– Нұрғали аға, ассалаумаликум! Сіз ұзақ уақыт БАҚ беттерінен көрінбей кеттіңіз. «Ән әлемінің Алатауы» деп бағалайтын халқыңыз өзіңіз туралы ақпаратқа мұқтаж. Сондықтан ұлттық-этнографиялық «Дәстүр» журналының редакциясының тапсырмасымен өзіңізден сұқбат алғанды жөн көрдік.
– Ой, Марат айналайын, әликүмсалам, талай сайт, талай газет тілшілері төрт-бес жылдан бері қанша сұқбат сұраса да, бәрінен бас тартып жүр едім. Енді қапелімде сен әңгімеге тартқан соң, сол үнсіздікті бұзайын. Қазір көпшілік ақпарат көздерінде адамгершілік деген ада қалып, дүрлікпе яғни сенсация қуған заман ғой. Сондықтан сұқбатымызды үзіп-жұлқып сан-саққа жүгіртпейтіндей етіп жарияларсың.
Тек мен ғана емес көптеген өнер адамы мына коронавирус үдеген жылдарда үнсіз қалды ғой. Ғылым мен өнер, мәдениет пен спорт саласының қаншама саңлақтары мына жалған дүниені тәрк етті. Ілдәлап осы күнге жеткенімізге шексіз шүкіршілік! Біз де шамамыз келгенше оқшауланып, денсаулығымызды күтуге тырыстық. Екінші бір себеп, біздің отбасымызға қатысты алыпқашпа әңгіме таудан құлаған көшкіндей үдеп кеткен соң сұқбат, интервью беруден қашқақтап жүргем. Онымыз да дұрыс болған сияқты.
–Карантин кезінде сақтық шараларын ұстанғандарыңыз қандай жақсы болған. Қолыңыз бос кезде немен шұғылдандыңыз?
–Коронавирус деп жатырсың. Тегінде жалқау адамға сылтау көп. Жұмыс істейтін адам бәрібір қарап жатпайды. Карантин кезінде байқасам, істейтін шаруа жетерлік екен. Өз басым жеке мұрағаттарымды ретке келтірумен айналыстым.
Менде өте бірегей, «уникальный» мұрағаттар бар. Кенен Әзірбаев, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, Асқар Тоқпанов өз кездерінде қазақ өнерін асу-асу биіктерге жеткізгені мәлім. Өзіммен қатар Райымбек Сейтметов, Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев театр өнерін аянбай өрге сүйреді. Мен сондай тұлғалардың жанды дауысын жинап, әрі сақтап жүрмін. Байқасаңыз әр 10-15 жылда технология жаңарып кетеді. Күні кеше жазып алған дүниелеріңді оқитын техника таппай қаласың. Қолда бар сол «қазынамды» қазір цифрлық форматқа көшіруді қолға алып жатырмын.
–Иә, шынымен мұныңыз үлкен қазына екен!
–Оның құндылығына бір қызық мысал келтірейін. 1995 жылы өзінің туған өңірі Талдықорған жақта Қанабек Байсейітовтың 90 жылдығы аталып өтілетін болды. Ішінде Бақыт Әшімова бар оншақты адам сол тойға шақырылдық. Ілкіде бір оңаша сәтті пайдаланып, Қанекеңнің дауысын жазып алғам. Бұрын Қазақ телевизиясының музыкалық редакциясында 15-20 жылдай басшылық қызмет жасаған тәжірибем бар. Соның бес минуттай үзіндісін флешкаға көшіріп алғанмын. Қараталда, Үштөбеде салтанатты жиындар өткізілді. Соңына таман «Ой, мына Нұрғали ортамызда екен, көкесінің тойында ән айтып беретін шығар» деп мені сахнаға шығарды. Флешканы алдында дыбыс операторына беріп қойғам. Микрофонға шықтым да: «мен көп сөйлемей микрофонға Қанабек ағаның өзін шақырам» дедім. Жұрт аң-таң болып қалды. Баяғыда қайтыс болған марқұм қайтып шығады? Оператор флешкадағы дауысты қосты да жіберді. Аға кетті дейсің саңғырлап. Сілтідей тынған жұрт артынан дуылдата қол соқты кеп. Сөйтіп елді бір риза еткенмін. Жалпы қазақ өнеріне, қазақ халқына қызмет ету маңдайыма бұйырғаны үшін, күннің жасу сәулесіндей болса да үлес қосқаным үшін, өзімді бақытты санаймын.
– Өміріңізге ризасыз ба?
– Жаратқан иеміздің бергенінің бәрі – нығмет. Шығармашылық өміріме ризамын! Биыл сахнада жүргеніме 70 жыл болыпты. Одан ілкіде колхозда шопан болып еңбек жолын бастаппын. Сол кездің өзінде көркемөнерпаздар қатарында ән салып жүрдім. Аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатыстым. Содан есептесем, сахнаға шыққаныма 70 жыл болыпты. Өмірден көрген, түйгеніміз аз емес. Өнердегі өмірімді мақтан тұтамын.
– Инстаграм желісінде Бақыт Қалибек деген жас ақынның Сіз туралы ғажап бір өлеңі жүр ғой. Жыр-мүсінді сомдаған ақындық қуатына риза болдық. Ондағы:
Адамысыз бұл күнде анық төрдің,
Дәуренінде дәулетсіз дәріптелдің.
Өзегіңді кірлетпей жалғандыққа,
Өз еліңнің көгіне жарық бердің.
Есімі ғалам көшін жалғайды шын,
Тарихқа тірі кірген таудай мүсін.
Мұраға шырқағанын айналдырған,
Нұр аға бойыңда бар қандай тылсым?
Қазағыңа сіңірген ісің алып,
Қадіріңе жетсін ел түсіне алып.
Дүния тұрғанша тұр, қайғы көрмей
Ұзақ жаса, Нұрғали Нүсіпжанов,
Ұзақ жаса, Нұрғали Нүсіпжанов! – деген шумақтар оқыған жанды тебірентпей қоймайды. Өзіңіз танысып көрдіңіз бе?
– Көргенде қандай! Ол Бақыт Қалибек деген 17 жастағы бозбала! Қаламынан жыр төгілген, пейілі оттай ыстық, болашағы зор ақын. Мектепте бірге оқыған Қалибек Қабылов дейтін сыныптасым болатын. Жігіттің сұлтаны еді, өмірден ерте өтті.
Бірақ артында қалған тұяғы осы. Жас ақын Бақыт Қалибекті өз басым алтынның сынығы, асылдың тұяғындай қабылдаймын. Жалпы мен өзі халқымның алдында перзенттік парызы көп адаммын ғой.
Қазына қариялар: «Тіршілік – бәйге. Жүйрік алар, шабан қалар, –деп қамшылайтын. Мен де солардың жолымен жас талапқа жолы ашылсын, жыр жүйрігі болсын деп батамды бердім.
–Шынымен де ғұмыр жолыңыздың ғибратты тұстары көп қой… Қазір масылдыққа еті үйренгендердің саны артып келеді. Бұларға не айтар едіңіз?
– Өткен ғасырдың 60-шы, 90-шы жылдары қазақ музыкасының өркендеген кезі, қазақ ән өнерінің ренессанс кезеңі болды десем қателеспеспін. Димаш Ахметұлы Қонаев басқарған сол бір кезеңде кеңестік идеология да оңтайлы болды. Өнер сахнасына тамаша өнерпаздар шықты. Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, менімен қатар курстасым Әсет Бейсеуов, Мыңжасар Маңғытаев, Базарбай Жұманиязов, Ескендір Хасанғалиев, Теміржан Базарбаев сияқты белгілі тұлғалардың атын атап отырмын. Арасында қаншама басқа да үзеңгілестер болды. Біз сол кезде композитор, ақын, орындаушы болып үштік одақта жұмыс істейтінбіз. Жемісті шығармашылығымызға сол арқау болды. Солардың көпшілік әндерінің тұсауын кесу бақыты маған бұйырыпты.
Масылдық – адамның миында ғана болады. Оны өзі солай жасап алуға бейім. Жасым біразға келсе де, әлі бір сәтке де дамылдаған емеспін. Негізі, жастар еңбек адамдарының өмірінен өнеге алуы керек. Ойын өзгертулері керек.
– Сізді Нұрғисамен өте жақын дос-бауыр болды дейді.
– Ол рас, біздің достығымыздан гөрі бауырластығымыз басым болды. Ол да, мен де әкеден жалғыз едік. Ара-тұра шақыртуы бойынша «Отырар сазы» ансамбліне, репитицияға келгенімде үш-төрт жүз адамдық ұжымды дүркіретіп орнынан тұрғызып маған сәлем бергізуші еді. Арындатқан екі-үш әннен кейінгі үзілісте «Жалғызым-ау, адалым-ау, қайдасың?» деп көзінен жасы парлап ыстық құшағына алатын. Ұлы адамның сезімдері де ұлы болады екен ғой. Мен де үнемі інілік ізетімді аяп қалған емеспін.
–Үштік одақтың бір тұғыры ақындар ғой. Ақындардан кімдермен жақын болдыңыз?
–Өз басым ақындарды ерекше құрмет тұтамын. Талай ақындармен байланыста болдық. Әсіресе Мұқағали, Тұманбай, Қадыр көкейімнен кетпейді. Бірде Нұрғиса ағам түн ішінде үйіне шақырды. Қадыр Мырзалиев екеуі «Өз елім» әнінің сөздерін талқылау үстінде екен. Орындатуға мені ұйғарыпты. Пікіріңді айт дегенде патриоттық ән әуезі айтуға ыңғайлы болу керектігін көлденең тартып, мен де өз ойымды жеткізіп жатырмын. Таң ағарып атуға таяғанда Қадырға: «Сіздей мықты ақынға қайта-қайта түзету жасатқызғаныма қысылып отырмын» дедім ыңғайсызданып. Сонда Қадыр ағамның: «Нұрғаш (мені ағаларым үнемі осылай атайтын), осы әнім қазаққа қызмет ететін ән болып шықса Нұрекең екеуіңнің алдында оны мың рет түзетуге де бармын!» – дегені есімде.
Жетпіс жылдық әншілік ғұмырымда 127 композитормен, соншама әндерге сөз жазған ақындармен ынтымақтастықта болыппын. Солардың әрқайсысының өмірі бір ғибрат.
– Жастарды Сіздің кәсіби әншілікке қалай келгеніңіз қызықтырады? Қойшылықтан әнші болғаныңыз рас па?
–Әр адамның өмірі әр қилы қалыптасады ғой. 1955 жылы Қазақстан КП Орталық Комитетінің екінші тыңды игеруге байланысты қазақ жастарын мал шаруашылығына шақырған қаулысы шықты. Сол қаулыға сәйкес мен де мектеп бітірген соң туған ауылымда қалып, шопан болдым. Мал ішінде өскен баламыз ғой, үздіктердің қатарынан көріндім. Арасында ауыл сахнасында ән салып, аудандық, облыстық байқауларға қатысқаным рас. Алматыға келіп, республикалық байқауда бірінші орын алып, жүлдегер ретінде одақтық байқауға Мәскеуге баратын болғанымда жюри мүшелері сапардан қайтып келген соң Алматыда қалып, музыкалық білім алуыма кеңес берді. Сөйтіп 1956 жылы 19 жасымда екі жылдық жұмыс өтіліммен консерватория табалдырығын аттап, жеті жылдан кейін кәсіби әнші атаныппын.
Өмірдің әр бес, он жылында түрлі өзгерістер болып жатады ғой. Димаш Ахметұлы Қонаев басқарған жылдарда кеңестік идеология қазақ өнерін дамытуға оңтайлы болды. Қазақ өнерін насихаттай жүріп, күллі әлемді араладық. Кеңес өкіметінің шарықтауын да, құлдырауын да көзімізбен көрдік. Құдайға шүкір, еліміздің тәуелсіздігіне де қол жеткіздік.
– Димекең сізге ренжіпті деген сөз бар ғой.
–Иә, (күліп) ондай жағдай болған. Біз шетелдерге гастрольдік сапарға шығар алдында ол кісінің ағалық нұсқауларын, батасын алып шығатынбыз. Келген соң Димекеңнің алдына барып, сапардың қалай өткенін айтып, есеп беретінбіз. Сондай бір сапардан оралғанда: «Алдыма келген министрлердің өзі шығып бара жатқанда өздерінің жеке бір шаруаларын айтып көмек сұрайтын. Нұрғали, сен қаншама келіп жүрсең де өмірі жеке басыңның өтінішін айтып көрмедің. Мұның қалай?» деп ренжігені бар. Жұрттың айтып жүргені сол шығар.
–Нұрғали аға, сол кездегі шығармашылық талғам мен қазіргі талғам арасында айырмашылық қандай?
–Ол кезде пысақайлар эфирге шығарылмайтын. Мемлекеттік радио-телевизиялық комитет жанында Көркемдік кеңес жұмыс істейтін. Соның сүзгісінен өтіп, көркемдік деңгейі мақұлданғанда ғана, хаттама түзіліп, сарапшылар түгел қол қойып, рәсімдейтін. Шығармалар сонан соң ғана халыққа ұсынылатын. Нәтижесінде ең лайықты дүниелерге ғана жол ашылатын. Ал қазір ондай көркемдік кеңес жоқ. Содан эфирге лақтырылып жатқан қоқыс көп.
Рас, қазір музыка өнері бұрынғыға қарағанда көп ілгері кетті. Бүгінде аудан, облыс орталықтарында музыка мектептері бар. Нота білетін, музыкалық сауатты жастар көбейді. Алайда бірыңғай ұлттық идеологияның жоқтығынан музыка өнері бақылаусыз қалды. Әркім өзінің білгенінше сахнаға шығады. Жастар бағдарламаларын қарасаңыз көркемдік деңгейі төмен шығармалардан аяқ алып жүргісіз. Түкке тұрмайтын әндер эфирге ұсынылып жатады. Оны қызғанып отырған жоқпын. Бірақ миллиондардың көңілінен шығатындай дүние болу керек қой. Бәйгеде жүйріктің жүйрігі озады емес пе. Сондықтан эфирге бәсекелестік болғаны дұрыс па деймін. Талғамсыздықтың салдары қазақ өнеріне тиіп жатыр.
– Қазақтың ән өнерінің келешегін қалай елестетесіз?
– Біздің ән өнеріміздің болашағы зор. Бұл сала әлі де дамиды. Алайда ол жеке дара күйде емес, басқа салалармен қанаттаса дамығаны абзал. Сондықтан ол әріден қозғалып тереңнен тартылып, биікке ұмтылғанын көргіміз келеді.
Ескісін жаңартып, ұлттың ұлттық дүниесін ұлықтайтын шақ қой.
Опера театрын қолымен жасаған кешегі Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, Күләш Байсейітова, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев, Үрия Тұрдықұлова есімдері ұмыт қалмауға тиіс. Олардан кейінгі Бекен Жылысбаев, Байғали Досымжанов өнерімізге айтулы үлес қосты. Жүсіпбек Елебеков, Роза Жаманова, Ермек Серкебаев қандай тұлғалар еді?!
Қазіргі таңда шетелдік даңғаза музыкаға мұқтаждықтың қажеті шамалы. 1925 жылы Әміре Париж тыңдармандарын қалай тәнті етті?! Бүгінгі Димаш Құдайбергеннің өзі неге тұрады?! Сол саф тазалықты бұзып алмауымыз керек. Қазақ өнерінде сақталған басты ерекшеліктерді жалғастыру ұтымды.
– Әншілік өнеріміз қай бағытта дамығаны жөн деп ойлайсыз?
–Ізгілік, игіліктің бәрі тәрбиеден басталады ғой. Бесіктен, ананың әлдиінен басталған тәрбие суалмайды. Мемлекет тәрбиенің ұлттық негізде дамуына көмектесуі қажет. Ары қарай мектептің іліп әкетуі де маңызды. Үйдің, ата-ананың және мектептің ықпалдасуы – шығыстық, ұлттық тәрбиенің маңызды буындары. Және осының бәрі ана тілінің негізінде жалғасқаны орынды. Рас, кейбір әттеген-айлар баршылық. Алайда қазақ өнерінің алға жылжуына мүмкіндік мол. Ұлттық тарихымызды, салт-дәстүрлерімізді тани бастадық. Кеше кім едік, бүгін кім болдық? Тарих дарбазасы ашылды. Бәрі ұлттық өнеріміздің игілігіне жараса болғаны. Біздікі ұлттық өнеріміз әлемдік деңгейге жетсе деген ой ғой.
–Нұреке, жұрттың көбі сізді шылқыған бай деп есептейді. Сол шындыққа үйлесе ме?
–Иә, (күліп алып) сөйтіп ойлайтындар көп. Құдайға шүкір, атақ-абыройымыз баршылық. Бірақ – парадокс! Мен коттеджі, саяжайы, тіпті джипі де жоқ Халық әртісімін.
Баяғы Кеңес Одағы тарап, жекешелендіру жүріп жатқан шақта ауылға барып, әкем Нүсіпжанның еңбегі сіңген колхоздан бірнеше гектар үлес алдым. Өзім табиғатты өте ұнатамын. Соған балаша қуанып, түрлі жеміс ағаштарының көшеттерін әкеп отырғыздым. Алма, алмұрт, өрік дейсіз бе, бәрі бар. Жалпы біздің Доланалының жері керемет. Өкініштісі бау-бақша еккеніме отыз жылға жуықтаса да, талай әкім ауысты, су мәселесі шешілмей-ақ қойғаны. Сусыз бақ жайқалып кете алмады. Жеміс ағаштарының шөжіп, кенезесі кепкен күйіне жаным ашиды, барған сайын көзіме жас толады.
Ауылдағы үйіміз ертеде жапырайған тоқал там болатын. Консерваторияға түскеннен кейін Алматыдан шатырлы үйлерді көріп, әке-шешеме сондай бір үй салып беруді армандағам. Бала кезімде сурет салуға құмар едім, бәлкім әнші болмасам суретші болар ма едім, кім білсін. Тіпті талай суретім мектепті безендіруге де пайдаланылды. Сол суретшілік архитекторлыққа ұласты ма, бірінші курсты бітірген жылы жобасын өзім сызып, кірпішін өзім құйып, күллі жұмысын тынымсыз атқарып, әке-шешеме екі бөлмелі шатырлы үй салып бердім. Ойыншықтай сол үй әлі тұр. Өзіме соншама ыстық. Барғанда тұрақтайтын жерім – сол.
Алты жастағы кезім болу керек, әкем «атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген, балам, мына жерге, үйдің жанына алма көшетін бірге отырғызайық» деп бір түп алма көшетін отырғызғанбыз. Сол көшет кейін әйдік алма ағашына айналды. Сексен жыл болды – тұр. Алмасының дәмі бөлек. Жемісін әлі күнге жеп жүрміз!
Кеңестік кезеңнен шыққан соң ба, басқа бизнеске икемім келмеді. Ата-анам «адам бол, адал бол» дейтін. Сол тәрбиеден болар менде дүние қуу деген ұғым мүлде болған емес. Сахнада таза өнеріммен қызмет еттім. Сол таза қалпымда келе жатырмын. Менің байлығым – халқым, менің байлығым – өнерім.
–Оқырманды отбасыңыздағы жаңалықтар қызықтырады…
–Иә, отбасындағы жаңалыққа да оншақты жыл болып қалды. Егде жастағы адаммын ғой. Бірнеше рет инфаркт алған адамға күтім керек екені белгілі. Құдайға шүкір, біздер тіл табыстық. Әңгіме жас айырмашылығында емес екен. Пендешілік мүддеден гөрі бірін бірі шын құрметтеген, шын сыйласқан жұбайлардың өмірі мазмұнды болатынына көзім жетті. Алла тағалам тек денсаулық берсін! Әйтеуір ертеңгі күнімізге деген сенім бар.
– Иә, Нұраға, өмірлеріңізге сәттіліктер серік болсын! Ал алдағы күндерге жоба-жоспар қандай?
– Жоба-жоспар көп! Құдай қаласа биыл менің шығармашылығымның 70 жылдығына орай Астана мен Алматыда арнайы есеп-концерт ұйымдастырмақ ойымыз бар. Соған дайындықты бастап жатырмыз. Келіссөздер жүргізілуде. Тұздықты тағдырымызға қызыққандар болса, сол сахнадан тағы да айтылар. Қазір көңіл-күй жақсы. Халқымды жаңа әндеріммен қуантсам деймін. Өйткені мен әр кез халқыммен біргемін!
Сұқбаттасқан
Марат ТОҚАШБАЕВ, жазушы-публицист