С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Ақтөбе облысының құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, композитор Қайырғали Қожанбаевтың 85 жас мерейтойына арналған «Ризамын тағдырға» атты кездесу кеші өтті.

Өткізілген іс-шараға құрметті қонағымыздың жары Галина Қуанышқызы мен Бибінұр Қайырғалиқызы, композиторлар одағының мүшесі Нұржамал Мүкеева, философия ғылымдарының докторы, доцет Әбдірәшит Райымбергенов, музыка және хореография кафедрасының меңгерушісі Арайлым Әлиева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Аманжол Ысмағұлов, Марат Әйтімов, Жайлау Асылханов сынды елімізге белгілі өнер адамдары мен кітапхана оқырмандары қатысты.

Композитордың өмірі мен шығармашылығына арналған кеште оның қазақ өнеріне сіңірген еңбектерімен қатар елдің ықыласына бөленген әндері орындалды. Кеш барысында «Өнегелі өмір» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, өнер иесінің өмірі жайлы бейнебаян көрсетілді. Бала күнінен өнер жолын таңдап, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының халық аспаптар факультетіне оқуға түсіп, академик Ахмет Жұбановтан тәлім алып, бүгінде өзі оқыған оқу ордасының құрметті профессоры атанған Қайырғали Қожанбаев кешті ұйымдастырған кітапханашыларға ризашылығын білдіре келіп, өміріне өзек болған өнер жолына қарап: «Ризамын тағдырға», — деді. Кеш соңында облыстық бас кітапхананың басшысы Сұлушаш Хәкімова қонақтарға риясыз алғысын білдіріп, мерейтой иесіне сый құрметін көрсетті.

Бөлісу: