Шәку бай Құнанбайға қандай құрмет көрсетті?

Қазақтың бір-біріне құрметі туралы бұл бір керемет фильм болатын оқиға. Құнанбайдың ең есінде қалған Шәку бай жаййында сөз қозғайық. Өз дәуіріндегі ең бай қазақтың бірі болған Шәку ақсақалдың бір өзінің кіндігінен тараған ұрпақтың өзі қазір 1050 отбасына жеткен. Аға сұлтан Құнанбайды 50 киіз үй тігіп, Қаба өзенінің бойында күтіп алған Шәку бай Құнанбайдың жолдастарының жартысына біріңғай ақбозат, жартысына біріңғай жирен ат, Құнанбайдың өзіне 62 жылқыға айырбастап алған қоңыр жорғасын тарту етеді.

Оның: 21 мың қойы болған. 5 мың жылқысы болған.  1500 сиыры болған. 600 түйесі болған. 500 ешкісі болған.

Есімімен аталған жерлер: Алтай қаласының Алағақ ауылындағы Шәку қыстағы, Арал жайлауындағы Шәку дарасы.

Сол замандағы Шәку байдың Алтай тауын асып, Моңғоляға қоныс тепкен ұрпақтары мал мен басы тең өсіп, бүгінгі уақытта 1050 түтіннен асыпты. Баян-Өлгей аймағының Тұлба сұмынында негізінен Шәку байдың ұрпақтары тұрады.

«Бағың жанған шағыңда,

Қарға салсаң қаз ілер.

Бағың тайған шағыңда,

Сұңқар салсаң, аз ілер» – дегендей, бағы жанып, бақыты өрлеген Шәку байдың жетелеп келе жатқан түйесі шеңгелді қарбытып жұлғанда, тығылып жатқан түлкіні қоса ұстаған. Шәку байдың ағаш жонып, қорадағы қашаға ұмыт қалдырған пышағы, түнде қораға секіріп түскен қасқырды жарып өлтірген. Осылайша, «Түйесі – түлкі, пышағы – қасқыр алған» Шәку бай атанған деседі.

Шәку бай – Алтайда болған атақты бай. Шәку Есілбайұлы 1785-1862 жылдар аралығында жасаған адам. Абақ Керейдің Жәнтекей руы Ботақара атасынан.  Шәку байдың қоныстары да көп болған. Алтай қаласының Алағақ кентіндегі Шәку қыстағы, Арал жайлауындағы Шәку дарасы соның куәсі.

Патшалық Ресейдің жергілікті ұлықтарымен қарсыласып, өштесіп жүрген қазақ жігіттері Ақсақ Қиян, Табылды дейтін екі жігіт ақ патшаның аудан дәрежесіндегі ұлығын – орыс бастықты өлтіріп кетеді. Семей губернаторы олардың сары ізіне қанша түссе де ұстай алмайды. Патша әскерімен талай рет ұрыс салып, ақыры өктем күшке әлі келмеген Ақсақ Қиян мен Табылды Өр Алтайдағы Керейдің ішіне келіп паналайды.

Із-түзсіз жоғалып кеткен Ақсақ Қиян мен Табылдының ісі губернаторды қатты ашуландырады. Қазақтарға сенімсіздікпен қараған ол оқиғаның бір ұшы сол аға сұлтан Құнанбай мен Барақ төреде деп қарап, адамдарын арт-артынан аттандырып, айғақтарын сайлап, Ақсақ Қиян мен Табылдының қанат-құйрығы дегендерді Сібірге айдатады. Олардың Өр Алтайға өткенін білген соң, Керей төресі Ажы төреге аталас туыс Барақ төре арқылы хат жаздырып, екеуін ұстап беруді талап етеді де, Құнанбайды Абақ Керей еліне аттандырады. Барақ төрені қолда ұстап тұрады.

Ішкі жақта Ақ патшаның салған қылбұрауы тақымына батқанымен, Құнанбай Керей еліне аға сұлтандық салауатымен келеді. «Аға сұлтан Құнанбай Абақ Керей еліне аттанды, Керей елі үстінде жиын ашады» деген сөзден хабар тапқан Абақтың балалары мен дау-шары бар Найман, Уақ, Арғын және іргелес Қалмақ рулары Құнанбайдың алдында дау-шарын бітіріп алу үшін даугер, шешендерін сайлайды.

Аға сұлтан Құнанбай Алтайға келгенде, Ажы төре бастаған ел басыларына Шәу жырау, Шегетай батыр, Көкен би, Жетібай би, Тілеуді би қатарлылар қосылып, мөлдір сулы, саялы Қаба өзені бойына 50 киіз үй тіктіріп дайындық жасап, күтіп алады.

Бір кезде Құнанбай түскен үйге адам толып, қызу жиынның басталар кезінде, қазақтың билері бас қосқанда, байырғы салт бойынша біріне-бірі сөз тастасушы еді. Керейдің бұл тұстағы алғыр шешен қарты, Шәу жырау:

– Ал, аға баласы (орта жүз рулары Арғынды «аға баласы» деп атайды), сөз бастаңыз! – дейды. Сонда Құнанбай өзіне ұсынылған сөзге құрмет етіп:

– Сөзді ауыл иесі болып отырған Керей баласы өздеріңіз бастайсыздар да! – дейді. Бұл кезде үлкендерге орын беріп, төменде отырған, құлын тайжақы киіп, кемер белбеу буынып, сапы асынған өткір көзді, ақсұры жігіт былай дейді:

– Біз қалай бастаймыз?! Бұзылған ордамыз тігілмей келе жатқан елміз. Келген жеріміз Алтай-Сауыр болғанымен, бейіт белгісі, бесік үлгісі жоқ. Алса бітім, берсе бітімді білетін Қалмақтың ортасында отырған жайымыз бар. Ортасы ойылып, ордасы бұзылмаған ханы бар, заңы бар аға баласы өзі бастайды да! – депті! Сонда Құнанбай жас жігітке барлай қарап:

– Болар, болар, өзі де болғалы тұр екен. Ауызының алпауыттай иесі, көмейінің сусылдап тұрған сұры жыланы бар жігіт көрінеді. Жиын өзі де басталды емес пе!? – дейді.

Құнанбайдың алдында сөз бастаған бұл жас жігіт әйгілі шешен, айтулы күйші Бейсенбі еді. Содан басталған жиын Қазақ рулары және Қалмақ рулары мен Керей-Найман арасындағы бітпей келе жатқан дау шарларға бітім жасайды.

Құнанбай іздеп келген Ақсақ Қиян мен Табылдыны Керей баласы ұстап бермей, «бұтаның арасына келіп шырылдаған торғайды қорғай алмасақ елдігіміз қайсы?» деп қорғап қалады. «Ақсақ Қиянның келгені рас, бірақ келген соң бір жыл тұрып өлген» деп анықтама жазып береді. Халықтың назарын қозғаған екі азаматты губернаторға ұстап беру Құнанбайдай салауатты адамға абыройлы жұмыс емес еді. Соны білген Құнанбай да Абақ басшыларының оларды ұстап бермегенін теріс көрмейді.

– Сөздеріңізге сенейін. Бірақ, сол өлген Қиян тірілмесін, тірілсе де орысқа көрінбесін, – дейді. Құнанбайдың базынасын ел аузынан естіген Ақсақ Қиян мен Табылды бұдан кейін Семей өңірінде бой көрсетпейді.

Ажы төре бастаған Абақ елінің игі-жақсылары қонағы Құнанбай жолдас-жораларымен аттанғанда, Керейдің ақсақалдары қош айтып, Бейсенбі қатарлы жастары ел шетіне дейін шығарып салмаққа бірге аттанады. Жүзден астам нөкерлі топ Алқабек өзенінің бойына таяғанда, бүркіт алып, ит ерткен, жарау атты, жалаң саятшылары бар атақты бай Шәку алдарынан шығады. Ақ боз атты, ақтөбе тымақты Шәку бай анадайдан аттан түсіп, қарсы жүргенде, бұл құрметке ілтипат жасаған Құнанбай да аттан түседі. Торғын тонын көлбіретіп қарсы келген Шәку топ алдындағы Құнанбаймен құшақтасып, төске-төс соға амандасып:

– Аға баласы Құнанбай мырза келеді деп естіп едім. Әкең Өскенбай біздің Керей Жәнібек батырдың қызынан туған жиен екенін де білетінмін. «Алыстан алты жасар бала келсе, алдынан алпыстағы қариясы шығатын» салтымыз да бар еді. Бірақ малымның күйі, баламның жайымен бара алмадым. Бүгін ауылымыз күзеулікке түсіп кетті. Солай болса да, қайтып келе жатыр деген соң жолыңды тосып, дәм татырайын деп күтіп тұр едім, жеріміз шалғай болса да көңіліміз жақын. Ат басын бұрып дәм татып қайт! – дейді. Құнанбай қонақ болуға ат басын бұрғанда, еріп келе жатқан басқа елдердің билері Құнанбайға қош айтып, кетпекші болады. Сонда Шәку бай:

– Ас – атамыздікі, береке – елдікі, қонақ – көптікі емес пе!? Ел ағасы Құнанбайды шақырғаным, бәріңді шақырғаным! Қане, түгел жүріңдер! – деп топты өзі бастап, Алқабек өзенінің бойына түседі. Құнанбай кең сайлы орман арасынан желісі тартулы, биесі байлаулы, қонақ үйлері тігулі тұрған күтім орнын көреді.

Бірде алдыға ас келді. Үш адамға бір табақ ет қойылды. Ал, бір табаққа кемінде екі жілік салмаса аздық етеді.

Бас табаққа жамбас қосылады. Бас табақтың жанына кәрі жілік салынады. Бірақ, кәрі жілік бір ақ орда ішінде отырған қонақтарға бірнеше табақ тартылғанда екі рет салынбайды.

Екінші табаққа ортан жілік, қабырға, омыртқа, сүбе, құйрық май салынады. Үшінші табаққа жауырын салынады, омыртқа, сүбесі, құйрық майымен салынады. Ал төртінші табаққа асықты жілік. Егер ішінде Керейден қыз алған күйеулер болса, оған төсін қосады.

Осы қонақтардың бір шетінен шығысып жүрген құдағиларға арнап бесінші табаққа жағымен қосып, жамбасты салады. Келесі табаққа кәрі жілік қабырғасымен, омыртқа сүбесімен салынады. Одан кейінгі табаққа ортан жілік салынады. Содан кейін тоқпан жілік салынады. Жауырынмен тағы бір табақ тартылады.

Қалған тоқпан жілік, асықты жілікті жастар жағына қояды. Жастар табағына жай омыртқа салынады. Екінші табаққа ортан жілік, бел омыртқа салынады. Үшінші табаққа жауырын, бел омыртқа, қабырға салынады.

Ал, төртінші табаққа басқа бөлмеде немесе басқа үстелде отырса, кәрі жілік тартыла береді. Бірақ кәрі жілік орта жасқа жетіп қалғандарға беріледі. Жастарға топатай жілік, жай омыртқа, сүбе құйрық майымен тартылады. Ал сол жерде қызмет етіп жүрген қыз-келіншектерге асық жілік, мойын омыртқа, қалған қабырға беріледі. Төс пен құйымшақ тарту дәстүріне сай ұсынылады.

Жасы 70-80-ге келсе де, төркін жұртына келгенде кемпір қыз болып есептеледі. Күйеу бала да солай. Сондықтан, осы Құнанбайды қарсы алу кезінде төркіндеп келіп қалған қыз да, кемпір де төрде отырады. Ал, қыз отырған жерде табаққа құйымшақ салынады. Ал күйеу бала отырған жерде төсін алдына қойып, жеңгелері төстің кәдесін алады. Қазақта оның өзіндік жолы бар. Басты табақта салып, оны ең сыйлы қонақ – Құнанбайға береді. Құнекең бата-тілегін айтып, алдыменен оң езуінен кесіп, өзі ауыз тиеді. Одан соң оң құлағын кесіп, үйдің ең кіші баласына не жасы кіші адамға ұсынады. Айнала отырған адамдарға бастан бір-бір жапырақтан кесіп ауыз тигізеді де, қалғанын үй иесіне береді.

Ұсақ малдың құлағын балаларға беріп «Сақ құлақ, алғыр болсын» дейді билер. Бір бастың екі құлағын бір балаға бермейді. Қалай да екі балаға беріліп отырады. Ал, ірі қара малдың құлағы берілмейтіні анық. Бас мүжіп отырғандар малдың жұп көзін бір адамға қатар береді. Яғни, бір бастағы екі көз екі адамға берілмейді. Сондай-ақ құрмет бойынша, көз қос қолмен ұсынылып жатты.

Тіл де ұсынылды. Ас ұсыну жолындағы тамаша кәдеміздің бірі. Малдың тіл-жағын баспен бірге қонаққа тартпай, оны көбінесе келінге береді. Қонақтардың көңілін ашуға келген ақын-шешендер де тіл мен жақты алдыртып, арнайы біреуге ұсынып, «менің жолымды берсін» дегендей тілек айтып, мәре-сәре болып жатады. Басты кесіп отырған адам, таңдайды оң алақанына сарт еткізіп ұрып, үйдің кенже қызына немесе маңайда отырған әншіге берді. Таңдайды ұсынғанда үстіндегі қатты қыртысты қабығын алып тастап, жұмсақ үлпершек жұқа бөлігін ғана беріпті. Мол дастарқан жайылған. Ауылдың үлкендерін шақырған. Арнайы сойылған қойдың жамбас, кәрі жілік, жауырын, белдеме, арқа, сүбе қабырға, қара қабырға, тоқ ішек, қарын-сұрындары салынған табаққа ең үстіне қойдың басы мен тіл-жағын қойып тартқан.

Төре табақты айтыңыз, «төбе табақ» деп те атайды. Төре табаққа бір қойдың етін, кәделі жілігін түгел салады да, қонақасыдағы балуан, батыр азаматтардың алдына тартады.

Бір кезде Құнанбайдың алдына өзгеше ас келеді. Үлкен астауға салынған ет малдың шарбы майымен жабылған. Аға сұлтанның көзіндегі аңтарылысты сезген Шау жырау:

– Бұл «кежім табақ». Абақ Керейдің анасы Абақтан қалған сый табақ! – деп батаға қол жайғызды.

Кежім табақ – қазақ тарихында өте сирек тартылған. Оны өте сыйлы, мәртебелі қонақтарға ғана тартады. Кежім табаққа үлкен қойдың еті, бас-сирағымен қосып бір-ақ салынады. Бөліп-жарып жатпайды. Арқадан келген асылдар мен жергілікті би-төрелер алдына жаңа киіммен келіп:

Киімімді көріңіз,

Етегіме төгіңіз.

Барар жерім әлі көп,

Байғазымды беріңіз!  – деген балаларға «Жарасып тұр құлындарым», «Күтіп ки», «Үстіңде тозсын» деп балалардың бетін қақпай, оларға байғазысын беріп жатты. Байғазы — қазақ дәстүрінде үлкеннің кішіге, негізінен балаға беретін сыйлығы. Байғазыны, көбінесе, жасөспірім балалар, бойжеткен қыздар, бозбалалар жаңа киім кигенде, жаңа зат алғанда ағалары мен жеңгелерінен, әпке, әке-шеше, жанашыр жақын туыстарынан сұрайды. Үлкендер байғазыны ақшалай берумен бірге, құтты болсын айтып, ізгі тілегін білдіреді.

Шәку бай Құнанбайды күні-түні күтіп, «келген жолыңа» деп, қонақтардың жарымына біріңғай ақбоз ат, жарымына жирен ат. Ал, Құнанбайға өзінің 62 жылқыға бағалап алған қоңыр жорғасын тарту етіп,  үстілеріне бір ақ мамық шапан, бір қоңыр-сары өрнекті шапаннан жауып аттандырады. Сонда, Бейсенбі Дөненбайұлы қоңыр жорғаға арнап, «62 қоңыр күйін» шерткен деп аңыз етеді. Қазақ шапанды аса бағалайды. Адамға шапан кигізу, иығына шапан жабу – үлкен құрмет болып саналады.

Бұрындары хандар батыр, билерге дәреже бергенде соның белгісі ретінде арнайы тіктірткен шапанды иығына жапқан, түрлі мемлекеттік қатынастарды бекіту белгісі ретінде де шапан жіберетін болған.

Сақталғанына 274 жыл болған, екі жеңінің ұшының аралығының өзі менің құлашым жетпейтін 2.2 метр, тұтас шапанның құлпырған өңірі мен жеңі 415 гүлді жапырақша кестеленген, 9 ұрпақ бойы сақталған, Алтай мұражайындағы осы қызыл шапанның иесі Қуандық батырдың ел үшін ерлік көрсетіп, сол кезде осы шапанға ие болғаны, бір жолда екі қызбен қатар үйленгені жайында айтамын.

Қуандық батыр әлі батыр атанбай тұрған бозбала күнінде ата-анасы мыңға таяу жылқысы бар бір байдың қызына құда түсіп құдаласады. Құда түскен қызды алып болмай жатып, ата-анасы Құдайдың жазмышымен қатарынан қайтыс болып, дүниеден өткен. Ата-анасынан айырылған жетім бозбаланы болашақ қайын атасы «қалыңмал бере алмайсың. Қалыңмалдың орнына жылқы бағасың» деп өктемдік жасап, жылқысын бақтырып қояды. 1746 жылы бүгінгі Өскемен маңындағы Қалба тауына келіп орныққан Абақ Керей елі шығыстағы қалмақ тартып алған байырғы мекені Алтайға кіру үшін, қалмақтың қалың ортасына қарай тәуекелшілдікпен жылжиды.

Қуандықтай ер қайда-ай!

Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай!

Сол кезде «Өркінқасқа» (Еркінқасқа)  деп аталған қара қасқа атты, ешкімнен жеңілмеген қалмақ батырының атағы дүркіреп, сайлауыт қол бастап Жайсаң көлінің айналасындағы қалың қалмаққа бас болып қазақтарды шығысқа жылжытпай қояды. Сол кезде Абақ Керей елінің ішіндегі танымал жас батырлар ұйымдасып, қара қасқа атты қалмаққа тұрыстық береді. Соғыс болатын күні жас батырлардың жасағы жолға шыққанда, 18 жасар, алып денелі, үлкен күш пен жүректің иесі болған Қуандық «мен де барам, соғысам» десе, болашақ қайын атасы оның жолын кесіп, жібермей қояды. Болашақ қайын атасы соғысқа мінуге жарамды деген мықты аттардың бәрін адамдарына кісендетіп тастайды. Амалы таусылған, қолы қысқа Қуандықтың қолында қынабы жоқ қылышы ғана бар еді. Ауылдағы жеңгейлерге айтып жүріп, қылышына киізден қынап жасатып алады да, бір бедеу биені ұрлап мініп, қаны дүр-дүр етіп дүркіреп тұрған жас батыр бие үстіне тау қондырғандай қобайып, жауға кеткен жас батырлардың ізін қуалап, олардың артынан бір күн кейін аттанады. Шабытты сарынмен бедеу биесін бұлқынта басып, ұзақ жолда ұрандай жаздап, өрекпіп отырып, қаншалық жол басқанын біле алмай, қып-қызыл сұсты мұнардай болып, іңірдің бояуына қосылып, қара қасқа атты қалмақтың иелігіне жақындағанда түн пердесін жабылып жерге түседі. Түннің қара бояуы қызған соң, сол жерде алып батырым ерін жастанып ұйықтап, таңертең көзі күрең отқа торланып, киіз қынаптың ішіндегі тынымсыз жатқан қылышын сипап, ерте тұрып, қара қасқа атты қалмақты іздейді. Қара қасқа атты қалмақтың өзіне тұрыстық беріп келген қазақтарды менсінбейтіні, өзіне сенімділігі сонша, жекпе-жек болатын күні «жиылған қазақтардың қоңыр төбелдерін асықпай барып жайлап тастаймын» деп өз жайында аң аулап жүріпті.  Ал, қалмақтың аш бақадай шұрқыраған, жау тілеген жан алғыш бір шумақ қосыны қазақтың жас батырларының жасағын майданда күтіп тұрды. 18 жасар алып денелі, үлкен күш пен жүректің иесі қызыл Қуандық қара қасқа атты қалмақтың аң аулап кеткен жағынан іздеп жүргенде, қалмақтың осы дүлей ерінің қара қасқа тұлпарын алыстан көріп қалады да, сатырлатып айқайға басып, «Жекпе-жек! Жекпе-жек!» деп шамырқанса, шарт сынатын болатша күркіреп, «Абақ! Абақ!! Абақ!!!» деп ұранын шақырады. Алып әрі сергек қалмақ, кез-келген қанды ұрысқа дап-дайын қалмақ бір кезде сап-сары болып, сағымға толған киімі мен қаруымен бет қаратпай, қасқа тұлпарына жылдам мініп,   шауып келеді екен. Ителгідей түйілген жауды иесінен бетер тілеген тұлпарының тұяғы жерді ұрып буырқанып, көз ілестірмей, бедеу биенің жанына ойнақтап жетіп келгенде, Қуандықтың астындағы бедеу биесінің оған қарсы шабуға дәті жетпей, сүйегі босап, ақыры Қуандық амалсыздан атынан түсіп, қалмақтың алдына жаяу тұра қалады. «Қалмақ жетіп келе бергенде қылышымды сы-ы-р-р еткізіп суырайын» десе, киіз қынаптың түтеленген ішінен қылыш оңды суырылмай, ішіне кептеліп тұрып қалады да, сумаңдаған сұры найзасын» қазақтың кеудесіне орқырата сұғайын» деген қалмақтың, өзіне қарай шаншыла берген найзасын, денесіне дарытпай жалтарып қалады да, дереу қалмақтың найзасының мойнынан тап беріп ұстаған күйі өзіне адамда сирек кездесетін, қарағайдың тамырын қозғап-қозғап қалғандай алып күшпен қатты тартып қалғанда, өмірі ешкімнен жеңілмеген атақты Өркінқасқа атанған қалмақ атының басынан домалап түседі. Қылышы түтеленген киіз қынаптың ішінде тұтылып, уағында суырылмай қалғандықтан, алдына жығылып түскен қалмақтың қазан басын, өте жылдамдықпен, өте үлкен күшпен етігінің қонышындағы селебемен қорқыратып кесіп үлгереді.

Қуандықтай ер қайда-ай!

Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай!

Жауға мінуге жарамсыз бедеу биені осы араға тастап, жеңілген жауының қара қасқа тұлпарын шаужайынан шап беріп ұстап, оның қанжығасына қалмақ батырының кесілген айдарлы басын байлап алып, қалмақтың жарқыраған бес қаруын түгел өзі асынып алып, қазақ пен қалмақ жасағының тұрыстық берген майданын бетке алып, бетіне қалмақтың күреңіткен қаны шашыраған күйі, құйғытып шаба жөнеледі. Қазақ пен қалмақтың жасағы жиылып, енді қалмақтың қара қасқа атты батырының келуін күтіп тұрған кез екен. «Қара қасқа атты қалмақ қашан келер екен? Әй, ол келсе, жеңілеміз ғой?» деп қазақ жағы сенімсіздік пен қорқыныштың арасында тұрған кезде, сауыт-сайманы күннің көзін ұялтып, сарала сағым қымтанып жарқыраған, қара қасқа атты Қуандық алыстан шаңды бұрқыратып, кім екені нақты танылмай шауып келе жатады. Қуандық батыр жетіп келгенде, «батырымыз келді» деп қалмақ жағы оны бірден танымай, ошарылып қуанып қалады. Жаудың ортасына қорқыныш тудыратын өңін салып, беті бедірейіп, құйғытқан күйі кіріп кеткен Қуандықққа енді ғана көз жүгірткен қалмақ жағы, қанжығадағы қалмақтың қас батырының қазандай басының қан жапқан түрін көргенде, зәре-құты қалмай, бықпырт болып қашып, берекесі кетеді. Осы жолы қалмақ жағы тас-талқан болып жеңілген.

Қуандықтай ер қайда-ай!

Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай!

Алтайға бет алған елдің жолын бөгеген ең соңғы бөгет болған қара қасқа атты, қазан басты қалмақтың басын қанжығаға байлаған «алып денелі, он сегіз жасар бұл кім болды?» деген сұрау түседі. Содан Абақ Керейдің билері жас батырдың мән-жайын тексеріп, ата-анасы жоқ, өңі түзу киімі жоқ ердің ерлігін алқап, Абақ Керейдің 12 руы мен онымен бірге көшкен Ашамайлы Керейдің шимойын руынан болып, 13 рудан 13 ісмер келіншекті талдап әкеліп, 13 келіншек 90 күн уақыт жұмсап, оқалы алып қызыл шапанды тігіп шығып, осы шапанды ел билері батырдың иығына құрметтеп жапқан. Жай ғана жапты ма? Ол ол ғана ма?

Қызыл шапан бұғының 68 парша бөлек терісінен иленіп, қарағайдың қанық бояулы керқызыл қабығымен боялып, екі өңірінің алдын өте сирек кездесетін Алтайдың ақбас құндызының терісімен жұрындап, Алтайдың күнгелдісі, Алтайдың ақ кекіресі, қызыл шұғынық, қоңыраугүл,  сарана, бұғытұяқ, қожашөп (қарғалдақ) қатарлы бағалы шөптердің гүлі мен жапырақшаларын пайдаланып, 415 гүлді өрнекті санап отырып кестелеп, осылай дайындалған қырмызы шапанды Қуандық сынды жас батырдың ерлігіне сүйсініп, оның иығына жапқан, басына тәжілі тұмақ кигізген, беліне оқшантайлы белбеу буғызып, оны өзі шыққан Абақ Керей ішіндегі жәдік руының биі етіп сайлаумен қатар, сол кездегі иісі Абақ-Керейдің иесі болған, Абылай ханның бес тірегінің бірі болған Ер Жәнібек батырдың сенімді сардары етіп сайлады сол кездің қасқа билері.

«Ел қорғайтын еңселі ұлды қорлағаны үшін» деп билер жағы бір ауыздан шешім шығарып, қайын атасының қалыңмалын кешіртіп, айып-анжысы ретінде қайын атасының малынан Қуандыққа енші бөлдіріп, батырға арнап бөлек отау тіктіріп, оның қызын және осы жолғы қалмақты қазақ соғысып жеңгенде, қалмақ жағынан қолға түскен ең сұлу жас қызды әкеліп, қазақтың қызы мен қалмақтың қызын Қуандық батырға бір жола некелеп, осы еріміз сол жолы «Бір жолда екі қызбен қатар үйленген Қуандық батыр» атанып кетеді. Қуандықтай ер қайда-ай!

Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай!

Дүние қоңыз қайын атасының оның алып күштің, үлкен жүректің иесі екенін сезе тұра, оны бағаламағаны, қадірлемегені үшін осындай айыптарды салған сол кездің әділ билеріне тарих риза.

Бұл ұлы құнды мұра, қырмызы шапан батырдан кейін Жантелі Қуандықұлына, одан Үпек Жантеліұлына, одан Тоңғақ Үпекұлына, одан Нұреке Тоңғақұлына, одан Сағдолла Нұрекеұлына, одан Санияз Сағдоллаұлына, одан Бақытхан Саниязұлына мирас болып бүгінге жетіп, қазіргі уақытта Алтай аймағы, Буыршын ауданының мұражайында сақталып тұр. Бұл мұра 2010 жылы тамызда «Гиннестің рекордтар кітабына» сақталған уақыты ең ұзақ болған, бұғы терісінен кестелеп тігілген қырмызы  шапан» деген атпен еніп, 02396 нөмірлі куәлігі берілген.

Қуандықтай ер қайда-ай!

Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай!

Эх, біздің даланы ауыздығынан от шығарған от ауызды арғымақтар жайлайды-ай!

Қуандықтай ерлердің қырмызы шапанын ұстап көрсе саусағың,

Қаның ешкім сөндіре алмастай болып қайнайды-ай!

Әй, қайнайды-ау, қайнайды-ау!

Найзасының ұшына жау мінгізген, қызыл шалбарлы бұтын көтерсе, қызыл қарағайдың бұтағындай көрінген, даланың желін көп иіскеп, сенімі желмен семірген даланың өжет ұлдарын осы мақаланы оқыған қазақ сен де өз үйіңде өмірге келтір!

Қазақта бай-шонжарлар ақын, серілердің өнері үшін шапан кигізген. Ханның өзі киген шапанын сыйға алу – қазақ халқында үлкен мәртебе. Қазақта ат мінгізіп, шапан жабу дәстүрі қазір де бар.

Ат мінгізіп, шапан жабудың екі себебі бар: бірі – құрмет көрсетіп, сый ретінде тарту, екіншісі – кінәлі болып қалған жағдайда айыбын өтеу, айыбын жуу мақсатында болған. Біздің сөздік қорымыздағы ат-шапан айып деген тіркес осыдан қалса керек. Одан басқа ежелгі қазақ қоғамында ат-шапан айып салу өкпе-реніштің өтеуі болған.

Разы-қоштықпен аттанған Құнанбай, сапарластарына: «Абақ Керей баласы 15 мың түтіннен асып, дәулеті шалқып, елі өсіп, кегін жоқтар ер туып, дауын сөйлер би туып, бақ қонған елге айналған екен. Түбі біздің қазақтың бір тиянағы осы ел болар! – деп айтқан екен.

Айтқанындай, кейінгі Кеңес Одағы тұсында қазақтың көп жерінің көшпенді өмірі мен қою салт-санасы жойылып, қазақтың салт-дәстүрінің, өнегесінің ең ескілігі де осы Алтайдың екі жақ бетінде сақталып қалады.

Кеңес Одағы тұсындағы қысымдарда Құнанбайдың бір бөлім ұрпақтары Алтайға өтіп, кеңқолтық Керей елінің қорғауында болады.

Құнанбайдың жиеніне жапқан шапаны мен ер-тұрманы Алтай қаласындағы тарихи мұражайда сақтаулы тұр.

Асқар Татанайұлының, Қуаныш Ілиясұлының еңбектерінің де бұл мақалада өз ізі бар. Осы жолғы сүйікті кездесулерде екі жақтағы шонжарлар арасында үзілмес қарым-қатынасты сақтау негізінде құдалық сөздері де ара-кідік қозғалады. Өзі құда болмаса да алыстағы Арқадағы туысы арқылы құдалық жасағысы келген бауыздау құдалар да болды. Бауыздау құда – жақындығы жағынан бас құдадан кейінгі құда. Бұл ерте кезде жігіт жағынан қыз айттыра келген құдалық адамдарына арнайы мал сойылып, соның бауыздау қанына екі құданың қол батырып уағдаласуынан шыққан. Осылайша «қанымыз қосылды, енді туыс болдық» деген. Бұлардың ішінде қарсы құдалар табылмағанымен, бел құда, бесік құдалар пайда болды. Олардың іске асқан-аспағанын тарих білгірлері анықтай жатар. Қарсы құданың бір-біріне қыз беріп, қыз алған құда екені көкейіңізде жылтырап жатқан болар. Құдалықтың бұл түрі көбіне құдаласу кәделерін жасауға шамасы жетпейтін, тұрмысы төмен адамдардың арасында болған. Бай, ел билеген адамдар да жақындасу үшін бір-біріне қыз беріп, қыз алысқан. Ал, алыста жатқан Арғын мен Қиыр Шығыстағы Абақ Керейде бұл құдалықтың жөні жоқ. Қазақ халқы «күйеу – жүз жылдық, құда – мың жылдық» деп бекер айтпаған. Бел құда – әйелдердің аяғы ауыр кезінде әлі дүниеге келмеген нәрестелерді атастыру. Кей өңірлерде мұны ежеғабыл құда деп те атайды. Қарын құда, құрсақ құда деп те атаған. Егер екеуі де ұл болса, «құшақтасқан дос», ал қыз болса, «қимас құрбы болып өссін» деген. Ал біреуі қыз, біреуі ұл болса, құда болуға сөз байласып, құдаласу кәдесін жасаған. Қозы Көрпеш – Баян сұлу жырында екі дос Қарабай мен Сарыбай бел құда болып, балаларын дүниеге келмей жатып атастырған.

Бесік құда – балалары бесікте жатқанда құдаласқан құда. Құндақ құда деп те атайды. Алыс-беріс жасасып, бесікке белгі салып, бесік керту жоралғысын жасаса, бесіккертті құда деп атаған. Сыйлас, дос, жақын адамдар бесік құда болған.

Бұрындары құдандалы болған жақтар қайтадан қыз алысып, қыз берісіп, құдалықты одан әрі жалғастырса, оны сүйек жаңғырту дейді. Ұзақ уақыт құдалығы жалғасқан немесе көне құдаларды сары сүйек құдалар дейді. Сүйек жаңғырту негізінен тым алыстап кеткен ағайын туысты ана жағынан бауырларды қайта жақындату мен қосуға арналған салт.

Қаракесек Жарылғаптан шыққан Балта ақын өзінің бір немере қарындасын алып қашып, Құнанбайдың еліне барып, келіншек қылып алып кеткен. Сөйтіп жүргенде, бір күні Құнанбайдың үйіне кіріп барғанда, Құнанбай былай деп өлен айтқан.  Екеуі құрдас екен:

Ақ құрлар, қара құрлар, құрлар, құрлар,

Бұрынғы  хақиқаттан сөзін жырлар.

Қарындасын қатын қып алып қашып,

Ел аралап жүреді-ау арзыз мұндар!

 

Сонда Балта ақын айтты дейді:

Ақ құрлар, Қара құрлар, құрлар, құрлар,

Бұрынғы хақиқаттан сөзін жырлар.

Баласы әкесіне балта жұмсап,

Шешең жынды қатын ғой, бәдік мұндар!

Құнанбай дәнеме дей алмапты.

Құнанбайдың үйінің сыртында тоғай бар екен: сол тоғайдан Құнанбай бір бұрау алдырмай, өсірген екен. Бір күні тоғай ішінен ағаш кескен дауыс естілген соң, Құнанбай қолына балта ала жүгірді дейді:

– Ағаш кесіп жатқан әкем де болса, өзін ағаштай турайын! – деп барса, әкесі Өскенбай екен. Әкесін турай ала ма, ұялып қалған екен. Балта сонысын айтқан екен дейді.

Құнанбай мен Балта ақын құрдас екен: екеуінің жылы қой екен. Құнанбайдың бұл сияқты қызықты істері емес, Кенесарыға байланысты істері емес, оның шығыстағы ағайынға керегі – қаны бір қазақ болғаны ғана. Сондықтан, осындай қошеметтер кездескен. Құнанбайдың Шыңғыс ханның Семейдің Абыралысындағы астанасын анықтауға еткен еңбегіне қарап, көпті көрген, сыйға лайық жан екеніне қосыла түсеміз.

Кеңес Одағының атом бомбасын Шыңғыс ханның ордасы тұрған, ол ғибадат еткен аймақтың дәл үстіне әкеліп жаруы бүкіл Түркі әлемінің рухани аруағын шайқалту үшін жасалған сұрқия сенімнен туындаса керек. «Атом бомбасын сол жерге жарған себебіміз, Семей топырағы өте қатты қыртысқа ие» деп түсіндірулері бізді сендірмейді. Абайдың әкесі Құнанбай зерттеуші Адольф Янушкевичке берген сұхбатында Шыңғыс ханның Хан-Шыңғыс тауында сегіз қарағайдың бөренесімен қоршап жасаған аспан астындағы ашық ғибадатханасы болғанын, Шыңғыс хан әр реткі қаһарлы жорығының алдында осы араға келіп, жаратушыға жалбарынып, дұға еткені айтылады.

Жон Манның «Шыңғыс хан» атты еңбегінде Шыңғыс хан құрған Моңол (Моғол) қағанатының (империясының) 1206~1235 жылдар арасындағы астанасын Аврақ деп атайды. Бұл қалаға елді мекен ұғымын беретін «ел» сөзін жалғасақ, Аврақлы (Абырақлы, Аруақты) атауы шығады. Абыралы деп жүргеніміз осы жер. Сол кітапта айтады: «Аврақ(Абырақ) – Жүрек руының жері» деп. Жүрек руы бұл Қияттың бір руы. Тура осы Абыралының шығысындағы Шыңғыстаудың мойнында Абай ауданына қарайтын Жүрекадыр өңірі тұр. Абыралының оңтүстігіндегі Аягөзге қарасты Жорға өңірі де осы Жүрек руының атының басқаша дыбысталуымен аталған жер. Осы Абыралымның шығыс маңдайында Хан-Шыңғыс, Шыңғыстау деп аталатын Шыңғыс ханның көзіндей болған екі тауды айтпай кетуге болмайды. Бұрынғы Шұбартау ауданының орталығы болған Баршатас атауындағы тас сөзі Көне Түрік ұғымындағы дала, тұс, төс, төскей, деш(дест), дешті ұғымын берсе, Барша сөзі Шыңғыс ханның Бөріші (Бөршіғұт) руының бауыр басқан даласы екенінен хабар береді. Осы арада дүниеге келген Мұхтар Мағауиннің жанын мазалап, қолына еріксіз қалам алдырған сол төңіректі айналсоқтап жүрген Шыңғыс ханның аруағы болса керек. Шыңғыс хан Абыралыны 21 жыл астана еткен. Шыңғыс ханның өлімінен 8 жыл өткенде Үгедей хан астананы Қара-Қорымға көшіреді. Осы өңірлерден оңтүстікке тіке түскенде, Ақтоғай өңіріндегі Дересін өңіріне баруға болады. Бұл Меркіт бектерінің бірі, Шыңғыс ханның ең сүйікті тоқалы Құлынның әкесінің есімімен аталған жер. Аягөз ауданында Ескене бұлағы деген ауыл бар. Шыңғыс ханның Татар биі Жолманнан туған апалы-сіңлі Есекей, Ескен деген екі әйелі болған. Бұл жер сол қадірлі ханымның есімімен Ескенің бұлағы делініп жүріп, Ескенебұлақ аталып кетсе керек. Оның үстіне Есекейдің ұлының аты – Шаулы. Шәулі дегені шөгел, шаңқыл сөздерінің қысқаруынан пайда болған қыран деген мағына беретін есім. Ал, осы Ескене бұлақ Ақ-Шәулі тауының шығыс беткейінде. Абай ауданында Арқат тауы бар. Мағынасы Өр-Қият (жоғарғы Қият, таудағы Қият) деген мағынадан келіп шыққан. Бұл жерде Орда өңірі бар. Міне, мұның бәрі Шыңғыс ханның ат аяғын шиге соқтыртып, жол жүрген бөрі соқпақтары. Дөңес төбелерді Жетісуда Дегірес, Дегірез деп айтатын дәстүр бар. Дөң, дег сөздері тауды, төбені білдіріп тұр. Шыңғыс ханның қасиетті анасы Хелунның құрметіне аталған тау бүгінгі Семейдегі Дегелең (Дег-Хелун) тауы болса керек. Осы жердің оңтүстік-батысындағы Қарқаралы ауданына қарасты Доғалаң тауын да осындай құрметке ие тау деп ойлаймыз. Өкінішке орай, жаңағы біз айтқан Дегелеңнің үстіне әкеліп, Кеңес Одағы атом бомбасын жарды. Моңол (Моғол) қағанатының бірінші астанасы Аврағ атауының ерекше мағынасы – Аруақ (Рух) пен Жүрек. Үрік, үркі сөзі мен Жүрек-Қияттардың Иүрек Үрек деп аталуы да осы атаулармен тоғыса түседі. Аура сөзі де Аврақ сөзі сияқты арадағы тылсым әлеммен байланысты сөз. Астанасының атауының мәні Әруақ деп, Жүрек деп таңғажайып мағына беріп тұрған Шыңғыс хан қандай бақытты! Осы анықтауларға өз еңбегін сіңіріп, есімі арасында жүрген қазаққа Абайды берген Құнанбай да қандай бақытты!

 

М.Қизатұлы, «Дәстүр»

Фото интернеттен алынды.

Бөлісу: