Қазақстанның заманға лайық жаңа астанасын салу идеясы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі екені айдай ақиқат.
Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «әлем қаласы» атағын алды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі.
Астана – Азияның ең солтүстігінде орналасқан елорда. Қазіргі уақытта Астананың аумағы 722 шаршы шақырымнан асады, тұрғындар саны – 1 миллионға жуық.
Астана Қазақстанның орталығынан солтүстікке қарай құрғақ далалық өлкеде, құрғақ бозды-бетегелі дала аймағында орналасқан. Есіл өзені елорданың басты су көзі саналады. Ауа райы күрт континентальды – қысы суық әрі ұзақ, жаз мезгілі ыстық және бірқалыпты қуаң.
Еуразия құрлығының ортасында қолайлы орналасуы Астананы экономикалық тұрғыдан тиімді көлік, қатынас және логистика орталығына, Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік транзиттік көпірге айналдырды.
Ел астанасын ауыстыру Астананың экономикалық дамуына қуатты серпін берді. Қала экономикасының қарқынды дамуы көптеген инвесторлар үшін тартымды болып отыр. Астананың елге тартылған инвестициялардың республикалық көлеміндегі үлесі 10 пайызға, ал республика экономикасындағы өңірлік жалпы өнімінің үлесі 10,2 пайызға тең.
Қала экономикасының негізі – сауда, өнеркәсіп өндірісі, көлік, байланыс және құрылыс салалары.
Шаһардың өнеркәсіп өндірісі негізінен құрылыс заттарын, азық-түлік өнімдерін шығару мен машина жасау ісі төңірегіне шоғырландырылған. Астана Қазақстанда құрылыс металл бұйымдарын, пайдалануға дайын бетон және бетоннан жасалған құрылыс заттарын шығару жөнінен алдыңғы орынды иеленеді.
Қаланың ірі кәсіпорындары қатарында Целиноград вагон жөндеу зауытын, «Цесна-Астық» концернін, «Тұлпар-Тальго» ЖШС жолаушылар вагонын құрастыру зауытын, «Еврокоптер Казахстан инжиниринг» ЖШС тікұшақ құрастыру зауытын айтуға болады.
Қала Қазақстандағы ірі бизнес орталығының біріне айналды. Кәсіпкерлік мәдениеті қарыштап дамып келеді – Астанада 128 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысандары жұмыс істейді.
Елорда құрылыс ауқымы жөнінен елде көш бастап тұр. Астана құрылысына жүздеген отандық және шетелдік құрылыс компаниялары қатысуда.
Астананың сәулеткерлік тұжырымдамасын жасау барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың елордада Батыс пен Шығыстың мәдени дәстүрлері үйлесім тапқан ерекше еуразиялық стиль қалыптастыру идеясы негізге алынды. Астаналық бас жоспардың авторы белгілі жапон сәулеткері Кисе Курокава болды.
«Бәйтерек» кешені жаңа елорданың басты символына, оның өзіндік бойтұмарына айналды. Өзге де бірегей сәулеткерлік ғимараттар қатарында белгілі британдық архитектор Норман Фостердің жобасы бойынша пирамида үлгісінде салынған «Бейбітшілік және келісім» сарайын, әлемдегі ең биік шатыр үлгісіндегі ғимарат – «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығын, теңізден алыс орналасқан океанариум – «Думан» орталығын, «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрын, Орталық Азиядағы ірі мешіт – «Әзірет Сұлтан» мешітін, Әулие Үспен Богородица кафедралдық соборын, Әулие Мария Архиепархиясы рим-католиктік кафедралдық соборын, «Бейт Рахель Хабад Любавич» синагогасын, «Қазақстан» орталық концерт залын, «Қазақ Елі» монументін, Қазіргі заманғы өнер музейі мен Президенттік мәдени орталық ғимараттарын атауға болады.
Жаңа спорттық нысандар арасында 30 мың көрерменге арналған «Астана-Арена» жабық стадионы, 2011 жылы әлемде үздік деп танылған, 10 мың орынға арналған «Сарыарқа» бірегей велотрегі бар. Тағы бір маңызды спорттық кешен – ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін «Алау» мұз айдыны.
Қазақстанның елордасы елдің барлық өңірлеріндегі талапкерлер үшін тартымды орталыққа айналды. Мұнда отандық білім беру ісінің жетекшілері – Назарбаев Университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы, Астана медициналық университеті орналасқан.
Астананың айналасында бірегей «жасыл белдеу» жасалып, қала ұланғайын далалық өлкенің ортасындағы шұратқа (оазис) айналып келеді.
Бүгінде Астана халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрестер мен өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды. Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері, Астана экономикалық форумы және өзге де маңызды халықаралық оқиғалар тұрақты түрде өтіп келеді. Астанада ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерейтойлық саммиттері болып өтті. 2011 жылдың басында республиканың елордасы VII Қысқы Азия ойындарының қатысушылары мен қонақтарын қабылдады. Енді 2017 жылы Астанада «Expo-2017» халықаралық көрмесі өтті.
Қазақстанның Тұңғыш Президентінің идеясымен іргесі қаланған жаңа елорда қысқа мерзім ішінде жалпыұлттық идея мәртебесіне ие болып, жас мемлекеттің тәуелсіздігінің символына және жаhандық табысына айналды.
Нұрсұлтан Назарбаев Астананың 10 жылдық мерейтойына арналған өзінің бағдарламалық сөзінде жаңа елордалық қаланың даму философиясын өте анық және бейнелі түрде айқындап берді:
– Осында ежелгі Сарыарқа жерінде тек астана емес, еліміздің болашақ бесігі өмірге келді. Астана тарихы мен қазақстандықтардың тағдыры бір-бірінен ажырағысыз. Елорда біздің республикамыздың күш-қуатының іске асуының, динамикалық дамуының және тұрақтылығының көрінісі. Астана барша қазақстандықтарды біріктіретін және алға қарай қадам басқан жарқын, қуатты, гүлденген қалаға айналды. Біздің елордамыз Отанымыздың жүрегі, халықтың өз күшіне сенімі мен ұлы тағдыр-талайының символы болып табылады. Бүгінде Астанада, Қазақстанның барлық өңіріндегі сияқты, жүзден астам ұлт өкілдері өмір сүреді. Халықтар достығы, өзара түсіністік және ынтымақтастық – Астананы және жаңа Қазақстанды құрудың негізі, міне, осылар, – деді Президент Назарбаев.
Расында да, 1997 жылдың 10 желтоқсаны тарихи маңызды оқиғаның атаулы датасы болып ел жадында қалды. Тарих үшін аса қысқа, қас қағым сәт мерзім ішінде Астана заманауи мегаполиске, мемлекет пен қоғамның қарқынды дамып келе жатқан барлық саласына оң әсер етуші қоғамдық-саяси, экономикалық, ғылыми әрі әлеуметтік-мәдени танымал орталыққа айналды. Республикамыз үшін бұл жылдар халық өмірінің сапасы мен үрдісін айтарлықтай өзгерткен, интеграциялық бастамаларды жүзеге асырған, бұрынғы кеңестік кеңістікте Қазақстанның көшбасшы орынды алуына, еліміздің геосаяси маңыздылығының артуына мүмкіндік берген экономикалық серпіліс кезеңі болды.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев республика астанасын Алматыдан басқа өңірге, оның ішінде орталыққа көшіру туралы идеясын айтты. Соның арқасында 1994 жылғы 6 шілде күні Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім-қаулысы қабылданды. Елбасы көшіру қажеттігінің геосаяси, экономикалық және экологиялық себептерін дәлелдеді. Жүргізілген талдау барлық нұсқалардың ішінде Ақмола неғұрлым бұл талаптарға орайласатынын көрсетті. Бүгінде бұл шешiмнiң дұрыс болғандығына ешкiм де күмән келтiрiп, дауласпайды.
Уақыт озған сайын Астана күнінің маңыздылығы
артып, ол тек елордалықтар ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың асыға күтетін
мерекесіне айналды. Сол себепті, 2006 жылы Астана қаласы әкімдігінің қаулысына
сәйкес және қалалық мәслихаттың шешімімен мерекеге — Астана күні атауы беріліп,
оны атап өту алғашқы шешім қабылданған күн — 6 шілдеге бекітілді. Ал 2008 жылы
«Қазақстан Республикасының мерекелер туралы заңына» енгізілген өзгерістерге
сәйкес, 6 шілде — Астана күні мемлекеттік мерекелер тізіміне енді.
1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша Астана қаласына «Бейбітшілік қаласы» жоғары
атағы беріліп, медальмен марапатталды. Бұл атақ қысқа мерзім ішінде
әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуда неғұрлым әсерлі әрі қуатты
өсуге, тұрақты этникааралық қатынасты орнықтыруға қол жеткізе алған ғаламшардың
жас қалаларына беріледі. Бразилияда өткізілген бұл конкурста Астана барлық
өлшемдер бойынша әлемнің әр түрлі елдерінің он екі қаласын басып озды. 1998
жылы Астана еркін экономикалық аймақтың WEPSA халықаралық қауымдастығына кірді.
Қазақстан елордасының бауырлас қалалары арасында Мәскеу, Берлин, Варшава,
Минск, Киев, Анкара, Бангкок және әлемнің басқа да қалалары бар. Демек,
Астананың жер жүзіне танылуы Назарбаев жүргізіп отырған саясаттың арқасы деуге
толық негіз де жоқ емес. Өйткені….
Қоғам қайраткері, қазақтың зиялы қауымының өкілі Мырзатай Жолдасбековтың былай дегені бар: «Біз ықылым замандардан бері Ұлы Дала төсінде сан қилы тағдырды басынан кешкен, осы күнді армандаған ел едік. Сақ Ата дәуірінде де, Қағанат, Хандық заманында да, әз Жәнібектің, ер Абылайдың тұсында да еш ұрпақ мұншалықты бақытты, мұншалықты дәулетті көрген жоқ. Арғы-бергі заманда Ұлы Далада Назарбаевтай мемлекет орнатқан, жер жүзіне даңқы асқан тұлға туған жоқ. Бүгінде әлем санасатын елге айналдық. Осының бәріне куә болып отырған, осындай елде өмір сүріп жатқан бәріміз де бақыттымыз. Бір кезде жығылған Орданы қайта тігу, құлаған туды қайта тіктеу, елдің елінің ғана, ердің ерінің ғана қолынан келетін іс еді. Шүкір, бүгінде ынтымағы жарасқан, егеменді еліміз бар, құлан жортса, тұяғы тозатын, қыран ұшса, қанаты талатын ұлан-байтақ жеріміз бар, Абылайдың да аманатын орындаған еріміз бар. Елдің аты – Қазақстан, ердің аты – Нұрсұлтан. Қазақстан, Астана, Назарбаев бүгінде бір-бірінен бөлінбейтін тұтас ұғымға айналды. Елбасының ендігі арманы – Ұлы Далада Мәңгілік Ел орнату. Ұлы Далада Мәңгілік Ел орнату идеясы бүгін ғана туа қалған жоқ, ықылым замандардан бері, ел орнап, билік пайда болғалы бері жалғасын үзбей келе жатқан арман, күллі адамзаттың асыл арманы. Адам баласы өмір бойы жұмақ жерді, жұмақ елді, бақытты, еркіндікті іздеумен, аңсаумен келеді. Ол – арман, татулығы жарасқан, береке-бірліктің елін орнатудың, Мәңгі Ел орнатудың идеясы. Назарбаев бұл идеяны халқының байырғыдан бері жалғасып келе жатқан байтақ тарихынан алып отыр».
Астана халқының саны жылдан жылға өсіп келеді.
Биыл қыркүйекте қала әкімі ресми түрде Астана қаласында
1 миллион 100 мың адамға жетіп, 205 мың адам уақытша тіркеуде тұрғанын айтқан
еді.
Қазір қала әкімдігінде Лондон, Сингапур,
Дубай, Әбу-Даби секілді қалаларда қолданылатын тәсілге ұқсас жоспар әзірленіп
жатыр. Осы жоспар екі миллион тұрғынды есепке ала отырып, халықаралық
стандартпен даярлануда. Оның мақсаты – қоғамдық кеңістіктердің, қажетті жол
көліктерінің, мектептердің, ауруханалардың, тұрғын үй кешендерінің,
саябақтардың инфрақұрылымын дер кезінде кешенді дамуын қамтамасыз ету.
Шаһарды дамыту тұрғысындағы жоспарға ойысатын болсақ, 2020 жылға қарай елорданы
Еуразиялық кеңістікте ең тартымды әрі әсерлі қалалардың қатарына қосу жоспарда тұр.
Бұл ретте Астана форумдар, саммиттер, іскерлік конференциялар мен
мәдени-спорттық шараларды өткізуде негізгі орталықтардың бірі болуы керек. Ол
үшін шаһар барлық қажетті сапалы әрі дамыған инфрақұрылымды дайындап қойды,
яғни әуежай мен вокзалдың және басқа да нысандардың әлеуеті жоғары. Шетелдік
туристер санын жылына 1 миллионға дейін, ал қазақстандық туристердің үлесін 2
миллионға дейін жеткізу мақсатын қойылып отыр. Осы орайда туристердің жалпы
санын үш еседен астамға арттыру көзделеді. Астана 2030 жылы Еуразиялық
макроаймақтың көшбасшы қалалары Мәскеу, Ыстанбұл, Анкара және Әбу-Даби
қалаларымен, ал 2050 жылы әлемнің жаһандық мегаполистерімен бәсекелесуге
тиіс.
Мемлекет басшысы өзінің «Еуразия жүрегінде»
атты кітабында «Астананы көшіру Қазақстанды жаңа Тəуелсіз мемлекет ретінде
орнықтыруда зор рөл атқаратынына сенімді болды. Бұл біріншіден, Қазақстанды
геосаяси жоспар тұрғысынан нығайту үшiн қажет едi. Шындығында, егемен ел,
Тәуелсіз мемлекет атану да, ұлы істі қолға алып, елдің дербес астанасын таңдау
мен оны салуға күш-жігерін жұмсау да зор бақыт. Осындай істе ең алдымен
Елбасының ерлігі ерен екені айтпаса да түсінікті. Себебі жұртшылық айтып
жүргендей, Астана — Президенттің төл перзенті, орындалған арманы.
Шындығында Қазақстанның жаңа астанасының
құрылысы бүкіл бұрынғы кеңестік кеңістіктегі ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың
басындағы ең ауқымды жоба ретінде тарихқа енді. Қаланың сәулеттік
тұжырымдамасын жасауда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың
қалаға еуразиялық келбет беру жөніндегі идеясы ескерілді. Астананың сәулеттік
келбетінде Қазақстан Президентінің көптеген идеялары іске асырылды. Елордадағы
сәулеттік кешендер мен қоғамдық ғимараттар Елбасының назарында болды. Осы
орайда Нұрсұлтан Назарбаев жасаған сызбалардың нобайы өзінің қайталанбас
сәулетіне ие болды. Бұл тұрғыда «Бәйтерек» монументінің және Президенттік
мәдени орталықтың бастапқы сызылған жобалары бүгінде ҚР Ұлттық музейінде
сақтаулы тұр.
Бұл жайында Елбасы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында: «Мен ойымдағы Бəйтеректің
долбар-пішіндерін қағазға түсірдім. Осы ойымды біршама жеткізе алдым-ау деген
сызбаларымды Сəулетшілер одағының қатаң қазылығына ұсындым. Сəулетшілерге бұл
идея қатты ұнады, олар жұмысқа қызу кірісті. Ақырында кəсіби іскерлер Бəйтеректің
нақты пішінін жасап шықты. Бұл эскиздің шеберлікпен жасалғаны соншалық, бір
қарағанда салынып біткен объектінің фотосуреті сияқты болып көрінді», — деп
жазады. Міне, 20 жыл уақыт ішінде ару Астана төрткүл дүние тамсанатын, әлемнің
атақты астаналарымен салтанат жарыстырып, бой таластыра алатын бас қаласы
ретінде қалыптасты. Тәуелсіз Қазақстанның елордасы жұртшылықты толғандырған
тақырыптар талқыланатын, салиқалы саясат, тұғырлы экономика, дінаралық келісім
кеңестері өтетін жаһандық орталық дәрежесіне жетті.
Ақиқатында Астана тәуелсіздігімізді баяндыц еткен шырайлы тарихи шаһар.
Бұл ретте Елбасының Астана туралы айтқаны тағы да еске оралады.
–Тәуелсіздіктің негізгі мәні — тарихтың жаңа бетін
өз еркіңмен, өз шешіміңмен бастауда болса керек. Тәуелсіздік бізге жаңа
жолымызды, өзіміздің соны соқпағымызды табуға зор мүмкіндік ұсынды. Сол жаңа
жолымызды біз Астана арқылы таптық. Қазіргі кезде Астана біздің келешегімізге
қатысты маңызды шешімдер қабылдайтын мемлекетіміздің саяси орталығы ғана емес,
ұлттық рухымызды ұйытып отырған рухани ордамызға да айналып отыр, – деді Президент.
2017 жылдың соңына қарай, 16 желтоқсан қарсаңында жарық көрген Елбасы Нұрсұлтан
Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабындағы Қазақстан тәуелсіз ел болғалы қол
жеткізген 33 басты нәтижесінің ішінде Астананың қалыптасуын ерекше атап өтеді.
Елбасы жаңа кітабында «Жас мемлекетке міндетті түрде жаңа, заманауи астана қажет екенін тәуелсіздіктің бірінші күнінен-ақ ойландым. 1992 жылдың өзінде-ақ Ақмолаға жұмыс сапарымен келгенде, астананы осында ауыстыру туралы ойға келдім. Астананы көшіру бірқатар өзекті мәселелерді шешуге ықпал ететінін, соның нәтижесінде, Қазақстан халқын ұлттық идеяларға ұйыстыратын жаңа саяси орталық құруға болатынын, аймақтардың бір-бірімен ықпалдасуы күшейіп, ел дамуының алтын діңгегіне айналатын тың қозғаушы күштің туатынын түсіндім. Солардың ішінде саяси-символикалық идеяның маңызы өте жоғары болды» дейді.
Расында, елордамыз санаулы жылдар ішінде көрікті, заманауи шаһарға, нағыз урбанистік жауһарға айналып шыға келді. Көкпен таласқан жаңа үлгідегі ғимараттар бой көтерді. Әртүрлі дизайнмен салынған жаңа сәулет ғимараттары кімнің болмасын көз тартары анық. Осыдан он жыл бұрын Елбасының: «Сәулет өнері шеберлерінің шығармашылық соны ізденістерінен туған өзіндік сипаты ерекше әсем ғимараттары арқасында Қазақстанның енді ғана бой көтерген астанасы қайталанбас келбетке ие болады» деп айтқаны келді. Астананың Сарыарқаның төсінен таңдалуының да өзіндік себебі бар. «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында «Менің жеке тапсырмам бойынша астана болуға лайық қалалар сарапқа салынды. Үміткер қаланың географиялық жағдайы да, табиғаты мен климаты да, әлеуметтік-экономикалық, әскери-стратегиялық, көлік және инженерлік инфрақұрылым, құрылыстық, демографиялық, ғылыми және мәдени даму мүмкіндіктері де астанаға қойылатын талаптарға сай келуі тиіс еді. Жан-жақты талдай келгенде, астана болуға ең лайығы Ақмола болып шықты» дейді Елбасы. Мәселен, Астана сәулет кешенінің күретамыры іспетті түзу сызықтың бойында орналасқан «Хан Шатыр» − «Бәйтерек» − «Ақорда» − «Бейбітшілік және келісім сарайы» − «Қазақ елі» монументіне қарап, Ұлы дала дәстүрлерімен сабақтастық идеясын аңғаруға болады. Астанада бүгінде пайдасы елімізге тиетін небір ірі жобалар бастау алып, әлемдік деңгейдегі басқосулар мен саммиттер ұйымдастырылып, ауқымды шаралар өткізіліп тұратын бас қала болып отырғанын ауыз толтырып айтуға негіз бар. Мысалы, алдымызда Астананы халықаралық қаржы орталығына айналдыру міндеті тұр. Сондай айтулы оқиғалардың бірі − күзде ғана еліміз абыроймен атқарған EXPO – 2017 халықаралық көрмесі. Бұл да тәуелсіз Қазақстанның абыройын асқақтатқан айрықша жетістіктердің бірі болды.
Тәуелсіздік жылдары біз ұлттық идея туралы көп әңгіме қозғадық. Шындығын айтар болсақ, Елбасының ғажайып жобасымен дүниеге келген Астана 20 жыл бойы ең басты ұлттық идея ретінде халқымызды өркениет биігіне бастап келеді. Елордамыз бүгінде жаһандық саяси үдерістер мен бітімгершілік бастамалардың белді қатысушысы ретінде әлем картасынан ойып тұрып орын алды. Аз уақыт ішінде Астана дүниежүзіне конфессияаралық келісім мен ұлтаралық татулықтың алтын бесігі ретінде танылды. Бүкіл әлемді бейбітшілікке шақырған халықаралық форумдардың ұйытқысына да айналып үлгерді. Әлемге әйгілі инвесторлардың қызығушылығын оятқан бас қаламыз шын мәнінде ірі қаржы орталығына айналып, халқымыздың ұлттық бренді болып қалыптасты. Аса зор табыспен өткізілген EXPO – 2017 халықаралық көрмесі де Астананың инновациялық әлеуетін айқын көрсетіп берді.
Елордамыз Алматыдан Астанаға ауыстырылған күннен бастап дамудың барлық сатысынан өтті. Бүгінде Астана бір кездегі шағын ғана қаладан бүкіл әлем мойындаған алып шаһарға айналды. Қазіргі таңда бас қалада 1 миллионнан астам халық тұрады. Соңғы 20 жылда жалпы өңірлік өнім шамамен 190 есеге артып, 5 трлн теңгеге жетті. Өнеркәсіп өндірісінің көрсеткіші 30 есеге көбейіп, 454,4 млрд теңге болса, шағын және орта бизнеске тиесілі өнім көлемі 4,3 трлн теңгені құрады. Осындай орасан зор жетістіктердің арқасында мемлекеттік бюджетке түсім шамамен 80 есеге дейін артты. Нәтижесінде, 1997 жылғы 13,6 млрд теңгеден 1,064 трлн теңгеге жетіп отыр. Бұл ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіштер. 20 жыл ішінде тұрғын үй құрылысына 1 трлн 600 млрд теңге бөлініп, 180 мыңға жуық пәтерді қамтитын 1 265 тұрғын үй салынды. Тек кейінгі 5 жылдың өзінде Астанада 9 млн шаршыметрден астам баспана пайдалануға берілген. Яғни, осынша уақытта 300 мың адамға арналған қала салынған. Бұл дегеніңіз, орташа есеппен облыс орталығына пара-пар көрсеткіш. Одан бөлек, Астанада 1172 өндірістік, әлеуметтік-мәдени және қоғамдық маңыздағы нысандар пайдалануға берілді.
«Негізгі капиталға инвестициялардың жылдық көлемі 1997 жылдан бері 44 есеге өсіп, 8 трлн теңгені немесе 47 млрд долларды құрады. Мұндай үдеріс 2017 жылы да лайықты жалғасын тауып, ЕХРО – 2017 халықаралық көрмесін өткізу арқылы оң экономикалық көрсеткіштерге қол жеткіздік. Өткен жылы Астанаға тартылған инвестиция көлемі 945 млрд теңге болса, оның 70 пайызы жеке инвестицияның үлесінде.
Бұл игі істер
алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, бұдан да зор жұмыстар атқарылатын болады.
Өйткені Елбасымыз биылғы Жолдауының «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін» деп
аталатын оныншы басым бағытында Астананың дамуына ерекше назар аударып, нақты
міндеттерді айқындап берді. Мемлекет басшысы Жолдауда: «Бас қаламыздың
қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы – баршамыздың
ортақ мақтанышымыз. Заманауи технологиялар жылдам өсіп келе жатқан мегаполистің
проблемаларын тиімді шешуге жол ашады. «Смарт Сити» тұжырымдамасы мен қалаға
қоныс аударатын адамдардың құзыретін дамыту негізінде қалалық ортаны басқаруды
кешенді түрде енгізу қажет», – деп Астананың тәжірибесі негізінде «Смарт Сити»
«эталонды» стандартын қалыптастыруды, Қазақстан қалалары арасында озық
практиканы таратуды және тәжірибе алмасу ісін бастауды тапсырды. Осыған орай таяу болашақта Астананың даму
стратегиясында тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше көңіл
бөлінбек. Ол үшін өмір сапасын арттыру және халықтың табысын көбейту бағыттарына
басымдық берілетін болады.
Анығында әлемдік тәжірибеде ұлттық мемлекеттердің жаңа даму дәуірін айқындаған
астаналарды көшіру мысалы аз емес. Қазақстан – сондай ғаламат жобаны іс жүзіне
асырған ел. Мұндай батыл шешімді қабылдап, азғантай уақытта ғажайып қала салуға
ТМД мемлекеттерінің ішіндегі ешбір ел тәуекел ете алған жоқ. Ең алғаш Елбасы,
ұлт Көшбасшысы еліміздің ордасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы бастама
көтергенде бұл идеяның жүзеге асатындығына
сенім білдіргендер тым аз еді. Мемлекет басшысының осындай тәуекелге қалай
барғанына осы күнге дейін таңғаламын. Жүректінің – жүректісі, білектінің
– білектісі мұндай тарихи шешім қабылдауға тәуекел жасай алмайды. Нұрсұлтан
Назарбаев аз уақыттың ішінде әлем картасына Астана деген жаңа тұрпатты, ұлттық
сипатты қаланы енгізді. Бұл – бүкіл еліміздің даму әлеуетінің қуаты зор екенін
көрсеткен қадам. Бұл – Тәуелсіз қазақ елінің алғаш рет ойдағыдай жүзеге асырған
стратегиялық мақсаты. Астана ел дамуында алғашқы ұзақмерзімге арналған бағдарламалардың
барлығының мерзімінен бұрын іс жүзіне асырылуында шешуші рөл атқарды. Астана
біздің қоғамымыздағы бейбітшіліктің және келісімнің тұрақты тұғырына айналды.
Республика азаматтарын елдік мақсатқа берік топтастырды. Астана – бүкіл
қазақстандықтар үшін саламатты өмір салтының және сапаның жоғары көрсеткіші. Біздің
Астана – тиімді және кәсіби мемлекеттік басқару жүйесі. Сонымен бірге, Астана
ұлттық дамудың қуатты локомотиві ретінде бүгінде халық пен билік бірлігінің
айқын нышанына айналды.
…
Астана — Ұлы Даланың жүрегі, қасиетті мекен. Қазақстанның тарихи тағдыры айқындалатын киелі орда. Астананы көшіру — Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ең үлкен геосаяси жобасы екендігі де айқын.
«Кез келген елдің тарихында ұлттың ұжымдық рухы тыныштық кезеңінен пассионарлық кезеңіне көшетін кездері болады. Сол кезде адамдардың жиынтық энергиясы, олардың интеллектуалдық және шығармашылық күш-қуаты таңғаларлық нәтижелерге қол жеткізуге, бір ұрпақтың кезінде басқа елдерде жүздеген жылдар кететін жолды еңсеруге мүмкіндік береді. Біздің тарихымызда мұндай кезең біздің елорданың — Астананың пайда болуымен басталды» деген еді Мемлекет басшысы бір сөзінде. Қазақ халқының кіндік қаласы Астана қаласы осы ғасырдағы елдің, ұлттың, Елбасының ұлы жобасына айналды.
Астана – тәуелсіз Қазақстанның дамуының, ұлы армандар мен жарқын, терең ойдың іске асуының символына айналды. Қазақстандықтар ел тағдырын, өз болашағын Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа сеніп тапсырды. Жаңа тарих басталды. Астана – ұлтымыздың болашағына бағытталған стратегия. Жаңа елорда – өзінің саясатында еуропалық реформаторлық пен прагматизм және демократиялық үрдістерге беріктікті де, сонымен қатар қоғам негізіне тығыз арқа сүйейтін азиялық дәстүршілдікті ұштастыра білген көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұзақ мерзімді мазмұнды, терең геосаяси жоспары.
… Астана – бейбітшілік алаңы. Жаңа қала құрылысымен бірге Ұлы Дала төсінде жаңа идеялар, батыл инновациялар мен өршіл жобалар дүниеге келді. Жаһандық саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың зияткер әрі өміршең идеялары, тың бастамалары – ұстанымдары бөлек, саяси, діни, мүдделері тоғыса бермейтін елдерді Астанада табыстырды, ортақ мәмілеге келуге жол ашты., Сириядағы соғысты тоқтатудағы келіссөз алаңын ұсынған араағайындық бітімгершілік саясаты қазақ елін әлемдік аренадағы беделді ойыншыға айналдырды. Әлемдік саясатшылар арасында «Астана – бейбітшілік алаңы» деген ұғым пайда болды.
… Астана – сұлу қала. Аз ғана уақыттың ішінде сайын далада ертегідегідей пайда болып, кербездігімен әлемді тамсантқан ғажайып шаһардың бой көтеруі – Елбасының ерлігі. Курокава, Фостер, Танге, Николетти сияқты есімдері әлемге танымал озық ойлы сәулетшілерді Астанаға әкелді. Өзіміздің үздік шеберлерді тартты. Алайда қаланың қандай болатыны жөніндегі бас жобалаушы да, идея беруші де Елбасының өзі болды. Сөйтіп елорданың бүгінгі бейнесін қалыптастырудағы жақсылыққа, игілік пен ізгілікке ұмтылған Елбасының ерік-жігерінің арқасында дүние жүзіндегі таңдаулы құрылыс туындылары салынды.
… Астана – Елбасының перзенті. Ол – Ұлт көшбасшысы, мемлекет құрушы әрі ғажайып қала – Астананың рухани әкесі, архитекторы. Оның есімі дәуірдің ең белгілі, ықпалды жаңартушыларының қатарында аталады. Ол жаңа Қазақстан мемлекетін орнату кезеңінде қазіргі заманның ең дарынды жасампаз реформаторы ретінде танылды.
…Бүгінгі Астана – Елбасы жігерінің айқын жеңісі, әлемдік қоғамдастықтан ойып отырып орын алған Қазақстан жетістіктерінің жиынтық бейнесі. Бозбала Астана Ұлы Дала мен Мәңгілік ел – Қазақ елі Тәуелсіздігінің айбары ретінде көркейе берері анық.
… Астана – қазақ халқының жаңаруының нышаны, үлкен үміттері ақиқатқа айналған қала екенін қазақстандықтар күн сайын сезінеді. Президент Н.Назарбаев дүниежүзілік тарихта жасампаз әрі ықпалды саясаткер ретінде өз орны бар тұлғаға айналды. Бізге, оның замандастарына, Елбасының Отанымыздың өркендеуі жолындағы ерлікке толы ерен еңбегінің мән-мағынасын ұрпақтан ұрпаққа жеткізу міндеті жүктеледі. Халықтың Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа деген алғысы мен құрметі жалпы, ұлттық тарихта, ұлттық жаңарулар шежіресіне алтын әріптермен жазылуға тиіс. Президент Н.Назарбаевтың шын мәніндегі жаһандық деңгейіндегі тарихи тұлға ретіндегі теңдесі жоқ еңбегін келер ұрпақ ризашылықпен мәңгілік есте ұстайтын болады.
Астана – «Аситанеи Шахане», яғни «патшаның табалдырығы, таңғажайып бас қала» дегенді білдіреді. Бұл анықтама кезінде Ыстамбұл үшін қолданылған еді. Мемлекеттер мен елдердің қалыптасу тарихында ұлы көшбасшылар қандай рөлге ие болса, басты шешімдер шығарылған шаһарлар да маңызды орын алған. Қазіргі Қазақстанның негізін салған ақсақалымыз – көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз елдің символы ретінде Астананы іргетасынан бастап түбегейлі жоспарлап, әрбір ғимараттың құрылысын қалтқысыз қадағалап, әр кірпішін қамқор қолмен қалады. Астана әп-сәтте егемен елдің алтын тәжіне айналып үлгерді.
… Иә, Астана – байырғы байтақ даланың басты орталығы. Жаңа қоныстан соны технологиямен салынған заманауи ғимараттармен қатар, қаймағы бұзылмаған көне қазақ мәдениетінің әр алуандығын көруге болады. Астананың айбары – Қазақстанның және қазақ бауырларымыздың биік мәртебесі, асқақ абыройы.
Дінаралық келісім мен ымырагершілік біте қайнасқан ғаламат ғасырдың алтын арқауы – түркі әлемінің Ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаев. Ол Астана арқылы терең парасат иесі, дара тұлға, дана басшы, мемлекет және қоғам қайраткері, ірі саясаткер екенін дәлелдеп шықты.
… Бүгінде Қазақстан – Азия кіндігіндегі төрткүл дүниемен терезесін теңестіріп, шежіре-тарихын түгендеген озық мемлекет, зайырлы республика. Жер бетінде әр саланы ұршықтай иіріп, дамушы елдердің қатарынан қалмай келе жатқан Қазақстан деген ел бар екені сөзсіз. Осы ғажап құбылыстың сәулетшісі, ұлы көшбасшы – түркі әлемінің ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаев, ал оның қолтаңбасы – таңғажайып шаһар Астана.
Батыр ЖАСҰЛАН