Дәрумендер адам ағзасындағы зат алмасу үрдістерін жақсартып, ағзаның ауруларға қарсы тұру қабілетін арттыратынын жалпылай білеміз. Медицинада қазір дәрумендердің 30-ға жуық түрі белгілі екен. Ағзада дәрумендер жетіспегенде адамның күш-қуат кеміп, әлсіреп, шаршап, ештеңеге зауқы соқпай тұрады. Терісі құрғап, ашуланшақ болып, жұқпалы ауруларға тез шалдыққыш келеді.
Әрбір дәруменнің атқаратын өзіндік қызметі бар. Дұрыс тамақтанып, ағза керекті дәруменін алса, ағзадағы зат алмасу өзінің қасиетін сақтап, ойдағыдай жүріп тұрады. Ағзадағы дәрумендер шамадан тыс артса, немесе жетіспей жатса да өз зиянын тигізеді.
А дәрумені майда еритін ең күшті – өсу дәрумені. Ағзаның өсуіне көмектесіп, денсаулықтың мықтылығы, терінің әсемдігі үшін қызмет етіп, асқазан-ішек және тыныс алу жолдарының шырышты қабатының қалыпты жұмысын қамтамасыз етеді, иммунитетті күшейтеді. Ол В2 дәруменімен қосылып, көздің көру қабілетін арттырады.
А дәруменінің жетіспеушілігі көздің түнде көруі мен түсті ажыратуын нашарлатып, ақ түстес қан жасушалырының азаюына әкеліп, адамның жүзі қуқылданып, тері мен шаш құрғап, қабыршықтанып, тырнақ сынғыш келеді. Өсу баяулайды, безеу қаптайды. Тәбет төмендеп, қабынуға шалдығу жиілейді.
В тобының дәрумендері (В1, В2, В3, В6, фолий қышқылы, В12 және биотин) – ми дәрумендері. В1 дәрумені жүйке жүйесінің жұмысын қалыпты ұстап, көздің көргіштігін сақтайды.
В2 дәрумені (рибофлавин) ағзадағы зат алмасуын арттырады, бұлшық еттердің тонусын – дәрменін нығайтып, теріге де зор пайдасын тигізеді.
В3 дәрумені (никотин қышқылы) май мен протеинді синтездеп, ми үшін, ағзада гормондар түзілуі үшін қажет болады.
В6 дәрумені (пиридоксин) ақуыз бен майдың алмасуын реттеп, кальциймен бірлесе, жүректің, бұлшық еттердің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
В9 (фолий қышқылы) және В12 дәрумені (цианоколабин) бір-бірімен байланысты молекулалық құрылымдар. Олар ағзадағы көмірсу мен майдың алмасуына атсалысады. В12 дәрумені – қанның пайда болу үрдісіне қатысып, жілік майында қызыл қан түйіршіктерінің жетіліп, оған оттегінің өтуіне әсер етеді. Зат алмасуда, жүйке жүйесіне әсері зор.
В дәрумені жетіспесе, бұлшық еттер әлсізденіп, тәбет кеміп, іш қатып, тез шаршап, бас ауырып, ауыз жарылып, ерін қабынады. Ас қорыту төмендеп, шаш пен тырнақтың қызметі де нашарлайды. Жүректің қызметі бұзылып, құрыспа болып, ағза тоңғақ бола береді.
С дәрумені суда ерігіш – қан тамырларын, теріні, сүйекті, бұлшық еттерді қалыпты ұстайтын дәрумен. Зат алмасу жүйесін жақсартып, холестеринмен күреседі, жүрек бұлшық етін, иммунитетті нығайтады. Басқа дәрумендердің және минералдардың ағзаға тез сіңуіне көмектеседі. Бұл дәрумен, адам ағзасында тек тамақпен бірге күнделікті қабылданып отырады. Ал ол жетпеген жағдайда ерін, құлақ, тырнақ көкшіл тартып, тері бозарып, құрғап, қызыл иек қанағыш болып, иммунитет төмендеп, адам ұмытшақ, ашуланшақ болып кетеді.
Р дәрумені – суда ерігіш дәрумен, жүректің тамырын нығайтады. Ол цитрус жемістері мен алма, таңқурай, итмұрыннан табылады.
Е дәрумені – майда еритін дәрумен, радикалдармен күреседі.
Д дәрумені күннің ультракүлгін сәулелерінің әсерінен теріде түзіледі. Сондықтан, күн сәулесі зиянсыз уақытта, күн сайын таңертең және түстен кейін 20 минут далада жүру пайдалы.
Дәрумендер, минералдармен бірікпей, ештеңе істей алмайды. Қаңқа сүйектері А, Д, К дәрумендерінің бірлестігі арқасында мықты болады. Тамақтану арқылы түсетін кальций мен фосфор сүйек пен тісті нығайтады. Бұлар сүт пен сүт өнімдерінде қажетті мөлшерде бар.
Сондай-ақ, А, Д, К дәрумендері магний мен мырыш сияқты минералдарсыз тиімді емес. Магний ағза үрдістерінің бәріне қатысады. Ол улануға, аллергияға, күйзеліске – стреске, йондық сәулеленуге қарсы тұрып, дененің қызуын қалыпты ұстауға ықпал етіп, холестеринді реттеп отыратын амин қышқылының жұмысын жандандырады.
Магний деңгейінің төмендеуі, жүрек-қан тамырларына жайсыздық әкеліп, зейіннің нашарлауына, тітіркенгіштікке, бастың ауыруына, ұйқының бұзылуына, мазасыздыққа, шаршағыштыққа, іштің қатуына әкеліп соқтырады, жүрек ырғағы – аритмия, қан айналымының бұзылуы – инсульт туындауы мүмкін. Ол азайған сайын, ағза жасушаларына кальций иондары молынан орнығып, магнийді ығыстырады. Бұдан жүрек бұлшық еттерінің бұзылуы – миокард жасушалары бүлініп, жүрек жұмысына нұсқан келеді. Жүйке де нашар сезініп, адам мазасызданып, сыр береді. Ұйқысыздықпен қоса, белгісіз үрей, қорқыныш, шыдамсыздық артып, шаршайды. Ашуланып, ызаланса ағзадағы бар магнийдің өзі сыртқа шығып кететіні бар.
Бұларды болдырмау үшін құрамында магний бар: жаңғақ, бұршақ, күнбағыс дәні, қарақұмықты, жапырақты көкөністерді, қызанақ, банан, бүтін дәнді жармалардан жасалған ботқаларды, шемішкені пайдаланған жөн. Қыс кезінде магнийді әселден, мейізден, құрмадан, кепкен өріктен, қара өріктен, жаңғақтан, сұлы, бидай, қарақұмық, арпа ботқаларынан алады. Көктемде аскөк, ақжелек сияқты көктерден, жасыл салаттан алсақ, жазда шие, қарақат, бұршақтардан, күзде қарбыздан, қызылшадан, сәбізден, бананнан, күнбағыс дәнінен алуға болады. Ал қандағы холестерин мөлшерін кеміту үшін магний, В6 дәрумені мол: өнген бидай, ашытқылар, кебекті, бауырды пайдаланған жөн.
Мырыш – ми жұмысында, көруде, жүрек-қантамыр ауруларынан қорғануда орасан орын алады. Мырыш лимфоциттердің шығарылуында қызмет ететін темірге жауап береді. Мырыш деңгейінің төмендеуі, дәмді, иісті сезу нашарлап, бойдың тежелуіне, тырнақтарда ақ нүктелердің пайда болуына, жараның ұзақ жазылмауына, терінің құрғап, қатаюына, шаштың қайызғақтанып, түсіп, тәбеттің төмендеуіне әкеліп соқтырады. Ол жолды кесу үшін, ағзаны мырышпен қажетті мөлшерде қамтамасыз ететін: дәнді ботқаларды, асқабақ дәнін, қара жидекті, тауық, сиыр, қой етін, теңіз қырыққабатын, бұршақты пайдаланған жөн.
Мыс – иммундық жүйені реттейді. Ол жаңғақта, асқабақта бар.
Құрамына темір кіретін қанның гемоглобині әрбір жасушаға күйме ретінде оттегін тасиды. Ағзада темір жетіспесе, адамның ойлау қабілеті мен дене жағдайы едәуір төмендейді. Тілдің үстіне жабынды пайда болып, шаш түседі, бас айналады, ұйқы да, тәбет те нашарлайды, ауыздың бұрышына «ауыздық» шығады, тырнақ жұқарып, адамның топырақ, кесек, әк жегісі келіп тұрады. Бұлай болмауы үшін, түрлі ет өнімдерін, көкөністерді, аскөк пен жемістерді, дәнді жармаларды пайдалану керек.
Йод – ағзада маңызды гормондарды түзеді. Ол адамның ақылды, шымыр және күшті болып өсуіне көмектеседі.
Йод тапшылығы шаршағыштыққа, зоб ауруына алып келуі мүмкін. Сондықтан, теңіз қырыққабатын, балықты және де басқа теңіз өнімдерін пайдаланып, тұздың йодталу дәрежесін біліп отыру пайдалы болады.
Дәрумендер қандай тағамдар мен жеміс-жидектерде кездеседі?
А дәрумені – сәбізде, қызылшада, шпинатта (саумалдық), асқабақта, бұрышта, өрікте, қара қарақатта, пиязда, балық майында, шұбатта, қымызда, бауырда, қаймақта, ірімшікте, ешкі сүтінде көбірек кездеседі. Оның жетіспеушілігі неге ұшыратарын жоғарыда тоқталдық.
В1 суда еритін дәрумен – ашытқыда, жармада, кебекте, аскөкте (укроп), қарақұмықта, грек жаңғағында, бұршақ тұқымдас өнімдерде, шұбатта, қымызда кездеседі. Бұның жетіспеушілігі дене мен ой еңбегінің әлсіреуіне, жүректің жұмысына әсер етеді.
В2 дәрумені – бауырда, бүйректе, сүтте, миндальда (бадам), саңырауқұлақта, ірімшікте, сүзбеде, үрме бұршақта (фасоль), нан ашытқысында, шұбатта, қымызда, ешкі сүтінде болады. Жетіспеушілігі – ерін жарылып, шаштың түсуіне, жүйкенің жұмысына әсерін тигізеді.
В3 дәрумені – никотин қышқылы, қышқыл алмасу, ас қорыту мен жүрек-қан тамыр жүйесі мен қандағы холестериннің деңгейін азайтуға ықпал етеді. Бұл дәрумен сиырдың бауыры мен тілінде, тауық, қоян мен қой еттерінде және балықтарда бар.
В6 суда еритін дәрумені (пиридоксин) – ақуыздардың құрамдас бөлігі – амин қышқылдарының алмасуына қатысады. Бұл дәрумен – күріште, қырықжапырақта, бананда, грек жаңғағында, бұршақта, картопта, мал етінде, балықта, болады. Ол майдың алмасуын жақсартып, зиянды холестеринді сыртқа шығарады, жүрек тамырлары мен миға аса пайдалы. Жетіспеушілігі – жас балалардың бойы өсуін тежеп, қан аздығын тудырады. Жүйкеге зақым келіп, тәбет тартпай, қан түзілуге, миға әсер етіп, ұйқысыздықтан ашуланшақтанып, тырнақ сынғыш, шаш құрғақтанатын болады.
В12 дәрумені – жұмыртқаның сарыуызында, малдың жүрегінде, бауыры мен бүйрегінде, балықтың уылдырығында, қымызда болады. Бұл дәрумен жетіспесе, қан аздық болып, ас қорыту жүйесінің бұзылуы, жүйке жүйесі мен бауырдың жұмысына әсер етеді.
С дәрумені – киви, бузин (аю бадам), таңқурай, лимон, апельсин, қырыққабат, жуа, тәтті пияз, итмұрын, алма, қара қарақат пен көкөністерде, шұбатта, қымызда, болады. Ол жетіспеген жағдайда қандай мүшелерге әсер ететінін алдыңғы беттерде көрсетіп айттық.
Д дәрумені – балықтың майында, сүтте, бауырда, жұмыртқаның сары уызында, қымызда болады. Бұл дәруменнің жетіспеуі – әлсіздікке, тез шаршауға, мешел – рахит ауруының пайда болуына алып келеді.
Д-3 дәрумені – сүйек пен жүйке талшықтарының дамуына қажет. Балықта бар. Кальций мен фосфордың ішекте сіңуіне керек.
РР дәрумені – саңырауқұлақта, таңқурайда, ашытқыда, бауырда кездеседі. Жүйкенің қызметіне керек. Жетіспеуі – ұйқысыздық, еріннің құрғауы, терінің қабыршықтануы, дақ түсіп, көңіл-күйдің бұзылуына әкеліп, мидың жұмысына, жыныс гормондарына да әсер етеді.
Е дәрумені – өсімдіктің майында, жержаңғақта, жаңғақта, жидеде, тарыда, бұршақ пен жүгері тұқымдастарында, көкөністерде, бауырда, балықтың майында, балықта, жұмыртқаның сары уызында, сүтте көбірек кездеседі. Жетіп тұрса, бұлшық еттер мен жыныс бездерінің қызметін дұрыс реттеп тұрады.
ВС дәрумені (фолий қышқылы) – бауырда, бүйректе, бидайда, ірімшікте, саңырауқұлақта, гүлді қырықжапырақта, аскөкте кездеседі. Дәрумен жетіспесе, тері мен көздің шырышты қабақтары құрғап, бозарып, тәбет төмендейді, лоқсып, қаназдыққа ұшыратады.
Нағыз дәрумен – түйе сүтінен дайындалған шұбат, айранға қарағанда, май, белок, минералдарға бай, А,В1,В2,С дәрумендерінің көзі. Ол туберкулез, қант диабеті, асқазан жарасы, ішек-асқазан ауруларына өте пайдалы. Бауырдың зат алмасу үрдісін реттейтін және диарея, аллергиялық ауруларға да емдік қасиеті бар.
Қымызда А, С, В1 дәрумендері мен кальций, магний, фосфор, мыс мол. А дәрумені жасушаның жаңаруын қамтамасыз етсе, С иммунитетті нығайтады. Қымыздағы көмірқышқыл газы асқазан мен ұйқы безінің сөл бөлуін, бауырдан өттің өнуін, ас қорытылуын жақсартып, тәбетті ашып, зат алмасуды күшейтеді. Оны ас қорыту жүйесі ауруларына, қаназдыққа, асқазан жарасы мен атеросклероз ауруларына пайдалануға болады.
Ешкі сүтінің керемет емдік қасиеті бар. Оның сапасы сиыр сүтінен анағұрлым жоғары. Нәруыздары аса сапалы, дәрумендерге бай. Ауыр науқастардан кейін ағзаға күш береді.
Кефир әлсіздікті жоюға пайдалы, ағзаны нығайтып, күш береді.
Сары майдың қорытылуы жеңіл, адамға қуат береді. Құрамында майлы қышқылдар, ақуыз, көмірсу, А,Д,Е,РР және В тобындағы дәрумендер, темір, кальций, калий, магний, фосфор, натрий, мыс, марганец, мырыш бар. Мұндағы дәрумен: Е – тырнақтың, терінің, шаштың, саулығын сақтаса, А – көздің көру қабілетін жақсартып, шырышты қабақты зақымнан сақтайды. Д дәрумені тіс пен сүйекті нығайтады.
Қазақтың құрты – өте құнарлы тағам. Оның құрамында А,В,С, дәрумендері, мыс, мырыш, күміс, темір, кремний, магний, алюминий микроэлементтерімен қатар, кальцийдің қайнар көзі. Ақуызға да бай.
Ірімшіктің қатты сорттары кальций мен фосфорға бай. Олар тістің эмалін қатайтуға әсер етеді және қышқылдың деңгейін реттеп, микробтардан қорғайды.
Жылқы етінің майы жеңіл еритіндіктен, ағзада жақсы сіңіріледі. Еттің құрамы – 75,3 пайыз су, 21,7 – нәруыз, 2,5 – май және 0,5 пайыз көмірсутегіден тұрады. Жылқы етінде минералды заттардың, темірдің молдығы, А1,В1,В12 дәрумендеріне бай екені белгілі болды. Оның жүрегі мидың жасушаларын жақсартып, есте сақтау қабілетін арттыратыны, жүректің талмасына душар етер холестеринді кемітетін, сүйек пен буынды бекітетіні анықталған.
Жылқы еті мен биенің сүтінде, сиыр мен қой етінде және сүтінде кездесетін ағзаға қауіпті трансмай қышқылы кездеспейді. Май қышқылы жылқының табиғатына жат. Тағы бір ерекшелігі, өзге малдарға қарағанда, жылқының майы да, белогы да өзгеше нәзік. Жылқының қадір-қасиеті өте жоғары. Егер сиырдың сүтін қайнатпайынша, айран да, ірімшік те, құрт та жасай алмайсың. Ал биенің сүті қайнатылмайды. Көп сақталған сиыр сүті денсаулыққа зиян. Онда трансмай қышқылы өте көп. Ал биенің сүтіндегідей дәрумендер тобы ешбір малдың сүтінде жоқ. Мұндағы кездесетін дәрумендердің бірі адамның ой-өрісін жақсартады. Бие сүтінің кереметтігі – құрамында қант жоқ. Диабеттен қауіпсіз.
Жылқы майының құрамы Е және В тобындағы дәрумендерге бай. Ол қан айналымын жақсартып, қаназдықтан арылтады. Бұдан бөлек натрий, калий, темір, фосфор және мыс элементтері мен аминқышқылы және тиамин бар. Жылқы майының бауыр мен өт қабының жұмысына ықпалы жоғары. Аллергиялық ауру тудырмайды.
Түйенің етінде қой мен сиырға қарағанда май көбірек. Еттің құрамы – 75-80 пайыз су, 18-21 пайыз нәруыз және 1-2 пайыз май бар. Одан басқа калий, кальций, магний, фосфор, темір сияқты дәрумендер бар.
Балықтың еті қандағы майды азайтып, қанның қысымын реттейтін, диабеттің алдын алатын және бас аурулары мен артрит кезіндегі ауырсынуды басатын, құнды элементтерге бай. Аптасына 100-200 грамм балық етін жеу жүрек ауруларына ұшырамауға жәрдемдеседі. Ет құрамындағы амин қышқылдары жүректің жұмыс істеу қабілетін арттырып, ырғақтығын сақтайды. Есте болар бір жағдай, гипертония, атеросклероз, бүйрек пен несеп жолының ауруларында балықтың семіз сорттарын және сүрленген, тұздалғандарын жеуге болмайды.
Балық майының құрамы омега-3 май қышқылына өте бай, Е, А және Д дәрумендерінің қайнар көзі. Балық майы күйзелістен арылтып, ағзаны әлдендіреді, қан қысымын реттеп, тырнақ, тері және шаштың саулығын арттырады. Иммунитетті көтеріп, жұқпалы аурулармен күресуге күш береді, көздің көруіне жақсы. Сәбилерді мешел ауруынан қорғауға, қаны азайып жүдегенде септігі зор.
Қырғауылдың еті – майсыз болады. Етінің құрамы РР, В6, В12, В2 дәремендеріне бай. Адамның бойын шлак біткеннен тазартып, асқазан, жүйке, жүрек, қан, тері ауруларының жазылуына септігі мол.
Күркетауық етінде РР, В6, В12, В2 дәрумендері, темір қоспасы, магний, ақуыз бар. Еті майсыз, қышқылы болмағандықтан, асқазанға салмақ түсірмейді. Тері аурулары мен ісік, жүйке ауруларына пайдалы.
Бөдене жұмыртқасының құрамында – фосфор, темір, калий, радионуклидтің небір пайдалы қоспалары бар. Олар адамның бойындағы темір қалдықтары мен шлактардан тазартады. Тыныс демікпесі, асқазан, жүйке, жүрек, туберкулез ауруларына пайдалы.
Жұмыртқа қабығы – кальцийдің қайнар көзі. Оңай қорытылады. Сондай-ақ құрамында карбонат, фтор, марганец, мыс, күкірт, темір бар.
Бал – ұзақ өмір сүрудің кепілі. Оның құрамында жетпістен астам элементтер бар. Ағзаға тез сіңеді, жасушаларды жаңартуға, жүрекке оң әсер беріп, қанды тазартады. Мидың жұмыс істеу қабілетін жақсартып, қан айналымының қалыпты болуына керекті қуат береді. Иммунитеттің күшеюіне себебі зор. Жараны жазып, күйікке де ем бола алады. Бал ағзаға көп энергиямен күш-қуат берсе де, дене салмағын көбейтпейді.
Қарақұмық балы иммундық жүйені қалпына келтіріп, қаназдықтан арылтып, гемоглобинді көтереді. Бүйрек, асқазан, ішек және буын ауруларына дауа. Ағзаны улы қалдықтардан тазартады.
Көкөністер – адам ағзасында алуан түрлі дәрілердің, дәрумендердің, микроэлементтердің, минералдық тұздардың, басқа органикалық қышқылдардың, хош иісті майлардың қайнар көзі.
Көкөніс дақылдары сіңіруі жеңіл болуымен қатар, басқа жеген тағамдардың ағзаға таралуына әсер етіп, сіңімділігін жақсартады. Ағзадағы зиянды заттарды бейтараптандырып, олардың шығуын жылдамдатып, қорғаныштық қасиетті (иммунитет) күшейтеді.
Зерттеушілердің айтуынша, сарымсақ дәрумендерге бай. Оның тағамдық және емдік маңызы пиязбен бірдей. Ал химиялық құрамы пияздан анағұрлым бай. Сарымсақта В және С тобына жататын дәрумендер мен хлор, фосфор, йод, маргенец, кальций, мыс, магний, көмірсулар және түрлі микроэлементтер тобы бар. Темір өте көп. Құрамындағы мырыш қияр, шалғам, қызанаққа қарағанда 5-6 есе, қырыққабат пен сәбізден 2,5 есе, құрамындағы йод, пияздан 3 есе көп. Селен, А, В1, С, РР дәрумендері де кездеседі. Аздаған эфир майы да бар. Төрт жүзден аса құрам бөліктерден тұратын нағыз, арзан, табиғи антибиотик. Ғалымдар оның мидағы қартаю үрдісін тежеп, жасушаларды тазартатынын анықтаған. Одан бөлінетін заттар есте сақтау қабілеті мен сезімге байланысты жасушаларды жақсартады.
Халық медицинасында сарымсақты тағамға тәбет ашуға, ас қорытуды жақсартуға, тұмауды, тамақ бездерінің қабынуын емдеуге пайдаланады. Сарымсақтың несіп айдайтын, ішек құрттарын түсіретін, жүректің бұлшық еттерінің күшін жақсартуға әсері бар. Иммунитетті көтереді, ағзаның жұмысын жақсартады, қанға қалдықтардың жиналуын тежейді, қан тамырларын қақтан тазартады.
Сарымсақтың сыңары – пияз өте бағалы көкөніс. Құрамында С, В топтары, РР, каротин бар. Оны баспа, тұмау, кеңсірік ауруы – гайморит кезінде иіскесе көмегі тиеді. Пияз шырыны қақырықты түсіріп, жөтелді басуға, ас қорытудың шіріту үрдістерін төмендетуге ықпал етеді. Ыстық судағы буымен тыныс алу арқылы тыныс жолы ауруларынан айығады. Шикілей жесе иммунитетті көтеріп, бактерияларды өлтіреді.
Піскен қызанақтың құрамындағы С дәрумені лимон мен апельсиндегідей. Ал алмадан 4 есе көп. Е, В, В1, В2, РР дәрумендері, биотин, қышқылдар, фолий, темір, фосфор тұздары, әсіресе, калий көп. Қызанақ шырыны ішектегі шіруге жол берместен, асқазан мен жүректі жақсартады. Мәуесі жарақатқа пайдалы. Қызанақтың қабығы рактан сақтайды. Жүрек-қан тамыр ауруларынан сақтап, емдейді. Ішек жолдарын қорғап, дененің қарсылық көрсету қуатын күшейтеді.
Қиярда ағзамызға қажет В1,В,В3,В5,В6,С дәрумендері, фолий қышқылы, кальций, темір, магний, фосфор, калий мен мырыш бар. Онда 95-97 пайыз минералды су да бар. Құрамындағы эфир майлары мен минералдар жүректің жұмысын жақсартады. Қан қысымын қалыпта ұстауға жәрдемдессе, йод ағзаға тез сіңіп, қалқанша безінің жұмысын жандандырады, асқазанның жұмысын жеңілдетеді. Қиярдың қоректік заты қышқыл қабығында болады. Сондықтан қабығымен жеген қияр, денедегі уытты сыртқа шығарып, бактерияны жойып, ісікті қайтару рөлін атқарады. Денеге дәруменнің жеткілікті сіңірілуіне пайдасы мол.
Баялды (баклажан) – жүрек-қан тамырлары науқасының ең үйлесімді тағамы. Қабығының да қоректік қуаты өте жоғары. Дәрумен біткен төмендеп қалмауы үшін оның қабығын аршымай пайдаланған жөн.
Қырыққабат пен қызылша ағзадағы зиянды, улы заттармен күресіп, әлсіреуден, түрлі дерттерден сақтайды. Қырыққабаттың жапырағында қант, гемицеллюлоза, С, Р, В1, В2, В6, К, Д дәрумендері, каротин, ферменттер, минералды тұздар, көмірсу, белок бар.
Қырыққабат қатерлі ісіктің алдын алып, тәбетті ашады. Ашығаны тәбетті ашып, асқазан сөлін бөледі. Ол семіруге, шыжыңдыққа қарсы ем. Ұлтабар жарасын, өт қабы, бауыр ауруларын емдеп жазады.
Сәбіздің құрамында су-88,8, азотты заттар-1,1, май-0,2, көмірсу-9,2 пайыз болады. В1, В2, РР, А дәрумендері, натрий, калий, фосфор, темір бар. Сәбіздің, оның шырынының адамның бауырын тазартып, жақсы жұмыс істеуіне көмегі зор.
Қызылшаның құрамында ақуыздың дұрыс сіңуіріліне көмектесетін бетаин бар. Ол қанды сүзетін бауырдың жұмысын жақсартатын жасушаларды сақтайтын холина деген заттың түзілуіне себепші болады, бауырды жандандырады. Яғни, қанды да тазартады. Қызылша – іштің қатуына жақсы ем. Ішектің қызметін белсендіріп, ағзадағы улы заттардан тазартады. Оның шырынын алма, не сәбіз шырынымен араластырып ішкен дұрыс.
Картоп денсаулыққа аса пайдалы. Құрамында көмірсу, ақуыз, В1, В2, РР дәрумендері, фосфор, темір, кальций бар.
Шалғам – С дәруменіне бай. Иммунитетті қалыпты ұстауға көмегі зор. Ағзаға май жиналудың алдын алып, зат алмасу үрдісін жақсартады. Жөтелге көмектесіп, қанттың мөлшерін қалыпқа келтіреді.
Асқабақта ақуыздар, каротин, кальций, темір, магний, фосфор және А, В1, В2, РР, С дәрумендері, зат алмасу үрдісін жеделдететін Т мен қанның ұюына ықпал ететін К дәрумендері, калий бар. Ол мың бір ауруға ем боларлық көкөніске жатады, асқазан-ішек жұмысын реттеуге қатысып, өт сұйықтығын бөлуге ықпал етеді. Ағзадағы су мен тұзды реттеп, аурумен күресу қабілетін көтереді, жүректің қызметін жақсартады, қуат береді. Күйікке таңады. Көзі нашар көретіндерге, қаназдыққа, семіздікке, несеп-жыныс жүйесі ауруларына, бүйрекке, пайдалы. Көк асқабақтың қабығы ісікті қайтаруға ем. Ал тұқымы – ішекқұртын шығаратын нағыз дәрі. Одан адамның ағзасы фосфор, марганец, магний, темір, мырш, селенді толығымен ала алады. Мұнда белоктың 24,5-28, майдың 20-45 пайызы жинақталғандықтан, аспен бірге жеу пайдалы. Өйткені одан В1, В2, С дәрумендерімен қатар, кальций, хром, кремний, кобальт, мыс, каротин, фолий қышқылы да табылады.
Қарбызда 12 пайызға дейін қант, ал ұрығында 25-30 пайыздай май болады. Тіпті құрамында ағзаның тепе-теңдігін сақтап, қан түзілу жұмыстарын жақсартатын фолий қышқылы, қант диабетіне ем боларлық фруктоза, азот минералды тұзы, В1,В2,С және РР дәрумендері, каротин бар. Қарбыздың зәр және өт жолдарын тазартатын, холестерин бөлінуіне көп әсерін тигізер қасиеттері де бар.
Аскөк (укроп) – тыныштандыру, өт айдағыш, тыныс жолдарын тазарту қасиетіне ие. Бүкіл ағзаны тазартады әрі асқорыту жұмысын реттейді. Стенокардия, гипертония, невроз секілді ауру түрлеріне де ем. Бауырға да пайдалы.
Аскөктің жапырақтарын кәдімгі шай ретінде демдеп, шай орнына күні бойы ішсе, қаназдыққа, жүрек демікпесіне ем болады.
Ақжелек (ақжелкен, деп те атайды) А, С, В, РР, Е дәрумендеріне, эфирлік майлар мен фолий қышқылына бай. Құрамында фосфор, темір, магний, калий бар. Ол жамбас аумағындағы қан айналымын жақсартып, қабынуға жәрдемдесіп, қан тамырларының қызметін, зат алмасуын реттейді. Денедегі ісікті қайтарады, ішектерді тазартады, семіздікпен күреседі. Кариеске – тіс жегісіне қарсы жақсы ем. Жаңа сөлін ішу арқылы көру мүшесінің қызметін жақсартуға болады. Бұл шөпті ескірмеген, балғын кезінде пайдаланады. Пісіргенде бар қасиетін жоғалтатыны ойда болу керек. Мұздатқышта сақтауға болады.
Ақжелкек (хрен обыкновенный) – құрамындағы биологиялық белсенді заттар ауыз қуысындағы бактерияларды өлтіре алады. Бұл үшін жарты шай қасық ұнтағын бір стакан суға салып, шаю жеткілікті.
Ақжелкек – тыныс алу жолдарының ауруы бронхит, сондай-ақ цистит, түрлі қуық жолы ауруларын болдырмайды. Жөтелді басып, ауыздағы зиянды микробтарды жояды.
Кәді (кабачок) – несеп айдағыш, терінің түсін жақсартып, ағзаны улы заттардан тазартады. Артық салмақпен де күреседі. Оның құрамында С және К дәрумендері бар.
Үрме бұршақ (фасоль) – ағзаны улы заттардан тазартатын щетканың қызметін атқарып, ас қорытуды жақсартып, адамды қуаттандырады, күш береді. Оның құрамында марганец, магний, калий мен мыс кездесетіндіктен, қан айналымын жақсартып, иммунитетті көтереді.
Қарақат (смородина) – жұқпалы вирустарды жоюда шаймен қосып ішсе көмегі бар. Ондағы С дәрумені суық пен қабынуға қарсы қабілетті арттырады. Микробтарды да жоя алады.
Бүлдірген (земляника) – қызуды түсіріп, мұздауды қайтарады, тыныс жолы жұқпаларын өлтіріп, жүйкені жайландырады.
Асбұршақ (горох) – ем орнына жүреді. Оны суға пісіріп, кептіріп, талқандап, ұнтағын сары майға араластырып жесе, суық тиген кезде, тұмауратып, жөтел қысқанда, қақырықтан тазаруға пайдасы зор.
Лавр жапырағы – ағзадағы тұздарды шығарады.
Зәйтүн (оливка) – асқазан жарасының алдын алады, ішекті дерттен сақтандырып, ларингитті болдырмайды. Жемісін күйік шалғанда пайдаланса, жәрдемі мол екен. Ал майын тұрақты пайдаланса, ас қорыту жүйесінің жұмысы қалыпқа түсіп, холестерині төмендейді, жүрек-қан тамыр ауруларының алдын алып, диабетті болдырмайды. Зәйтүн майы бауырды, қан тамырларын, асқазан-ішекті, бүйректі, буындарды да жылдар бойы жиналған қақтан тазартады екен.
Шырғанақтың (облепиха) – жемісін, бұтағын, тамырын, тіпті жапырағын да тұнба жасап жағуға, ішуге болады. Бұлар суық тигенге қарсы, қабынғанды басуға және ағзаны нығайтып, жақсартуға, қан тамырларының беріктігін қамтамасыз етіп, жүйкені жайландырар, дәруменмен қамтамасыз ететін қасиетке ие. Сондай ақ, адамның есте сақтау қабілетін қалпына келтіріп, қартаюды тежеуге де ықпал ете алады. Бұлардан басқа да пайдалы қасиеттері жетерлік екен.
Шырғанақ майының құрамында ағзаға пайдалы 206 түрлі зат бар. Оның ішінде көп мөлшерде Е, С, А, В дәрумендері және флавон кездеседі. Бұлар шаршағанды басып, сергектікті арттырып, бұлшық еттің белсенділігін реттейді. Асқазанның кілегей қабығын қорғап, қандағы холестеринді төмендетеді, жараның, күйіктің жазылуын жеделдетеді.
Күнбағыс майында Ғ дәрумені (линол май қышқылы) немесе эссенция қышқылы бар. Линол қышқылы иммунитетті нығайтып, зиянды холестерин деңгейін төмендетіп, онкологиялық аурулардың алдын алады. А,Д,Е дәрумендері де кездеседі.
Зығыр майы (лен) – құнды Омега-3 пен Омега-6 қанықпаған май қышқылдарының көзі. Бұлар жасушаның құрамына енгенде жүйке күштеріне жағымды әсер етеді. Зығыр ақуыз, А, В, Е, Ғ, Р дәрумендері мен биологиялық белсенді заттарға бай. Зығыр майы холестериннің деңгейін төмендетіп, тамырларды қақтан тазартып, қан айналымының жақсаруына көмектеседі. Ас қорыту, бауыр жүйесінің жұмысын қалпына келтіреді. Инсульттің алдын алады.
Үпілмәлік (кастор) майы – бауырдың жұмысын жақсартады. Тері аурулары – сыздауық пен қышымаға дауа. Іш жүргізуге де пайдаланады. Өт қабындағы тас пен құмдарды түсіруге ықпал етеді.
Жаңғақта – дамушы ағзаға аса қажет А, С, В1, Р, Е, Д, К дәрумендері мен калий, кальций, магний, фосфор, темір, йод, селен, мыс тағы басқа элементтер өте көп. Жаңғақ, ұзақ жасаудың кепілі. Ол мидың қызметін жақсартып, оған қажетті минералдарды жеткізеді. Бастың қан тамырлары үшін грек жаңғағының әсері ерекше, көңіл-күйді көтереді, ұмытшақтықтың алдын алады. Ұйқының қануына ықпал етеді. Диабеттің, обырдың алдын алады. Құрамындағы омега-3 қышқылы жүрек ауруы мен кеуде обырынан сақтайды.
Жаңғақ майы – иммунитетті күшейтеді, суық тию, қабынуға қарсы күресу қабілетін арттырады. Қартаюды тежеп, тамырлардың түйілуін болдырмайды, қандағы холестериннің қалыпты болуына себепші болады. Бауырдың жұмысын жеңілдетіп, жай-күйін жақсартады. Ас қорытуды реттеп, іш қатуды болдырмайды. Түрлі тері ауруларына да пайдасы бар. Қалқанша безі ауруларында адамның жай-күйін жақсартуға көмектеседі. Артрит пен басқа да буын, тері ауруларына (теміреткі, есекжем, тыртық, күйік, жара) ем.
Жүзімнің құрамы А, С, В6 дәрумендері мен калий, кальций, темір, фосфор, магний және селен минералдарына бай. Тағы, адамның қартаю үрдісін тежейтін флавоноидтер де бар. Ал дәнді сүйегінде ағзаны нығайтатын, ағзаны жасартуға, ішекті керексіз шлактардан тазартуға ықпал етерлік, табиғи май мен А, Е, К дәрумендері бар. Сол себепті де диетологтар ірі жидекпен күніне, он-он бестей жидекті қабығын жуып, дәнді сүйегімен бірге жеуге кеңес береді.
Дәрумен, минералдардан басқа жүзімде жүйке жасушалары үшін қажетті – 15 түрлі амин қышқылдары бар.
Ал жүзімдегі магний денеге және мидың тынығуына әсер етеді.
Диетологтар жүректің және бүйректің жұмысын нығайту үшін мойылдай қара, басқа түсті жүзім жидегін, ал өт қабынан және бүйректен құмды айдап шығаруға, зәрді қуу қасиеті жоғары ашық мөлдір түсті жүзім жидегін пайдаланғанды жөн санайды.
Жүзім ағзаны тазартып, жүректі қуаттандырып, қанның қоюлануына жол бермейді. Жүйкені тыныштандырып, шаршағаныңды басады, күш-қуатты тез қалпына келтіріп, иммунитетті күшейтеді, қатерлі ісік ауруының алдын алады. Өкпе мен тыныс алу жолдарын жақсартуға да көмегі зор.
Мүкжидек (клюква) – вирустарға қарсы күресте шайы мен тосабы ем. Оның қуық-несеп жолдарын бактериялардан қорғап, ағзаның қартаюына жол бермейтін де, зәр айдайтын, қабынуды асқындырмайтын да қасиеті бар екен. Құрамында калий, темір, натрий, алюминий, цинк, В, Е, РР, К1 дәрумендері бар. Иммунитетті нығайтады.
Жалпы, жидектер есту, көру, есте сақтау мүшелерін жақсартып, оларды түрлі сырқаттардан сақтандырады. Сондай-ақ, қан тамырларын тазартып, қанның құрамын холестериннен арылтады.
Саумалдық (шпинат) А, С, В1, В2, В3, В5, В6, Е, К дәрумендерінің, гемоглобинді көтеретін темір элементінің қайнар көзі. Сондай-ақ, фосфор, калий, магний, кальций, фолий қышқылы, мырыш, йод, мыс секілді микро-макро элементтер бар. Оның жапырағы иммунитетті көтеріп, күйзелісті тежеп, жүйкені тыныштандырады, көздің көруін жақсартады, қан қысымын реттеп, шлактарды шығарады. Балалардағы мешел ауруының алдын алып, ақыл-ойының дамуына ықпал етеді.
Алма – миды тазартады, ішкі мүшелердің жұмысын жақсартып, қан тамырларындағы холестериндердің деңгейін төмендетеді. Алма шырынында А,В,С дәрумендері, биотин, пантотен, фолий қышқылы, темір, магний, фосфор біріккен минералды заттар бар. Шырыны ағзадағы артық шлактарды шығарып, улы заттардан тазартады. Қабығымен жеген алма, барлық мүшені артық заттан тазартады. Артық салмақтан арылтып, ағзаны темірмен байытады. Жүрек, өкпе ауруларының алдын алып, суыққа қарсы иммунитетті күшейтіп, жұқпалы аурулардан сақтандырады. Бауыр, несеп жолдары, жүрек, қан тамырлары ауруларынан арылтады.
Шиенің құрамында қант, эфир майлары, А, В, С, РР дәрумендері, лимон, алма қышқылдары және мыс бар. Оның шырыны темір мен магнийдің қайнар көзі. Шие шырыны гемоглобинді қалыпқа келтіріп, несеп жолына түсетін жұқпалы аурулардан, қатерлі ісіктен де қорғайды.
Қара жидек шырыны – ағзаны тазартып, несеп жолдары, ішек, бүйрек ауруларының алдын алады. Асқазан қышқылын қалпына келтіріп, аллергиядан арылтып, көздің көру қабілетін жақсартады.
Қайың балында – калий, кальций, мырыш секілді минералдар мен В1,В2,В6 дәрумендері бар. Ол ағзаны әлдендіріп, тәбет ашып, ұйқысыздықтан арылтып, жүйкені тынықтырып, бойды дел-салдықтан құтқарады. Асқазан, ішек-қарын жолдары ауруы, құяң, сарып, демікпеге ем. Денеге сары су жиналғанда, несеп айдауда пайдасы бар.
Күнбағыс дәнінде – май 53, көмірсу 26,5, фитин 2 пайыз, ақуыз, органикалық қышқылдар, А, Д, Е дәрумендері бар. Бұлар көздің көру қабілетін жақсартып, ағзаны минералмен қамтамасыз етеді.
Анар – ағзаны құнарлы заттармен қамтамасыз етеді. Ол жүректің жұмысын жақсартып, кәріліктің алдын алады, қан қысымын қалпына келтіріп, иммунитетті көтереді. Оның құрамында 15 түрлі амин қышқылы, А,В,Е,К,С,В9,В6,РР дәрумендері мен калий, марганец, мырыш, кальций, магний, кобальт, фосфор бар. Оның жапырағы, қабығы, тамыры да ем. Анардың шырыны мен жемістің қабығын асқазанның жұмысы бұзылғанда, ал кепкен бұтақтары мен діңінің қабығын ішек құртына қарсы пайдаланады. Ол қанның құрамын жақсартып, ондағы темірді көбейтіп, сынған сүйектің тез бітуіне көмектеседі.
Құрма – йодқа бай. Құрамында калий, темір, натрий, кальций, фосфатпен қатар, 50 пайыз А, 20 пайыз С дәрумені және Е,Р,В дәрумендері мен магний бар. Ас қорытуды ынталандыратын, өт қышқылы мен холестеринді ретке келтірер пектиндер қуат беретін қасиетке ие. Қаны аздарға – нағыз көмекші, қан айналымын реттейді. Күйікті жазуға көмектеседі. Ал магний болса, несепті айдайды, бүйректе тас болудың алдын алады. Бауырды жақсартып, А дәрумені арқылы ағзада қатерлі ісік жасушаларының қалыптасуына тосқауыл қояды.
Мандарин – ағзаға пайдалы. Онда нитраттар мен басқа зиянды заттардың жиналуына жол бермейтін лимон қышқылы бар. Ал С дәрумені өте көп. Пектинге де бай. В1,В2 дәрумендері мен тамырдың созылғыштығына пайдалы К, мешелден қорғайтын Д дәрумені бар.
Киви – құрамында С дәрумені, көмірсу, кальций, фосфор, темір, натрий, калий, мырыш бар. Ағзадағы майды ерітіп, қанның қысымын көтертпейді. Жүрек ауруынан құтқарады. Иммунитетті А, С, Е, К дәрумендерімен байытып, әлдендіреді. Йод тапшылығы мен сақинасы барларға көмектеседі. Қызыл иектің саулығы үшін өте қажет.
Банан – құрамындағы А, В, С, РР, Е дәрумендерінің, сахароза, фруктоза, глюкоза, алма қышқылы, ферменттер мен минералды заттар фосфор, магний, калий, кальций, натрийдің арқасында диеаталық тағам ретінде асқазанда жеңіл қорытылып, жүйке жүйесі, жүрек қан тамырлары, бауыр, бүйрек, өт ауруларының алдын алып, бойға күш-қуат береді. Банан ағзадағы зиянды қалдықтарды сыртқа шығарып, өт, бауыр, асқазан жолдарын тазартады. Күйзеліс кезінде, көңілсіздік орын алғанда көңіл-күйді жадыратады.
Итмұрын – С дәруменіне бай жеміс. Бұл жеміс иммунитетті көтеріп, жұқпалы ауруларға жол бермейді. Қансыздықпен де күресіп, ұйқыны тыныштандырады. Піскен итмұрында С дәрумені қарақаттан он есе, лимоннан елу есе, алмадан жүз есе көп. Оның құрамында сондай ақ, В1, В2, В6, РР, Е, К дәрумендері мен темір, мыс, кальций, калий, магний, марганец сияқты заттар да бар.
Жапырағындағы аскорбин қышқылы қарақаттың жемісінен – 10, алмадан 100 есе көп. Одан сорпа жасаған дұрыс. Дәнінен алынған май іш құрылысы ауруларына, түрлі жаралар мен күйікке пайдалы.
Лимон – бет терісін ағартады, секпілмен, пигментті дақтармен күресуде қолданылады. Ол асқазан суының қышқылдығын төмендетеді. Бас ауырса, лимонмен маңдайды ысқылап, не шырынын жағып қоюға болады. Құрамындағы С дәрумені мен калий жүйке, иммунды жүйе мен мидың жұмысын жақсартып, қанның қысымын қалпына келтіреді. Лимон қосылған су ішек-қарын жолдарын тазартып, ас қорытуды жақсартады, Р дәруменінің арқасында қан тамырларын беріктендіреді. Холестерин мөлшерін төмендетіп, шлактарды шығарады. Лимонның шырыны тәттіге деген тәбетті төмендетіп, қартаюдан сақтайды. Шырынын суға қосып, ашқарынға асықпай ішу пайдалы. Шырын бүйрек, зәр түтігі мен оның қапшығының қабынуын болдырмайды.
Лимон майы – тұмауратқанда пайдалы. Ол үшін лимонды бір минут ыстық суға салып, содан қабығымен тураған соң, 100 гр. сары май мен 1-2 ас қасық балды араластырып ішеді.
Әсел – құрамында йод, темір, фосфор, марганец, калий, В тобының дәрумендеріне бай өте пайдалы азық. Күйзеліс, ас қорыту, ұйқысыздық мазалағанда жәрдемі мол.
Құлпынай – дәрумендерге бай ең керемет жеміс. Оның құрамында терінің қартаюына, холестериннің көбеюіне жол бермейтін С дәрумені, қан айналымына әсер етіп, буын ауруының алдын алатын К дәрумені, қаназдықты болдырмай, жүрек-қан тамыр ауруларын емдеуге көмегі бар фолий қышқылы, жүйкені тыныштандыратын В1 дәрумені, бауыр мен көз жанарының жұмысын жақсартатын В2, қартаюдың алдын алатын Е, жабығуға жол бермейтін В6, көзге пайдалы, иммунитетті көтеретін А, мешелге ем Д дәрумендерімен қатар, калий, темір, магний, кальций, мырыш, кремний, мыс, марганец сияқты минералдар бар.
Таңқурай (малина) – емдік қасиетке толы дәрмек. Құрамында А, Е, С, В2, РР дәрумендері, мыс, аскорбин қышқылы, глюкоза, органикалық қышқылдар, ақуыздар мен пектиндер, азот қоспалары бар. Бұл жидектен жасалған тосапты суық тигенде, дәрумен жетіспегенде, несеп жүргізуге, іш ауруын басуға, бүйрек тасынан тазартуға, өтті айдауға, жөтелге, гемоглобинді арттыруға, тәбет ашуда, ас қорытуды жақсартуда, дене қызуын басуда еш қауіпсіз қолдануға болады. Құрамындағы калий мен магний жүректің жұмысына күш береді. Қан тамырларының қабырғаларын нығайтады. Денедегі ісікті басуға жол ашады. Балғын күйінде жесе, іштің қатып қалуына жол бермейді.
Шабдалы – адамды күйзелістен шығаратын, көңіл-күйді көтеретін, ойлау мен есте сақтау, зейін аудару қабілеттерін арттыратын жеміс. Құрамында темір, кальций, натрий, фтор, фолацин, ниацин, фосфор, мыс, марганец, селен, мырыш, магний, С, В, К, РР, Е дәрумендері бар. Шабдалы шырыны жүректің бұлшық етін нығайтады, асқазан қышқылы төмендерге пайдалы, асқорытуды жақсартады. Әжімді жазып, терінің жақсарып, ағаруына әсері айтарлықтай. Ерекше бір қасиеті қандағы гемоглобиннің құрамын арттырады.
Өрік – адамның иммунитетін арттырып, көздің көру мүмкіндігін күшейтеді. Сонымен бірге, жүрек-қантамыр аурулары мен тері ауруларына да көмегін тигізеді. Оның себебі, өріктің құрамында А,Е, В2,В5, дәрумендері мен ретинол, фолий, аскорбин қышқылдары, минералдардан калий, кальций, фосфор, магний, алюминий, мыс бар.
Кепкен өрікті – үнемі жеген адамның көз көруі жақсарып, қан аздықтан, өкпе мен қолқаның сырқатынан айығып, бауыр мен өт жұмысының жақсарғанын байқайды. Сондай-ақ, есте сақтау қабілетін арттырып, шаш өсіріп, теріні жақсартады.
Кепкен қара өрік, мейіз де – ағза үшін керекті В дәрумен тобы, фосфор, темір мен магний элементтерінің қайнар көзі. Әсіресе қалқанша без бен жүрек үшін пайдалы калийге бай. Мейізді жөтелге, аллергиялық қышымаға пайдалануға болады. Қара жүзім нәрлі де дәмді болғандықтан, емге тигізер пайдасы көп. Теміреткі басқанда мейізді жарып, үйкесе нәтиже береді.
Күніне 10 мейіз, 2 кепкен өрік, бір грек жаңғағын жеп, жылы су ішіп тұрса, жүректің жұмысы жақсарып, сырқаттан қорғануға болады.
Халуа да пайдалы. Онда қуаты мол В тобының дәрумендері бар. Ол жүйке жүйесі үшін аса қажет. Шаш пен тырнақты жақсартады.
Есте болар жағдай, кейбір өсімдіктерде зиянды қуатты өзіне сіңіріп алатын, енді бірінде адамға оңды қуат беретін ерекшеліктері бар. Мысалы, жүгері, сұлы, қарабидай, арпа дәндері зиянды қуатты бойдан сорып алу қасиетіне ие. Оларды кішкене ыдысқа салып, саусақпен санағандай етіп, күніне екі-үш мәрте, үш минуттан жайлап араластырып отырса, бойдағы жаман қуатты сорып алады. Ал бидай, қарақұмық, күріш, тары дәндері жағымды қуат көзі.
Қарақұмық (гречка) – құрамы дәруменге бай, лимон мен алма қышқылы да бар. Ағзаны улы, ас қалдықтарынан тазартады. Ақуызы мол болғандықтан, бұлшық еттердің серпінділігін арттырып, ағзаны май қабаттарынан ыдыратады. Ол адамды тоқ етіп, еттің орнын басады.
Қызыл-қоңыр күріш – ас қорыту жүйесін тазартады. Ол теріні де тазартып, бауырдың жұмысын, зат алмасу үрдісін жақсартады.
Сұлы – ақуызға, мырыш, темір, магний, фосфор элементтері мен фолий қышқылы және В1 дәруменіне бай. Сондықтан да адамның бойына күш беріп, ағзаны қуаттандырады. Сұлы ботқасы шаршауды басады, таңғы сағат 6-8 аралығында жесе, ішекті жақсы тазартып, ас қорытуды белсендіреді. Көздің көруін жақсартып, миды дамытады. Асқазан мен ішектердегі шлактарды тазартытындықтан, тері жасарып, ол да тазарады. Жаңғақ қосса құнарланады. Оны арықтағысы келгендер көп тұтынады.
Сұлы ұлпасының ботқасы – іштің кебуіне шипа бола алады. Ішкі май қабаттарын ыдыратып, қанның құрамын пайдалы минералдармен байытатын мүмкіндігі бар. Атап айтқанда, антиоксиданттар, фтор, калий, марганец, магний, хром, кальций, темір, фосфор және С дәруменімен қамтамасыз ететін сұлының арқасында, ағзаның белсенділігі артып, ішектегі зиянды, қажетсіз заттар сыртқа оңай шығып кетеді. Онымен қоса, шаш, тырнақтың беріктігі артып, тері жақсарып, сүйектердің беріктігі күшейеді. Іш қату мәселесіне де септігі жоғары.
Тары – адамның ағзасына керекті дәрумендердің қайнар көзі. Онда белок жеткілікті. Аллергияға әсер етер глютен жоқ. В тобындағы дәрумендерге, бауырға қажетті холинге бай. Сүйекке, жүрекке, иммунитетті көтеруге керек магний мен фосфор, калий, мырш көп. Онда көз жанарының бұзылуына әсер етерлік заттардың әрекетін тежейтін антиоксиданттар да бар. Өт қабы мен өт жолдарына пайдасы бар.
Тары – ботқа мен оның сорпасы ағзадағы артық холестерин мен токсиндерді, дәрілердің қанда ұйып қалған қалдықтарын сыртқа шығаруда үлкен көмегі бар. Бауырға да пайдалы. Тары ботқасы ағзаны қуаттандырып, артық тұздарды сыртқа шығарады.
Күріш – емдік азық. Қайнатылған күріш буындағы тұздарды шығарады. Көп жібіген сайын пайдасы артады.
Ендігі, денсаулыққа әсері болар тамақтануға байланысты мынадай бір әрекеттердің ойда жүргені артық болмас. Мысалы, ашқұрсақ болмауды көздеп, жұмыртқа пісіріп жей салу адамды қажытып, мидың тез шаршауына соқтыратыны ойда болса екен. Ал майлы ет, қаймақ, шошқа майы ұмытшақтық ауруды қоздырады. Одан да апельсин шырынын, қызанақ, соя майын, қызыл бұршақ қосылған тағамдарды жесе, адамның есте сақтау қабілеті жақсарып, қан айналымы реттеліп, мидың жұмысы жақсарады екен. Ал өте тұзды тағам миға қан құйылу қаупін күшейтсе, қант – жансыздануға әкеліп, инфарктке соқтыратын көрінеді.
Халық арасында: «Алма же де су ішкін, ауырмасаң маған кел. Жиде же де су ішкін, семірмесең маған кел» деген мақалдың тарағаны бекер емес. Оның да ойда болғаны дұрыс.
Нұрмахан ТІЛЕГЕНОВ, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, Жамбыл облысы