Тал бесіктен жер бесікке дейін

Балаларды ұлттық ойындарға баулу

Қазақ халқы: «Шыныққан шымыр болады, тәрбиесіз – қыңыр болады» деп дене шынықтыру мен  дене тәрбиесінің адамның денесі мен денсаулығына төтенше пайдалы екенін ықылым замандарда-ақ жете түсініп, балаларының денесін жастай шыңдап, шынықтырып, сау денелі, қару-қайратты, тең жетілген сегіз қырлы, бір сырлы азамат болып есеюлеріне ерекше көңіл бөліп, ұрпақтарын сом денелі, ширақ қимылды, ақыл-айлалы, кемелді азаматқа айналдыру үшін халықтық спорттың әр қилы түрлерімен айналыстырып, сан алуан сайыс өнерін үйреткен.

Ерте заманда қазақ балаларына үйрететін сайыс өнері мен спорт қимылдарының түрлері өте көп болған. Олардың бастылары мыналар:

Жарыспақ

Дене тәрбиесінің бұл түрінде балалардың аяғы шығып, емін-еркін жүретін болғаннан бастап, жаяу жарыстырып, жүгіртіп, жерде әбден шынықтырған соң, тай-құнанға мінгізіп жарыстырып, олардың аттың шабысына бейімделіп, қыр-сырына қанығуына мүмкіндік жасайды.

Жастайынан жарыстың сан алуан түрлеріне жаттыққан баланың қайсарлық, төзімділік қуаты артып, мейлі жерде, мейлі ат үстінде болсын, қарсыласына дес бермейтін айла-тәсілі мол, ат құлағында ойнайтын атпал азамат болып жетіледі. Жігерлі, жалынды болып өсіп, түрлі ауру-сырқауларға жақсы төтеп береді.

Өрмелемек

Өрмелемек – балаларда түрлі қауіп-қатерден құтылу, жыртқыш аң-құстардың шабуылы мен тасқын, көшкін сияқты кездейсоқ апаттардан құтылу жолдарының бірі.

Бұл өнер балаларға жастайынан бастап үйретіледі. Ең алдымен балаларға жүректі болу, қорықпау, қайсар, батыл болу тәрбиесі беріліп, онан соң, әр түрлі ағаштарға шығудың, жалама жартастарға өрмелеудің, түсудің, сырғудың, жармасудың айла-тәсілдері бір-бірлеп үйретіледі.

Өрмелемек балалардың түрлі қауіп-қатерлерді жеңу кабілеттерін арттырып, ерік-жігерлерін шыңдайды. Балаларды батырлыққа, батылдыққа жетелейді. Қиын жағдайларға тап болғанда қолма-қол шешім жасау қабілетін дамытады.

Қарғымақ

«Қарғығанды білмеген – тірі ғаріп» деп қазақ халқы «қарғу, секіру, аттаудың» үлкен өнер екендігін ұрпақтарына ұғындырып, «қарғымақты» түрлі кедергі, тосқауылдармен ор, арда, су, жар, сондай-ақ, қатерлі жағдайлардан құтылудың құралы есептеп, ұрпақтарына жастайынан аттау, қарғу, секірудің сан қилы әдіс-амалдарын үйретіп отырған.

Мысалы, «қарғымақ» өнерін үйретуде тәжірибелі ұстаздар биік cөpeгe арқан-жіп керіп, көлденең кедергі ағаш қойып секіртіп, сондай-ақ, ор, арда, жар, су, тас, дуал секілділерден қарғытып, балаларға қарғу мен секіруді егжей-тегжейлі үйретеді.

Қарғымақ балаларды жалынды, жігерлі болуға жетелейді. Әр түрлі қиын сәттерде жол табуға тырысатын, қайсар, қағілез, үміткер, ержүрек етіп жетілдіреді.

Жүздірмек

« Жүзуді білмеген суда жанынан айрылады, бағуды білмеген далада малынан айрылады» деп тұжырымдаған қазақ халқы суға жүзіп шынығуды, сондай-ақ малтудың, жүзудің қыр-сырын жастай игеруді өте игілікті іс деп есептеп, балалар ес біліп, азамат бола бастағанда-ақ малту мен жүзудің сан алуан түрлерін үйрете бастаған. Балаларға бұл өнерді үйретуде, ата-аналар ең алдымен балалардың денесін суға үйретіп, төзімділік қуаты мен қарсылық қуатын арттыру үшін, күз бен кыстың суық күндерінде күніне бір рет суға түсіріп шығарған әрі күн өткен сайын суға түсу мерзімін лайықты мөлшерде ұзартып отырған. Баланы суға көндіктірудің бұл тәсілі біткен соң, суға жүзудің, сүңгудің, қалқудың, малтудың түрлі тәсілдері балалар әбден меңгергенше біртіндеп үйретіледі. Одан кейін қайық айдау, сал жүргізу, кеме жүргізу, шұғыл жағдайларға тап болғанда шалбар, тұлып сияқты заттарды пайдаланып, адамды құтқару, судағы қатерлі уақиғаларға төтеп беру шаралары үйретіледі. Суға жүзу баланың денінің сау болып, түрлі қауіп-қатерден тайсалмайтын батыл, ержүрек азамат етіп шығаруы үшін маңызы зор.

Тартыспақ

Тартыспақ өнерінде ат үсті қимылы – негізгі, жаяу қимылы қосымша қолданылады. Бұл ойынды балалар алғаш тай-құнанға мінгенде бастайды. Балалардың атқа міну, желу, шабу, жарысу барысында аттың тізгінін қалай ұстау, аттың кимыл-қылықтарымен  қалай сәйкестелу керектігі егжей-тегжейлі үйретіліп бол­ған соң, ұлы жиын-тойларда бәйгеге, жорғаға мінгізіп, балалардың ерік-жігерін шыңдайды.

Жоғарыдағы сынақтардан өтіп болған соң, жекпе-жек ат үстінде бір-бірінің қолын ұстап тартып, күш-қайраттарын байқастырады. Одан кейін көкпар, тері, арқан, т.б. заттарды тартқызып, ат үсті өнері мен түрлі айла-тәсілдерін бекемдей түседі. Аттан түскен соң арқан тарт­қызып, қол қайырыстырып, жаяу көкпарға салып, балалардың табандылығын арттырып, ат үсті және жерде өз өнерлері мен күш-қайратын жетілдіреді.

Бұл өнер балалардың қарсылық қуаты мен төзімділігін арттырады. Оларды батылдыққа, батырлыққа дағдыландырып, ұрпақтардың бәсекелік қуатын күшейтеді.

Алыспақ

Алыспақ – ат үстіндегі және жаяу балаларға бірдей үйретілетін өнер. Бұл өнерде тәжірибелі кісілер балаларды қарсыласымен алысудың алуан түрлерін үйретумен бірге, бұрау, қайыру, қайқайту, шалу, буындыру, тебу, байлаудың да сан түрлі тәсілдері мен айла-амалдарына егжей-тегжейлі машықтандырады. Бұл өнер ұрпақтың өзін-өзі қорғау қабілетін арттырып, денесін шыңдап, дені сау болып есеюіне негіз болады. Алысу мен шалысудың қыр-сырын жетік меңгерген балалар есейгенде жауырыны жерге тимес балуан; дұшпанын бұқтырып, қарсыласын ықтыратын, ақыл-айласына, күш-қуаты сай атпал азамат болып есейеді.

Салыспақ

Салыспақ – ертеде ел ішіне кең тараған ұлттык спорт ойындарының бірі. Бұл ойын ат үсті мен жерде бірдей қолданылады. Талапкерлерге қамшы, сойыл, шоқпар, күрзі, босмойын, таяқ сияқты қаруларды ат үстінде қалай ұстау, жерде қалай пайдалану, оларды қалай сілтеп, қалай үйіру, қалай ұру тәсілдері бір-бірлеп үйретіледі. Онан соң, әуескерлерді өзара салыстырып, сайыстырып жаттықтырады. Сондай-ақ, ат үстінде салысып, сайысып жүріп, жалт бұрылу, тайқап кету, жалған көрініс беріп, айнала соғу, сойыл-шоқпар, күрзі, қамшы секілді қорғану амалдары да жан-жақты үйретіледі. «Салыспақ» өнері жасөспірімдердің дене мүшесін шыңдап, шынықтырса; екінші жағынан, жаугершілік заман мен қиын-қыстау сәттерде (ел мен жерді қорғауда) бұл өнер ұрпақты батылдыққа, батырлыққа, кайсарлыққа, табандылыққа, төзімділікке дағдыландырып, бәсекелік кабілетін күшейтеді.

Күреспек

Спорттың бұл түрін қазақ халқы бала аяғын басып, емін-еркін жүргеннен бастап үйретуге көшеді. Мұнда, жасы, бойы деңгейлес балаларды белдеріне белбеу тартып, өзара күрестіріп, күрестің кыр-сырын үйретеді. Белдесудің, тіресудің, қайқайтудың, жамбасқа алудың, аяқтан шалудың, жата қалып лақтырудың, көтеріп ұрудың сан түрлі тәсілдеріне жаттықтырады. Жастай күресіп үйренген бала есейгенде жауырыны жерге тимес балуан болады. Дене мүшелері мен бұлшық еттері жақсы жетіліп, дені cay атпал азамат болып жетілулеріне мүмкіндік жасайды.

Ілдірмек

Әдетте, балаларға ілдірмек өнерін бала атқа емін-еркін мініп, ат тізгінін ұстап, ат үстінде отырудың қыры мен сырын толық игерген соң үйретеді. Алдымен 3-4 шыбықтың басына көзге айқын көрінетіндей шүберек байлап, оны түзу жерге апарып, арасы 20-30 метрдей етіп шаншып, балаларға ат үстінде кетіп бара жатып, еңкейіп ілуді үйретеді. Оны үйреніп болған соң, шаншыған шыбық санын көбейтеді әрі оны желіп бара жатып ілуді үйретеді. Ең соңында, оны шауып бара жатып ілуге дағдыландырады. Бала бұл өнерді әбден меңгерген соң, машық талабын күрделендіріп, жерге көмген мысқал, теңгелерді іліп алуға жаттықтырады әрі оны оң жақ, сол жақтан бірдей ілуге баулиды.

Ілдірмек өнері балалардың атқа міну және ат өнеріне қабілетін арттырып, оларды ерлікке, ептілікке үйретеді. Ұрпақтар кайсар, қағілез болып есейеді.

Аударыспақ

«Ілдірмек» ойынына баланы әбден төселдіріп, ат үстінде өзін мықты ұстап, әрқандай қиын жағдайға да төтеп беретін болғанда, ат үстінде аударыспақ ойнауға машықтандырады.

Бұл ойында ат айылын мықты тартудан бастап, қарсыласын аударып тастау, аттан жұлып алу, өңгеріп әкету, атының айылын ағытып жіберіп, ер-тұрманымен құлату сияқты әдіс-тәсілдер егжей-тегжейлі үйретіледі.

Ойын балаларды жастайынан батылдыққа, батырлыққа жетелеп, жігер-күшін тасқындатады. Ұрпақты ат үсті өнеріне жан-жақты жетілдіріп, әрқандай қиындыққа бас имейтін, қажырлы азамат етіп шығарады.

Тастамақ

Тастамақ – ел ішіне кең таралған, күнделікті тұрмыспен етене қабысып кеткен халықтық өнерлердің бірі. Бұл өнерге негізінен арқан, құрық, жіп, бұғалық секілді заттар пайдаланылады. Ең алдымен, балаларға арқан, жіп есіп, құрық, бұғалық жасап, тұзақ құрудың, шалма тастаудың, құрық салудың, байлаудың сан алуан айла-тәсілдері біртіндеп үйретіледі. Онан соң, бұзау, тайынша, қозы-лақ, құлынтай, т.б. ұстатып, әбден машықтанғаннан кейін, атқа мінгізіп, ат үстінде асаулар мен қашағандарға шалма тастатып, құрық-бұғалық салдырып, шу асаулар мен тарпаңдарды ноқталап, жүгендеуге жаттықтырады.

Тастамақ өнері балаларды еңбексүйгіштік пен өнерсүйгіштікке, қа- жырлылыққа, табандылыққа жетелеп, олардың дербес күн көру, қиын сәтте жол табу қабілеттерін арттырады, сонымен бірге, ерлікке, ептілікке баулиды.

Шанышпақ

«Шанышпақ» өнерінде ат үсті қимылы негізгі болып, жаяу қимыл – қосымша үйретіледі.

Бұл өнерді үйретуде, ең алдымен балаларға қанжар, сүңгі, найза, кездік, пышақ, жебе секілді қаруларды қалай ұстап, сақтау, қайрау жолдары көрсетіліеді. Онан соң, шаншу, салу, ілу, түйреу әдістеріне жаттықтырады.

Жоғарыдағы айла-тәсілдерге балалар жаттығып болған соң, олардың қайсарлығы мен ерлігін, айла-тәсілге шеберлігін арттыру мақсатымен айсыз қараңғы түнде ат үстінде шауып бара жатып, найза-қылышпен жерден «қара» ілу, жылқының тезегі мен сиырдың жапасын тергізу; «қарақшы» шаныштыру, түйрету, шабу сияқты машықтардан бір-бірлеп өткізеді әрі қолдағы кұралдарын жерге түсіп, жаяу жүргенде қалай ұстап, сілтеу жолдарын үйретеді.

Шанышпақ – ұрпақтарды жүректілікке, батылдыққа, қайсарлыққа дағдыландырады.

Атыспақ

«Атыспақ» – ерте замандардағы қазақ халқының ерлік-серілік өнері, сондай-ақ өзін-өзі қорғап, қас жауларына қайтарма соққы берудегі ерен өнерлерінің бірі.

Ертеде әрбір отбасы ұл-қыз демей ұрпағына садақ тартып, сақпан лақтырудың, мылтық атып, тас лақтырудың әдіс-амалдарын үздіксіз үйретіп, ұрпағын жастайынан Отанын, халқын, елі мен жерін қорғауға баулып отырған.

Атыспақ өнері басқа өнерлерге қарағанда біршама күрделі әрі нәзік өнер болғандықтан, алдымен балаларға ату құралдарының ерекшелігі мен қасиеттерін егжей-тегжейлі үйретіп, оларды ұстау, ату, күту әдістеріне жан-жақты жаттықтырады. Онан соң «қара» қойып және аң-құс атқызып, атыспақ өнерінің қыр-сырына әбден қанықтырады.

Бұл өнер ұрпақты мергендікке дағдыландырып, нысанаға алу, көздеу, ату өнеріне жетілдіреді. Ұрпақты қайсарлыққа, шөгелдікке дағдыландырып, денелерін шыңдап, шынықтырады.

Шабыспақ

«Шабыспак» өнері – ерте замандағы қазақ халқының өзін-өзі қорғап, қас жауларына қайтарма соққы берудегі маңызды өнерлердің бірі. Шабыспақ ат үсті мен жерде бірдей қолданылады. Қылыш, семсер, алдаспан шеберлері балаларды бұл құралдармен жан-жақты таныстырып, қадір-қасиеттерін ұғындырып, оларды қалай ұстау, қалай үйіріп, сілтеу, қорғану тәсілдерін бір-бірлеп үйретеді.

Ең соңында, оларды жерде ресми машықтандырып, ат үстінде шауып бара жатып сайысу, топ ішінде құралды қалай сілтеп, шабу, тап беріп, жалтару сияқты алуан түрлі тәсілдер егжей-тегжейлі үйретіледі.

Бұл өнер балаларды ерлікке баулып, есейгенде жаудан кайтпайтын батыр азамат етіп жетілдіреді.

ЖАСТЫ ДӘУІРЛЕРГЕ БӨЛУ

Қазақ халқы қоғамдық қарым-қатынас пен барыс-келіс, алыс-берісте, әсіресе жас ұрпаққа берілетін тәрбиенің ойдағыдай дұрыс жүргізілуі үшін адамның жасын мынадай бірнеше дәуір мен шақтарға бөлген. Онда адамның жасын 100 жылға шамалап, оны төрт дәуірге бөледі де, алғашқы 25 жасты «жас дәурен», екінші 25 жасты «жігіт ағасы», үшінші 25 жасты «аталық», төртінші 25 жасты «қарттық» деп атаған. Сонымен бірге, жоғарыдағы төрт дәуірді онан ары жіктеп: ұл баланы 1 жастан 2 жасқа дейін «бөбек», 3 жастан 5 жасқа дейін «балдырған», балақай, 6 жастан 7 жасқа дейін «өспірім», 20 жастан 30 жас аралығындағыларды «жас жігіт», 30 жастан 40 жасқа дейінгілерді «дүр жігіт», 40 жастан 50 жасқа дейінгілерді «ер түлегі», 50 жастан 60 жасқа дейінгілерді «жігіт ағасы», 60 жастан 70 жасқа дейінгілерді «ел ағасы», қарасақал, 70 жастан 80 жасқа дейінгілер «ақсақал», 80 жастан асқандарды түгел «карт» (қария, шал) деп атаған.

Жасты дәуірлерге бөлуде әйелдердің жасын да әр түрлі жіктеген. Мысалы, қыз балаларды 1 жастан 2 жасқа дейін «бөпе», 2 жастан 7 жас­қа дейін «бүлдіршін» деп атаған. Әйелдер некеленген соң, 40 жасқа дейінгілерді «келіншек» (үйленбесе «қыз»), 40 жастан 50 жасқа дейінгілерді «саркідір», 50 жастан 60 жасқа дейінгілерді «сары тіс», 60 жас­тан 70 жасқа дейінгілерді «ақсамай», 70 жастан асқандарды «кемпір» деп аталған.

Жасқа бөлу адамдардың жасы, жынысына қарай өз жауапкершіліктерін сезінуіне, қоғам алдындағы қарыз-парыздарын әділдікпен атқарып, кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге болу танымын арттырады.

ЖОМАРТТЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕУ

Xалқымыздың дәстүрлік тәрбиесі ел ішіндегі білікті жандар мен билер, мектеп-медреселер арқылы жүргізілген және олар үлгі-өнеге болып, салт-дәстүрдің мазмұнын байытып, халықтық сипатын арттырған. Алайда, отбасы тәрбиесі басты орында тұрған яғни халықтық салт-дәстүр тәрбиесінде әрбір ата-ана ертелі-кеш ұрпағына жомарттық, кешірімділік, обал-сауап, ар-ұят, адал-арам, әділет-шапағат, ізгілік пен жауыздық, жақсылық пен жамандық, бұзақылық пен жанашырлық сияқты істердің  бәрін егжей-тегжейлі ұғындырып, көпшіл, халықшыл болуға, салт-дәстүр мен наным-сенімге түсінікпен қарауға және оны құрметтеуге; ел намысы мен Отан даңқына дақ түсіретін  жаман істерден аулақ болуға; «малым – жанымның садағасы» дей- тін үлкен кісілік қасиеттерді қалыптастыруға жетелеп, өмір бойы ізгілік, ізеттілік, тектілік, тәрбиелілік, ұлылық, даналық танытып, ұсақшыл, бықсықтық, пендешілік сияқты нашар қылықтардан аулақ болуға тәрбиелеген. Сондай-ақ, әрбір ұрпақтың, тіпті күллі адам баласының бойында төмендегідей бірнеше жомарттық қасиеттер сөзсіз  болуы керек деп қараған.

Көз жомарттығы

Қазақ халқы адам баласында көз жомарттығы, сөз жомарттығы, көңіл жомарттығы, қол жомарттығы, жол жомарттығы сынды бес жомарттың болуы керек деп қараған. Сондай-ақ, көз жомарттығы жоқ адамнан ешқашан жақсылық күтіп, ұлылық туады деп есептемеген, қайта, күллі жомарттық пен ізгілік көз жомарттығынан бастау алады деп есептеген. Бұл тәрбиеде әрбір ата-ана ұрпағына көз жомарттығын қалыптастыру үшін күллі адамзаттың табысын өз табысындай көру, иненің жасуындай ізгілік болса да «құтты болсын, қуаныш ұзағынан сүйіндірсін; жақсы екен, әдемі екен, құттықтаймын, жарасыпты, сұлу екен, көркем екен, тамаша» деген сияқты жанды жадыратып, көңілді жібітер жақсы сөздерге жомарт болып, намысқа тиетін, жанды жаралап, өштік қасиетін тудыратын жаман сөздерге сараң болып, әдеттегі аман-сәлемнен тартып, барша адам баласына жылы шырайлы қарау, жанашырлық, жақындық таныту, барша жақсылығына сүйініп, артықшылықтарына көз жұмбау, кызғаншақтық пен менмендіктен аулақ, әрқашан кішіпейіл, әдепті, ибалы болуы керек екендігін егжей-тегжейлі ұғындырып, қандай кезде де көз жомарттығынан ауытқымауға баулиды.

Көз жомарттығы адамдарды түрлі психикалық қысымнан аулақ етіп, көңіл күйдің орнықтылығын сақтап, адамдар арасында достық сүйіспеншілік тудырады, түрлі қайшылықтардан сақтап, коғамдық қарым-қатынасты жақсартады.

Сөз жомарттығы

Сөз жомарттығын қалыптастыруда қазақ халқы адам баласының аузынан үнемі жақсы сөз, жарасымды әзіл шығуы, айтқан сөз, түрлі әзіл-қалжыңдардан адамгершіліктің, ізгіліктің, адалдықтың, кеңпейілділік пен кешірімділіктің лебі есіп тұруы тиісдеп қарап, әрқашан жақсы сөз бен жарасымды қалжыңға жомарт болуды дәріптейді. Яғни «жақсы сөз – жарым ырыс», «кесірлі сөз – кісі өлтіреді», «жақсы сөз сөйлеген ауыздан гүл төгіледі, жаман сөз сөйлеген ауыздан жын төгіледі» деген халық даналықтарына сай, ұрпағына үнемі жақсы сөз сөйлеуді, ойнап айтса да, ойлап айтуды, қашан да: «сіз, біз, рақмет, өркенің өссін, жасың ұзақ болсын, жаныңа жамандық жуымасын, бет алдыңнан жарылқасын» деген сияқты басқалардың қуанышы мен бақыт-байлығына ризашылығын білдіретін мәдениетті, әдепті, жақсы сөздерге барынша жомарт болуды үйретіп отырады.

Сөз жомарттығы – адамдардың қоғамдық өрісін кеңейтеді, досын көбейтіп, дұшпанын азайтады, түрлі келеңсіздіктер мен кедергілерге көп жолықтырмайды, ойлау және тіл қабілетін күшейтеді.

Көңіл жомарттығы

К өңілді кең ұстау, барға қанағат ету, шүкірлік қылу, кызғаншақтық пен озбырлықтан, орынсыз бәсеке мен өлермендіктен аулақ болып, барлық адамды тағдырлас, тыныстас жақыным деп қарап, алыс-беріс, барыс-келіс істерінде кеңпейіл, кешірімді болу, басқаларға үнемі жақсылық, қуаныш, бақыт-байлық қонса екен деп ойлау; басқаларға жол беру, қол беру сияқты ізгі қасиеттер «көңіл жомарттығы» деп есептеледі. Бұл тәрбиеде өнегелі кісілер перзенттеріне: «кең болсаң – кем болмайсың», «ақпейілдің аты арып, тоны тозбайды» деп көңілі жомарт адамдардың ешқашан жамандық көрмейтіндігін, тіпті, басы артық әуре-сарсаңға жолығып, басы қатып, жаны ауырмайтындығын жанды мысал, жарқын бейнелер арқылы мұқият түсіндіріп, ұрпағының ашық-жарқын, жомарт азамат болып жетілуіне жан-жақты көңіл бөлген.

Пейілі кең, жомарт адамның көңіл күйі орнықты болады. Досы көп, қасы аз болады.

Қол жомарттығы

Жомарттықты ең ізгі, ең асыл қасиеттердің катарына койып, «қол жомарттығын» адамгершілік пен ізгіліктің нақты көрінісі деп бағалаған қазақ халқы: «қолы ашық адам – өмірге ғашық адам, сараң адам – пасық адам» деп ұрпағын қолы ашық жомарт, ақ көңіл, ашық-жарқын болуға баулыған.

Ұрпақтың бойына «қол жомарттығын» сіңіруде, өнегелі ата-аналар перзенттеріне өзінде бардың барлығын көппен бөлісу, қолындағы бар­ды елден аямау, қиналғандар мен жоқ-жітіктерге қол ұшын беру, түрлі апаттар мен ауру-сырқауға кіріптар болғандарға көмек беру; жылу атау, қамқорлық жасау, алдына бір нәрсе сұрай келгендерді құр қол қайтармау, яғни бүтін нан болса бөліп, жарты нан болса, бөлісіп жеу керектігін мұқият ұғындырып, ұрпағын қолы ашық жомарт болуға, қолынан келген жақсылығын адам баласынан аямауға баулиды. Сараңдықтан, дүниеқорлыктан, ашкөздіктен, озбырлықтан бойларын аулақ ұстауға үйретеді.

Қол жомарттығы адамдарды ізгілікке жетелейді, адамдар арасындағы достықты, татулықты, береке-бірлікті нығайтады. Өштік-қастықты жойып, қоғамдық қайшылықты бәсеңдетеді. Орынсыз бәсеке мен күндестікті тежеп, өзгелердің құрметіне бөлейді.

Жол жомарттығы

Ақыл-есі дұрыс барша адам баласы жүрген-тұрған жерлерінде елге жақсы қылық, жарасымды мінез, жылы шырай көрсетіп, үлгі-тағылым таратып, әрқандай сәттерде алдымен өзгелерге жол беру, өлермен болмау, басқаларға жақсы әсер, үздік өнеге көрсету, сондай-ақ жолда жатқан бір кесек тас болса да ерінбей алып тастап, басқа адамдардың жәбір-жапа көрмеуіне мүмкіндік, қолайлылық тудырып жүрудің барлығын қазақтар жол жомарттығы деп атайды әрі жол жомарттығының барша адам баласының адамгершілігін, азаматтығын, адалдығы мен ізгілігін сынайтын жауапкершілігі күшті қасиетті ұғым екендігін нақты мысалдар арқылы ұрпағының құлағына құйып, көкейіне ұялатуға ерекше күш салады. Мысалы, жолда келе жатқан мысық, ит, тышқан, құс және басқа жан-жануарлар мен жәндіктердің өлексесін көрген; сондай-ақ адам сүрініп жығылатындай тас, томар, табанға кіретіндей тікен, көзге тиетіндей ағаш сияқты заттарды байқаған адам, оларды міндетті түрде көміп тастауы, алып тастауы қажет. Егер оларды көре тұрып, көмбегендігі және алып тастамағандығы себепті ел-жұртқа ауру-сырқау тарап, адам өлсе немесе біреудін, аяғы сынып, көзі шықса, сол зиянды нәрселерді көміп тастамаған, алып тастамаған адам – кісі өлтірген, бәле-қаза таратқан қандықол; аяқ сындырып, көз шығарған бұзық адам болып есептелетіндігі жөнінде егжей-тегжейлі түсіндіріп, перзенттерін ізгі ниетті жақсы адам болуға баулиды.

АЛТЫ БАЙЛЫҚТЫҢ ҚАДІРІН ҰҒЫНДЫРУ

Қазақ халқы ұрпақ тәрбиесінде, тәрбиелік мазмұны бай, қамтитын көлемі жан-жақты, кең болуына баса назар аударып, өмірдің жақсы-жаман тұстарын жүйелі ұғындырып, өмірдің аумалы-төкпелі болатынын, басқа бақ қонып, атақ-даңққа бөленгенде асып-таспай, қиындық көргенде саспай, үнемі кішіпейіл, халықшыл болу қажеттілігін ерекше ескертіп, әрбір адам баласы өз тіршілігінде мынадай алты байлықтың қадірін білуі керектігін тәптіштей түсіндіріп отырған.

  1. Жастықтың қадірін білу

Жастық шақтың екі айналмас алтын дәуір екенін, өнер-ғылым үйренетін, әрқандай киындықты бұйым құрлы көрмей, аңсаған арманға жетіп, бақыт-байлыққа жарататын, арындаған, жалындаған кез екендігін шынайы ұғынып және оны ғанибет біліп, жастық шақты мәнді, мағыналы өткізуге күш салу керек. Яғни, «жас болсаң – білім алып, бойлап өс, қартайсаң – қасиетті ойға көш» деген даналықты есте берік сақтап, «жас кезімде бейнет бер, қартайғанда дәулет бер» дейтін халық даналығының мәніне терең үңіліп, жас дәуренді қадірлеп, аялап, оны бос ойын-күлкімен өткізбей, бойда күш-қайрат бар кезде өнер-ғылым, үлгі-тағылым үйреніп, қартайғанда адал еңбегі мен ащы терінің игілігін көру, халыққа, Отанға, туған жерге бақыт-байлық сыйлау, яғни, жас дәуренді ойын-күлкімен өткізіп жіберіп, бойдан қуат, бастан ақыл кемігенде «қап!» деп өкініп қалудан сақтану. Жастықты – теңдессіз бақыт-байлық деп білу.

Бұл тәрбиенің де өзіндік маңызы бар. Ол ұрпағымызды жастық шақ­ты қадірлеп, мән-мағыналы өткізуге, жастайынан өнер-білімді үйреніп, халқына, Отанына адал қызмет етуге, мәдениетті, өнегелі болуға жетелейді.

  1. Денсаулықтың қадірін білу

Қазақ халқы «бірінші байлық – денсаулық» деп оны бәрінен жоғары қояды әрі үнемі «денімді сау, басымды аман қыл» деген игі тілекте болып, түрлі әдіс-шараларды қолдана отырып, денсаулықтың қадір-қасиетін ұғынуды дәріптейді. «Ауру – астан» деген аталы сөзді есте берік сақтап, тазалық пен ішіп-жемге ерекше көңіл бөлуді; денсаулыққа зиянды нәрселермен, лас, бұзылған азық-түлік пен сусындықты пайдаланбау, шектен тыс тойып тамақ ішпеу, уағында, қалыпты тамақтануға әдеттену; түрлі жұқпалы аурулар мен дене мүшелерін зақымдайтын жаман әдеттерден аулақ болып, денсаулықты сақтауды үйретеді.

Бұл тәрбие ұрпақтарды дені сау болып есейіп-ержетуге бағыттайды.

  1. Өмірдің қадірін білу

Әрбір адам, өмірге ой көзімен, биік адамдық ақыл-парасатпен қарау, жарық күнді қадірлеп, жақсы өмір сүруге дағдылану, өнер-білім, үлгі-тағылымды үйреніп, өмірдің мән-мағынасын ұғыну; әр күн, әр сағаттың қадір-қасиеті мен қымбатын жете түсініп, арайлап атқан таңды ғанибет деп білу; «ақыры өтетін өмір ғой» деп ойына келгенді істеп, айналаңа лаң салып, адамдық өмірдің қасиеті мен мән-мағынасын жоғалтып алудан сақтану керек.

Бұл тәрбие ұрпағымызды өмірді мәнді, мағыналы өткізуге, өнер-ғылымды меңгеріп, үлгі-өнегелі болып, өтіп жатқан уақыттың қадір-қасиеттерін сезінуге баулиды. Жаман әдет, жағымсыз іс-қылықтардан аулақ болуға жетелейді.

  1. 4. Халықтың қадірін білу

Х    алық – күллі бақыт-байлықтың қайнары, өнер-ғылымның қамбасы, дүниенің қожасы екенін шынайы түсіну тиіс. Халықсыз қара жердің де құлазитындығын ұғыну; әрдайым «халқымнан айырма, халқымды қор қылма» секілді изгі тілекте болу; шен-шекпен, атақ-даңққа бөленіп, қолда қуат, бойда жігер, баста ақыл толық кезде халыққа көбірек қызмет істеу; халықтың ұлылығын, күштілігін, қаһарлылығын ұмытпау; қадір-қасиетін ардақтап, қуанышына қуанып, қайғы-қасіретіне ортақтаса білу; әр кез өзін халықтан жоғары қоймау; ханның ісі – қараға, шалдың ісі – балаға түсетін күндер туатынын ешқашан естен шығармау; қашан да халықпен бірге болып, олармен тағдырлас, тыныстас болу; халықты қараламау, көпке топырақ шашпау керектігін білу тиіс.

Бұл тәрбие ұрпағымызды халықшыл, көпшіл болуға жетелеп, санасын мазмұнды етеді. Кішіпейіл болуға дағдыландырып, менмендіктен, тәкаппарлықтан аулақ болуға баулиды.

  1. Туыс-туған, дос-жаранның қадірін білу

Есейген әрбір адам баласы туыс-туған, дос-жаранның – өзі үшін шексіз байлық, өлшеусіз рухани тірек екендігін жете ұғынып, «туыс-туған, дос-жараның – байлығың, сейілтетін қара бұлтын қайғының» дегендейін, «туыс-туған, дос-жарандарымнан ерте айырма» деген халық даналығын есте берік сақтай отырып, қамшының сабындай келте ғұмырда барша адам баласының бір-біріне қонақ екендігін жете ұғынып, әр жолғы дидарласу мен аман-сәлем жасасудың өзін бір ғанибет деп біліп, бір-бірін қадірлеп, құрметтеп, сыйлап, қолдан келген көмегін жасап отыруы керек; аз күндік өмірде өзара аңдысып, дауласып-жауласып жүріп, бір-бірінен айырылып калған күні: «әттеген-ай!» деп өкініп қалудан сақтану; басыңа бақ қонып, дәулетің артқан кезде жат жандардың да маңайыңа құмырсқаша қаптап, басыңа іс түскенде тек туыс-туған, дос-жарандардың ғана қабырғасы қайысатынын ұмытпау; дос-жаран, туыс-туғаннан қол үзіп қалудан аулақ болу керек.

Бұл тәрбие ұрпағымызды бауырмалдыққа, береке-бірлікке, татулыққа жетелеп, адамдарды, тасбауырлықтан, рақымсыздықтан, қатігездіктен арылтып, адами сүйіспеншілікті арттырады.

  1. Қолда бардың қадірін білу

Қасыңдағы, ауыл-аймағыңдағы үлгі-тағылым, өнер-білімде өзіңнен мойны озық адамдарды кадірлей біл, оларға құрметпен қара. Білімді адамдар мен ұлы адамдардың өте елеусіз, қарапайым болатынын ұмытпа. Ешқашан да оларды: «кеше менімен бірге жүрген, бірге тұрған, атақ-абыройы мен мал-дүниесі маған жетпейтін» деп олардың даналығын, тапқырлығын, игілігін көргенде көрмеске салма, қызғаншақтыққа, күншілдікке бой алдырма. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ, қолдан шығып кеткен соң өкіндім-ай!» деп өкініп қалу­дан сақтан.

«Барында пара-пара, жоғында жүзі қара» дегеннің аяғын құшпа. Қолыңда бір жармақ болса да шүкірлік ет. Соның өзін шексіз байлыққа балап, үнемдеп, қадірлеп істетсең, соның өзі нысапсыз бен тойымсыздың шексіз байлығынан мәнді болады. Қолда мал-дүние бол­са, «болған-толған деген осы» деп беталды шашып, орынсыз жұмсап, ысырап қылма. Мал-дүниені үнемдеп жұмса. «Үнемшілдік – байлықтың жартысы» деген даналықты есте берік сақта.

«Қолда бардың қадірін білу» дегендік ұрпақтарды өнер-ғылымды қадірлеуге; өнерлі, білімді адамдарды құрметтеуге; ұқыпты, үнемшіл болуға; мал-дүниені өнер-ғылым жолына жұмсауға жетелейді. Жағымпаздықтан, мал-дүниеге бой ұрып, байлар мен шен-шекпенділерге табынушылықтан тыйып, биік өнер жолын қууға, колда барды қадірлеуге, кішіпейіл, әдепті, ибалы болуға, нысапты, тойымды болуға баулиды.

 

 Айып Нүсіпоқасұлының қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ойын-сауықтары, ұлттық тәрбиесі, т.б. туралы жан-жақты мағлұмат беретін «Тал бесіктен жер бесікке дейін» деп аталатын жинағынан үзінді 

 

 

Бөлісу: