Аңдатпа. Бұл мақалада Шығыс Қазақстан облыстық этнографиялық музей-қорықтың қор топтамалары туралы мәліметтер беріледі. Облыстық этнографиялық музей-қорықтың қор топтамасының заманауи бөлімімен таныстырылады және  қазіргі шеберлер осы қолөнерді жалғастырып жүргендігі жайлы айтылады. Сазбалшықтан мүсіндер жасайтын шеберлер және дәстүрлі қолөнер қыш ыдыстардан бастау алған, бүгінде дамып сәнді қолөнерге айналған кәдесыйлық мүсіндер туралы баяндалады. Мақалада облыс шеберлерінің туындыларының жасалу  әдістерінің ерекшеліктері мен бұйымдардың сипаттамалары берілген. Музей-қорық қорында қанша бұйым сақтаулы екендігінен мәліметтер келтіріледі.

 

Орта ғасырларда керамикаға деген сұраныс Ұлы Жібек жолындағы қалалардың дамуына байланысты өсіп отырған. Сонымен қатар әлемнің әр түкпіріндегі керамикалардың бәріне ортақ белгілердің болу себебі – функционалдық талаптың жан-жақтылығы. Күнделікті тұрмыста қолдануда нақтылы қажеттілікке сай бұйым керек болғанда дүниенің әр түкпірінде тұратын адамдар бір-біріне байланыссыз бір үлгідегі бұйымдарды өндіріп отырған. Бұл қолөнер – формалары әртүрлі болғанымен сыртқы безендіру өрнектері әр аймақтың өзіне тән белгілерімен ерекшеленеді. Қазақстандағы Ыстықкөл қорғандарындағы қазбаларға қарағанда қола дәуірден гөрі одан ерте дәуірдегі көшпенділер керамика бұйымдарын кеңінен пайдаланған.

Орта ғасырдың соңғы кезінде, әсіресе ХХ ғасырдың басында Қазақстанда керамика өнері мүлдем жоғалып кетті. Бұрынғы өндіріс орындарының осылай құрып кетуіне ХХ ғасырға дейін екі жүз жылға созылған елдегі жалпы дағдарыс, мәдени дамудағы тоқырау себеп болды.

Кеңес Одағы кезеңінде керамика өндірісі мемлекеттік деңгейде қолға алынды, алайда, жергілікті керамика өндірісінің дәстүрлі стильдік белгілерін жаңғырту Қазақстан дербестік алған уақыттан басталды. Төлтума дәстүрді жаңғырту үшін алдымен қолда бар археологиялық қазбаларды жіті зерттеу қажеттілігі туындады.

Қазіргі уақыт талабына сай тұрмыстық керамика бұйымдарын, Қытайдың фарфор-фаянс тауарларын кеңейтуге байланысты сұранысы төмендегеніне қарамастан, жергілікті керамика зауыттары өндіріп шығаруды тоқтатқан емес. Қазақ қолөнерінің барлық түрлері сияқты, керамика да көркем ойдың жеткізудің бірден бір құралы ретінде шеберлерді қызықтырады Р.А. Бобровская, С.Г. Лыкова, Хабарова Н.Ю. сияқты Өскемен қаласының сәндік-қолданбалы өнер шеберлері көркем туынды жасауда материалдың біршама өзгешелігін тиімді пайдаланады.

Керамикалық бұйымдарды өндірістік процесі бірнеше кезеңнен тұрады – шикізатты дайындау, бұйымдарды қалыптау, күйдіру, шынылау және безендіру (кесу). Сазбалшықты дайындау, ол қоспалардан тазарту, ұнтақтау, електен өткізу, кептіру және т.б. жұмыстарды талап етеді. Сондай ақ сазбалшықты белгілі бір пропорцияда араластырудан және біртекті сұйық керамикалық массаға айналғанша қоспаны сумен араластырудан тұрады. Сонымен қатар електен өткізіп, темір қоспаларынан тазартып, қамырды сусыздандырып қалыптастырады.

Содан кейін ғана қалыптау процесі басталады. Бұйымдарды қалыпқа келтірудің бірнеше тәсілдері бар – еркін үлгілеу, құмыра дөңгелегін қалыптау, қалыпқа қолмен басып шығару, пластикті қалыптау, шаблон дайындау немесе роликті пайдаланып айналмалы гипс қалпында пластикті қалыптау [Бардина,1990 б142-145].

Қолмен мүсіндеу гипс қалыптары арқылы жасалады. Пішіндер ашық немесе алынбалы-салынбалы болып келеді. Жалпақ бұйымдарды қалыптау үшін, көлемді пішіндегі қалыпты қолданады. Дайын үлгілерді немесе айналмалы роликті қолданады. Келесі әдіс бойынша – екі бөлікке ашылатын пішінді орнатып, сазбалшықтың бір кесегі дайындалған өнімнің көлеміне сәйкес ішкі қуысына салынады. Қалыптың ішкі жағына сазбалшық біркелкі болып қуысына керек үлгі түсіріледі, содан кейін оны көтеріп, қалыптан шығарады. Қалыптау машинасынан алынып, кептіріледі, бірақ одан әрі өңдеу жалғасаса береді. Қалыптағаннан кейін өнімдер ауада кептіріледі және күйдіріледі, күйдіру әдетте, екі рет 700-13800С температурада жүргізіледі. Алғашқы күйдіру кезінде сынықтар күйдіріледі, кейін өнімнің бетіне глазурь қабаты жағылады. Глазурь дегеніміз-керамикалық бұйымның бетіндегі шыны тәрізді жабынды, күйдірілгеннен кейін глазурь жылтыр материал қоспасын береді.

Дайын пішіндегі бірегей кескіндемені қылқаламмен бояй отырып, сәндік-қолданбалы өнер туындысын жасайды,  мұндайда формаларға ақ түсті қолданады. Суық бояу — күйдірілмеген, майлы бояулары бар керамикалық бұйымдар, олар түрлі-түсті және ашық түсті болады. Өңдеуіне қарай керамикалық бұйымдар жылтыратылған және глазурленбеген, ангоб, бедерлі, өрнекті, кескіндемелі, суық бояу түрі және т.б. болады. Ангоб — сұйық саздан жасалған материал, ол тегіс бетті алу үшін қатты немесе ішінара – күйдірілгенге дейін өнімнің бетіне жағылады.

Қазақстан республикасының аумағында қыш ыдыстардың ертеде болғанын б.з.б. I-II мыңжылдықтардағы жартастағы суреттер дәлелдейді. Тас пен керамикадан жасалған мүсіндер барлық жерде дерлік белгілі, ол VII-VIII ғасырларда белсенді тараған. Ортағасырлық Отырар мен Тараз қалаларының қазбалары кезінде табылған; тұрмыстық ыдыстар, дастархандар, құмыралар, әртүрлі қақпақтар, қыш ыдыстар. Ортағасырлық қолөнершілердің терракота бұйымдары қалыптау әдісімен әшекейленді, әшекейлеуде маркалар жиі пайдаланылды. Терракота – бастапқы күйдіруден кейін өзіне тән қызыл-қоңыр немесе сарғыш-қоңыр түске ие болатын глазурьсіз керамика, темір саздан жасалған бұйымдар.

Балшықтан жасалған ойыншықтың немесе кәдесыйдың тамыры ерте кезге барады, оларды археологтар қыш ыдыстармен бірге қазба жұмыстары кезінде тапқан. Олар балаларға арналған негізгі жұмыстан демалып, үй жағдайында ойыншықтарды мүсіндеді. Кейінірек олар жәрмеңкелерде сату үшін жасала бастады. Бұл кәсіппен бүкіл отбасылар айналыса бастады. Адамдар мүсіндеу мен күйдірудің негізгі дағдыларын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізді. Осыдан келе әр шебердің өзіндік стилі, бұйымдарды мүсіндеу және безендіру тәсілі дамыды. Көркем керамикалық бұйымдар – бұл минералды қоспалары бар күйдірілген саздан жасалған бұйымдар – фарфор, фаянс, майолик (глазурь және бояумен өңделген балшық түрі) және керамика.

Керамикадан жасалған көркем бұйымдар құрғақ жабық бөлмеде сақталуы керек. Күн сәулесінің тікелей әсеріне жол берілмейді. Бұйымдарды қабылдау, орналастыру және босату кезінде ерекше сақ болу керек, өйткені бұл нәзік және оңай тасымалданатын тауар. Сақтау кезінде керамикадан жасалған үлкен бұйымдарды төменгі сөрелерге, орташа және кіші бұйымдарды жоғарғы сөрелерге қою керек.

Керамика дәстүрлерін өз заманында Алматы көркем керамика тәжірибе зауытының шеберлері мен суретшілері осы қолөнерді жалғастырған болатын. Олар заманауи тұрмыстық және сәндік бұйымдарды сазбалшықтан жасап кеңінен өрбіткен [Бардина,1990 б:165]. Керамикалық бұйымдар ангоб және глазурьмен безендірілген, дымқыл сазға ою, сырғытпамен (сұйық саз) сызу әдісі тән болған. Сырғымалы сурет эмальмен қапталған бұйымдарда сәтті болады. Күйдіруден кейін эмаль рельефтің бетінде жеңілірек, ал ойықтарда тығызырақ болып көрінеді, бұл түстер ерекшелігін үйлестіреді. Әртүрлі безендіру әдістері керамикалық бұйымдарға көркемдік, сәндік береді.

Қазақтың керамикалық бұйымдары түр-түсінің өзіндік ерекшелігімен, әсемдік бояу дақтары, фоны, ұлттық ою-өрнектерімен ерекшеленіп тұрады.  Қазақстанның керамика жасаушылары негізінен утилитарлық бұйымдарды жасайды, ол құмыра, ыдыс-аяқ, тәрелке, кәмпит, қант салғыш, тостаған, шәйнек, түрлі жиынтықтар – шай, кофе, палау жиынтықтарын және басқа да әртүрлі пішіндегі бұйымдарды шығарады.

XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Шығыс Қазақстан ауылдарындағы шаруалар сазбалшықтан ыдыс-аяқ жасаумен айналысты. Ауыл шаруашылығы өнімдері үшін көп мөлшерде ыдыс-аяқ қажет болды. Кеңестік кезеңде осындай өндірістердің кеңінен ашылуына түрткі болды.

Шығыс Қазақстанның облыстық орталығы – Өскемен қаласы да ерекшелік болған жоқ. Мұнда ол құрылыс материалдары комбинаты негізінде жұмыс істеді. 1976 жылы кәсіпорынның сол кездегі директоры В.В. Соколовтың бастамасымен оның құрылымында Харьков өнер және өнеркәсіп институтының түлегі, кәсіби суретші В.Б. Самойлов басқарған көркем керамика зертханасы құрылды. Зертхананың бірінші жылында жергілікті және ішінара әкелінген шикізат негізінде шеберлер отқа төзімді саздың құрамын шығарды, ол болашақ керамикалық цехтың өнімдері үшін негізгі материал болған еді. Сонымен қатар, бұйымдарды безендіру үшін қолданылатын глазурьді таңдады. Нәтижесінде керамикалық өнімдердің бірқатар үлгілері жасалды.

1979 жылы көркем керамика шығаратын цех ашылды, оның басты суретшісі жоғарыда айтып өткен В.Б. Самойлов болды. Цех ұжымының негізін көркемөнерпаздар құрады, олар өздерінің еңбекқорлығының арқасында керамикалық өндіріс дағдыларын игере алды. Бастапқыда тек 10 адам жұмыс істеді, содан кейін қызметкерлер саны 40-қа дейін өсті.

Алғашқы бұйымдар олимпиадалық аюлар, вазалар және күл салғыштар болды. Цехтың өнімі Өскемен қаласының сауда нүктелеріне, сондай-ақ жақын маңдағы елді мекендерге, оның ішінде Семей (қазіргі Абай), Риддер, Шемонаиха, Талдықорған сияқты қалаларға жөнелтілді. Оның қызметкерлері әр түрлі облыстық жәрмеңкелерге, сәндік-қолданбалы өнер көрмелеріне үнемі қатысып, халықтың назарына өнімдерді көрсетіп отырды. Оған кіретін заттар 1985-1999 жылдары шығарылды және музей қорына кәсіпорын қоймасынан арнайы берілді. Олардың жалпы саны жүз данадан асады. Негізінен интерьер және тұрмыстық керамика: вазалар, салат ыдыстары, кәстрөлдер, графиндер, кофе мен шай жиынтықтары және т.б.

Бүгін дәстүрлі қолөнер жаңғыртыла бастады, осы қайырлы іске көбіне себепкер болып отырған кәсіби және әуесқой шеберлер. Облыстың сәндік-қолданбалы өнер шеберлері дәстүрмен ұштастырылған заманауи бағытта керамикалық кәдесыйларды жасап жүр, оның жасалу ерекшелігі мен үлгісі айтарлықтай.

Осы қолөнерді жылдар бойы дамытып дәріптеп келе жатқан Өскемендік шеберлер, сазбалшықтан кез-келген кәдесыйлық заттарды жасап көрмелерде, жәрмеңкелерде ұсынып келеді. Сондай ақ жасөспірімдерге, балаларға шағын мүсіндерді жасауды үйретіп, қолөнердің жалғасуына үлес қосып келеді. Мысалы Владыкина Т.Н.  сәндік-қолданбалы өнер шебері ұлттық нақышта киіз үй, қазақтың ұлттық киіміндегі ата мен апа, ұл-қыздарды және т.б. мүсіндерді жасайды. Мақалада айтылатын заманауи кәдесыйлардың барлығы қолмен мүсіндеу, күйдіру, кептіру артынша гуашь бояумен айшықты сурет салу, лажымен көмкеру әдістері арқылы жасалған. Барлық мүсіндердің іші қуыс болады, және көлемі жағынан 10-20 см. Облыстық этнографиялық музей-қорық қорында сазбалшықтан жасалған заманауи кәдесыйлар, шағын мүсіндер саны 200-ден астамы сақтаулы. Солардың тек бірнешеуінің сипаттамасы мен авторлары туралы айтып өтпекпін.

Қордағы қызықты алғашқы кәдесый – «Күркетауықтар» (сурет 1,2;) Нв 5-5212, Нв 5-5213. Балшық, гуашь, лажы. Қолмен мүсіндеу, күйдіру, бояу. Стильденген шағын мүсін,  көлемді, іші қуыс. Тіктұрған, бастары сәл шалқайған, аяқтары жалпақ алдыға қарай шығып тұр сары және қызыл түске боялған. Қауырсыны біреуінде жасыл, екіншісінде сары түсті. Негізгі түсі ақ. Басы, желкені (тұмсықтан төмен) қызыл түске боялған. Бұл жерде шебер өте ашық әдемі түстерді қолдану арқылы мүсіннің тартымдылығы мен жасалу әдісі қызығушылық тудырады, авторы Р.А. Бобровская. Сәндік-қолданбалы өнер шебері, керамикалық цехта және құрылыс материалдары комбинатында жұмыс істеді. 1992 жылы Мәскеу индустриалды техникумын «керамика технологы» мамандығы бойынша бітірді. ПТШ-2-де «сәндік-қолданбалы өнер» бөлімінде көркем керамика пәнінің оқытушысы болып жұмыс істеді. Содан кейін Қ. Нұрғалиев атындағы колледждің «интерьер дизайны» бөлімінің оқытушысы болып, зейнеткерлікке шақты. Раиса Анатольевна сәндік-қолданбалы өнердің бірнеше түрлерін меңгерген.

Ол балшықтан мүсіндер жасап, ағашқа айшықты сурет салу, әйелге арналған әшекейлік заттар тоқиды. Сонымен қатар бірқатар қолөнер тренингтерінің қатысушысы (біз кесте, киіз басу, ағаш ою). Раиса Анатольевнаның басты бұйымдарының бірі, ол әртүрлі кезең мен мемлекеттердің 11 дана миниатюралық ғимараттары. Керамикадан жасалған бұйымдары жылдар бойы музей-қорық саябағын, атап айтқанда гүлзарды безендіріп тұрды. Сондай ақ музей қорында айшықты ою-өрнекпен әсемделген бұйымдар, керамика мен ағаштан жасалған кәдесыйлары да сақтаулы, бұйымдарының жалпы саны 70-ке жуық. Шебер жылдар бойы музей-қорықпен ынтымақтастықпен жұмыс жасап келеді және ШҚО қолөнершілер ресурстық орталығы активінің құрамына кіреді. 2013 жылдан бастап Қазақстан Республикасының қолөнершілер одағының мүшесі.

Осы стильде жасалған келесі кәдесый ол «Атта отырған қыз» КП 59-32453 және «Атта отырған ерадам» КП 32-455 (сурет 2,2;). Көлемді, іші қуыс. Аяқтарын аттың оң жағына салбыратып отыр. Жасыл түсті жалпақ тіреуіште ат төрт аяқта тұр, тұяқтары қара түспен көрсетілген, үстінде ертоқым мен мата стильді түрде бейнеленген. Мойны, көзі және құлақтары үлкен көлемді ақ түске боялған. Қылы үлбірден қара-қоңыр түсті. Қыздың көйлегі жасыл, сыртында қара күртеше, аяғы қара түсті. Шашы тоқыма қара жіптен, ұзын екі жаққа өрілген. Басы сопақ, басында жасыл бөрік, шеті  қою көк түсті үлбірден. Көзі үлкен қара, ерні қызыл көлемді.

Екінші кәдесыйдың айырмашылығы киген киімінде. Ер адам, басы сопақ көлемді, басында күрең қызыл бөрік, шетінде көгілдір үлбірі бар. Үстінде күрең қызыл шапан, қызыл жолақты белдігімен. Шалбары сұр, етігі қара түсті. Екі кәдесыйда — аттың үстінде жайғасып бір көріністі қызықтап отырғандай бейнені көруге болады, бастары сәл бұрынқы. Аттары да көңілді тұрғандай. Осындай кәдесыйларды көбінде шет елдерден келген келушілер арнайы естелік үшін алып жатады.

Шебердің тағы бір қызықты бұйымы – «Қаз ұстаған апа» композициясы (сурет 3,1;) КП 32-24982, 2003 жылы жасалған, өлшемі: 9 см. Мүсін көлемді, іші қуыс. Тіктұрған, оң қолы шынтаққа бүгіліп мықынға қойылған, сол қолы үлкен. Қаз себетте отыр, басы артқа лақтырылған. XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы Рудный Алтай тұрғынының костюміне ұқсас киімде. Қою жасыл күртеше, ұзын қызғылт белдемше, басында көк түсті орамал. Қаз үлкен, ақ мойынды, қызыл тұмсықты. Бұл кәдесый барлық жолыққан адамдарға қаз сатып алыңдар деп ұсынып тұрғандай көрініс береді. Сондай ақ бір-бірін қимай келе жатқан көріністі де байқауға болады, бір сөзбен айтсам өте  қызықты композиция. Осы үш кәдесыйдың авторы Лыкова С.Г., суретші, сәндік-қолданбалы өнер шебері. Светлана Геннадьевна «Балалар көркемсурет» мектебін бітіріп, №8 училищеге оқуға түсті. «Сылақшы-суретші» мамандығын алды. Оқуды бітіргеннен кейін «Оютас» көркем бұйымдар зауытында суретші болып жұмыс істеді. Шебер мұнда құю, өңдеу техникасында түрлі кәдесыйлар жасаумен айналысты. 1998 жылдан бастап кескіндемемен айналысады, бірақ әрдайым мүсіндеуді жақсы көрген. 2001 жылдан бастап облыстық этнографиялық музей-қорықпен ынтымақта жұмыс жасай бастады. Сол жылы алғаш рет сәндік-қолданбалы өнер көрмесіне қатысты. Содан бастап жыл сайын көктемгі көрмелерге ұсынған кәдесыйларын музей-қорық қорына сыйға беріп отырды. Шебердің 100-ге жуық кәдесыйлық бұйымдары қорда сақтаулы. Сондай-ақ, шебердің бұйымдары 2003-2006 жылдар аралығында жасалған. «Шығыс Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнері» атты экспозициясында «Шалқан», «Хаврошечка», «Көктем» композициялары көрменің көркін келтіріп тұр. Сонымен қатар шебер соңғы жылдары жүннен жұмсақ ойыншықтар, жануарлар түрлерін жасап жүр.

        «Гүл ұстаған ханым» кәдесыйы (сурет 4,2;) КП 21-966. Ұзын бойлы әдемі көйлектегі гүл ұстаған ханым. Басы домалақ кішкентайлау, басында «кокошник» бас киімі бар, шашы қара қысқа. Қызғылт күртеше жағасы жалпақ жайқалып тұр. Белдемшесі трапеция тәріздес, ұзын. Алдында шеті иректелген алжапқыш. Қолында қызыл толқынды арнайы жеңі бар, екі қолы бүгілген сары түсті қолғап киген, қолында жасыл жапырақты қызыл гүл бар. Шебер бұл жерде ертеде пайда болған дәстүрлі қолөнер түріне ұқсастырып жасаған.

Дымково ойыншығы – орыс халық өнерінің танымал түрі. Ол керамика бұйымдары арасында ерекше орын алады. Бұл халықтық балық аулайтын Дымково ауылында пайда болды. Жергілікті тұрғын – шеберлер қыс бойы өздерінің қарапайым ойыншық мүсіндерін жасап көктемгі мерекеге орай жәрмеңкелер ұйымдастырды, көрнекті қылып көрсете білді. Дымково ойыншықтарының өнерін қайта қалпына келтіру ХХ ғасырдың 30-жылдарына жатады. Мүсіндерді өндіруге арналған шикізат жергілікті, еленген құммен араласқан қызыл саз болды. Ойыншықтарды жасау процесі өте қарапайым, алдымен сазды қамырдан денесі мүсінделеді, содан кейін муфельді электр пештерінде күйдіріледі. Күйдірілгеннен кейін ойыншықтар ақ түске боялып, оларға ашық жарқын түстермен сурет салады. Негізгі өрнегі — дақ, шеңбер, зигзаг, жолақ және қарапайым геометриялық ою-өрнек.  Көбінесе ашық түстердің қарама-қарсы қызыл, сары, көк, жасылдарға ауысулары байқалады.

Автор Коровина О.В., 1982 жылы Өскемен қаласындағы «Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан Техникалық Университетінің» «сәулет» бөлімін бітірді. Кейін СПТУ-2 сәндік-қолданбалы өнер бөлімінде оқытушы болып жұмыс істеді. Басты жұмысы жібек матаға сурет салады (батик). Орыстың дәстүрлі Дымково ойыншық стилінде сәндік мүсін жасайды. Сол мүсін 1996 жылы музей көрмесінде ұсынылды. Автор жасаған бұйымын музей қорына сыйға тартты.

Қорытындылай келе заманауи кәдесыйларды дәстүрлі қолөнермен ұштастырған шеберлердің заттары, олардың еңбегі мен таланты бағалы және дәстүрлі қолөнердің маңызды бөлшегі болып қала бермек.

 

 

 

ӘДЕБИЕТ

Бейнелі альбом. Көне дәстүрлерді қайта жаңғырту. Алматы, 2010. 76-77б.

Бардина Р.А. Изделия народных художественных промыслов и сувениры. Москва, 1990. 142-165 б.

 

 

 

Жадыра Рахатова,

Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және

табиғи-ландшафттық музей-қорығы

 

 

Бөлісу: