Отандық БАҚ-тың бүгіні мен ертеңі

Қазір Қазақстанда 2763 БАҚ жұмыс істейді, ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің мәліметінше, олардың басым бөлігі – баспасөз басылымдары. Маркетингтік зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес, телевизия – БАҚ-тың аса танымал түрі болып есептеледі. Отандық КТК телеарнасы аса көрінетін, рейтингі ең жоғары – 13,8 % арна. Сарапшылардың бағамдауынша, көрермендердің арасында ерекше танымалдылары – ресейлік телеарналар.

Кей сарапшылардың пікірінше, билік бәсекеге қабілетті медиакеңістікті оппозициялық ойыншылардан мүлдем тазартып, халықтың қоғамдық пікіріне ие бола алмай қалды. Жалпы құрылымдағы БАҚ-тың 86 %-ы – баспасөз басылымдары, 11 %-ы – электронды БАҚ, 3 %-ы – ақпараттық агенттіктер. Сонымен қатар, елде бірқатар шетелдік телерадиоарналар жұмыс істейді. Ресми деректерге сүйенсек, олардың жалпы саны 270: 185 – ресейлік, 24 – ағылшын, 11 – америкалық БАҚ және т.с.с.

«Қазтелерадио» АҚ-ның ақпараты бойынша, әуе толқындық-кабельдік телевизиямен 5-6 млн халық қамтылған. Бұл ретте атап өтерлігі, басқа көптеген елдерге, айталық Ресейге қарағанда, қазақстандық телевизия жас көрерменін сақтап қала алған. Қазақстандық телекөрерменнің орташа жасы 36 болса, Ресейдегі бұл көрсеткіш – 49, Украинада – 54 екен.

Қоғам қайраткері және саясаттанушы Досым Сәтбаевтың пікірінше, ресейлік медиа – Қазақстан медиакеңістігіндегі басты ойыншылар болып танылады. Қазақша және орыс тіліндегі контентке қатысты 50 де 50 талабының орындалғанына, сондай-ақ қазақ тіліндегі контентке сұраныстың артқанына қарамастан, ақпараттық қауіпсіздік мәселесінің өзектілігі төмендемей отыр. Сарапшының ойынша, елде ақпарат таратып отырған ресейлік телеарналардың кейбіреулері анық насихаттық бағытта жұмыс істеуде.
«Ресейлік медиалардың қазақстандықтардың дүниетанымына ықпалы әлі де болса күшті. Нәтижесінде біздегі халықтың біраз бөлігі «тәнімен Қазақстанда, жанымен – Ресейде» өмір сүруде. Бұл – қауіпті нәрсе. Әсіресе, Украинадағы жанжалдан соң қазақстандықтардың басым көпшілігінің әлемде және тіпті Қазақстанда болып жатқан оқиғаларға пікірін ресейлік насихатшылар  қалыптастырып отырған шақта. Оның үстіне, Ресей будан соғыстар өткізетін кезде өзінің медиақорларын белсене қолдана бастуының салдарынан қауіп деңгейі өсе түседі. Интернет-трольдердің, хакерлердің тұтастай әскерлері жасақталып, басқа елдердің ішкі саяси үрдістеріне етене араласа бастады. Негізінде, Қазақстан да келешекте осындай шабуылдардың нысанасына айналуы ғажап емес», – дейді сарапшы.

Оның сөзінше, қазірдің өзінде ресейлік БАҚ-тар Қазақстанға қуатты ақпараттық соққы жасауды қолға алды. Масалға, мұндай шабуылдардың бірі елдің кирилл қарпінен латын қарпіне өту туралы шешімі шыққанда жасалды. Ресейлік БАҚ-тар мұны «қапыда жасалған қастандық» деп атады. Ақтаудағы Каспий елдерінің саммиті қарсаңында ресейлік БАҚ-та Қазақстан АҚШ-тың әскери базасын Каспий төңірегінде орналастыруына өз жерін берді деген жалған ақпарат шықты. Д.Сәтбаевтың ойынша, енді аздаған уақытта халық өз медиасынан гөрі ресейлік медианың тарататын ақпаратына көбірек сене бастайды.

«Оның себебі – халықтың мемлекетке деген сенімінің жоғала бастауы, мемлекеттің басыбайлы ақпарат құралдарының таратып жатқан ақпаратының сапасы. Оларға деген сенім өте төмен. Есесіне, ресейлік медиакеңістік, әлбетте, алуан түрлі, яғни зомби-жәшікті көргісі келмейтіндер басқа телеарналардың контентін тұтынады, болмаса онлайн-порталдарды, оның ішінде оппозициялық бағыттағы бейнелерді көре алады», – дейді саясаттанушы.

Мемлекеттік тапсырыс бұл мәмбүрліктен құтқара ма әлде керісінше дамуға кедергі келтіре ме, бұл туралы әр түрлі пікірлер айтылады. Соңғы жылдары БАҚ-та мемлекеттік тапсырыс бойынша ақпарат жариялау саясаты өткір сынға ұшырауда. Қоғамдық пікірге бақылау жасай алу үшін мемлекет телеарналарда, сайттарда, газеттер мен радиода ақпарат жариялауға қаражат бөліп келеді. «Құқықтық медиаорталық» қоғамдық қорының мәліметінше, 2009-2012 жылдардағы мемлекеттік тапсырыс бюджеті жылына 3,2 млрд теңге болған, ал кейінгі жылдары күрт өскен. Сөйтіп, 2013 жылы бұл мақсатқа 43,3 млрд теңге бөлінсе, 2014 жылы – 48,6 млрд теңге, ал 2015 жылы бұл сома бірден 51,7 млрд теңгеге жеткен. Мемлекеттік тапсырыстың ең ірі тұтынушылары  – мемлекеттік БАҚ, ал мемлекеттік емес медиақорлардың еншісіне түсетіні – мардымсыз сомалар.

BISAM Central Asia компаниясының ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің тапсырысымен 2016 жылы жасаған зерттеуінің қорытындысына сүйенсек, мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың базалық бағалары нарықтағы шын бағаларға мүлдем сәйкес келмейді. Осы себепті мемлекеттік емес БАҚ үшін мемлекеттік тапсырыстың мәні жоқ.

«Қазақстанның интернет қауымдастықтары» ЗТТҚ президенті Шавкат Сабировтың пікірінше, мемлекет қазақ тіліндегі контентті қолдауы тиіс.

Сарапшылар елдегі 3 млн адамның тек қазақ тілінде сөйлейтін және олардың қатары жылдан-жылға өсіп келе жатқанын атап өтті. Сұраныс үлкен, ал контент әзірге аз. Бұрынырақта интернеттегі қазақ тілін дамыту үшін мемлекеттік науқан жүргізілген еді. Оның аясында көптеген шаралар атқарылды, бірақ контентті одан кейін дамыту туралы ешкім ойланбады. Қазақша сөйлейтін аудиторияға шоу-бизнес тақырыбындағы ақпарат көбірек ұнайды.

«Мемлекет қазақ тіліндегі контентке барынша қолдау көрсетуі тиіс. Мемлекеттік тапсырыс негізінде жарияланатын контент алуан түрлі болуы керек. Әдетте мемлекеттік тапсырыс айналдырған он шақты сайтта ғана жарияланады. Ал олардың саны 20-25-тен кем болмауы тиіс. Мемлекет материалдарды қазақ тілінде жариялап қана қоймай, қосымша ақпараттық алаңдарының дүниеге келуіне жағдай туғызуы шарт. Не болмаса елдегі орыс тіліндегі басылымдарға қазақша редакция құруына материалдық тұрғыдан көмек берсе артық болмайды. Мұнда БАҚ үшін табысты бизнес-модель құру өте қиын, өйткені біз азбыз, бар-жоғы 18 миллионбыз. Ал интернетті қолданатындар тіпті 8-9 миллион ғана. Географиялық тұрғыдан қарағанда алмағайып елміз. Аудиторияны қызықтыру үшін аймақтық жаңалықтарды жазу қажет. Мемлекет бас кезінде медианың аяғынан тұрып кетуі үшін қатысуы керек, уақыт өте келе, бизнес өз шамасымен істей береді», – деп ойлайды Сабиров.

Аудиторияның қызығушылығына қатысты ойларға құлақ түрсек. Көптеген басылымдарда істеген журналист Денис Кривошеевтің пікірінше, қазақстандық аудиторияны қызықтыратыны әлемдік жаңалықтар емес, саяси жаңалықтар.

«Әлемдік жаңалықтар барлығына бірдей қызық емес, мұхиттың арғы бетінде не болып жатқанында халықтың жартысынан астамының шаруасы жоқ, анда-санда «ананы су алыпты, мынаны жаппай қырыпты» деген сыңайдағы жаңалық болмаса. Олардың табынатыны мен қызығатыны басқа нәрселер. Басқаларының не құлқы, не уақыты жоқ мұншама жаңалықты білуге. Айталық, солтүстіктегілердің біраз бөлігі елде не болып жатқанынан хабарсыз, өйткені олардың тұтынатыны – «Триколор» мен «НТВ Плюс» тәрелкелері арқылы көрсетілетін дүниелер. Ол жақтағы қызметтердің сапасы әлдеқайда жоғары, ал бағасы айтарлықтай төмен. Өкінішке қарай, олар тіпті премьеріміздің есімін де білмейді. Назары Ресейде, сол жаққа қоныс аударуға мүдделі. Мүмкін Қазақстанда болып жатқан нәрселерден шошып, ештеңені білгісі келмегендіктен көзін жұматын шығар. Бірақ бұлай өмір сүру қиын», — дейді журналист.

Оның есептеуінше, 18 миллион халық аса ірі сайттардағы әр бір жаңалыққа қандай тілде болсын орташа алғанда 60-70 мың қаралым жинайды. Екі түрлі түсінікпен жазылып, түрлі дереккөздерден алынған бір жаңалықты бас-аяғы 1,5-2 миллион адам біледі, одан артық емес, бұл дегеніміз халықтың 10%-ы ғана. Ал халықтың басым көпшілігін жалпы жаңалық атаулы, оның ішінде ішкі жаңалықтар мүлдем қызықтырмайды деп санайды Кривошеев,

«Қазақша контент дегеніміз қазір барлық ақпараттың тең жартысы болар. Мәселе – оның мазмұндылығы мен сапасында. Ал оны жақсартудың бірден-бір жолы – жарнама бюджеттерін немесе қаржылай қолдауды ұлғайту, алайда оның ешқайсы мүмкін емес немесе жосықсыз», – дейді тағы да Кривошеев.

Шетелдік БАҚ-тың ықпалы турасында сарапшы әр ел өз мүддесіне жұмыс істейді, ең алдымен өз көрерменінің сұранысына бейімделеді деген ой айтады. Оның пікірінше, мемлекет алдымен БАҚ-тың не үшін керек екенін анықтап алуы керек, сосын ғана оны дамыту мәселесімен айналысуы қажет.

Саясаттанушы Досым Сәтбаев жергілікті көрермендердің ресейлік БАҚ-тың ықпалына ауып кеткеніне биліктің өзі кінәлі деген пікірде.

«Қазақстанда билік медиакеңістікті барынша тазалап, бәсекеге қабілеттілігін жойды, ал қалғандарын мемлекеттік тапсырыс инесіне отырғызып тастап, үлкен мәселе туындатып отыр. Бір де бір оппозициялық медиаойыншы қалмады. Қазақ баспасөзінің бәсекеге қабілеттілігі өте төмендеді. Халық өзіне қызық дүниені жергілікті БАҚ-тан таба алмағандықтан, оны шетелдік, әсіресе ресейлік медиадан іздейді. Қазақстанда мемлекеттік тапсырыспен байланысы жоқ кезекті БАҚ-ты жапқан кезде аудиторияны басқа елдердің медиасының құшағына итере түседі», – деп атап өтті Сәтбаев.

Сарапшының пікірінше, саяси бекзаттар – элиталар ақпараттық қауіпсіздік деген ұғымды өздеріне ыңғайсыз сұрақтарды қойдырмау, ел ішіндегі тексерулерді болдырмау деп ұғынады. Ақыр соңында, ел билігі қоғамдық пікірді қадағалай алмай қалды, ал халық билікке сенуден қалды. Сондай-ақ Сәтбаев Ноам Хомскийдің «БАҚ арқылы халықты алдап-сулаудың 10 тәсілі» мақаласын келтірді. Онда қазіргі Қазақстандағы біз куә болып отырған жағымсыз үрдістер жайында да айтылған. Айталық, көптеген қазақстандық БАҚ-тың интеллектуалдық өрісі әбден тарылып, оның орнын ешқандай сапасы жоқ, көңіл көтеретін контент басып кеткен. Адамнеғұрлым көп тілді меңгерген болса, оның алдынан көптеген мүмкіндіктер ашылады. Әсіресе әлемге кең тараған тілдер өте пайдалы болуда. Ғаламшарда әр түрлі 7 мыңнан астам тілдің бар екені анықталған.

Сарапшының айтуынша, билік жаңа-надандық аясында мәдени-ағартушылық, білім беретін және сараптамалық бағдарламаларды қысқартып, тек  сапасыз медиалық өнімдерді тұтынуға шамасы жететін әлдебір массаны тәрбиелеп шығаруды көздейді. Бірақ бұл мәселенің екі жағы бар. Надан қоғамды басқару оңай деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Алайда бұл көпшілік кез келгеннің ықпалының жетегінде кете береді, өйткені оның сыни пайымы жоқ. Ал бұл дегеніміз сырттан келетін айла-шарғылық әрекеттерді емін-еркін жүзеге асыруға, жартылай шындық пен жалған жаңалықтарды таратуға аса қолайлы жағдай.

«Ел ішінде бәсекеге қабілетті медиакеңістік құру керек. Яғни ең алдымен жергілікті БАҚ үшін осындай жағдайдың дамуына кедергі келтірмеу қажет. Кімнің аман қалатынын нарық өзі анықтап береді», – дейді Сәтбаев.

Сабировтың ойынша, елде мемлекеттік тілдегі БАҚ-тар дамуы тиіс, өйткені қазақша контенттің дамуына олардан басқа ешкім мүдделі емес, ал оларға сұраныс күн санап артып келеді.

«Мемлекет тек жылдық мемлекеттік тапсырысты таратып қарап отырмай, БАҚ-ты қолдаудың бірнеше жылға арналған жоспарлы даму бағдарламасын жасап тастауы тиіс. Оған сұраныстың болатыны сөзсіз, өйткені қазақ аудиториясы түгелімен біздікі. Аудитория өте белсенді, олар пікірлер жазады, олардың немқұрайды еместігін статистика көрсетіп отыр», – деп түйіндейді тағы да Сабиров.

Интернеттің қазақ тілді бөлігі соңғы жылдары жоғары қарқынмен дамып келеді. Деректер бойынша, 2009 жылы қазақ тіліндегі сайттардың үлесі Қазнеттегі барлық сайттардың 3 %-ын ғана құраған, ал қазір бұл көрсеткіш 13 %-дан асты. (Сандық көрсеткіште бұл дегеніміз 6 мыңнан астам домендік атау.) Қазақ тілді сегменттің қарқынды дамуын бірнеше фактормен түсіндіруге болады: бұл компьютерлердің жаппай таралып, интернет қолданушылар санының ауылдық жерлерде де артуы; қазақша ойлайтын аудитория көлемінің ұлғаюы; интернеттің бұқаралық ақпарат құралы ретіндегі маңызының артуы.

Қазақ тіліндегі қоғамдық-саяси бағыттағы сайттар санының артуын соңғы жылдардағы маңызды үрдіс деп айтуға болады. Осылайша, қазіргі уақыта желіде заманға сай, түрлі жанрдағы (сараптама, публицистика, очерктер, т.б.) ақпараттық өнімдерді өндіретін мемлекеттік тілдегі сайттар жұмыс істеуде және олар қазақ тілді ортада айтарлықтай танымал болуда. Интернеттің бұл бөлігінің дамуына тән бірнеше ерекшеліктер бар: біріншіден, қазақ тіліндегі сайттар міндетті түрде әлдебір пікірлерге негізделеді және олар көптеген жағдайда білімді қазақ жастарына бағытталады.

Қазіргі таңдағы қазақша интернет-басылымдардың журналистік бірлестігі – пулы негізінен тәуелсіздік жылдарында білім алған жастардан тұрады. Тиісінше, бұлар – қазақстандықтардың жаңа толқыны. Олар өз жұмысымен қазақ журналистикасына стилистикалық және жанрлық жағынан байытатын жаңа үрдістер енгізді. (Жас журналистердің арасында танымал авторлар да пайда болды.)

Екіншіден, қазақ тіліндегі сайттар ұлтшыл патриоттар деп аталып кеткен, «қазақшылық идеясы» аясында біріккен, мәдени және шығармашыл зиялылар өкілдерінің сөз сөйлейтін алаңдарына айналды. Әрине, әзірге қазақ ұлтшылдары туралы өз алдына бөлек саяси ағым деп айту қиын. Дегенмен, олар қазірден интернет-сайттардан сөзін өткізіп, болашақ саяси тұғырнамасын жасауға, сол арқылы Қазақстандағы ұлтшыл/ұлтшылдық қозғалыстың негізін қалауға бірден кірісіп кетті.

Үшіншіден, қазақша сайттар елдің дамуына қатысты оқырмандардың алуан түрлі пікірлерінің айтылуына қолайлы жағдай туғызды. Тіпті пікірлерді үстіртін қарап шыққанның өзінде, қазақ зиялыларының ортасында қандай ой-пікір қалыптасқаны туралы мол түсінік алуға болады.

Қазақстандық медиа мамандар жыл сайын бірнеше мәрте бас қосуды әдетке айналдырды. Менің әлі есімде, 2013 жылдың басында Астанада қазақ сайттары редакторларының басқосуы өткен еді. Сол кезде қазақ сайттарының дамуына кедергі келтіріп отырған мәселелердің қатарында айтылғандары мынадай еді:

  • Қазақ интернет-журналистикасының әлсіз дамуы;
  • Сапалы, түпнұсқа контенттің жетіспеушілігі;
  • Сайттардың көркемдік және техникалық құрамдарының әлсіздігі;
  • Сайт қызметінің табыс табуға лайықталмағаны, жарнама берушілердің қызығушылығының төмендігі;
  • Басқа елдердегі қазақ аудиториясын тарту үшін латын қарпіне көшу қажеттілігі;
  • Пікірталас жүргізу мәдениеттінің төмендігі.

Сондай-ақ редакторлардың өздері де онша айта бергісі келмейтін мәселе – қазақ сайттары рейтингілерінің төмендігі.

Нақ осы мәселелер бүгін де көкейтесті қалпында қалуда. Бүгін де өзекті. Сонда осы жылдары отандық медианың дамымағаны ма? Олай деуге әсте келмес. Себебі контент жағынан да сапалы, оқырмандары кең ақпараттық қорлардың бірқатары пайда болды. Алайда, Қазақстанда интернет басылымдардың газеттер мен телевизияға қарағанда маңызды артықшылықтары бар.

Егер телевизиялық және газеттер контентін жасау орталықтандырылған және бірнеше адамға тәуелді болса, интернет-БАҚ ол жағынан тәуелсіз, әрі жедел болып келеді. Интернет басылымдардың өзге редакциялардан ерекшелігі – олар салынған контентін өзгерте алады. Тіпті дәстүрлі БАҚ-тар көтермейтін тақырыптарды айту оған ерсі емес. Мысалы, қоғамда, әлеуметтік желідегі трендтерді, «мемдерді» айту, шолу телевизия мен баспасөз басылымдары үшін ерсі болса, интернет қорларға жарасымды келеді.

Бұл, сонымен қоса, контенттің стилистикалық, жанрлық ерекшелігіне де әсер етеді. Мақалалардың жеткізілу стилі ойнақы, еркін және жеңіл. Алайда орыс тілді сайттардың аудиториясы қазақ тілді қорларға қарағанда әлдеқайда кеңірек. Сонымен қоса, кейбір жаңа медиа құралдары, бағдарламалары, сервистер қазақ тілді шрифтіні қолдамайды. Бұл да контент форматына кері әсерін тигізеді.

Ал аудитория азайған соң жарнама берушілер, маркетологтар қазақ тілді сайттардан гөрі орыс тілді сайттармен жұмыс істеуді жөн көреді. Нәтижесінде сайт редакциясына қаржылық қолдау білдірілмейді. Қазақ тілді сайттардың жазылғандары тек тар аудиторияға арналады. Орыс тілді сайттардың қазақ тілді басылымдарға, интернет сайттарға шолу жасауы сирек кездеседі. Дегенмен, 2018 жылдың ортасына дейін ratel.kz қоры қазақ тілді сайттардағы маңызды мақалаларды аударып шолу ретінде жариялап тұрған еді. Ал орыс тілді БАҚ-тар мазмұны қазақ тілді журналистердің назарынан тыс қалмайды. Тіпті кез келген оқиға, шараларға таратылатын баспасөз релизі әдетте орыс тілдерінде беріледі.

Қазақ журналистері қазақша шыққан релизді күтіп жеделдігі жағынан қалыс қалады немесе аудару арқылы мақала маңызы мен шұрайын жоғалтады. Себебі аударма ісінің журналистикадан ерекшелігі бар. Мысалы facebook әлеуметтік желісінде Қазақ журналистері тобы бар. Бұл топта қаламы қарымды журналистер ақпараттық сайттардың журналистерін сауатсыз, жаңсақ мәтіндері үшін сынап отырады.

Алайда ақпараттық сайт редакторлары брифинг, баспасөз конференцияларында орыс тілді журналистерге ыңғайлы жағдай жасалғанын, баспасөз релизі, аңдатпа орыс тілінде алдымен жіберілетінін, қазақ тілді спикерлер табудың қиындығын алға тартады. Түптеп келгенде, қазақ журналистері журналистикамен емес, аудармамен айналысады деген пікір айтады. Қазақ тілді журналистердің реніштері кейде сезімдік тұрғыдан асып кетіп, «шовинистік» сипатқа ұрынатыны да бар. Ал орыс тілді сайттар әдетте осындай тақырыптарды назардан қалт жібермейді.

Қазақ тілді журналдардың бірінде шоу-бизнес өкілдерінің бірі «мен орыстар мен еврейлерді жек көремін» деген тақырыппен берілді. Бұл әлеуметтік желілерде көп талқыланып, пікір тудырды. Бұл жерде журналистің де қателігі бар. Ішкі наразылығы оның лайықты ой қорытып, салқынқандылық танытуына кедергі жасады. Дәл сол сөз тіркесін сұхбат тақырыбына берудің еш реті жоқ еді. Осыдан соң мұндай таптауырын пікірлер қазақ тілді контент, журналистердің сапасына күмін тудырып жатады. Ал қазақ тілді аудитория, журналистер  бұл тақырыпқа назар аудара қоймас еді.

Осылайша қоғамдық цензураның төмендігі мен қазақ аудиториясының бейімделуі мемлекеттік тілдегі интернет басылымдардың ерекшелігін айқындады. Бір жағынан бұл жағдайлар қазақ тілді ортаның шығармашылық ойы мен зияткерлік  пікірін көрсетеді. Екінші жағынан, шағын ақпарат кеңістігінде талқылайтын тақырып табылып, қазақ тілінің жағдайы мәселесіне қайта оралуға мүмкіндік береді.

Қазақ тілді интернет басылымдарында ең көп талқыланатын және трафик жинайтын тақырыптар – тіл мәселесі, дін және ұлттық мораль. Ақпараттық себеп жоқ кезде қорларға – ресурстарға аудитория жинайтын контент береді. Интернет БАҚ-тар арқылы бұрын дәстүрлі БАҚ-ты оқуға мүмкіндігі жоқ оқырман онымен танысуға, өз пікірін ортаға салуға, талқылауға қатысуға қол жеткізді. Осылайша қазақ тілді аудитория арасында танымалдыққа ие бола бастады. Екінші жағынан, жалпы саяси-қоғамдық тақырыптағы медиа қалған әлемнен тұйықталған жабық жүйені елестетеді. Бұл жүйеге әсер ететін сыртқы реттеуіштер өте аз және бұл жүйенің дамуы өзінің ішкі импульстерінің әсерімен жүруде. Нәтижесінде қазақ тілді интернет БАҚ-тар көрсететін өмір шындығы жалпы ақпараттық контексттен алшақтап кетті. Сондықтан да сарапшылар мен медиа-тұлғалар арасында қазақ тілді және орыс тілді медиа екі әлемде жүргендей деген пікірлер жиі айтылады.

Масс-медиа теорияларының басты жорамал пікірлерінің бірі – БАҚ белгілі бір ақпарат жиынтығын бере отырып, адамдардың санасында белгілі бір көріністі қалыптастырады, яғни БАҚ-тың көзқарасы арқылы қалың оқырман үшін объективті болып саналатын өмір шындығы қалыптасады.

Бұл адамның өзі пікірін қорыта алмайтын, сарапшылардың пікіріне сүйенетін салаларға қатысты. Әсіресе ақпараттық қауіпсіздік, ұлттық идеология сияқты мәселелерде бұл фактордың маңызы ерекше болады. Осылайша алғанда, қазақ тілді интернет – БАҚ қазіргі уақытта қоғамдық-саяси өмір шындығын, қоғамдық пікірді қалыптастыруда.

Соңғы уақытта жаңа медиа, әлеуметтік желілердің пайда болуы, үлкен ақпарат ағыны адамды сындарлы ойлау, жеке пікір қалыптастыру мүмкіндігінен айыруда. Адамның көзқарасы оның дүниетанымы арқылы емес, медиа, әлеуметтік желідегі бөгде адамдардың пікірі негізінде қалыптасуда. Сондықтан қазіргі сайттардың беретін контентін қадағалау, мазмұнына ерекше мән беру өте қажет. Бұл тек жаңа медиаға бейімделу, қазақ медиа нарығының дамуы үшін ғана емес, ұлттық идеологияның дамуы тұрғысынан да құнды болмақ.

 Ұшқын Сейдірахман, журналист.

Бөлісу: