Баланың өмірге келуін сөз етіп отырып, оның түскен кіндігі мен тоғыз ай ана жүрегінің астында шақалаққа серік болып жатқан жолдасы туралы айтпай кетуге болмайды. Бұл жөнінде халқымыздың ертеде қалыптастырған мәні терең, мазмұны кең ырымдары бар. Әсілі, қазақ халқының кез келген ырымы ізгі ниеттен, шынайы пәк көңілден туындап, жақсылыққа бағышталды. Ғасырлар бойы қайталана-қайталана адамға медет беретін тылсым күшке айналған. Сенім – ұлы күш, сенім бар жерде кие бар. Әр ұлтты демейтін, сүйейтін киесі өзіне ғана қасиетті, өзіне ғана тиесілі. Мың жерден өзгенің ырымын, салтын керемет келістіріп орындасаң да, тегіңде жоқ болғандықтан ешқашан саған жұғысты болмайды.
Сонымен, ата-бабаларымыз «Еркек – түздің тынысы, әйел – үйдің ырысы» деп түйіндеп, қыздың кіндігі мен жолдасын «отбасының алтын қазық құт-берекесі болсын» деп оттың басына көмген. Әжелеріміздің «оттың басына түкірме», «оттың басын баспа» дейтін тыйымы осыған орай шығыпты. Ал ұл баланың жолдасын «елін-жерін, атажұртын қорғайтын намысты азамат болсын» деп алты қырды асырып апарып, таза жерге көміпті. Ер-азамат түздің адамы болуымен бірге «ол шаңырақтың иесі, әулетті жалғастырушы, босағаны берік ұстайтын тірек болсын» деп кіндігін туған үйінің табалдырығының астына көмеді екен. Әлгі «табалдырықты баспа» деген көне тыйымның жауабы осында жатыр. Міне, осылай бұрынғы қазақ баласының жолдасы мен кіндігі жерге берілген екен. «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» дейтін мағыналы сөз бар. Ит қарыны тойған жерде жүре береді. Итте отан да, туған жер де жоқ, өйткені иттің кіндігі жерге көмілмеген. Ал кіндігі жерге «жабысқан» ата-бабаларымыз ұлтарақтай жерінің өзін жатқа бермей жан алып, жан беріп жаумен шайқасқан. Қолында құдіретті қаруы болмаса да, қылыш-семсер, найза-шоқпар, садақпен-ақ сіз бен бізге осыншама ұлан-байтақ жерді мұраға қалдырыпты.
Зейнеп Ахметованың «Күретамыр» кітабынан алынды.