Мемлекет басшысы «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағын енгізуді ұсынды

Астанада «Алтын жүрек» ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысқан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері» атағын енгізуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекет басшысының айтуынша, медицина қызметкерлерінің қоғамдағы мәртебесін арттыру үшін «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері» атағын енгізілмек.

Атақпен бірге материалдық сыйақы да беріледі. Оның көлемін Үкімет белгілейді. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау жүйесінде қызмет ету өскелең ұрпақ үшін мәртебелі әрі тартымды болуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар Президент орта деңгейдегі медицина қызметкерлеріне қолдау көрсету мәселесіне тоқталды.

Мемлекет басшысының пікірінше, олар денсаулық сақтау жүйесінің басты ресурсы және жұмыстың негізгі бөлігін атқарады.

«Бізге мейіргерлердің жаңа буынын қалыптастыру қажет. Олар тек орындаушылар ғана емес, көп салалы емдеу тобының жауапкершілік жүктелген тең құқықтық мүшелері болуы тиіс. Осы орайда олардың кәсіби дайындығының деңгейін біртіндеп көтеріп, мейіргерлік ісінің мәртебесін арттыру қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Президент өз сөзінде Елбасының бастамасымен іске асырылған «Біз біргеміз» акциясы аясында пандемияға қарсы күреске зор үлес қосқан еріктілер мен меценаттардың қызметін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев барша медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, «Алтын жүрек» ескерткіші орналасқан саябақты «Дәрігерлер аллеясы» деп атауды ұсынды.

Мемлекет басшысы жаңадан ашылған кешен ақ халатты абзал жандарға деген халық алғысының белгісі болатынына сенім білдірді. Жиын соңында Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерімен әңгімелесті. Дәрігерлер көрсетіліп жатқан қолдауға алғыс айтты.

Бөлісу: