«Шөп қымбат, мал арзан». Түркістан облысынның шаруалары осылай деп шырылдап отыр. Биыл өңірде жауын-шашын аз болып, салдарынан шөп шықпай қалған. Қуаңшылықтың кесірі жүздеген шаруаға тиіп, қораларындағы азын-аулақ малдарын баға алмай сатуға мәжбүр. Мал базар мен шөптің саудасын көріп қайтқан тілші тарқатады». Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.

КСМ Ордабасы ауданының тұрғыны Сұлтан Әмірәлиев әр сәрсенбі сайын өтетін мал базарға он шақты қойын айдап келгендердің бірі. Саудаға салынған қозылары ойлаған бағасынан төмен сатылыпты. Келіспеске амалы да жоқ. Себебі, төрт түлікке жем-шөп тауып беру шаруаның бас ауруына айналған. Оның үстіне қыстан әрең шыққан малдары көтерем бола бастаған.

СҰЛТАН ӘМІРӘЛИЕВ, ШАРУА: «Малдың бағасы төмен шаруаларға. Шөп жоқ қырда. Жем-шөп қымбат. Сондықтан кісілер қыстың қамын ойлап сатып жатыр».

Биыл Келес, Шардара, Мақтарал, Жетісай мен Созақтағы төрт түлік көкке жарыған жоқ. Көктемде жауын-шашынның аз болуы салдарынан, буыны қатаймаған шөп қурап кеткен. Қазір жердің шаңы шығып, малдар топырақта жайылып жүр.
ЖАНГЕЛДІ КӨМЕКБАЕВ, ШАРУА: «Малды не үшін сатқанда шөп жоқ ғой. Болмағанан кейін сатамыз, арам өлгенен гөрі. Бағасы түсіп кетті ма? Малдың бағасы түсіп кетті. 40-45 болып жатыр дәу семіздері».

Ал керісінше шөптің бағасы шарықтап тұр. Онсызда шаруалардың қалтасына ауыр тиіп жатқанда баға тағы қымбаттай ма деп қорқады.
«Қанша болды пресс? 1000-1100 теңге. Қымбат, қымбат».

БЕКЗАТ ТАЛАСБАЙ, САТУШЫ: «Көріп тұрсыздар ғой қырдың бәрін де шөп жоқ. Былтыр мына жерлер тізеден келетін болатын, қазір жоқ. Қазір 20 см де шықпайды. Шөп жоқ. Енді мың теңге деген халық қиналып алып жатыр. Сонда да амал жоқ алып жатыр, не істейді енді?»

Ал, салаға жауапты шенеуніктер шөп пен жайылымнан тарығып, малдарын жаппай саудаға шығарып жатқан халыққа ешқандай көмек көрсетілмейтінін шорт кесіп жеткізді.

СЕЙІТЖАН ӘЗБЕРГЕНОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: «Біздің егіншілік саласы бойынша бұған ешқандай қолдау шаралары көрсетілмеген мемлекеттік қолдау. Шаруаларға көмек жоқ қысқаша айтқанда. Мемлекеттік қолдау тыңайтқышына қолдау бар».

Осы орайда айта өтейік, облыстағы төрт түліктің саны 6 миллионға жеткен. Ал 152 елді мекен маңында мүлдем мал жаятын жер жоқ. Жағдайын айтқан ағайын жергілікті биліктен қайран болмағандықтан, мәселелері республикалық деңгейде шешімін табар деп үміттенеді.

Бөлісу: