Наурыз мерекесі – қыстан аман шығып, жүректерге нұр сыйлайтын жаңару мерекесі. Бұл – ұрпақтар сабақтастығы мен бірлігі күні.

Жуырда С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұжымының ұйымдастыруымен Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамына орай  «НАУРЫЗ-ДУМАН» атты мерекелік шара өткізілді.

Шара барысында ұлтымыздың тамыры болып саналатын ұлттық құндылықтарымыз бен мәңгі өшпес салт-дәстүрлеріміз насихатталды. Ұлтты ұлттан ерекшелейтін ол – оның тілі, діні және ғасырлардан жеткен рухани темірқазығы саналатын асыл қазынасы, яғни – салт-дәстүрі.

Кітапхана қызметкерлерінің қатысуымен бүгінгі таңда ұмыт болып бара жатқан «Бие қысырамас», «Құрсақшашу», «Ашамайға мінгізу», «Абысын асы» секілді салт-дәстүрлер көрсетіліп, әсем әндер шырқалып, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін «Мың бір мақал» сайысы, викториналық ойындар ойнатылды. Сайысқа қатысқан жеңімпаздарға сыйлықтар берілді.

Мерекелік шараға «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм  және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» Қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нәзира Табылдинова, кітапханамыздың ардақты ардагерлері Базаргүл  Қалекенова, Несібелі Жұмағұл, Рысты Мұханова, Зиба  Кемелханова қатысып, жүрекжарды тілектерін арнады.

Еліміз егемендігін алар кезеңдерде, 90-жылдары республикамыздың кітапхана жұмысын оңтайландыруды жүргізіп, мемлекеттің экономикалық жүйесін қайта құруды жүргізген кезде, облыстық кітапхананың директоры қызметін атқарған кітапханамыздың ардақты ардагері Базаргүл Әлиқызы Қалекенова кітапхана тарихына, бөлімдердің қызметіне тоқталып, әдемі естеліктерімен бөлісті.

Қуаныш пен мейірімнің, бақ пен ырыстың, молшылық пен кеңдіктің белгісі болған Наурыз мерекесі құтты болсын! Әрбір шаңыраққа бақ-береке дарысын!

Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми  кітапхананың қызметкері

 

Бөлісу: