Что-то физики в почете,
Что-то лирики в загоне.
Борис Слуцкий
Қарағандының көшесі – жөңкілген жұрт. Кім келіп, кім кетпеген бұл жерден? Бір кезде осынау шаһардың көшесінде маңдайы жарқырап Әлімхан Ермеков жүрген. Алаш Орданың соңғы көзі! Қазақтың алғашқы математигі! Кеудесі толы – Алаш идеясы! Қазақстанды Жапонияның деңгейіне көтереміз деп ойлаған көксерек топтың бірі һәм бірегейі. Бірақ, оны өзге түгілі өз қазағы да түсінген жоқ… Жетпісінші жылдары фәниден бақиға аттанғанда соңынан аз ғана ағайын шығарып салды. Қазақ Алашорданың соңғы тұяғынан көз жазып қалғанын сезбей қалды!
Мұнда Евней Бөкетов те жүрген. Өзі – химик, өзі – лирик. Төбеден қамшы ойнатқан қатыгез совет өкіметі оның да мандайынан сипай қойған жоқ. Көп – қорқытты, терең – батырды. Ол да қазағына Құдай берген құдіретті дарын-арынын сарқып бере алмай, іш құса болып, фәниден бақиға озды.
Қазір осы шаһардың көшесінде алшаң-алшаң басып Темірғали Көкетаев жүр! ХХ-шы ғасырдың ғұламасы! Ол атақты жапондардың ұсынысымен оған 1999 жылы Кембридждегі Халықаралық Биографиялық орталық берген. Омырауында соның күміс медалі. ХХ-шы – ХХІ-шы ғасырдың аса көрнекті физигі! Резерфорд емес, Энштейн де емес, – Көкетаев! Қазақ! Америка, Англия немесе Жапония топырағында туғанда абырой-атағы бұдан да асқақ болар ма еді. Бірақ, бұл жолы Алланың таңдауы Алашқа түсті. ХХ-шы ғасырдың ұлы бір физигі қазақтан туды!
1964 жылы Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік педагогика институтының физика-математика факультетін тамамдап, Эстонияның Тарту Мемлекеттік университетіне жол тартады. Эстондар сол кездегі Совет одағының құрамындағы Балтық жағалауы елдерінің бірі еді. Орыс отаршылдығының қамытын бізден гөрі кештеу киген. Үйдеде де, көшеде де өз ана тілінде сөйлеседі. Өзінен басқаны көзге ілмейді! Орысша сойлесең, одырайып шыға келеді! Тоталитарлық жүйенің қылышынан қан тамып тұрған сол 60-шы жылдардың өзінде физика-математика факультетінің орыс бөлімін жауып тастаған көрінеді. Мұнда жетпіс мыңдай халық тұрады. Университетінде екі жарым мыңнан астам студент оқиды, 92 кафедрасы бар. Ғылыми қарым-қуатының қандай болғанын елестете беріңіз енді…
Темкең осы университетте 92 тіл білетін филологты көріп, аң-таң қалған. 18 тіл білетін студентпен жатақханада бірге тұрады… Осында жүріп 1970 жылы докторлық диссертациялар қорғайтын маманданған ғылыми кеңесте «Мыс және күміс иондарының сілтелі-галоидтық кристалдардағы люминесценция орталықтарының табиғаты» туралы кандидаттық диссертациясын қорғады. Физиканың заңы бойынша 180 градусқа дейін қыздырылған қандай болсын қатты дене сыртқа жарық бермей қоймайды екен. Көкетаев суық жарықты ойлап тапқан. Дене қызбай-ақ сыртқа жарық шығарады. Бұл – физика ғылымында бұрын-соңды болмаған соны жаңалық еді. ХХ-шы ғасырдың ғұламасы атағын алып берген ғылымдағы жаңалығы осыдан төркіндейді. Ғылыми жетекшісі поляк ғалымы, профессор Г.Б. Лучик. Ол Көкетаевтың диссертациясындағы оқшау ой-толғамдарға келіспеген көрінеді. Совет Одағында ғылыми жетекшісінің жетегінде жүрмей, өз идеясын өзі қорғап шыққан бірінші қазақ осы – Темірғали Көкетаев!
Темкең өзіне-өзі мәз болып, өзіне-өзі тамсанып жүретіндерді жек көретін кісі. Бірақ, ғұмырында бір-ақ рет тебіреніп егілгенін айтады. 2006 жылы Англияның Оксфорд университетінде лекция оқыды. Бұл дүниежүзінің ұлы физиктері Ньютон, Резерфордтар маңдай терін төккен, әлемдегі саусақпен санарлықтай оқу орындарының бірі. Ірге тасы 1242 жылы қаланған. Англияның премьер-министрлері Уинстон Черчиль, Маргарита Тетчер осында оқыған. Т.Көкетаевтың дәрісін Франция, Германия, Англия, Жапония сынды дүниенің іргелі елдерінің жетпістен астам, аузына әлем қарап отырған ғұламалары сүйсініп тыңдаған. Бір дәрістің уақыты – 50 минут, құны – 1500 доллар!
Біздің Темкен дәрісін қазақша оқымақ болған! Сөйтсе, физиканың қазақша – ағылшыншасының тәржімесі бір жүйеге түсіп болмаған екен. Еріксіз орысша оқиды. Иманақтай ат шаптырым ауылдан шыққан қазақтың қара баласына әлемнің ірі ғұламалары, аузын ашып аң-таң қалған!
– Өзіме-өзім сонда бір тәнті болған едім – дейді Т. Көкетаев.
Дүниежүзінде мұның табаны тимеген жер жоқ. Ғаламды қара үздіріп бара жатқан бір жұрт жапондар ғой. Солармен кездескенде қандай ғылыми шаруамен айналысып жатырсыңдар десе: «Першкиннің «Физикасын» тәржімелеп жатырмыз» – дейді… Орыстың орта мектептерге арналған оқулығы бұл. Міне, совет оқу жүйесінің озықтығының бір белгісі! Ал біз не істеп жүрміз?! Бірыңғай ұлттық тестілеу деген қайдан шыққан пәле?! – дейді Т. Көкетаев ыза болып.
Темірғали Көкетаевтың тұла бойы – ұлттық рух! Күндіз-түні соны іздейді. Ол физикада жоқ екен… Жаңарқаның белінен, Сарыарқаның елінен соны іздейді! Соны іздеп, «Ақ жол» партиясына барып еді – таппай қайтты!
Қазір қайда барарын білмей, дағдарып отыр. …
Өркениет өріне шыққан Батыстың өзі ұлтым дегенде ішкен асын жерге қояды! 1976 жылдың қаңтарында Чехословакияға Совет танктері баса көктеп кіргенде Чех студенті Ян Палах өзі-өзі өртеп жіберген! Ресей экспанциясы бел алған ХVIII-ғасырдан бастап, 1986 жылғы Желтоқсан дүрбеленіне дейінгі аралықта қазақ елі орыс отаршылығына қарсы 300-ге тарта ұлт-азаттық көтерілісін басынан өткерген екен. 1931-1932 жылдары 7 млн қазақтың 4 млны аштан қырылды. 1,5 млны шет елдерге босып кетті! Қазан төңкерісі мен қызыл қасап репрессия болмағанда қазақ халқы өзінің табиғи өсімімен осы күні 30 млн болып отырар ма еді, қайтер еді…
Физиктер мен лириктер хақындағы дау-дамайдың көтерілгеніне көп болды. Өткен ғасырда орыстың талантты ақыны Борис Слуцкийдің «Физиктер мен лириктер» деген өлеңі біраз айтыс-тартысқа арқау болған-ды: «Физикте – құрмет, марапат, Лириктер өксіп, налып жүр. Заманда мынау алапат, Ғаламның зілді заңы – бұл…» («Что-то физики в почете. Что-то лирики в загоне. Дело не в сухом расчете, Дело в мировом законе. Значит, что-то не раскрыли, Мы, что следовало нам бы! Значит, слабенькие крылья -Наши сладенькие ямбы, И в пегасовом полете, Не взлетают наши кони… То-то физики в почете, То-то лирики в загоне. Это самоочевидно.Спорить просто бесполезно.Так что даже не обидно, А скорее интересно Наблюдать, как, словно пена, Опадают наши рифмы И величиестепенно Отступает в логарифмы»).
Екінші дүниежүзілік қырғынның кезінде АҚШ атом бомбасын ойлап тауып, оны Хиросима мен Нагасакиде сынақтан өткізді. Сол күннен бастап адамзаттың тағдыр-таланы адамның бармағы баса салатын атомның бір түймесіне қарап қалған… Іле шала Совет Одағы одан да алапат су тегі атом бомбасын сынақтан өткізді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Кариб дағдарысы кезінде адамзат баласы атом алапатының алдында тұрған. Сутегі атом бомбасын ойлап табушылардың бірі Андрей Сахаров кейін өз ісіне өзі өкініп, диссиденттік қозғалыстың көсеміне айналды. Ол кезде атом бомбасын жасағандар ерекше мәртебеге ие болған. Көбісінің аты-жөні мемлекеттік құпияға айналған. Тоталитарлық қоғамда физиктер мемлекеттің ерекше ілтипат-құрметіне бөленеді. Лириктер болса – қуғында болды. Евгений Евтушенко, Андрей Вознесенскийлердің антисоветтік өлеңдері Саяси Бюроның шамына тие бастаған. Баспасөзде бұл ақындардың аты-жөнін атауға ЦК-нің арнайы рұқсаты керек болған…
Ғасыр адамы атанған Темірғали Көкетаев:
– Мен физик болғаныма өкінемін! – дейді.
– Неге?
– Қазағымның жоғын түгендей алмадым! Біз американың үндістері секілді өз байлығы өзіне сор болған елге айналып барамыз. Қазақтың қазаққа жаны ашымайды. Абайдың кезіндегі қазақтан қара үзіп кеткен қазақ саусақпен санарлықтай. Поляктарға қарашы! Парижде баяғыда дүниеден қайтқан Шопеннің жүрегін Варшаваның шіркеуіне әкеліп, әспеттеп қойды! Ал біз не істеп жүрміз?! Кенесарының басы қайда ?! Біреуге есесін жіберген ел – ел емес! – деді де – Физикадан лирика – мықты! – деп қалды. – Менен сен мықтысың!
Мен аң-таң қалдым…
Осыдан жиырма шақты жыл бұрын қазақтың қарымды ақындарының бірі Есенбай Дүйсенбаев: «Серік, сен осы қайда істейсің?» – деп сұраған. –«Облыстық газетте». – «Ойбу, олар поэзияны түсінбейді ғой! Мен Ақтөбеден алты баламды жетектеп, Алматыға солардан қашып кеткем…» – деп еді.
Мен Қарағандыда қалып қойдым. Тағдырдың маңдайға жазғаны осы болды. Бір кезде мұның көшесінде ақ маңдайы жарқырап Әлімхан Ермеков, Евней Бөкетов жүрсе, бүгінде алшаң-алшаң басып Темірғали Көкетаев жүр! Бір қалада тұрсақ та , анда-санда бір көрем. Той домалақта. Төрде отырады, әрине. Аузынан ақ майы аққан байшыкештердің арасында. Көңілі құлазып отырады, меніңше. Аналар—мәз-мәйрам… Өздерінің кіммен қатар отырғанын сезбейді! Біреуі – ірі компанияның иесі. Біреуі – ең кем дегенде,—базардың бастығы! Шетінен – бай. Тәкәппар! Өр кеуде.! Есептері – түгел! Осындайда философ Диоген еске түседі. Олимпи сарайынан келген Диогеннен біреулер: «Онда халық көп жиналды ма?» деп сұрайды. Сонда ойшыл: «Халық – көп. Жөні – түзу кісі аз» депті! Мынау сондай бір тойдан кейін іле-шала жазылған өлең еді.
Темірғали Көкетаевқа
Физика-математика—несібіңіз,
Алты Алашқа әйгілі есіміңіз.
Бірақ, аға, есебін бұ қулардың,
Сіз шығара алмайсыз—кешіріңіз!
Бұл шайтанның есебі жан улаған,
Шығара алмай, ел естен тануда, аға:
Амалында қосу мен көбейту жоқ,
Бөлу ғана – мұныкі,
Алу ғана.
Мен түгілі, көктегі Құдайға анық,
Көз атаулы барады лайланып:
Бөлуменен алудың күні туды,
Көбейту мен қосуың былай қалып.
Өз есебін шығармай қоймайды бұл,
Біз – етекте,
Төбеден ойнайды құр:
Сізді қалай – ақымақ, мені – мәжүнін,
Елді – есалаң тобыр деп ойлайды бұл, –
Түсініксіз?!.
Серік АҚСҰҢҚАР
26.03.2018 ж.