Түркістан қаласында ішкі туризмді дамытуға жан-жақты күш салынуда. Маңызды саланың бүгіні мен болашағы жайлы «Түркістандағы туризм: қарқынды даму уақыты» атты шарада талқыланды деп хабарлайды «Дәстүр» сайты Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оған облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев пен қала әкімінің орынбасары Тәжібек Мұсаев, Халықаралық және туризм меймандостық университетінің ректоры М. Мурзамадиева, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы Т. Нахипбеков, «Rixos Turkistan» қонақ үйінің бас-директоры И.Челик, сондай-ақ, қала туризмінің дамуына үлес қосып жүрген бизнес өкілдері, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының өкілдері, жетекші туроператорлар, Түркістан өңірінің қолөнершілері мен белгілі спортшылар қатысты.
Кездесуде туристік саланы дамытудың басым мәселелері ортаға салынды. Спикерлер болашақ түлектерді жұмысқа орналастыру, Қазақстан қалаларының, өңірлерінің және облыстарының экономикалық даму драйвері ретінде ішкі және сыртқы туризмді ілгерілету және ынталандыру мәселелерінде өзара іс-қимылдың перспективалары мен тетіктерін талқылады.
Кездесуде «Халықаралық туризм және меймандостық университеті» мен Түркістан облысы мен қала әкімдігі, «Rixos Turkistan» қонақ үйі және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы тарапынан серіктестік және өзара ынтымақтастық бойынша Меморандумға қол қойылды.
Туризм саласына ерекше көңіл бөлінген Түркістанда соңғы жылдары мыңдаған жұмыс орны ашылғаны белгілі. Күннен күнге қарыштап дамып жатқан шаһарды одан әрі айшықтай түсетін тың жобалар қолдау табуда. Сондай-ақ, жуық арада ашылуы жоспарланған «Tai-Kazan» этнокешенінде ұлттық нақыштағы дүниелер, тағамдар, суретке түсу мүмкіндігі және қолөнер туындылары таныстырылды.
Іс-шара аясында, ақпараттық тур, «Дәмді» тағамдар фестивалі, қолөнер шеберлерінің бірегей және көркем туындылары қойылған көрме ұйымдастырылды, шеберлік сыныптары өткізілді.

 

Бөлісу: