Пенде үшін өлім ақиқат болса, Халық үшін тарих ақиқат… (немесе 1928 -1932 жылдардағы зобалаң саясат..)
«Қазақстанды социализмге шығыста бірінші етіп жеткіземіз», «Қазақстанда революция болмаған екен, болса да қазақ ауылын тек жанап өткен көрінеді, сондықтан бұл өлкеде Кіші қазан революциясын жасауға рұхсат беріңіз» – деп даурыға ұрандаған Ф.Голощекиннің қазақ даласына әкелген зобалаң саясаты
1932-1933-ашаршылығына,
1936-1937-саяси қуғындау мен
1937-1938- саяси қырғынға ұласты. Олай дейтініміз 1938 жылдың өзінде ғана 25 мың қазақ зиялысы атылды.
XX ғасырдың 20-30-жылдарында Сталиндік әміршіл-әкімшіл жүйе қоғамның тарихи заңдылықтарына қайшы келетін экцперименттер жасады, оның басты бағыттары:
Ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру,
Байлар мен ауқаттыларды тап ретінде жою,
Аса тез қарқынмен елді индустрияландыру,
Мәдени рухани салада, демографиялық саясатта, ұлт мәселесінде жергілікті халықты орыстандыру,
Коммунистік-идеологиялық үстемдігін орнату.
Қызыл империяның халыққа жат саясаты қазақ даласына қасіретті зардаптар әкелді: жаппай отаршылдықтың салдарынан қазақ халқының жартысына жуығы қырылды; өзінің атамекенінен басқа елдерге ауа көшті, тіл мен діл, дін мен ұлттық сезім, таным жойыла бастады, өз жерінде ұлттық азшылыққа айналды.
Осы күнгі ғалымдардың деректері бойынша сол апатты зұлмат жылдарда тікелей аштықтан 1 млн 750 мың адам, яғни елдегі қазақ халқының 42% аштықтың құрбаны болды деп деректеме айтады. Ал, салықтың есептің деректемелері бойынша республикадағы тұрғындардың саны әр жылдың маусымында төмендегідей болыпты:
1930 жылы 5873,0 мың адам,
1931 жылы 5114,0 мың адам,
1932 жылы 3227,0 мың адам,
1933 жылы 2493,5 мың адам.
Есепке жүгінсек, үш жылдың ішнде 3 млн 379500 адамға келіп отыр.
1926 жылғы Бүкілодақтық бірінші халық санағының деректемесі бойынша республикадағы қазақтардың саны 3 627612 адам болыпты. Жалпы Қазақстандағы халықтың 61,1% құрапты.
Күштеп ұжымдық қоғамға итермелеу барлық малды зорлықпен ортақтандыру, мал дайындау кезінде үкімет өкілдерінің шаруагерлерге қоқан-лоқы мен зорлық-зомбылық көрсетулері шаруашылықтарға кері әсерін тигізіп, істерін ілгері бастырмады.
Атап айтқанда 1928-ші жылы Қазақстанда:
«6 миллион 509000 бас ірі қара малы болса, 1932-ші жылы бар болғаны оның тек қана 965000 басы қалған. Ірі қара малдың басы 5 миллион 544 мыңға, яғни 85,17 пайызға кеміген.
18 миллион 565000 бас қой мен ешкі малдары болса,1932-ші жылы бар болғаны оның тек қана 1миллион 386000 басы қалған. Қой мен ешкі малдарының басы 17 миллион 179 мыңға, яғни 92,53 пайызға кеміген.
3 миллион 516000 бас жылқы малы болса,1932-ші жылы бар болғаны оның тек қана 316000 басы қалған. Жылқы малының басы 3 миллион 200 мыңға, яғни 91,0 пайызға кеміген».
Осыншама құлдырай кеміген мал басының шығыны, Кеңестік Қазақстан социалистік өркендеуінің аса қолайлы кезеңі саналатын 1970-1980 жылдары да өз орнын толтыра алған жоқ көрінеді.
Т.Омарбековтың «Зобалаң» кітабында (Алматы, «Санат» баспасы 1994ж) «Архив қорындағы іс-қағаздан келтірілген деректерден» төбе шашыңды тік тұрғызар мәліметтерді оқыдық.
«Аматы, ВКП (б)Қазақ Өлкелік комитеті Нурпейісовке, Халкомкеңесі Исаевқа176 Оралдан, НКВД Басқарма кезекшісі арқылы.
Өлкелік бригаданың мәлімдеуінше астық түсімі жоқ болуына байланысты Маңғыстау ауданының алты ауылында жаппай босқындық орын алуда, халық қияқтың дәнімен тамақтануда. Өлкелік комитеттің жарлығымен қордан азық-түлік көмегін беру 1-ші тамызда тоқтатылған. Сондықтан қолда бар қалдықты пайдалана алмаймыз. Жауапты жеделдетуді өтінеміз.
Біздікі 483-523. Құрамысов, Кошкунов»
«Аматы, ВКП (б)Қазақ Өлкелік комитеті Нурпейісовке, Халкомкеңесі Құлымбетовке 143 Гурьевтен, НКВД өкілі арқылы.
Бізде бар мәліметтер бойынша азық-түлік қиыншылығы негізінде Қарабұғазға, Байрамалыға, Түркіменияға, Махачкалаға ауа көшулер күшейе түскені байқалады. 14-ші тамызда Махачкалаға кеткен пароходпен 200-ден астам босқын кетті. Бозашы аймағының 18-ші, 19-шы ауылдары жекелеген топтармен далада босып жүр. Босқындар Форт-Александровскіде үй заттарын сатады да, осы тәртіппен жолға қаражат табады. Мұқтаждарға көмек мәселесін мұнан әрі шешпеу босқындықты, одан туындайтын зардаптарды асқындыра түседі. Округте ешқандай қосымша көмек жоқ, берілмейді. Біздің 9-шы тамызда ғы сұранысымызға Сізерден жауап алмадық осы мәселені шешуді жеделдетуді өтінеміз. Ақботин, Аймағанбетов»
Қазақ өлкелік партия комитеті мен Қазақстан үкіметінің сол кездегі басшылары шұғыл түрде жедел көмек ұйымдастырмақ түгіл, жедел түрде тұшымды жауап қайтаруға да асыға қоймағаны көрініп тұр.ВКП(б)-ның Ф.Голощекин бастаған Қазақ өлкелік комитеті мен Автономиялық үкіметінің басшылары осынау зұлмат қасіретті жасыруға барыша тырысып бақты. Халқына шын жаны ашыған, жекелеген жауапты қызметкерлер ауылдағы орасан зор көлемдегі зұлмат туралы орталық басшысы және құзырлы органдарға жеткізе бастады.Олардың қатарында, Қазақстан Халық комиссиялары Кеңесінің төрағасы О.Исаев пен Қаржы халық комиссары М.Орынбаев екеуінің 1932 жылғы 11-ші мамырындағы баяндама хатын айтқан орынды. Кейіннен, О.Исаев 1932-ші жылғы 9-шы тамызда Иосиф Сталинге жазған хатында барынша дәл және нақты деректерді келтірді. Оның өте кештеу де болса жазған осы хаты кейіннен өзінің қара басына төнген қатерге араша болып шыққаны тарихтан белгілі.
1932-шы жылдың 29-қыркүйегінде РСФСР ХКК-төрағасының орынбасары Т.Рысқұлов қазақ елінде орын алып отырған жанайқай жайды өзінің И.Сталинге жазған өтініш-баяндау хатында жеткізіп, алынар қаулыға бірнеше нақты шараларды енгізу керектігін ұсынды.
Алынған қаулы қапелімде қазақ ауылдарына тамақ бола алмады. Малынан айрылған, қуғын мен сүргінге ұшыраған ел үшін бірте-бірте аштық жайлай бастады. Мұның бұлтартпас айғақтары ретінде Ғ.Халидулинның «Ашаршылық және демографиялық апат» мақаласында (Ақиқат журналы № 8,2001.42-47беттер.)
Сол кездердегі ішкі істер халық комиссары Гурьев округтік бөлімінің бастығы Вахтин деген 1934-ші жылы желтоқсан айында жоғарғы жаққа «Өте шұғыл», «Аса құпия» таңбалары соғылған жедел хаттар жіберіпті. Онда, «Еспол ауданының онбір ауылында азық-түлік жетіспейді. Аштықтың салдарынан елдің біраз бөлігі тек атшоңқай шөбінің тамырларын қорек етуде» деп көрсетілген екен. 1932-ші жылғы қаңтардағы Ақтөбе аймақтық ОГПУ-дің «Аса құпия» белгісі соғылған арнайы мәліметінде «азық-түліктің жоқтығы соңғы уақытта барынша өрістеп, әсіресе, қазақ ауылдарында жаппай етек алуда» деп жоғарыға хабарланыпты. Осы органның 1932-ші жылдың 10-шы шілдесіндегі арнай мәліметінде «Торғай ауданында аштықтан күніне 25 адам өлді. Обаған ауданының О.Исаев ауылында 2 айдың ішінде 300 адам өлді. Құбай ауылдық кеңесінде осы уақытқа шейін 200 адам өлді. Бетпаққара ауданының онтөрт ауылында 585 адам аштықтан қайтыс болды. Бескөл ауданында аштықтан күнініе 10-15адам өледі. Ойыл ауданының 5-ші, 8-ші, 18-ші ауылдарында аштықтан 181 адам өлді, Ақтөбе ауданының 35-ші ауылында күніне аштықтан 3-5адам қайтыс болады. Меңдіқара ауданында соңғы екі айда кейбір ауылдарда тойып тамақ ішпеуінің, аштықтың салдарынан тұрғындардың 50% ісініп кеткен. Тірі қалған адамдар тышқан аулап жеп, шөптің тамырын қазып алып, не болмаса құмаршық, мырзасораң, қияқ шөптерінің дәнін жинап қорек етуде» деп баяндалған. «Батыс Қазақстан облысының «Правда»колхозында колхозшылардың 75 пайызы жаздық жұмысқа шығуыды бас тартып, тамағын асырау үшін тышқан аулауға мәжбүр» деген ОГПУ хабары түскен. Негізінен архив құжаттарына сүйене отырып жазылған I.Сариевтің 2001жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Қанды ойран» кітабында, баяндалып отырған жайттарға ұқсас жағдай, Жылой ауданы ауылдарының бірінде болған, өзінің көзімен көрген мына төмендегідей сұмдық оқиға келтірген екен.
«Бұл 1933 жылдың жазы болатын. Қожас деген қарт адам 8-10 жастардағы екі қызымен аштық жеңіп, әлі жоқ болғандықтарынан қыстауынан сыртқа шыға алмай, бірнеше күн жылаған сияқты болып ыңылдап жатып өлгенін өз көзімізбен көрдік. Ол кезде біреуге біреудің көмектесуге мүмкіншілігі жоқ. Қожастың көршісінен сұрағаны өлгенде бетін жабу болған. Сол өтінішін қаракедейдің таттыбайы Сиық Дөкенбайұлы деген атамыз орындап, жалғыз өзі қыстауының қасына үшеуін бірге көмген. Қожастың үш ұлының екеуі тамақ іздеп, ауылдан кетіп қалған. Үлкен ұлы Мақсым бір көршілерінің арық түйесі өліп, соның етінен қуырдақ жасауға отын шабамын деп кетіп бара жатқанда әлі жоқтықтан құлап, жан тапсырғанын көрдік. Тағы басқада жақын жердегі ауылдарда аштықтан өліп жатқандар болды. Бірқатар ауылдар саршұнақ тышқан жеп, 2-3 шақырымдай жерде бөлек отырды. Елді ауру жайлады, кезік, бүкіржік, безгек деген аурулар халықты жаппай жайлады. Кейбір үйлердің есігі мүлде жабылды».
Мұны, сол кезеңдегі кеңестік ауыл тұрғындарының өмір тарихының ауыр азап тартып, запыран жұтқандай болған тағы бір кесапатты келбеті емес деп кім қарсы дау айта алар. Осы кітапта жазылған тағы бір жағдайды (131бет) айтсақ, ол былайша желі тартады, «атақты бай майлан жары Сарыбас Саламатұлы халық арасында өте қайрымды, мырза адам екен. Ол 1915 жылы әкесі Саламат қажыға 600 үй тігіп, ас беріпті. Сол Сарбас балалары, туған-туыстарымен 1931жылғы «Адай көтерілісіне» қатынасып, өлгені өліп, өлмегендері тұтқындалып қуғынға ұшырап жоқ болған. Сарбас бай қартайған шағында бала-шағасынан толықтай айырылып жалғыз қалып, Жылыой ауданының Тұрғызба деген жерінде қайыр сұрап жүріп, 1932 жылы аштан өлген.
«Знамя» журналының 89, 175-бетінде 1928 жылдан бері қарай, Совет үкіметінің қай елге, қанша астық сатқанын келтіреді.
1928 жылы 1млн пұт,
1929жылы 13 млн пұт,
1930жылы 48,3 млн пұт,
1931жылы 51,8 млн пұт,
1932 жылы 18 млн пұт астық сатылған.
Сонда ең болмағанда бір жылғы сатқан астықтың жартысын халыққа берсе, сол ашаршылықтан талай адамды аман сақтап қалар еді. Большевизмнің «аштық» саясаты дәуірлер, қазақ қырылып жатқанда Совет үкіметі милиондаған доллорға АҚШ-тан он мың трактор сатып алып, Ресей шаруашылығына берді. Сталин өндірісті дамытуды көздеп 1921-1925 жылдары шетелден трактор жасайтын станоктар алдыртты. Оларды Ресейдің ірі қалаларына орнатты. Оған 2 миллионнан астам адам жұмысқа тартылды. Оларды етпен қамтамассыз ету үшін Сталин қазақ даласына көз тікті. «Ленинградское мясо», «Московское мясо» орталықтары сол кезде құрылып, 1991 жылға дейін қазақ малы Мәскеуге ағылып жатты.
Еттен басқа салықтаң 16 түрін: сүт, май, жүн, тері-терсек, сүйек, мүйіз- тұқай, тіпті ит терісі, кей жерлерде жылан, кесіртке, ит, есек терілерін де тапсыру міндеттелген екен.
Бұл, әрине, өздері зорлықтың небір түрін көріп, қайыр сұраудың аз-ақ алдында жүрген халықты қорлаумен тең еді. Ащу мен ызаға булыққан халықтың намысы өршіп, ашық түрде қарулы қақтығыстарға шығуға мәжбүр болды.
1929-1932 жылдар аралығында 372 жерде ереуілдер мен қарулы көтерілістер болыпты. Қазақстанда болған халықтық бас көтерулер мен қарулы көтерілістерге 80 мыңнан астам адам қатынасыпты (Алдажуманов К «Крестьяновское двежение:сопротивление» Алматы изд.Арыс- Казахстан,1998стр 66). Солардың ішіндегі ең ауқымдылары:
1929 жылдың 27 қыркүйегінде Қарақалпақстанның Тақтакөпір елдімекенінде басталып, елдің біраз жерін қамтыған. Ол кезде бұл ел Қазақстанға қараған. Тарихта «Тақтакөпір наразылығы» деген атпен белгілі.
27 қыркүйекте Сырдария округінің Бостандық ауданының 19 елді-мекенінің 12-сі көтеріліске шыққан, «Бостандық көтерілісі» деген атпен әйгілі болған көтерілісте негізінен мақта, күріш, астық өсіруші дихандар болған.
3 қарашада Қостанайдың Бетпаққара, Наурызым, Торғай аудандарын қамтыған «Бетпаққара көтерілісі» болды.
1930 жылы 7 ақпанда «Созақ көтерілісі» Созақ, сарысу аудандарын қамтып, оқиға қанға бөктіріліп басылғандықтан, «Созақ трагедиясы» деп те аталып келеді.
22 ақпанда Өскемен, Зырян аудандарында Кеңестік үкіметтің зорлығына қарсы шыққан орыс шаруалары еді, оларға басшылық еткен азамат соғысының күрескері, ақ бандымен соғыста шыңдалған коммунист Толтоухов еді.
25 ақпанда Ақтөбе округінің Ырғыз ауданында басталған, кейін Арал, Қарабұтақ аудандарын шарпыған «Сарбаздар көтерілісі». Бұл, 1300-ден аса көтерілісшілерді біріктірген, жалпыхалықтық көтеріліс болды.
20 наурызда Талдықорған жерінде Қаратал ауданының Шұбар селосындағы 900 адам қатысқан «Шұбар-Балқаш-Шоқпар наразылығы» деп аталса,
25наурызда «Қарақұм наразылығы» да 900 адамды қамтыды.
1931жылдың Наурызында басталып, Маңғыстау өлкесін, Атырау облысының Жылыой және Ақтөбе облысының Ойыл,Табын аудандарының кейбір ауылдарын қамтып жеті айға созылған (наурыз, қыркүйек 3000-ға тарта көтерілісшілердің басын қосқан «Адай көтерілісі» – халықтың қарулы көтерілісі ретінде тарихта белгілі болды. «Адай көтерілісі» бір ғана рудың емес, Маңғыстау өлкесі мен көршілес өңірлердегі барлық халықтардың сол кездегі үкімет басшыларының әділетсіздігіне, зорлық-зомбылығына, солақай саясатына, халықтың аянышты жағдайымен санаспай ең соңғы нәпақасын салықты сылтау етіп тартып алуға ұмтылған тойымсыз қылығына қарсы ел ішінде әлеуметтік-әділеттілік орнатуға ұмтылған халық көтерілісі болды.
Бұл саяси сипаты жағынан ұлт-азаттық, түрі жағынан қарулы, қозғаушы күштерінің басты көпшілігі халықтың кедей, башырақ және орташа топтарына жататын өкілдері болған шаруалар көтерілісі болды.
Көтеріліске қатысқан ауылдар қатыгездікпен жазаланды, кәрі-жасын, әйелдерімен бала-шағасын езіп-жаныштауда асқан айуандық танытты.
Сөйтіп, 1931жылы «Адай көтерілісі» XXғасырдағы Қазақ елі тарихының ең бір қан жоса болған тарауына айналды.
Кейіннен мұның арты, елдің зиялы, оқыған азаматтарын қудалап, жазықсыз жазалауға ұласты.
Халықтың қамқоршысы, қамқоры бола білген азаматтар сол кезеңнің сұрқия соты іспетті «үштіктің шешімімен» қыршыннан қиылды.
Сталиндік репрессия салдарынан 70 мыңға жуық көзі ашық, зиялы қауымы жазықсыз атылып кетті. Бұдан бөлек 100 мыңдаған адам қамалып, айдауға түсіп, Сібірге жер аударылды. Кеңес Одағының солақай саясаты бойынша, отарланған ұлттың бас көтере алмай, құлақкесті құл болуы үшін көзі ашық, саналы азаматтарының барлығы да қуғынға түскен.
Алматы қаласы әкімдігінің анықтама мәліметі бойынша 1921 жылдан 1954 жылдар аралығында бұрынғы КСРО-да 3 млн 777 мың адам жазықсыз сотталған, оның 642 мыңы атылып кеткен. Қазақстан миллиондаған совет азаматтарының депортациясына айналған. Сол тоталитарлық жүйенің құзырында 953 лагерь болды. Тек 1937-38 жылдардың өзінде ғана республикада 100 мыңнан астам адам жазықсыз сотталды, оның 25 мыңы атылды.
Дәл осы жылдары қазақ зиялылары Тұрар Рысқұлов, Алихан Бөкейханов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Абдулла Розыбакиев, Магази Масанчи, Ілияс Жансүгіров, Левон Мирзоян, Сәкен Сейфуллин, Санжар Асфендияров, Халел Досмуханбетов және Жаханша Досмханбетов атылды.
Репрессияға тіпті түгелдей халықтар да ұшырады. Әр жылдары Қазақстанға 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың корей, 507 мың Солтүстік Кавказ халқы, Қырым татарлары, түріктер, гректер және басқалары жер аударылды.
НКВД-ның айрықша бұйрығымен репрессияға ұшырағандардың отбасылары да жазаға тартылды. Олардың әйелдері, апа-қарындастары үшін Ақмола облысында Отанын сатқандардың әйелдері жазасын өтейтін «АЛЖИР» лагері жұмыс істеді.
1938 жылдың басында 26-еңбекке тарту поселкесінде Архипелаг ГУЛАК-тың бөлімшесі болып табылатын әйелдердің арнайы Ақмола бөлімі жұмыс істеді. Мұнда отанын сатқандар отбасы жазаларын өтеді. Бұл бұрынғы КСРО-дағы әйелдер қамалған жалғыз лагерь еді. Репрессия кезінде мұнда 20 мың әйел жазасын өтеді.
Тәуелсіз Қазақстанда 1993 жылы 14 сәуірде қабылданған алғашқы заңдардың бірі «Жаппай саяси репрессияға ұшырағандарды реабилитациялау туралы» құжат болды.
1997 жылдан бастап Президентіміздің Жарлығы бойынша 31-мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленген.
Ғалымжан Байжігіт,
«Ұлы Дала Елі» орталығы қызметкері.