Қазағым қазанға ет салғанда алдымен «Біссіміллә» деп, алдымен кәрі жіліктен бастап салады. Себебі кәрі жілік еттің бәрін ұстап тұратын қасиетке ие. Оны бөліп, құда табаққа салмайды. Қонаққа, бөтен жат адамға емес, керісінше, үйдің иесіне немесе ағайынға береді. Өйткені кәрі жілікте шаңырақтың құты бар деп ырымдайды. Сонымен қатар, өсіп келе жатқан қыз балаға «оң жақта отырып қаласың» деп ұстатпаған, ал ұл балаға «сүрбойдақ боласың» деген сенім бойынша жігітке де бермейді.

Ертеде бір байдың қорасын қырық қарақшы торуылдапты. Бірақ қанша тырысса да мал ала алмаған екен. Байдың қорасын қарулы жасақтар күзетіп тұрыпты. Бірақ таң ата қарауылдар көзден ғайып болады екен. Ұрылар тылсым жайды түсінбейді. Ертесіне біреуін тыңшылыққа жібереді. Ол байға жолаушы күйінде келіп, сыр тартады. Байдың жалғыз ұлы мен бәйбішесінен өзге ешкімі жоқ екен. Тыңшы қайта келіп, «байдың малын күзететін не жалшы, не күзетшісі жоқ, бәрін барладым, көршілерінен де сұрадым, ешбір жасағы жоқ. «Бізге елестеген болуы керек» дейді. Ұрылардың басшысы ендеше, бүгін шабамыз деп атқа қонады. Бұл жолы да ұрылар қораға тақап келгенде қарулы жасаққа кезігеді. Ұрылардың бірнешеуі жараланып кейін шегінеді. Ертесіне ұрының басшысы байға өзі барып: «Байеке, мен ұры едім, он күн болды, сіздің малыңызды торып жүргеніме. Бірақ қораңызды күзеткен қалың әскер алдырмайды. Күндіз көзден ғайып болады. Не сыр, не киеңіз бар? Айтыңызшы», –  деп ағынан жарылыпты. Бай ұрыны ертіп алып, қорасында ілулі тұрған кәрі жілікті көрсетеді. «Әкем марқұм дүниеден өтерінде кәрі жілікті көрсең, қораңа байла, малыңа қорған болады» деуші еді. Өсиетін орындап, кәрі жілікті іліп қойдым. Содан бері малыма қасқыр да шаппады, ұры да түспеді. Бірде-бір малым жоғалмады. Қайта мыңғырып өсіп келеді. Соның шарапаты болмаса, менде басқа кие жоқ дейді. Құдіретке бас иген ұрылар баймен дос болыпты. Ниетінен қайтып, адал кәсіпке көшіпті деседі.

Иә, көп жастар мұны біле бермейді. Негізі қазақ халқының салт-дәстүрлері тұңған тәрбие ғой. Ұлттық құндылықтарымыз ше? Нағыз тәрбие мектебі ғой. Баяғыда бір кісі айтқан екен, «білгенімнен білмегенім тоқсан тоғыз» деп. Айналайын, асыл ата-бабам, қасиетіңнен айналдым! Босағаларыңыздан құт-береке арылмасын!

 

Ж.Қашқынбаева, «Әдет-ғұрып және салт-дәстүрлер орталығының» маман-тарихшысы

 

Бөлісу: