Президент Режеп Тайып Ердоған Түркиядағы жер сілкінісіне байланысты 7 күндік ұлттық аза тұту жарияланғанын мәлімдеді, деп хабарлайды dasturkb.kz.
Бұл туралы Түркия Президенті әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Президент Ердоғанның қолтаңбасымен жарияланған шешімде «Елімізде 2023 жылы 6 ақпанда болған жер сілкінісіне байланысты 7 күндік ұлттық аза тұту жарияладық. Туымыз елде және шетелдік өкілдіктерде 12 ақпан жексенбі күніне дейін жартылай төменге түсіріледі» деп айтылды.
Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның оңтүстік-шығысында көптеген адам шығынына әкеп соқтырған жер сілкінісіне байланысты осы елдің Президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады.
«Түркия Республикасында болған аса күшті жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Осындай қиын сәтте жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ бүкіл түрік ағайындарымыздың ауыр қайғыларына ортақтасып, Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын», – деп жазылған жеделхатта.