Әбдібек АБЫЛАЙҰЛЫ: Салт-дәстүр – тәрбие қазығы
Түркістанға барған сапарымда Әбдібек ақсақал мен Ұлпатша апамызбен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Мен олардан өздерінің өмір тарихы мен қазақтың салт-дәстүріне қатысты әңгімелер айтып беруін сұрадым. Өйткені екеуінің де өмір-тіршіліктері қазақ ұлтының, қазақтың Ұлы даласының сан қилы тарихымен сабақтасып жатыр. Екі қарияның арғы түбі 5 ғасырлық тарихы бар Қоңыраттан шыққан Ер Жаманбай батырдың бес рулы ел атанған ұлдарынан тарайды. Бұл кісілер ұлтымыздың салт-дәстүрінің мәйегімен өсіп-өнген, киелі шаңырақтардан, текті тұқымдардан шыққан жандар. Екеуі де бір ғасырдан ғұмыр жасаған, өмірде көргені мен түйгені мол, елдің анасы атанған абзал жандар – Тұрар мен Орынша есімді аналардың перзенттері.
– Әбдібек аға, өзіңіздің шыққан тегіңіз жайында айтып берсеңіз? Әңгімені осыдан бастайықшы.
– Мен сексеннен асқан шағымда өткен өміріме көз жүгіртсем, талай асулардан асып, көп қиындықтарды да бастан өткеріппін. Әрине, менің замандастарымның қай-қайсы да көп қиындықтарды көргендері баршаға аян. Себебі, балалық шағымыз ауыр жылдарға тұспа-тұс келді. Өткен ғасырдың басындағы қазақ даласындағы төңкерістен кейін іле-шала аштық нәубеті басталып, арты қуғын-сүргінге ұласып, одан ес жия алмай жатқанда соғыс өрті лап етті. Одан кейін де жақсы өмірдің бірден орнай қоймағыны белгілі.
Менің кіндік қаным тамып, шыр етіп, дүниеге келген туған топырағым қарт Қаратаудың етегіндегі қазіргі Түркістан қаласы Абай ауылының Ұрыжар деген жері. Бұл жерлерді менің ата-бабаларым құт-қоныс етіп, өсіп-өніп, әрбір ұлтарақтай жері үшін жаумен жағаласып, ырыс-несібесін ешкімге бермеген. Бұл жерде асыл ата-бабаларымның сүйектері жатыр. Түркілердің түп отаны, түп қазығы болған қасиетті Түркістанның тарихы мен менің ауылымның барлық өткені де қазіргі тіршілігі де сабақтасып өткен.
Жаз жайлауы Қаратаудың етегіндегі Ұрыжар мен Ұзынбұлақ, Бесбұлақты сынды бұлақты жерлерде мекендеген ата-бабаларым қыс-қыстауын Сырдың нуын пана тұтып, қоныстап, көшіп-қонып жүрген екен. Қатты қыс қысқан кездерде Қызылдың құмын бойлай еніп, арысы Қоңыратқа дейін жетеғабыл көшеді екен.
Мұны ертеректе Есет, Байтұрсын секілді ақсақалдар айтып берген еді. Ет жақын туысымыз, атақты құдықшы Батырхан ағамыздың қолымен құм ішінде көптеген құдықтар қазылғанын жақсы білеміз.
– Қазір осы құдықтар бар ма?
– Ол құдықтар әл күнге дейін бар. Өзімді жастайымнан бауырына басып, баққан әжем Тұрардан талай рет естігенім, арғы аталарымыздың өмірлері де елдің амандығы үшін күреспен өткен екен. Тым арғысын айтпағанда, берісі Қоңыраттың белді бір тармағына айналған Жаманбай батыр қазақ жеріне көзін алартқан ойраттармен және көрші жатқан хандықтармен арпалысып, жері мен елін қорғап өтсе, Ер Жаманбайдың XIX ғасырда өмір сүрген жетінші ұрпағы менің бабам Тобағабылдың да заманы тыныш болмапты. Ресей патшалығының қазақ даласын жаулап алу жымысқы саясаты бір бүйірден қысса, екінші жағы қоқан-лоққы көрсеткісі келген Қоқан хандығының қысымшылығы асқынып тұрған кез екен. Сол бір тынышсыз тұста Тобағабыл бабам өз руының би болып тұрған екен. Мойнында үлкен жауапкершілік, ата-бабаларынан «найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен» ұрпақтан-ұрпаққа мирасқа мұра болып, жалғасып келе жатқан ата-қоныстары мен жайылымдарын көлденең келген көк аттыға қалай ғана бере қойсын. Өмірі аттың үстінде өтіпті. Кенесары ханның әскері мінетін ат, ас-ауқатына мал беріп, қолдау көрсеткені жайында да Аймырза деген ағамыздан есітегенім бар еді. Одан бергі атам Бейсеннің де өмір-тіршілігі Ресей империясы дәуірінің аяқталу тұсына және қызыл өкіметтің билік басына келер кезіне сәйкес келіпті. Оның да өзіне жетерлік күреске толы тіршілігі болған.
Ата-бабаларым 4-5 ғасырлық тарихы бар ер баба Жаманбай батырдың қара шаңырағын ұстаған, текті кісілер болған. Алайда кеңес өкіметі кезінде қудаланып, шыққан тегіңді жасырып, ешкімге айта алмайтын, айтуға болмайтын қилы замандар өтті емес пе…
Төрт найза – төрт тағдыр
– Аталарыңыз жайында тарқатып айтып берсеңіз? Олардың өмір-тіршілігінен қандай қызықтарды білесіз?
– Бейсен атам мен Тұрар әжем қосылған алғашқы жылдары перзенттері тұрақтамай, шетіней береді. Алладан перзент тілеп, тау асып, теріскейдегі «Баба түкті шашты Әзиз» бабаның басына барып түнейді. Түнде шырт ұйқыда жатқан Тұрар әжеге ақ сақалды ата түсіне еніп, қолына төрт найза ұстатады. Екеуі мұны жақсылыққа жорып, елдеріне жетеді. Арада көп ұзамай, жүкті болып, бірінің артынан бірін, төрт ұлды дүниеге әкеледі.
Тұрар әже Бейсеннен – Абылай, Әбілбек және Батырбек дүниеге келеді. Бейсен 1917 жылдары өмірден өткен соң, Тұрар әжем оның інісі Сәрсен болысқа әмеңгерлік жолмен қосылып, одан Әбді мен Әпиза (қыз) деген екі перзент көреді. Өмірі қилы тағдырға толы Әбілбектің ағасы Абылай 1937 жылы халық жауы болып сотталып, соғыс басталғанда алғашқы лекпен соғысқа жіберіліп, содан хабар-ошарсыз кеткен. Тек 80 жылдардан кейін інім Жақсыбектің пәрменімен «халық жауы» деген аттан толықтай құтылды. Өзінен кейінгі өкшелес інісі Батырбек сұм соғыстың зардабынан қол-аяғы істемейтін науқас болып оралды. Ал кіші інісі Әбді соғыстың алғашқы мезгілінде-ақ майданда көз жұмған. Соғыстан денсаулығына байланысты ерте оралған Батырбек 4-5 ғасырлық тарихы бар қарашаңыраққа ұя басар ұл болып, шаңыраққа ие болды.
– Соғыс басталғанда төрт ұл да майданға аттанған ғой?
– Иә, соғыстың алғашқы күндерінде Тұрар әженің түсіне баяғы ақ сақалды қария қайта еніп, «балам бір найзамды өзіме қайтарып бер деп» найзаның біреуін қайтарып алады. Арада көп өтпей, соғыстағы кіші ұлы Әбдіден қаза тапты деген «қарақағаз» келеді. Әжеміз 1966 жылы 97 жасқа келіп, соңғы демі таусылғанға дейін «соғыста хабар-ошарсыз кеткен үлкен ұлым Абылай тірі. Мен оған сенімдімін. Егер ол өлген болса, баяғы түсіме қайта-қайта енетін ақсақал тағы бір найзамды алып қояр еді» деп Абылайдың өлгеніне сенбей, өмірденөтеді. Ол кісінің ойынша, соғыс кезінде оны басқа жаққа жіберген немесе соғыста жүріп тұтқынға түсуі, мүгедек болуы мүмкін.
Абылайдың інісі ауылдан ерте кетіп, сыртта жүрді. Мемлекеттік ірі қызметтер атқарды. Ал інісі Батырбек ауылда болды. 80-жылдардың орта шенінде өмірден өтті. Ал Тұрар апамның кіші ұлы Әбді Сәрсенұлының тарихы анадай болды.
Осылайша төрт найзаның тағдыры төрт түрлі болды. Әбілбек пен Батырбектің ұрпақтары да өсіп-өніп жатыр.
– Естуімше, Сіздің балалық шағыңыз қиын жылдармен тұспа-тұс келіп, әкеңіз «халық жауы» деген жала жабылып, анаңыздан ерте айрылған екенсіз.
– Бейсеннен туған менің әкем Абылайдың тағдыры күрделірек болған. Абылай балалықтан өтіп, ат жалын тартып мініп, қажырлы жігіт болған сәтінде орнаған кеңес өкіметі ә дегеннен ата-бабадан жалғасып, маңдай терімен тапқан мал-мүлкін кәмпескелеуден басталыпты. Кейін өзінің біліктілігімен елге қызмет етіп, басшылық қызметте жүргенде «халық жауы» деген жаламен тұтқындалады. Бұл 1937 жылдың аяғы, 1938 жылдың басындағы оқиға болатын. Міне сол кезден бастап, менің және бауырым Жақсыбек екеуміздің қиын өміріміз басталған.
Әкем Түркістандағы түрмеде қамалып жатқанда анам – Шәрипа әкемді іздеп барады. Ол кезде мен үш жастан асқан, ал інім Жақсыбек бір жастан асқан бала екенбіз. Түрме бастықтары, әкем Абылайға анам Құрышбайқызы Шәрипаны жолықтырмай, кездестірмей, керісінше, қорқытып-үркітіп зәресін алып, қуып жібереді.
«Халық жауының» әйелісің, кетіңдер бұл жерден, жолама бұл маңайға!…. Кетпесеңдер мылтықпен атамын» деп, анамды қорқытып, кеудесіне мылтығымен ұрып, інімді желкесінен бүріп ұстап алып, анадай жерге топырақтың арасына бұрқ еткізіп лақтырып жібереді. Аналардың қатыгездігінен шошынған анамыз «ең болмаса азаматымның балаларын аман алып қалайын» деп мені жетектеп, Жақсыбекті арқалап, ауылға қарай қашады.
– Бұл оқиғаны сізге кім айтып берген еді?
– Кейін бұл оқиғаны бізге әкеміздің анасы Тұрар әжем айтып берді. Ол кезде мен бәрін толық білмесем де кейбір тұстарын еміс-еміс білем. Анам Жақсыбекті көтеріп келе жатқанын, ал мен шөлдеп, шаршағаным есімде. Анама, «мені де көтер, шаршадым» деп қоймай жылай берем. Сонда анамның мені аяп «құлыным-ау, енді қайтейін, мен енді не істеймін. Көріп тұрсың ғой қолымда кішкентай ініңді көтеріп келе жатқанымды» деп тығырыққа тірелгендей, тауы қатты шағылып, құлындаған дауысы әлі күнге дейін құлағымда қалып қойыпты. «Өмір не деген қатал едің» деп осы күндері соларды есіме алғанда бір күрсініп, ішімнен тынамын. Амалым бар ма, күрсінгеннен басқа. Менің өмір бойы өзімді сабырлы ұстауға, шыдамды болуға, адамдарды барынша түсінуге тырысатыным, сол кездердегі ауыр күндердің жүрегіме сызаттап салған жараның әсері болса керек. Қазір соларды ойласам, тұлабойым тітіркеніп, өзімді қатты мазасыз күй тартып, жайсыз сезінем.
Азаптанып, қорланып, Түркістан ауданының Майдамтал (әкем сол жерде қызмет етіп жүргенде тұтқындалған болатын) деген ауылындағы үйіне бармай, Ақтөбе колхозындағы Ұрыжар деген ауылымыздағы қара шаңыраққа келеді де, анамыз іш-құса болып жатып қалады. Артынан көп ұзамай, дүние салыпты.
Әжемнің айтуынша, жетімдер руынан шыққан анам Шәрипа Құрышбайқызы әкем Абылайға 14 жасында келіншек болып келген екен.
– Одан кейін әкеңіз Абылайдың тағдыры қалай болды? Оны көре алдыңыз ба?
– Дегенмен, әкемнің айыбы дәлелденбеген соң, көп өтпей, түрмеден босатты. Сөйтіп, елге келіп, қайтадан қызмет жасап кетті. Майдамталда, өзіміздің ауылға бастық болып жүрген кезінде соғыс басталысымен, соғысқа аттанып, содан хабарсыз кетті.
Осылайша, әкем Абылайдан тірілей, анам Шәрипадан өлідей айырылып, жетімдіктің құрығын ерте көрдім. Айта берсең, том-том кітапқа ауыр жүк боларлықтай жағдайлар жетерлік.
Біз ботадай боздап қалған екі бауыр әжеміздің қолында болдық және сол ардақты әженің алақанында жетілдік. Оған да Аллаға мың қайтара шүкіршілік айтам.
– Қазақ даласында кеңес өкіметі орнаған соң, әр жерлерде топ-топ болып, ата-бабаларының қонысын мекен етіп, өмір сүріп жатқан елдерді бір жерге жинап, отырықшы жұрт жасау науқандары жүргізіле бастағанын білеміз. Ал енді сол тұстардағы ауылдардың жағдайы қалай болды? Өзіңіз Ұрыжар деген жерде дүниеге келіпсіз. Бүгінде сол Ұрыжарда ел отыра ма?
– Иә, Ұрыжардың кезінде кәдімгідей кішігірім ауыл болғанын көп адам біле бермейді. Ұрыжар Мес ата ауылы мен Абай ауылының ортасында орналасқан.
Шамамен 1920 жылдардың соңы мен 1930 жылдардың басында ұжымдастыру, колхоздастыру науқаны күш ала бастаған. Ол кезде әр рулардың адамдары әр жерде өздерінің ата-бабалары қоныс қылған жерлерде бөлек-бөлек болып өмір сүретін. Оған дейін елді бұрынғы әдіспен басқарған. Артынан колхоздастыру мақсатында әр жерде бөлек-бөлек тұрып жатқан елдердің басын біріктіру үшін және оларды оқыту үшін қазіргі Ұрыжарда құдықтың төңірегіне жинады. Ол жерде 1930 жылдары дуалдап, кесек қабырғамен мектеп, кеңсе, мал қора, жылқы қора, шөп қоралар да салынған. Балаларды оқыту үшін мектеп салған. Мектеп салуды ұйымдастарған менің әкем Абылай Бейсенов болатын. Мектепке білім алуға қазіргі Мес ата (ол кезде Игілік еді), Ақтөбе өзенінің бойын қатар жайлаған елдер (Майбұлақ, Әбдірәсілдің диірмені, Ержігіттің қыстауы сияқты жерлерден) және Ұзынбұлақ, Бесбұлақ, Шопалтұмсық, Қоян қора секілді жерлерден келетін болған. Қазір Ұрыжардың төңірегінде алғашқы ұжымдастыру кішігірім тұрғылықты ел болғанын, ол жерде кәдімгі мектеп, кеңсе болғанын ешкім білмейді. Тек «Ұрыжардағы құдық» деген құдықты ғана біледі. Құдық әлде де бар. Бертінге шейін қойшылар қоныстанып, суйын пайдаланып келді.
– Сонда бұл Абай ауылы кейін пайда болған ғой шамасы?
– Иә, кейін пайда болды. 1950 жылдары халықты бір жерге топтап, ірілендіру мақсатында тағы да колхоз құрылды. Ұзынбұлақ пен Бесбұлақтың бойына елдерді көшіріп әкеліп, алдымен Ақтөбе колхозы болып, артынан Абай ауылы атанып, үлкендеу ауылдың іргетасы қаланды. Оған Мес ата, арғы өзен Көксарайдың бойындағы Тесіктас, таудағы Бозбұтақ сияқты кішігірім елді мекендер қарады. Кейін басқа да ауылдармен бірігіп, өте ірілендіріліп, Куйбышев совхозы құрылды. Совхоздың орталығы, Қасымхан, сенің ауылың Бабайқорған болды да, Абай күні-бүгінге дейін бөлімше болып қала берді.
– Соғыстың зардабын көріп, еңбек майданында қайнап, жетіліпсіз?
– Жастығым қиыншылықпен басталғанымен, жан-жағымдағы жақсы жүректі адамдардың және өзімнің еңбекқорлығымның арқасында көп белестерден өттім.
Соғыс басталған жылдары мен 6-7 жасар баламын. Әкем және оның бауырлары бәрі соғысқа аттанып кетті. Біз жас болсақ та, колхоздың жұмысына кірісіп, егінегу, жер жырту, масақ теру, мал сауатын кезде көген байлау, майданға жіберілетін азық-түлік, астық бар, басқасы бар дегендей, тырбанып бар жұмыстарды істедік. Сөйтіп жүріп, мектепте оқып, білім алып та жүрдік. Хат таныған соң менің кітап оқуға, білімді игеруге деген талпынысым артты.
1942 жылы Қазақстан КП ОК-нің ұйымдастыру бөлімінің жауапты нұсқаушысы қызметін атқарып жүрген әкемнің інісі Әбілбек Тобағабыловтың шақыруымен Алматы қаласында мектеп табалдырығын аттадым. Бұрын сыртқа көп шығып көрмегем, Алматыда жүріп ауылды, әжемді, бауырымды қатты сағындым. Қоймай жүріп, ауылға кері қайтып кеттім. Сосын Түркістан шаһарындағы қазіргі Ахмет Байтұрсынов атындағы мектепте оқуымды жалғастырдым. Оны 1955 жылы жақсы бітіріп шықтым.
Одан кейінгі кездерде еңбек етуден қашпадым, керісінше, іздендім, алға ұмтылумен келемін.
– Естуімше, үлкен кісілердің кеңесімен Ұлпатша апам екеуіңізді үйлендірген екен. Қалай үйлендіңіздер?
– 1955 жылы маусымда Түркістандағы сол кездегі Ленин атындағы мектепте, қазір Ахмет Байтұрсынов атындағы мектепте 10 жылдықты бітірдім. Мектепті бітірісімен, әкемнің інісі Батырбек ертерек үйлен деп ақыл-кеңес берді. Мен ағама «оқиын, білім алайын, кейін оқу қалып кетеді, оқи алмай қаламын» деп біраз келісім бермей жүрдім. Ағам «үйлі-жайлы болғаның дұрыс, сондықтан алдымен үйлен» деді. Содан келін әкелуге дайындық басталды. Әрине, басында мен кімге үйленем деген сұрақ болғаны рас.
Сөйтсем, әкемнің інісі Батырбек ағам көрші Мес ата ауылының тумасы, бірақ жұмыс барысында бізбен көрші тұратын колхоздың есепшісі Әнапия деген кісінің Ұлпатша есімді қарындасына құда түспекші екен. Сол бойынша, қыздың анасы Орынша әжейге өз ойын айтады. Бірақ, ағасы Әнапия Ұлпатшаға сөз салып жүрген теріскейдегі Созақтың бір бақуатты адамына беретін болып, келісіп те қойған екен.
– Бірақ Ұлпатшаның анасы Орынша әжей қызын ұзаққа ұзатқысы келмейді ғой.
– Иә, артынан естіп, білгеніміздей, Орынша әже Ұлпатшаны ертіп, төркініне Үшқайық жақтағы туған ағасы Төленнің ұлы Марайымға барып ақылдасады. Марайым Ұлпатшаға құда түсіп келіп жатқандардың кім екені жайында қанығады. Марайым, апаға: «Созақ деген жер алыс жер. Қызды көрмей тұра алмайсыз? Өзіңіз қартайдыңыз. Ертең кенжетайыңызды артынан іздеп те бара алмайсыз. Мес қайда, Созақ қайда? Қиналасыз ғой. Сол себепті жақын маңнан сол ауылдан сөз салып жүргендер бар ма екен?» дейді. Орынша әже де таудың арғы бетіндегі Созақтың алыстығы қабырғасына батып жүргенін айтып, бұл құдалыққа риза емес екенін айтады. Олардың келіп, құда түсіп қойғанын және қалыңмалды алып қойғанын айтады. Бірақ, ауылда руы шоқпарлы Батырбек деген ферма бастығы ағасы Абылайдың ұлы Әбдібекке алып бергісі келіп, сұрап жүргенін айтады. Марайым Батырбектің ағасы Абылайды жақсы танитынын айтады. Марайым сонда, «алып қойған қалыңды қайтарыңдар» деп кеңес беріп, жиен Әнапиямен өзі сөйлесетінін айтады. Сол бойынша, жиенін шақырып алып, Ұлпатшаны Әбдібекке қосу керектігін ашық айтады. Сөйтіп, бәрін кері қайтарғызады. Артынан көп ұзамай, Батырбекке хабар жібереді, «Ұлпатшаны ініңе беретін болдық» деп.
– Сіздің Ұлпатша апамызға қосылуыңызға Марайым ағаңыз тікелей мұрындық болған екен ғой.
– Иә, солай болған ғой. Содан не керек, 1955 жылы 3 желтоқсан күні Әмір бидің қызы Ұлпатшаны алып келдім. Екеуміз ынтымақтасып, бірлік қылып, руханиятты, үлгілі адам болдық. Қасиетіміз артып, адамгершілік ел болдық. Аллаға шүкір.
Менің өмірімдегі ең үлкен бақыттың бірі ол – Ұлпатша серігімнің маған жар болып келуі. Ол маған адал, дүниеге перзенттерімді әкеліп қана қойған жоқ, өмір бойы қасымда жақсы серік, қолдаушым, анамдай қамқоршым болып келеді.
– Сонда оқуға үйленген соң түстіңіз бе?
– Иә, менің жастайымнан білімге, оқуға деген ынтам жоғары болды. Алайда елдің жағдайы белгілі. Оның үстіне, елде мамандар, жұмысшылар жетіспейді. 10 жылдықты бітіргеннен кейін колхозда механизатор болып жұмыс істедім. Сушы болдым, бидай егіп елге қызмет атқардық.
Жұмыс істеп жүрдім, бала-шағаны бағу керек дегендей ғой. Алайда, жолдасым Ұлпатша менің оқуға деген қызығушылығымды түсініп, оқуға түсуіме қолдау көрсетті. Сөйтіп, 1962 жылы үш балалы болғанымда Сарыағаштағы ауылшаруашылық техникумына түстім. Оқып жүріп техникумда түрлі қызметтер атқардым. Атап айтқанда комсомол комитетінің хатшысы, кәсіподақ ұйымының төрағасы секілді жұмыстар. Оқуымды бітірген соң 1965 жылы Төрткүл жақтағы Исақанов совхозының 3 бөлімшесіне агроном болып бардым. Сол жерде бірер жыл жұмыс жасап, ауылға су шаруашылығының маманы болып ауысып келдім. Одан кейін совхозға трактор бригадирі, кейін механик болдым. Көп ұзамай, агроном қызметіне кірісіп, көптеген шаруашылықта қызмет жасадым. Мол өнім алудың жолын іздеп, Отанға пайда беретін жұмыстарға көбірек көңіл бөлдім.
– Естуімше, Ұлпатша апам екеуіңіз де үлкен жастағы әжелердің бауырында жетіліп, солардың тәрбиесімен есейіпсіздер. Солар жайында не айтасыз?
– Қазақта «күйеу – жүз жылдық, құда – мың жылдық» деген сөз бар. Сондай-ақ, «сүйек жаңғырту», «қарға тамырлы қазақ» немесе «Сұраса келе, қойныңдағы қатының қарын бөле болып шығады» – деген сөз тіркестерін көп қолданамыз. Бел құда, бесік құда. Айта берсең, мұндай аталы сөздер өте көп. Олардың әрқайсысының астарында, ар жағында көптеген мағыналы жүйесін бұзуға болмайтын үлкен дүниелер жатыр. Атап айтқанда, осы айтылып жатқандарды сақтай отырып, жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған қазақтың негізін аңғаруға болады. Мұның бәрі өткен ғасырларға дейін қатаң сақталып келді.
– Иә, бірақ оның мәнісіне көбіне терең бойлай бермейтініміз бар.
– Ал шын мәнісінде нағыз мән беретін нәрсе сол екен. Бұл жақсы ұрпақ әкелудің алғышарты. Олай дейтінім, қазақ жеті атаға жетпей, қыз алыспаған текті халық. Бұл аса құндылығымен әлі күнге дейін сақталып отыр. Қарап отырсақ, қыз берісіп, құда болуда, ұлды үйлендіргенде бұзуға болмайтын және талқылауға жатпайтын тиымдар мен қатал тәртіптер толып жатыр. Алайда мұның бәрі ұлттың болмысын, ұрпақтың азып-тозуынан сақтайды және сақтап та жүр. Осыдан ата-бабалардан ұрпаққа жалғасып келе жатқан қағиданың арқасында «құда мыңжылдық», «сүйек жаңғырту» деген салтымыздың қалыптасқанын байқаймыз.
– Сөйтсеңіз сіздің Ұлпатша апамызбен үйленуіңізде де үлкен мән жатқан болып тұр ғой?
– Бұрын оншалықты мән бермеппін, солай екен ғой. Біріншіден, менің апам Тұрар мен Ұлпатшаның анасы Орынша шешем өте жақын бөле екен. Ескерте кетейін, анам Шәрипа қайтыс болған соң інім Жақсыбек екеумізді бауырына алып, ана орнына аналық сезімін сыйлаған әкеміздің анасы Тұрар әжемізді біз апа деп атайтынбыз.
Екеуінің бөле болуы мынадай. Тобағабыл бабам ХІХ ғасырдың орта шенінде Қоқан хандығының басқыншларына қарсы тұрып, елдің амандығына үлкен үлес қосқан қайраткер би болған. Тобағабыл жасы келіп, қартайған шағында билік тізгінін рулас туысы Жұмықбайұлы Тәтібай дегенге астындағы өзінің жақсы көретін ақбоз атымен бірге аманаттап, өзі елдің аманшылығын тілеп, ақыл кеңесін беріп отырыпты.
– Түсінікті болу үшін шежірені тарқата айтсаңыз.
– Шоқпарлы руының шежіресін жинақтап, бір ізге салып кеткен ағамыз Нұрман Хәнділлаұлының еңбектері арқылы айтайын. Жаманбайдың қарашаңырағын ұстаған ұлы Таңатардың екі баласы Қошқар мен Бораншы деген балалары болады. Таңатарды батырлығына байланысты шоқпарлы атап кеткен екен. Біз Қошқардан тараймыз. Қошқардан Досай, Досайдың бірінші баласы Шоқан, Шоқаннан Байбала туады. Байбаланың кіші ұлы Майлыбай болса, оның ұлы біз айтып отырған Тобағабыл. Одан біз тараймыз. Ал енді Тәтібайға келер болсақ, ол да Досай бабамыздан таралады. Досайдың ұлы Әбділ, Әбділдің үшінші баласы Жұмықбай болса, содан жаңағы біз айтып отырған екінші ұлы Тәтібай туылады.
Тәтібайдан кейін келесі би Жұмықбайдың үлкен бауыры Аманбайдың ұлы Таңырық болады. Ұлпатшаның анасы Орынша Таңырық бидің туған жиені. Тұрардың әкесі Асан Қырғызәлі деген рудың болысы болған. Тұрар мен Орынша екеуінің нағашылары немерелес ағайындар. Тобағабыл үлкен ұлы Бейсенге Қызылорда облысының Жаңақорған ауданына қарасты Қосүйеңкі төңірегінде мекен еткен «қырғызәлі» руынан шыққан Асан болыстың 1870 жылы туылған қызы Тұрарды бел құдалық жолмен алып берген. Тұрар әжеміз Ленинмен жастымын деп отыратын.
Тобағабыл мен Асан заманында елдің тіршілігі барысында көп еңбек атқарған кісілер болған. Асан біржағынан шоқпарлыға күйеу. Екеуі серттесіп құда болуға «дүниеге ұл-қыздар келгенде атастырып, құда боламыз» деген екен. Тұрар әжем атам Бейсеннен 3 жастай үлкендігі болған. Оны әжемнің өзі де айтып отыратын. Асанның болыс болып сайлануында Тобағабылдың ықпалы болған деген де әңгімені Асан болыстың ұлы Кеншімбайдың ұлы Пернебайдан есітігенмін. Жаңақорған жақта тұратын нағашым Пернебай тірі кезінде «жиендерді іздеп келдім» деп менің шаңырағыма анда-санда болса да соғып тұратын. Нағашым әр келгенде арнайы мал сойылып, әңгіме-дүкен қызатын.
– Үлкендер осы жақындықты жаңғыртқан болып тұр екен ғой.
– Иә, солай, Ұлпатшаның нағашысы Марайым ақсақал мен әкемнің інісі Батырбек ағам жоғарыда айтылғандарды ескерген болар деп те ойлаймын.
Орынша шешем 100 жасқа жетіп 1979 жылы өмірден өтті. Ал інім Жақсыбек екеуміздің жетіліп, өмірде өз орындарымызды табуға жетелеген апам Тұрар да 1966 жылы 97 жасында о дүниелік болды. Жатқан жерлері жайлы болғыр, екі тектінің ұрпағы текті әулетке келін болып түсіп, саналы ғұмырларын тек өздерінің ұрпақтарын ғана тәрбиелемей, екеуі де бірі жауғаштының «Бибі Пәтимасы» есімін иеленсе, Тұрар әже 4-5 ғасырлық тарихы бар үлкен қарашаңырақтың ұйытқысы болып, «елдің анасы», «үлкен шешей» атанған жандар.
Ұрпақты тәрбиелеуде қателікке
жол беруге болмайды
– Әбдібек аға, Сіздер он баланы дүниеге әкеліп, оқытып-шоқытып, жақсы тәрбиелегендеріңізді жұрт жақсы айтып жүр. Перзенттеріңізге жақсы тәрбие берудегі сырларыңызбен бөліссеңіздер?
– Жасыратыны жоқ, мен балаларыма өте ризамын. Ешқайсысы бізді ұятқа қалдырып көрген жоқ. Керісінше, мақтау алдық. Бәрі бірдей жоғары оқу ордаларын аяқтап, үйлі-баранды дегендей, өз тіршіліктерін жасап жатыр.
Бала – бауыр етің. Туғаннан бастап, оның әрбір қадамына, әрбір қылығына мән беруің керек. Өз басым Абайды, қазақтың бес арысы – Шәкәрім, Мағжан, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбектерді, үш бәйтерегі – Сәкен, Ілияс, Бейімбеттерді көп оқыдым. Балаларымды солардың өнеге әңгімелерімен, шығармаларымен қоректендірдім. Қалаға барғанымда, әлбетте кітап дүкендеріне соқпай кетпеуші едім. Бар ақшама осы зиялы адамдардың кітаптарын сатып алып келетін едім. Балаларыма осы кітаптарды оқытып, мазмұнын ашып, талдап беретінмін. Солардың өмірінен, еңбектерінен көп тәлім-тәрбие алып, мысалға келтіре отыратынмын. Ыбырай Алтынсарин айтқандай, «жас шыбықты қалай баптап өсірсең, солай өседі». Атақты педагог Макаренко оқыту мен еңбек тәрбиесін ұштастыру мәселесін алғаш рет ғылыми тұрғыдан талдады. Мен атақты, әлем таныған кісілердің де еңбектерін қалт жібермей оқушы едім. Міне, мен ұққан тәрбиенің мәні де, сыры да осы.
– Сонда баланың оқуға деген ынтасын қалай арттыруға болады?
– Ең бастысы, баланы қызықтыра білу. Одан арғысы қадағалап, бақылап отырсаңыз, балаңыз икеммен тәрбиеңізге қалыптасып, жетекке еріп жүре береді. Ұрпақты тәрбиелеуде қателікке әсте жол беруге болмайды. Мәселен, өзім алдымен «мектепте не білдің, не қойдың?» деп қадағаладым. Қадағалаған соң баланың білім алуға, сабаққа ынтасы артып, жақсы білуге тырысады екен, қызығушылығы артып, оқып кетеді. Сосын біраз білгеннен кейін «бесің бар ма? Қанша бесің бар?» деп қадағалап сұраймын. Жауапкершілікті сезінген бала бес алуға тырысады. «Әкем жақсы оқығанды жақсы көреді екен ғой. Жақсы оқиын» деген баланың бойында тәрбие қалыптасады. Талап еткенде де осылай ретімен баланың бойына міндетті жүктеу керек. Әңгімеміздегі ең негізгі шек – баланың ықыласын сақтау, білімге деген құмарлығын арттыру.
– Балаларды еңбекке, төзімділікке, жауаптылыққа үйрету үшін не істеу керек?
– Мектепте мұғалімінің шеберлігімен бала сауаттылығын ашса, үйде ата-анасы, ал алдыңғы аға-апасы еңбек тәрбиесін қалыптастыруы керек. Бала тіке болмай, істің ыңғайын біліп, айналасындағы алуан түрлі үй шаруасы немесе басқа да шаруалардың қалай ретімен орындалуын да игеріп өсуі керек. Таңертеңнен кешке дейін баланың ығырын шығарып, жұмсай да бермеу керек. Өздігінен оқып жатса, жұмсамауға тырысатынмын. Қызығушылығын басып, ойын бөліп алаңдатқым келмейтін. Көбіне мектептегі сабақтың материалын өмірмен, ғылыммен байланыстыра отырып, балама өз бетімен ізденуге тапсырмалар беретінмін. Тек тапсырма беріп қана қоймай, оның орындалуын да жіті қадағалап отыру баланы қалыптастыруда басты орын алады. Кітап оқуға баулу да ата-ананың қызықтыруына байланысты, жетелей білсең, талпынады.
– Бала үшін ата-ана қандай болуы керек? Оқуға деген ынта-жігерді қалай арттыруға болады дейсіз?
– Бұл тек оқумен шектелмейтін күрделі мәселе. Ата-ананың отбасындағы сыйласымдылығы – міне, бұл тәрбиенің ең басты әдісі. Сіз тәрбиені сөз арқылы немесе үйрету, бұйыру, ақыл айту арқылы тәрбиелейміз, іске асырамын деп ойламаңыз. Тәрбие өмірдің әр сәтінде жүріп жатады, тіпті сіз үйде болмаған кезіңізде де баланы тәрбиелейсіз. Тәрбие сіздің қалай киінетініңіз, қалай газет оқығаныңыз, осы іс-әрекеттеріңіздің барлығы балаңыз үшін маңызды. Ал отбасында сіз дөрекілік көрсетіп, балағаттап, дауыс көтеріп, жәбірлесеңіз, осы ісіңізбен сіз балаға жаман тәрбие бересіз. Ең жақсы балалар – бақытты ата-аналардың балалары. Баланы дұрыстап тәрбиелеу. Тәрбиесі дұрыс бала жақсы адам болып кетеді.
Өмірлік серігім Ұлпатша екеуміз перзенттеріміздің тәрбиесіне аса мән бердік. Екеуміз балалардың көзінше де, былайғы кездерде де ренжіспедік. Аллаға мың шүкір, балалар бүгінде бәрі есейді, көбінің немерелері бар. Жалпы біз екеуміз балаларымызға ақыл-кеңес беруден жалыққан емеспіз.
– Мен соңғы жылдары қазақтың дарқан болмысын терең біле түсу мақсатында және қазіргі кезде әлемді қызықтырып отырған ұлтымыздың салт-дәстүрлерін зерттеумен айналысып жүрген жайым бар. Осыған орай Сіз ата-бабаларымыз ұстанған салт-дәстүрілері туралы не айтасыз?
– Алдымен қазақтың қасиетті қара қазаны мен қарашаңырағы туралы бірер сөз айтып кетсем деймін.
Ұлтымыздың өмір-тіршілігінің негізгі қадір-қасиетінің бірі ол – қарашаңырақ ұғымы.
Бұл «қарашаңыраққа» қатысты тарихи әңгімені айтудағы себебім, мұның астарында жүзге, руға бөлінушілік немесе басқалай бір астарлы саясат жатқан жоқ. Қазақта «қарашаңыраққа» ұя басар етіп қалдырар ұлды таңдаудың өзіндік қыр-сыры бар. Көбінде қайсысы болсын, шаңырақты ұстауға қабілеті барын қалдырады. Негізінде үлкенін немесе сүт кенжесін қалдырып, қалғанын үй-жайымен енші беріп, бөлек шығарған. «Қарашаңырақ» бай-бақуатты болса, одан тараған ұрпақтардың да жағдайлары жақсы болған.
«Қарашаңырақ» – ол тәрбиенің түп төркіні, адамзаттың тәлімі мен қадір-қасиеті. Адамның жақсы, жаман болмағы шыққан шаңырағынан бастау алады. Текті, ізгілікті «қарашаңырақ» – үлгілі отбасы, отанын сүйер сенімді қасиет. Онда текті, киелі «қарашаңырақта» еліміздің болашағы жастарымыздың бойына ізгілік рух, адамгершілік рух, отансүйгіштік сенімді сезім, еңбек сүйгіштік қажыр-қайрат қалыптастырар және жетімін жылатпас, жесірін қаңғытпас, тастанды бала болдыртпас, қылмысқа бой алдырмас бірден-бір тәлім-тәрбие орны бар. Пайым-парасатты болашақтың тал бесігі, тыныштықтың бағбаны. Бұл «қарашаңырақ» – қалың қазақ. Ол ана тілін баптайды, арын сатпайды, діні мен ділін сақтайды.
– Ендеше қарашаңырақты көтеру үшін не істеуге болады деп ойлайсыз?
– Қалай болғанда да «Қарашаңыраққа» аса көңіл аударып, қолдау көрсетіп, оны қайта жаңғыртып, жақсы жолға қояр болсақ, жоғарыда айтылған ұлт құндылығы мен мемлекеттік тіл мәселесінің өзінен-өзі шешілуіне айтарлықтай септігін тигізері көп.
Тарихымызды түгелдеп, салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып, «қарашаңырақ» мәселесін бір қалыпқа келтіру – бүгінгі күннің кезек күттірмес мәселесі. Әрбір қарашаңырақ бақуатты болса – мемлекеттің туы берік. Қара шаңырағымыздың шаңырағы биік, керегесі мықты, босағасы берік болса, сонда ғана қазақ ұлтының саны күрт өсіп, өркендей алады және айтып жүрген бақуатты отыз елдің қатарына еніп қана қоймай, қақ төрінен ойып тұрып, орын алатынымыз хақ!!!
Баталы ел – арымас
– Қазіргі уақытта, бүгінгі қоғамда дуалы ауыз, ақ баталы ақсақал ретінде осы елге өте танымалсыз. Бірнеше рет байқауларға қатысып, жүлделі болып жүр екенсіз. Сіздің батаңызды алған соң «ол кісіден бата алғанбыз, батасы ерекше, осы кісінің батасынан соң үлкен жетістіке жеттім, ісім оңғарылды. Кейінгі жастарға осындай үлкен кісілердің батасы үлгі бола алады» деп Сізді үлкен ілтипатпен ауызға алатын азаматтар аз емес екен. Сізге бойыңыздағы батагөйлік, әншілік өнер қайдан келген? Осы батагөйлік сізде туа бітті қасиет па, әлде өмір тағылымынан жинақталған, көңілден шыққан көрікті ойларыңыз ба?
– Қарағым, Қасымжан, адам дүниеге келгенде Хакім Абай айтқандай «бір нәрсені білсем, көрсем» деп өмір сүреді. Онан қалса, «өссем, көркейсем» деп талпынады.
Осындай басын көтерген, көкірегі ояу адамға жақсы тілек айту, жөн сілтеу әрбір үлкен адамның, ақсақалдың міндеті емес пе? Мен де сол жастар өссе, жетілсе, түзу жолда жүрсе, бір-біріне қайырымды болып, әлемде тыныштық болса деген тілекшінің бірімін. Бұл тілеулес болу, бата беру қаншалықты бала кезден, туа біткен қасиет екенін білмедім. Дегенмен, әкеден жастай қалып, әжемнің, ағаларымның тәрбиесінде өстім, сол кісілерден көре өстім.
Асан болыстың қызы Тұрар әжемнің қасиеті ерекше еді. Алыс сапарға аттанатындар, үлкен іс бастайтындар келіп, бата алушы еді. Тәу етіп, сыйынып барып, жолға шығар еді, ойға алған шаруаларын бастар еді. Айтқан батасы қалыс кетпеуші еді.
Менің де бата беріп, өзімнен кейінгілерге ақ жол тілеп жүргеніме 30 жылдың үсті болды. Ағайыныма, өз балаларыма, жалпы өзімді іздеп келгендерге ықыласымды салып, жүрекпен бата беріп жатамын.
Бүгінгі күні ағайындарым, ауылдастарым, перзенттерімнің ұжымдастары мен достары сонау алыстан, арысы Ресейден, берісі Қырғызстаннан іздеп келіп жатады. Ондағы мақсаты сол – бата алу. Ауылымның басшылары болсын, елдің ісіне араласып жүрген басқа жігіттер де іс-шараларына шақырады, келіп бата сұрайды. Ондай азаматтарды неге қолдамасқа?
– Бата – дегеніміз жалпы халықтың түсінігінде орындалатын шынайы тілек қой.
– Ақ бата – қазақ халқы үшін – Ой, Ықылас, Ниет, Тілек, Істің жиынтығы, барлық наным-сенімнің бірлігі. Сол себепті, қазақ халқы көне – көк түркі заманынан қазірге дейін өзінің барлық ізгі істерін ақ тілекке толы ақ батамен бастап отырғанды дұрыс санап келеді. Келешекте де әр қадамын ақ батамен бастайтыны анық.
Қазақтың қанына сіңіп кеткендігі соншама, тіпті «Баталы ұл арымас, батасыз ұл жарымас» деген түсінік қалыптасты. Қазақ халқы ақ батаның ізгі сөздеріне сүттей ұйып, оның құдіретті күшіне шексіз сенеді. Батаны жасы үлкен қарттар мен абыздар, билер мен шешендерден сұраған. Тіпті осы бата сұрау үрдісінің өзі қасиетті салтқа айналған.
Бата – ол адам баласын ізгілікке, бақытқа, болашаққа және арманға жету жолына сілтейтін және бағыт беретін бағдарлама іспетті терең тәрбиелік ұғымдағы тілек сөздер. Сондай-ақ, бір тұлғаның елге, қоғамға сіңірген еңбегін бағалап, оған елдің ризашылығы мен алғысын жеткізіп, басқаларды да сондай болуға тәрбиелеу жолы десе де болады.
Ал теріс бата, бұл қарғыспен бірдей. Егер мұндай жағдай орын алса, теріс бата берген адамнан айыпты адам кешірім сұрап, аяғына жығылған кездер де болған.
Қазақ мал сойса да бата жасаған. Бұл да болса, жаратушыдан кешірім тілеп, болашақта жақсылықтың болуын көздегендігін аңғартады. Ал ел ішінде ұл туса, не ол ұлды сүндет жасатып, ат жалын тартып мінген жағдайда арнайы қалау бойынша, ел ішіндегі батагөй қарт шақыртылатын болған.
Бата кейде тек бір адамға берілсе, көбіне барша қауымға қаратыла айтылатын тілек түрі.
– Әбеке, сөзіңіз орынды. Ел амандығын тілеп, тоқшылық пен береке тілеп отырған, аузы дуалы, сөзі мағыналы өзіңіздей батагөй қариялар аман болсын дейміз.
Сіздің бойыңыздағы батагөйлік, әншілік өнеріңізбен бірге ауылдың шежіреші ақсақалы ретінде атайтынын естіп отырмын. Сонымен бірге, Сізді осындағы жұрт «дала ғалымы, дала академигі» деп атайды. Осы мамандығыңызға байланысты көптеген қазақы салттар мен ырымдарды, жоралғыларды біледі деп айтып жатады. Осылар жайында да айтып өтсеңіз?
– Иә, қарағым, мамандығым – менің өмір тіршілігім, тынысым, өнерім болды. Осы мамандықпен бала-шағамды асырадым, халқыма бір тамшы болса да жақсылық жасап, көгеруіне септігін тигіздім деп есептеймін. Осы мамандық аясында көп ізденуге тура келді, кітап ақтардым, ғылыми іздендім. Сонымен қатар, қазақи ғылым, дала ғылымын да зерделей жүрдім, өзімнің іс-тәжірибемде қолдандым. Нәтижесі әрине болады, жұмысымда көп септігі тиді ғой. Өзім ғана пайдасын көрейін деген адам емеспін ғой, басқалар да біле жүрсін деп насихаттай жүрдім. Солардың бірі өртті қалай ауыздықтау еді.
Қазақ өртті «тілсіз жау» деп санап, өрт, не от шығу қауіпсіздігін ерекше жағдайда сақтаған. Қазақ даласында қаншама мыңдаған аумаққа созылып жатқан шалғынды жерлер мен орманды алқаптар бар. Ал тіршілігі мал шаруашылығымен сабақтасып келген қазақ ұлты ерте замандарда жайылымдарды өрттен аман сақтап қалудың не бір өзіндік амалдарын қолданған екен.
– Қызық екен. Сонда қалай?
– Қазіргі таңда өрттің шығуы жиілеп кеткенімен, оны ауыздықтаудың амалдары өте көп. Үйде өрт шықса, көп жағдайда пештен, не электр желісінің ақауынан болады. Ал орманды, жайылым және егістік алқаптардың өртенуі де көп жағдайда адамдардың салғырттығынан болады. Далада от жақса, ошақты сөндірмейді немесе шылымдарын сөндірмей тастай салуынан болып жатады. Ал табиғатта өздігінен болатын өрт тек, найзағайдың әсерінен орын алады. Алайда, жаңбырдың әсерінен әбден дымданған шөп пен ағаш, бұталар от алуға аса бейімсіз.
Жойқын өртті тоқтатудың бір амалы – өртке қарсы от қою. Бұл үрдіс осы күнге дейін өз күшін жойған емес. Қарсы от қою, адамдардың сөндіруіне күш бермей, жалындаған оттың келе жатқан бағытын бағамдап, алдын ала ұзына аумақты әдейі өртеу. Қолмен қойылған от көп адамның бақылауында ұсталып, козып кетуге жол берілмейді. Шамамен ені екі, не үш метр жерді ұзына бойы өртейді. Жердің шөбі жанып бітіп, қара күйеге айналғанда бықсып жанып жатқан отты ары қарай жібермей өшіріп тастайды. Міне, адамға күш бермей келе жатқан негізгі жойқын өрт, әдейі өртеліп, тып-типыл болған жерге келгенде өздігінен оңай ауыздықталады.
– Қарсы от қою арқылы дегеніңіз керемет екен. Ақылға қонымды, тағы қандай әдістері бар?
– Келесі әдіс, жайылымды дала мен егістік алқаптары өртенген жағдайда қолданылады. Бұл әдісті совхоздың кезінде жыл сайын қолданатын едік. Өртке немесе қуаңшылыққа деп арнайы жасалған тоғаннан су жібереді. Алапат от су жайылған жерден ары өте алмай тоқтайды немесе өртті өзге жаққа жібермеу үшін егіс алқаптарын айналдыра қара топырағын шығара жыртып тастау әдеті болды. Бұл әдіс, біріншіден, алқапта болған өртті бірінен екіншісіне ауыстырмау мақсатында қолданылса, екіншіден құрт-құмырсқаның қаулауынан сақтайды.
Ал жайылым жер өртенген уақытта өртті ірі қара малдың тұяғы да тоқтата алады. Жайылған өрт қаулаған кезде ел-жұрт түгелдей ірі қара мал атаулысын өрттің алдынан кесе көлденең айдайды. Бұл енді ертеде қазақ даласында мыңдаған шұбырған малдың көп кезінде қолданған амалдар. Сан мыңдаған жылқы, мыңдаған түйе мен сиырдың тұяғы шөбі онсыз да қурап, тозып тұрған жердің топырағын шығарып, ақ шаң етері сөзсіз. Сол сәтінде бықсыған топырақ аралас шөпті өшіретін болған.
Ертедегі тағы бір мықты амал ол – жайылым қаулап жанған сәтте жүйрік ат пен киіз және ұзын арқан да таптырмас құрал болған. Яғни, жүйрік атқа мінген жігіт ұзын арқанның екі ұшын ердің екі жақтама тақымына қысып, аттың артынан шұбатып тастайды да, оған үлкен киізді ортасынан екі жағына бүктеп қайыра іледі. Арқанға ілінген киізді сүйреген күйі жақын жердегі ағып жатқан өзен немесе бұлақтағы суды (киізге құдықтың суын да пайдааланады) кешіп өтеді. Суға малынып, әбден бөккен киізді суын сорғалатып атпен шапқан бойы жанып жатқан өртті көлденең үстінен немесе іргелетіп қабатынан шауып өткенде сорғалаған судан және ауыр киізден жердегі шөп пен топырақ батпақтанады және ауасыз тұншығып, шөптің жануы күшінен айрылады. Сосын жанбай, бықсып өшіп қалады.
Көкпар – жігітті жігерлендіреді,
шабыттандырады, шыңдайды
– Қаратаудың күнгей бетіндегі біздің ауылдарда көкпар тарту әбден дамыған деп жатады. Жалпы, осы күнгейдің көкпары жайында айтып берсеңіз?
– Иә, көбіне теріскейдің адамдары бізі күнгейдің адамдары деп атап жатады. Сол Қаратаудың Сырдария бетіндегі тау етегін жағалай қоныстанған ауылдардың шабандоздары көктем шыға көкпар шабуды бастайды да жазғы ыстық айларда уақытша тоқтатып, одан қар түскенше қара күзге дейін шабады. Бұрын да, қазір де көбіне Бабайқорған, Үлгілі, Абай, Мес ата ауылдарының жігіттері бірігіп көкпар тартып жатады. Мен өзім де жас кезімде көкпар тартуға қатты құмар болдым. Тәп-тәуір тартатынмын. Онда жас болдым, күш те көп болды дегендей. Артынан қойып кеттім. Себебі жұмыс бар, бала-шаға бар жас. Жұмысбасты болған соң қол тимейді екен. Кезінде ұлым Тельман мектепте оқып жүргенде ол да тәп-тәуір шабушы еді. Оның қолынан қақпадым қандай ат мінем десе де. Үйімізде міністік ат ешқашан үзілген емес. Жалпы ірі көкпарлардың кезінде Сырдарияның бойындағы елді мекендердің шабандоз жігіттері келеді. Біз оларды төменгі жақ немесе ылдидың көкпаршылары деп атайтын едік. Шыны керек, Сыр мен таудың көкпаршылары үнемі басы қосыла бермейтін. Себебі Сыр көкпаршыларының аттары қанша жерден мықты болса, тауға келгенде тасырқап, ақсаңдап, шаба алмай қалады. Ал таудың шабандоздары ылдидағы көкпарда аттарының аяқтары құмға батып, тез болдырып, шаба алмай қалып жатады. Сол себепті әр көкпаршы өзінің үйренген жерінде ғана шабуға тырысады.
– Жалпы, көкпарды қандай ойынға жатқызасыз. Оның адам үшін қауіптілігі бар ма?
– Дұрыс айтасың, көкпар деген жарықтық өте қасиетті ойын. Бірақ мұның да өзіндік қиыншылықтары мен қызықшылықтары жетерлік.
Көкпар – жігіттің намысы, мықты білектілердің спорттық ойыны ғой. Жігітті намысты етіп жігерлендіреді, шабыттандырады, шыңдайды. Тіптен адамдар ауылындағы мықты шабандозымен де мақатанады. Керек десеңіз, жөн сұрасқанда «анау пәленше деген шабандоздың ауылы емес пе» деп ауылдағы мықты көкпаршысынан танып жатады. Ал енді шабандоздың атын шығаратын оның астындағы мініп шабатын аты. Ат таңдап міну де үлкен өнер, көп қаржыны керек етеді. Бұл өзі сондай бір сиқыры бар ат ойны.
Көкпар шапқанда адамдар аттан құлап, мертігіп, тіптен адам өлімі орын алып, арты қайғылы жағдаймен аяқталып жататын кездері де бар. Бірақ шабандоздар қанша жерден жарақаттанса да, бәрібір шабуын қоймайды. Бұл тіпті құмар ойыны сияқты дүние. Бұл төңіректе небір аты шыққан көкпаршылар өтті дүниеден. Арысын айтпай-ақ қояйын, мына қасымыздағы Бабайқорғанда Әбдіғани Байменов деген божбан жігіт болды көкпар десе ішкен асын жерге қоятын. Ол да жақсы шабатын беделді көкпаршы болатын. Ажалы сол көкпардан болды. Қателеспесем, аттан жығылып, мертіккен. Оған да біраз жылдар өтіп кетті. Білуімше, бүгінде көкпарды тіптен бала-шағасын сонымен асырайтындай күнкөріс көзіне айналдырғандар да бар екен.
– Әбдібек аға, сіз көкпарға шапқан болсаңыз, осы төңіректен шыққан мықты шабандоздарды атап бересіз бе?
– Әрине, ат десе, көкпар десе ішкен асын жерге қоятын мықты шабандоздар баршылық. Майдамтал, одан ары Қаражон, Ынталының шабандоздары жиналып, көкпар немесе салым шауып жатады. Негізінде бұған ақша тігіп шабатын көкпар ойынының түрін біз жақта «салым» деп атап кеткен. Ірі тойларда бәске үлкен қаржы тігіліп жүр. Көкпар десе ішкен асын жерге қоятын – Қалжан Сыздықов, Аймырза Нәлібаев, Мұрат Махамбетәлі деген кісілерді нағыз шабандоздар деуге болады. Соғыс жылдарынан кейінгі уақытта Тұтқабай деген болған, өзі жауғашты. Аймырза ағамыз солармен бірге көкпарға шабатын. Аймырза аға Ұзынбел деген өте ірі денелі ақ тамдай ақбоз атты мініп жүретін. Сол ат көкпарларда шауып келетін де көкпарға жақындағанда белін созып, еңкейіп, көкпарды іліп әкететін. Тақымды қысса болды, шу қарақұйрық жоқ болады. Өзі өте жүйрік болатын.
Көкпаршы демекші, ертеректе Марайым деген мықты қазақ болды. Ол өзі сондай қазақы, ұлтжанды, көкпаршы адам еді. Бірде партиялық үлкен жиын болып, оның көкпаршылығына қатысты мәселе көтереді басшылар. Сонда ол «орыс балық аулағанын қоймаса, мен де көкпар тартқанымды қоя алмаймын» деп айтқан екен.
– Сіз өзіңізді бақыттымын, мақсатыма жеттім деп деп ойлайсыз ба?
– Шырағым, Қасымжан! Сірә да, армансыз, мақсатсыз адам бола қоймас. Шынында да кейде менен адамдар «ата, құдайға шүкір, жаман емессіздер. Перзенттеріңіз бар, бәрі елдің көңілінен шығатын ұрпақтар. Өсіп-өніп отыр. Тағы басқа қандай арман болуы мүмкін» деп сұрап жатады. Әрине, дүние қусаң, оның соңына кім жеткен дейсің? Бірақ армандар да, мақсаттар да әркімде әр түрлі болады емес пе? Әркімнің өз арманы, өз мақсаты бар.
Иә, жас кезімде біраз қиындық көрдім ғой. Бір адамның басына жетіп-артылардай қилы тіршілікті көргенім рас. Бұрын ел ағасы жасқа жеткенде «Меккеге барып, қажылық парызымды орындасам» деп армандаған едім. Айтпағым, өз қолымыз өз аузымызға жетті-ау дегенде және қасыма серік болып баратын кенже ұлым Әлжан 40 жасқа толғанда 2010 жылы балаларым бәрі жабылып, бір ауыздан ұйғарым жасап, мені Меккеге қажылық парызды өтеп келуге аттандырды. Содан не керек, бардық, жасалуы керек мінажаттарымызды орындап жүрдік. Кезек Қағбаны жеті рет айналуға келгенде ондағы қара-құрым халықты көріп, ішімнен аздап сескенейін дедім. Жас емеспін баяғыдай, айналып жүріп, сүрінсең, аяқ астында қалып, тапталасың. Қасымнан бір елі қалмай барлық жағдайымды жасап, сүрінсем сүйеп, шөлдесем ас-суымды дайындап, қас-қабағыма қарап жүрген ұлым сол сәтте шай әпере
қояйын деп, тапжылмай бір орнымда тұруымды тапсырып, анадай жерге жүгіріп кетіп еді. Легімен өтіп жатқан елге кедергі келтірмейін деген ойым бар, оның үстіне, балам анадай жерде келе жатты. Сонымен, өтіп жатқандарға ілесе мен де жылжи бастадым. Сөйткенше болған жоқ, қалың нөпір мені ортаға іліп алып кетіп бара жатты. Аздап қалбалақтап, қысылып та қалдым. Сол сәтте ұлым жан ұшыра қасыма жетіп, үйтіп-бүйтіп қақпайлап, шетке алып шықты. Аздап тыныс алып тұрдық. Бір кезде қой дегеніме қарамай, мені арқасына салып алып, ортаға қойып кетті. Өзі орта бойлы, шағын болғанымен, шымыр жігіт қой. Арқалағанына басында қысылып, ыңғайсызданып қалғаным рас. Бірақ байқаймын, балам шаршайтын емес, қайта ширығып жүріп бара жатыр. Содан Қағбаға жеткізді. Арқасында тұрып, Қағбаға маңдайымды тигізіп, сол жерде Аллаға құлшылық жасап, мадағым мен тәубемді айтып, ұлыма да арнайы рақмет пен бата бердім. Сол жерде қаншама адамдар, өзге ұлттар бәрі-бәрі қызыға қарап тұрғанын байқадым. Шыны керек, сол сәтте өмірімде өзімді әлемдегі ең бақытты адамдай сезіндім. «Ата-анасын Меккеге арқалап апарыпты» деген сөздің мәнісін сонда қатты сезіндім. Әрине, бұл менің өз басымнан өткен және өзіме ғана қатысты орындалған арман ғой.
– Көңіліңізде жүрген әттеген-айлар немесе орындалмаған арман-мақсаттарыңыз бар ма?
– Енді не арман бар демекші, менің қабырғама бататыны, жесірін қаңғытқан, жетімін жылатқан қазақтың қазіргі жағдайы алаңдатады. Ертеректе қазақта балалар үйі, қарттар үйі деген болмаған. Ал қазір ше. Өте көп және күн санап көбеймесе, азаймай отыр. Бұдан арылу үшін алдымен сананы дұрыстамай болмайды. Сана, бала тәрбиесі деген басқаша болып кетті. Үлкенді сыйлайтын, кішіге қамқор болатындай адамдық қасиеттен алыстап бара жатқандаймыз. Осыны реттемесек болмайды. Тәрбиенің барлық түп қазығы ата-бабалар қалдырып кеткен салт-дәстүрімізде екенін ұмытпауымыз керек. Түбінде сол өзіміздің түп қазығымызға барып байлануымыз керек. Ұрпақты соған жетелеуіміз керек. Қазақтың жолы, әдет-ғұрпы ол «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» тіршілік емес пе еді. Неге біз сол өзіміздің қанымыздан келген болмысымыздан ажырауымыз керек. Мені толғандыратындардың бірі де, бастысы да осы шырағым.
– Әңгімеңізге рақмет, аға!!!
«Құрақ құрап, ою ойғанның ойы ұшқыр» деуші еді анам
Ұлпатша Әмірқызымен сұхбат
– Ұлпатша апа, жастау кезімде құрақ құрап, іс тігуші едім деп едіңіз. Бұл қазіргі күні қолға көп алынбайтын жұмыстың бірі болды ғой. Сол өнердің қыр-сырын әңгімелеп берсеңіз. Жастарға өнеге боларлық дүние ғой өзі. Дайынды тұтынбай, өздері жасаса, бұл әрбір отбасының бюджетіне қосылатын көп көмек болар еді, әрі құнды дүние болар еді. Құрақ құрау өнері арқылы қыз баланы әсемдікке, кез келген затты қиюластыра білуге, үнемділікке тәрбиелеу бүгінгі күннің талабы болып отыр ғой.
– Иә, қарағым, жас кезімізде құрақ құрадық, сырмақ тіктік, алаша тоқып, киіз бастық. Өз отбасымызға қажетті заттарды өзіміз қолдан жасайтынбыз. Балаларға киімді де қолдан тігіп беруші едік. Құрақ – мата қалдықтарынан жасалатын үй бұйымы ғой. Оған аса көп материал да шығын бола қоймайды. Құрақ құрау, қалдық қалдырмау. Зердесінде зейіні бар адамдардың қай-қайсы да аз-маз қалған қалдықты әсем үйлестіре білсе, тәп-тәуір зат шыға келеді. Маталардың түстерінің үйлесімділігін, пішінін тауып орналастырып, жасап ала қоясың. Ертеде қазақ даласында мата тапшы болғандықтан, киім-кешек тігушілер қалған маталардың қиықтарын бір кәдеге жаратуға тырысып, олардан әр түрлі бұйымдар жасаған.
Құрақтан көрпе, майлық, жастық тыс, дастарқан, жапқыш, ұстағыш қолғап, кілем, дорба жасап алушы едік. Қазір тұскиіз, кеудеше, жастық, баскиім, киімдер,түрлі ойыншықтар жасалып жүр.
Құрақ құрау бұл аса шеберлікті, шыдамдылықты қажет ететін өнер ғой. «Шебердің қолы ортақ», «Шеберді шілтерінен танисың» деген ел ішіндегі сөздер бекер айтылмаса керек. Қас шеберлікке жету үшін іскерлік, дарын, білім керек.Ол қыздарды шеберлікке, үнемділікке, төзімділікке, бояуларды ажыратып, олардың бір-бірімен үйлесімділік табуын түсініп-тануға, әсемдікке үйретеді, жан-дүниесін байытып, ой-өрісін кеңейтеді.
– Құрақтың түрлері көп болатынын білеміз. Соларды атап-түстеп айтып көрсеңіз?
– Негізінен құрақтың түрлері өте көп. Олардың ішінде мүйіз құрақ, қиықша құрақ, майда құрақ, төртбұрыш, сегіз сай, үшбұрыш, аққу, торкөз, гүл құрағы, жұлдызша құрағы дегендер болады. Әрине, істей берсең, олардың бәрі де керемет дүниелер. Бірақ бәрін білгенімізбен, олардың барлығын қолдана бермейміз ғой. Көбіне сәндік бұйым ретінде жасалатын түрлері өте көп. Ал біз күнделікті қолданыста пайдаланатындарымызды ғана құраймыз.
Құрақ құрау екі түрлі болады: құрақ құрастыру және жапсырмалау. Құрақ құрау үшін ең алдымен, матаны таңдап алып, олар матасына, түсі, түріне қарай сұрыпталады. Маталардың жібек, барқыт, сәтен, сиса кесінділері жеке-жеке бөліп алынады. Содан кейін бірыңғай матадан құрақ құралады. Бұл істі бастамас бұрын әр мата түсінің бір-біріне сәйкес келуіне, бірін-бірі ашып тұруына айрықша көңіл бөлінеді. Матаның түр-түсінің үйлесімділігін анықтау үшін оны қиюластырып қоямыз. Алдымен сол өрнектің жобасын көзбен мөлшерлеп аламыз. Қиылған матаны өрнек бойынша рет-ретімен, яғни, әуелі ортаңғы бөлік, содан кейін шеткі бөліктерді тігіп аламыз.
Жібек маталардан жасалған құрақ көрпелер жұмсақ болады, оны екі адам жамылатындай етіп, ашық түсті маталардан құрастырады. Бұл көрпеде құрақтар текше түрінде тігіледі. Оның ең оңай тәсілі дойбының тақтасындай етіп құрау. Көрпенің шетіне тұтас матадан белдеу жүргізеді. Астары мақта матасынан тігіліп, көрпенің ортасына мақта салынады.
Ал трикотаж тоқымалардың қиықтарынан тігілген құрақ көрпенің ені жіңішкілеу, ұзындығы екі метрдей үлгіде келеді. Бұл көрпені сегіз шаршы етіп топтастырған оңды. Әр шаршы жеке құрастырылып, оларды қиықша үшбұрыш түрінде бір-бірімен жымдастырып тігеді, астары жұқа мақта матадан жасалады.
Құрақ көрпелердің бір шаршысын бөліп алып, оны орындыққа көрпеше етіп жабуға да болады. Құраққа қыжым, батсайы, парша, қамқа, барқыт, шағи, мақпал, шыт, торқа, торғын, қазине, шыт, сәрпөңке, бояқ маталарын қолдануға болады.
– Апа, Сіздің шаңырақты дастарқаны мол, қонақжай, үйінен қонағы үзілмеген үй деп жатады. Сиыр сауып, бие байлағаныңызды да білеміз. Күбіні қалай пісуші едіңіздер?
– Менің өмір бойы қолданып келген мынадай бір жақсы дүнием бар. Көктемде алғаш күбіні піскенде оның қабатына жерге сиырдың мол жас жапасын бүтін күйінше жалпақ табақ секілді ыдыстың үстіне шашпай-төкпей, сындырмай қоямын да балаларға жап-жасыл болып өскен шымды төрт бұрышты үлкен етіп ойып әкелдіріп, оны да манағы жапаның жанына қоямын.
Мұндағы мақсат – май берекелі, шымдай болып, үйіріліп түседі деп ырымдаймыз ғой. Сосын күбіні өзінің әдісімен асықпай пісемін. Алғашқы піскенде май жақсы үйіріліп мол болып түссе, ала жаздай және күзге дейін сары майым мол және дәмді болады. Кейде оттағы қазанға күйдіріп сақтап қоямын. Оны қыстай балаларыма беретінмін. Шыны керек, мен осы он баланы сол жалғыз түйір сиырдың сүтімен ағарғансыз қылмадым. Жейтін майына да, ішетін айран-сүтіне де жететін. Ал келген қонақтың дастарқанын майсыз, ағарғансыз, ірімшіксіз қылған күнім жоқ. Шешемнің қолы берекелі болатын. «Әр нәрсені жасағанда алдымен тіліңді кәлимаға келтіріп, Алладан береке сұра» деп әбден үйретіп қойған.
– Әңгімеңізге рақмет, апа! Аман болыңыз.
Сұхбаттасқан Қасымхан Бегманов