«Тәуелсіздік – бұл біздің халқымыздың ең басты құндылығы және ең маңызды байлығы»

 Қасым-Жомарт Тоқаев

 

Сан ғасырлардан бері ата-бабаларымыз егемендікті аңсап, ұлан – ғайыр даласын ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, біздерге аманат етіп жеткізген байтақ жерімізде бабаларымыз арман еткен азаттыққа бүгінде қол жеткіздік. Қазіргі Қазақстан – көк байрағы бейбіт аспанда қалықтаған, алпауыт елдермен терезесін теңестірген, сан түрлі ұлттарды құшағына сыйыстырып отырған тәуелсіз мемлекет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Тәуелсіздік – бұл біздің халқымыздың ең басты құндылығы және ең маңызды байлығы» — деп атап көрсеткен болатын.

Біздің тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихындағы барлық жетістіктер, халқының егеменді заманда ерекше өрлеуі, өркендеуі, озық мемлекеттермен теңдігі, жетістіктеріміздің бастауы – біздің мемлекеттің Тәуелсіздігінде.

Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да  Тәуелсіздік – қымбат құндылық. Біз бүгінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік.Тәуелсіздік – тәңірдің  біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы.

Бүгінгі біздің мақсатымыз – Тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін Мәңгілік ел құндылықтарын қастерлеп, оны оқушы бойына дарытып, болашаққа аманат екенін ұғындыру. Ата-бабаларымыз армандаған Тәуелсіздік – біздің құндылығымыз. Оның мағынасын сараптап, қадірлей білу біздің ұлттық парызымыз.

Егемендік Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін оңайлықпен келген жоқ. Сол заманнан бері-ақ, елінің елдігін, жерінің байлығын сақтап қалу мақсатында талай ержүрек, ақылды, білгір азаматтарының бастауымен «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Тәуке ханның жеті жарғысы» – деген қағидаларды сақтап, халқымыз азаттықты аңсап,Тәуелсіздікке зорығып жетті. Тәуелсіздік – ата-бабамыздың ежелден келе жатқан арманы болатын. Бүгінде халқымыздың өшпес қайсар рухының  арқасында тәуелсіздікке қол жеткіздік.

Тәуелсіздік үшін елін қорғаған бабалар рухынан қуат алған ызғарлы желтоқсан оқиғасы қасіретті болса да қазақ халқы үшін тарих болып қалды. Желтоқсан жаңғырығы қазақ еліне тәуелсіздік таңымен нұр сыйлады.

Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан – 2050: бір мақсат, бір мүдде,бір болашақ» атты Жолдауында ұлы мақсаттарға жетелейтін – «Мәңгілік Ел» идеясы — барша Қазақстан қоғамының ұлы құндылығы. Болашағымызға  бағдар ететін, ұлы мұраттарға жетелейтін «Мәңгілік Ел» идеясының ұғымын, мазмұнын, мәңгілік мұраттарға қол жеткізудің құндылықтарын насихаттау, жас ұрпақтың санасына сіңіру – қазақ қоғамы үшін аса көкейкесті мәселелердің бірі болуы қажет.

Егемендігіміз бен тәуелсіздігіміздің арқасында халқымыз туған тілімен қауышты.Тіліміз мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілді, қолдану аясы кеңейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз еліміздің ертеңі – қазақ тілінде екенін назарға алып, «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы » дей келе, әрбір азаматтың қазақ тілін меңгеремін деген ниеті болса, ол өз мақсатына жететіндігін де атап өткен.

 Тіл – қасиетті, құдіретті. Бұл қасиет бойға ананың сүтімен дарыған.

«Анамыздың ақ сүтімен дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды  ұмыту» – деп  Бауыржан Момышұлы  тілге деген көзқарасын айтып кеткен болатын. Ананың сүтімен дарыған қасиетті ана тіліміздің мәртебесін жоғары ұстап, тіл тағдырына жауапкершілікпен қарау, біздің борышымыз. Бүгінгі ұрпақ тіліміздің қадірін, ұғып, құрметтей білсе. Бүгінде шет тілге елітіп, өз тілін шұбарлап жүрген жастарымыз да аз емес.

Мен бүгінгі ұрпақтың үш тіл білуін қолдаймын. Мемлекеттік тіл – мемлекет құрушы ұлттық тілі, ал орыс тілін білуі – ұлы байлық. Ағылшын тілі – ілгерілеушілік пен технологиялардың тілі болғандықтан біз оны үйренуге тиіспіз. Ал қазақ тілі барлық  Қазақстанды біріктіріп, жақындастырып, өзара түсіністік мен сүйіспеншілікке жетелейтінін білу. Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналғанын айта келе Елбасының: «Ана тіліміз мәңгілік елімізбен бірге мәңгілік тіл болды», – деген ойымен түйіндер едім.

Өз мемлекетіңнің тәуелсіздігін қастерлеу,өзің тұратын елдің егемендігін құрметтеу – тек патриоттық парыз ғана емес, үлкен гуманистік жауапкершілік.

Яғни, адамдар мен қоғамдардың, мемлекет пен халықтардың өз еркі өзіндегі тәуелсіздігі – қасиетті ұғым. Қазіргі азаматтың ең басты мұраты, асыл игілігі.

Егемен, тәуелсіз қазақ елінде жалпыадамзаттық құндылықтарға қол жеткізіп, құндылықтарды бағалай білуіміз қажет. Демек, біздің еліміздегі бейбітшілікті сақтау – бұл мемлекеттік құрылымдардың ғана емес, бүкіл қоғамның парызы.

Мемлекет басшысы «Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу» деген еді. Біз де еліміздің болашақтың нығайып, дамуына аянбай еңбек ететін жас ұрпақ тәрбиелеуіміз керек.

Тәуелсіздігіміздің тірегі де, егеменді еліміздің ертеңі де білімді ұрпақ екені баршаға аян. Сондықтан біздер, ұлттың, жердің, елдің болашағы үшін үлкен жауапкершілік арқалап отырмыз.

Байлығымыз да, бақытымыз да болған мәңгілік тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білейік! Біз шынайы патриоттық сезіммен рухтанған ұрпақ тәрбиелеп, тәуелсіздік- қымбат құндылық екенін бағалап, Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайту үшін бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік!

 

Сауле Сулеева,, Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясының

бастауыш сынып мұғалімі. Нұр-Сұлтан қаласы.

 

Бөлісу: