Ұлттық киім – әрбір халықтың тарих қойнауына жасырынған өткенінен ғана сырт шертпей, сонымен қатар тұрмыс-тіршілігі, мәдени болмысы, наным-сенімдері мен әлеуметтік дәрежесін де анықтауға мүмкіндік беретін қасиетке ие. Өткенімізге көз жүгіртер болсақ, көшпелі түркі халықтарының киім кию мәдениеті өте жоғары дәрежеде болғанына айғақтар жетіп артылады. Сонау сақ, үйсін, ғұн дәуірінен бастап, бертін келе көктүріктер, ұйғыр, қарахан, саманилер мен оғыздардың киімдеріндегі асыл тастармен көмкерілген нақыштарына және оның сапалық сырына үңілетін болсақ, өзара ұқсастықтар мен ерекшеліктерді де байқаймыз. Мәселен, түріктердің таласқа толы тарихынан мәлімет беретін Анадолыдағы Селчук кезеңі мен Осман Империясы дәуіріндегі ұлттық киімдер мен қазақ халқының ұлттық киімдеріндегі ортақ тұстарды атауға болады. Профессор, доктор Өзден Сүслү «Tasvirlere göre Anadolu Selçuklu kıyafetleri» атты еңбегінде түріктердің бас киім мен шаш үлгілерінен бастап аяқ киім мен белдік, әшекей бұйымдарына дейін тереңінен түсіндіріп, әлеуметтік сыныптарға қарай киім кию мәдениетінен де сөз қозғайды. Профессор елді басқарушы хан, әскери адамдар мен аңшылардың, музыкант пен әртіс және сарай қызметкерлерінің киімдерін жеке-жеке бөліп, олардың киімдерінің әлеуметтік-қоғамдық аражігін ажыратады. Біздің тарихта да жоғары биліктегі хандар мен одан дәрежесі төмен топтың киім кию үлгісі бір болмағаны анық. Тіпті әлеуметтік дәрежеден ақпарат беретін бірден-бір белгі ретінде қолданылған түстерді де тілге тиек ете аламыз. «Қорқыт ата» дастанында осы түстерге байланысты мынадай дерек кездеседі: қыздар мен ер адамдар үйленбестен бұрын ақ шапан кисе, қалыңдық атанған қыздарға қызыл шапан жіберілген екен. Келін мен күйеу бала тойда қызыл шапан киетін болған [1]. Яғни, қызыл түс күйеу бала атанудың бір белгісі екенін де айғақтайды.
Қазақ халқында да киімдер бас киім, ішкі киім, сырт киім, аяқ киім және сән-салтанатта киетін киімдер деп қарастырылады. Қазақ және түрік халықтарындағы бас киімдерге назар салсақ, біздің қазақ әйелдері киетін кимешек түріктерде yaşmak деп аталады. Екі ұлттың да аталған бас киімдері мақтадан жіңішке етіп тоқылған ақ бөз матадан немесе жібектен жасалып, басты орап, екі жақ иықты жауып, белге дейін түсіп тұрады. Бір ерекшелігі сол, қазақтарда кимешектің сыртынан шылауыш кисе, түріктерде тақия, hotoz деп аталатын әшекей ретінде тағылатын кішкентай бас киім және Осман Империясы кезеңінде киілген, арқаны жауып тұратын üsküf сияқты бас киімдер де киілген екен. Сонымен бірге, түріктерде кимешекпен қатар бет-ауызды жауып, тек көз ғана ашық қалдырылатын peçe қолданылған. Divan-u Lugat-it Türk dili açıklamalarında: “Uragut saraguçlandı” (kadın baş örtüsünü örttü). “Saraguç” (kadın yaşmağı) şeklinde geçer [2, 151]. Байқап отырғанымыздай, кимешек Махмұд Қашқари еңбегінде «сарагуч» деп аталып, ерте заманнан әйелдердің күнделікті тұрмысында қолданылған бас киім түрі болғанын дәлелдейді.
Келесі бас киім түрі – бөрік. Қазақтарда бөрікті бағалы аң терісінен қыста да жазда да киетін құндыз бөрік, кәмшат бөрік, жанат, түлкі бөрік, үкілі, шоқты бөрік, нар өркеш бөрік, қазақы бөрік, ноғай бөрік т.б. сияқты түрі мен формасына, киілген ортасына қарай да ажыратыла береді. Түріктерде де аталмыш бас киім бөрік (börk) деп аталады. Бөрік түрлері жүздеген жылдар бойында өзгерместен Орта Азия арқылы Анадолыға дейін таралған. Бізде формасы дөңгелек болып келетін бөрік түріктерде негізінен алдыңғы жағы биік, жоғары ұшы тік, жиегі аң терілерімен көмкеріледі [2, 152-155].
Өзден Сүслү жоғарыда аталған еңбегінде: «Bilge Kağan’ın kabartmasında (8. yüzyıl) büyük Türk kahramanı Kül-Tegin Han’ın kartal armalı börkü, Türkistan’da basılan sikkelerde hükümdar ve hatun tasvirlerimizde izlenir», — дей келе, Күлтегіннің бүркіт белгісіндегі бөркі Түркістанда басылып шыққан тиындарда хан мен әйел суреттерінде кездесетінін айтады [2, 156].
Ұлттық киім ішіндегі ең маңызды орынды алатын сыртқы киім – шапандар. Ескі түріктерден таралған шапан Орта Азия түрік халықтарына ортақ бағалы киім. Олай дейтін себебіміз, қазақта «Таныған жерде бой сыйлы, танымаған жерде тон сыйлы» деген сөз бар. Сол сияқты, ұлтымызда сыйлы қонақтарға шапан жабу дәстүрі қалыптасқан. Османлы дәуірінде де падишах өз ісінде жетістікке жетіп, адал еңбек еткен қызметкерлерге марапаттау мақсатында шапан сыйға тартқан екен. Түрік халқы шапанды kaftan деп атайды. Қазақтарда да түріктерде де шапандардың құндылығы түсінен, матасы мен түймелерінен де аңғарылатын болған. Мәселен, зерттеуші Өзден Сүслү: «Astarlı kaftanlara kapama denir. İçi pamukla doldurulan cepsiz kaftanları köle ve hizmetkarlar giyerdi. Yünden yapılan ve kölelerin giydiği kaftana “çekrek kapa” denir», – деп, мақта мен жүннен қалтасыз жасалған шапандарды құлдар мен қызметкерлер кигенін айтады [2, 159].
Салыстырып отырған екі ұлтта да ер адамдарға арналған шапандарға қарағанда әйел шапандары оюлы, өрнектермен көркемделіп, асыл тасты қапсырмалармен толықтырылып отырған. Kadınların giydikleri kaftanların üzerleri çiçeklerle bezenirdi, erkek kaftanları sade olurdu [1].
Ұлттық киімді толықтырып тұратын – аяқ киім барлық түркі халықтарында маңызды әрі көптеген түрлерінің қолданылуымен ерекшеленеді. Көшпелі өмір салтын ұстанған түркі халықтары үшін етіктің орны айрықша еді. Özellikle Göktürklerde çizmelerin keçe veya deriden yapıldığı, sonra İslam dünyasına yayıldığı bilinmektedir [3, 67].
Өзден Сүслү ғұн дәуіріне тән б.з.б. І жүзжылд. басында Noin-Ula табылымдарының арасында қысқа қонышты етік пен б.з.б. ІІ және І жүзжылд. Пазырық қазба жұмыстарының арасында ғұндарға тән етіктердің табылғанын растайды [2, 167]. Етіктер тек материалына, безендірілу тәсілдеріне, ұзын-қысқалығына қарай ғана емес, түстеріне қарай да маңыздылығын арттырған. Орта Азияда қызыл етік пен қызыл белдік басқарушылық қасиеттің бір символы болған. Ал, Анадолы түріктерінде халықтың көп бөлігінің сары түсті етік киюі ең биік мәртебеге ие екенін аңғартқан екен [4, 115].
Ұлттық нақышты одан әрі толықтыра түсетін бұйымдардың бірі – белдік. Белдіктің қазақ халқында күмістен жасалатын дембет белбеу, бұғы терісінен жасалатын күдері белдік, әлеуметтік дәрежені айқындайтын сәндік әрі қару-жарақ ілінетін ең көне белдік – кісе белдік, былғарыдан жасалатын кемер белбеу сияқты түрлері кездеседі. Белдіктердің жасалу материалдары арқылы адамның қоғамдағы орнын, қызығушылығы мен тұрмыс жағдайын да сөзсіз түсінуге мүмкіндік болған. Белдіктердің қолданылу тарихының тереңдігіне 6-8 жүзжылдықтарда Орта Азия Көктүрік мүсіншелерінде де кездескендігінен куә бола аламыз [2, 173].
Жалпы Орта Азиядан таралған белдік түрлері Анадолы Селчуктарында да кең қолданыс тауып, басқарушылықтың символы мен оны таққан адамның әлеуметтік жағдайының хабаршысы ретінде ұғынылады.
Қорытындылай келе, аталған тақырып төңірегінде салыстыру жасай отырып, екі ұлттың ұлттық киім нақышында айтарлықтай айырмашылық бар деп айта алмаймыз. Керісінше, бір тамырдан таралған түркі тектес халықтардың тарихы, болмысы, көзқарасы, ұстанымдары ғана емес, ұлттық нақыштарының да жақын екендігін нық сеніммен айта аламыз. Оған дәлел, ұлттық киімдерде қолданылған материалдар мен ою-өрнек түрлері, әшекей бұйымдар, Орта Азияда кең таралған шамандық мәдениеттегі астрологиялық символдар.
Орта Азиядан бастап Батысқа қарай қоныс тепкен түркі тектес халықтар Ислам әлеміне еніп, талдаудан өткізген жаңашылдықтарды ескі салт-дәстүрлермен араластыра отырып, өздеріне тән ерекше ұлттық киім үлгісін қалыптастырды. Бүгінгі ұлттық нақыштағы киім – өткеніміздің өшпес өрнегі, халқымыздың болмыс-бітімінің қайнар бастауы екені сөзсіз.
Аңдатпа
Мақалада қазақ және түрік халықтарының ұлттық киім үлгісі, олардың семантикасы мен қалыптасу тарихынан мәлімет келтірілді. Екі ұлттың ұлттық киімдерінің өзіндік ерекшеліктері мен өзара ұқсас тұстары осыған дейінгі зерттеулерге қарай жан-жақты қарастырылды. Нәтижесінде, шығу тегі бір түркі халықтары саналатын қазақ және түрік халықтарының ұлттық киім мәдениетінде айтарлықтай айырмашылықтар бар деп айта алмаймыз, керісінше ортақ тұстардың көп екеніне көз жеткізуге болады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Gökay O., Dedem Korkudun Kitabı, İstanbul 1973.
- Özden Süslü., Tasvirlere göre Anadolu Selçuklu kıyafetleri, Ankara 1989.
- Köymen, M.A., Alparslan Zamanı Türk Giyim-Kuşamı, Selçuklu Araştırma dergisi III, Ankara 1971.
- Ögel, B., Türk Kültür Tarihine Giriş, Ankara 1978.
Қанайбекова Элмира Төреқұлқызы
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі