатаған содан тарайды дейді. Қоғам атауынан қалған тау бүгінгі күні Өгем деп айтылса, Асқар Сүлейменовтың шығармасында ол Көгем деп айтылады. Осыдан Унгу сөзінің әуелгі нұсқасы Кунуг немесе Хунуг екені айқындалады. Ең байырғы сздердің көбінде х қосымшасы болып, уақыт өте келе, түсіп қалып отырған. Мысалы, көр сөзінен ор сөзінің, қан (қытайша қызыл түс хұң делінеді) сөзінен өң (қызыл шырайлы адам өңді адам делінеді) сөзінің келіп шыққанындай.

Осыдан кейін, ең алғашқы тұжырымдар тіпті де дұрысталып, оқ деген тайпалық қосымшаның осы ежелгі қаңлының күн сипатты Хун (Хув) сөзіне жалғануынан Қобық, Көбек, Құмық атауларының бұрқырап таралғанына көз жеткіземіз.

Сондықтан, бұдан мынадай қорытынды шығады. Басты қорытынды, Шумер өркениетін жасаған Орта Азиядан барған сақтардың жаулаушы көсемінің туған жері осы Сауыр тауында болып, ұйық (ұрық, үрге) атауын ала барып, сол жерден жаңа қала соқтырған. Ұйық аңызы Месопотамиялық табиғатпен қосылып, тіпті жанданған. Қиыр шығыстағы Якутиядағы сахалардың Алтайдан кеткені, олардың шошақ Сақ бөркін киетіні, Түркі тілдестігі, Месопотамиялық сақтардың сағиға деп аталатыны, осы ұйықтың тұрған орны өзара тамырласып жатыр. Екінші кезеңде, Ұйық аңызы сол Шумердің өзінде пайда болып, кейінгі Сауыр тауының ұйық атануы, үнемі астана болуы сол қасиетті аңыздың елден-елге, желден-желге көшуінен. Шығыс Қазақстан облысындағы, яғни Алтай құшағынан есіле аққан Кіші Үбі, Үлбі, Кіші Оба, Ақшаңғыл Оба, Кіші Үлбі, Қара Үбі, Ақ Үбі өзендерінің бәрінің түбінде Үбі (Убу) сөзі жатыр. Мұндай атаудан Алтайдың шығыс теріскейіндегі Батыс Моңғолия да қалыс емес. Ол жерде Үбі көлі бар. Увус аймағы соны төңіректеп құрылған. Алтайдың оң жақ артында киелі өркениет ұйықтаған Ене сай (Ене суы) бірде үнсіз, бірде ашық дыбыспен ағып жатыр. Қаңлы қаны әлемге сол жерден тараған. Бүкіл Латын Америкасының қаны қаңлы тегімен ұқсас болып, олардың пайда болған ұйығы болған Ене суын жергілікті қауымдарының кейбірі әлі Хем деп атайды. Біз талқылаған Қобық өңірі неге Асан қайғының көзқарасымен «кішкентай Жерұйық» саналды. Өйткені, Жерұйықтың күре тамыры осы Хем суынан – Ене сайдан басталады екен. Нағыз Ұйықтың төресі, неше мың жылдан бері Алтайдан ақырып шыққан халықтардың патшалары жерленетін Алтайдың теріскей бетіндегі бүгінгі Таулы Алтай, Алтай республикасының жерлері еді. Жерұйықтың анасы Алтайдағы Ұлаған жотасы жақтағы Укук деп аталатын Укук ханшайымы табылған жер. Ол жердің бір жағында аппақ пышақтай болып шаншылып үшкіл шыңдар күзетіп тұрса, Укуктың өзі тегіс, жатаған үстірт болып саналады. Ол иық һам биік деген мағына береді, яки адамның иығындай тегіс әрі орны биік. Шумердің жүрегі болған Унук пен осы Укуктың қан тамырының қалай жалғасып жатқанын көрдіңіз бе?…

 

 

Мүбәрак КӨКБӨРІ, ақын

 

ФОто интернеттен алынды.

Бөлісу: