Татарлар балаларын оқытып, белгілі бір деңгейге жеткенде, өмірді түсініп, өз бетінше өмір сүре алатын болса ғана үйлену тойын жасайды. Бұл тәжірибе татар отбасыларының тұрақтылығының негізін қалады. Татарлардың күйеу жігіт пен қалыңдықтың үйлену тойына дейін дұрыс таңдау жасау, шабарман жіберуі, той күнін белгілеуі бауырлас түркі халықтарымен бірдей болғанымен, әдет-ғұрыптарында біршама айырмашылықтар бар. Бұлар: Әдетте, күйеу жігіт пен қалыңдықтың үйлену күні белгіленгеннен кейін жігіт жағы қыздың жағына той сандығын жібереді. Қорапта қыздың той киімі, зығыр матасы, есік-терезе перделері, төсек жапқыштары мен соған керекті маталар, түрлі жіптер, қыздың ата-анасына, туған-туыстарына кит, киім-кешек және қыздың анасының атына аталатын арнайы «Сүтақы» бар. Сүтақы берілген соң, кішкентай балаларды қораптардың үстіне қойып, қызға береді. Қыз туыстарын, көрші-қолаңдарды шақырып, дастарқан жайып, қонақтарды қарсы алады. Сандық ашылып, құда жақтың сыйлықтары иелеріне тапсырылады. Қыздың туыстары қорапқа салынған маталарды бөліп алып, тойға дайындыққа кіріседі. Бұл «сандық той» деп аталады.
Той уақыты белгіленген күнге дейін күйеу жағы тойдың ас-суын жеткізіп береді. Той күні қыз жағы күйеу жігіттің әкесіне сары май, бал жегізіп, күйеу жігіт пен келіннің өмірінің тәтті, тыныш болғанын тілейді. Дастарқан жналығанда жігіттің әкесі басқа құдалармен бірге екі жасқа арнап ыдысқа көптеп ақша салып, ризашылығын білдіреді.
Жас жігіт аға-әпкелерімен өз үйінде немесе басқа жақынының үйінде той жасайды. Сондай-ақ қыз өзінің үйінде немесе құрбысының үйінде достарымен бірге той кешін өткізеді. Үйлену тойында бойжеткенге ақ киім кигізіледі. Қалыңдық пен күйеу жігіттің некесі оқылғанда екі неке куәгері болады. Қалыңдықтың некесі осы куәгерлердің айғақтары бойынша бекітіледі. Неке суына бал немесе қант қосылады. Неке қиылған күні күйеу жігіт қызға «Неке естелігі» деген жазуы бар сақина сыйлайды.
Екінші күні қыз жағында әйелдер думаны өткізіліп, күйеу жігіттің шешесі туыстарымен, ағайындарымен, көрші-қолаңымен қыз жағына келеді. Олар қонақтарын үлкен қуанышпен қарсы алады. Құдалардың алдына сары май, бал қойылады. Құдалар бір-бірінің бетіне ұн жағып, балалардың өмірі балдай тәтті болып, жақсы тұрып кетсе екен деп тілейді. Той біткен соң әйелдер рақметін айтып, зайыптарға қыз-келіншектер мейірім көрсетіп, ыдыстарға көптеп ақша салады.
Сол түні күйеу жігіттің тобы ағаларымен бірге сырнай – гармонь тартып, шарықтап, қыздың үйіне келеді. Күйеу жігіт қалыңдықтың қақпасына келгенде, қалыңдық жағының қызметші әйелдері гүл шоқтарымен қарсы алады. Осындай рәсімдерден кейін жастар ақырындап тарай бастайды. Күйеу жігіт пен қалыңдық қыз жағында дайындалған арнайы бөлмеде тұрады. Келесі күні таңертең күйеу жігіттің достары келіп, оны алып кетеді де, ағалары мен әпкелері жиналып, ол жақты думандатады. Жас жұбайларды қыздың құрбылары келіп құттықтайды. Келесі күні таңертең күйеу жігіттің серіктері күйеу жігітті ата-анасының үйіне сәлем беруге әкеледі.
Сол күні түс ауа қыз жағы жігіт жағын «Құдалар шайына» шақырады. Күйеу жігіттің анасы өз жағының әйелдерімен жаңа түскен қалыңдықты көріп, сыйлықтарын беру үшін қыздың бөлмесіне кіреді. Ертеңінде жігіт жағы қыз жағын шақырады.
Тойдан кейін күйеу жігіт қыздың отбасында бір жыл тұрады. Осыдан кейін екі жақ шабармандар арқылы қолайлы күнді таңдайды, қыз жағы «қызды шығарып салады», жігіт жағы «келін әкелу» деген атпен үйлерінде дастарқан жайып, той жасайды. Кішігірім той болып, қызды күйеу жігіттің үйіне апарады.
Татар тойлары дүбірмен, бимен, сазбен құлпырта тойланады. Әжелер келін таңдағанда таза, ділмар, еңбексүйгіш, қайын ата мен енені сыйлайтын, өз ісін ұқыпты істеп, үлкендердің разылығын алатын, еріне адал, отбасының қамын жейтін, әдепті болуын қадағалайды. Күйеуінің туыстарын, достарын сыйлайтын, көрші-қолаңмен тату болатын, жалқаулықтан аулақ болатын, үнемді, үнемшіл болатын келін ардақталады.
Татар тойының әдет-ғұрыптары да заманның дамуына қарай өзгеруде. Қазіргі таңда татар жастарының өз ұлттарымен үйленсе, басқалары тұратын жеріне қарай башқорт, қазақ, өзбек, ұйғыр, орыс жастарына үйленіп жатыр. Татарлар неке қиюдың белгілі бір әдет-ғұрыптарын сақтағанымен, жалпы олар тұрып жатқан аймақтардағы ұлттардың үйлену салт-дәстүрлері бойынша үйленеді.
Мүбәрак КӨКБӨРІ, ақын
Фото интернеттен алынды.