Қазақ мифологиясының негізін салушы

Серікбол Қондыбай Әділбекұлы не бары 36 жас ғұмырында артына өшпес мұра қалдырған ғалым. «Қазақ мифологиясы» атты жаңа ғылымның іргетасын қалаған ерекше дарын иесі. Он жылға жуық тағдыр тауқыметін арқалай отыра, төсекке таңылып жатса да ғылыми ортаны елең еткізер  мифология, тарих, лингвистика, география зерттеушісі ретінде 16 кітаптың авторы атанды.

С.Қондыбай 1968 жылы Маңғыстау облысы Құрық ауылында дүниеге келген. 1975 жылы Шетпе селосындағы №3 мектептің табалдырығын алғаш аттап, орта білім алып шығады. Жоғары сыныптағы жетекшісі Күміс Қойшыбаева оның география пәніне деген махаббатын оята білген бірден-бір ұстаз. Ол мектептің үздік оқушысы болып, орыс тілі, математика, химия, география пәндері бойынша аудандық, облыстық пәндік олимпиадаларға қатысып, үлкен жетістіктерге жетеді. Білімге деген құмарлығы үшін аудандық білім бөлімі 7-сыныпта оқып жүрген кезінде, яғни 1982 жылы Қырым қаласындағы әлемдік деңгейдегі «Артек» пионер лагеріне жібереді. Әр елден жиналған балалармен танысу оған үлкен жігер беріп, ол әлемді тануға қызығушылығы одан әрі артады.

1986 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің география факультетіне оқуға түседі. Университетте оқып жүріп, оқу бағдарламасына сай Кеңес Одағының көптеген елдеріне  бару, көру және танысу мүмкіндігіне ие болды. Оның ғылымға бейімдігін көрген ұстаздары оның Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының География институтына қалуын сұрайды. Бірақ үйдің кенжесі болған ол қызметтік орыннан бас тартып, ауылға барып, анасының жанында болуды қалайды. 1991 жылы Қазақ Ұлттық университетін геоморфология мамандығы бойынша бітіреді. Геоморфология дегеніміз (грек сөзі гео – жер, морфо – пішін, логос –ілім) жер бедері туралы ғылым. Негізгі нысаны – жер бетінің қазіргі бедері мен оның даму тарихы. Яғни геоморфолог ол табиғатты, ауаны, суды, тау-тасты, жазықтықты, қыраттар мен шатқалдарды, төбелерді зерттейді.

1991-1997 жылдар аралығында Маңғыстау, Үстірт мұражай-қорығында, облыстық экология және биоресурстар басқармасында қызметкер, орта мектепте мұғалім, өлкетану, туризм, ландшафт эстетикасы мәселелері саласында зерттеу жұмыстарын жүргізді. 1995 жылы С.Қондыбай  жол апатына түседі. Жол апатының салдарынан  бел омыртқасына зақым келіп, 28 жасында мүгедектер арбасына таңылады.

Өзінің жан азабына қарамастан, байырғы қазақ шежіресі мен әфсана аңыздары, географиясы тұрғысында мағлұматтар жинастырып, бірнеше кітап жазған ғалым. Ғалымның «Маңғыстау географиясы», «Қазақ мифологиясына кіріспе» (1997), «Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары» (2000), «Есен-қазақ» (2002), «Гиперборея: түс көрген заман шежіресі» (2003), «Арғықазақ мифологиясы» (2004), «Эстетика ландшафтов Мангистау» (2005), «Маңғыстаунама» (2006), «Қазақ даласы және герман тәңірлері» (2006), «Жауынгерлік рух кітабы» (2006) сынды зерттеу еңбектері бар.

Автор өзі ең алғаш 2004 жылдың 12 маусымында шыққан “Маңғыстау” газетінде былай дейді: «Мен осы әлеммен алғаш ұшырасқанымда оны тіпті білмейтін едім. Соған қарамастан, осы бір жұмбақ әлем мені өзіне баурап алды. Сосын осы біздің қазақта бар ма екен?  деп ынта қойып, дереккөз жинай бастадым».

С.Қондыбай мұраларының ішіндегі ең маңыздысы қазақ мифологиясының мәселесі қарастырылған. Осы зерттеуде мифтік деректер мен мифологиялық нышан-символдарды жүйелеудің әдістемесін және әдіснамасын қалыптастырды. «Қазақ мифологиясына кіріспе» атты зерттеуінде  С.Қондыбай мифология бар ма? деген сұрақ қояды. Жауабы ауызша ата-бабадан қалған мұрада, жырлар мен шежірелерде, әр түрлі аңыз-ертегілерде, жұмбақтар мен діни жоралар түрінде, қазақ тілінің сөздік қоры тереңде жасырылған деп, сол еңбектерге сілтеме жасайды. Мифтік болмысты білдіретін мұра нақты қоғамға беріліп, әдеби және ұлттық қалыптастырушы, тәрбиелік мақсаттар үшін қолданылады. Қоғам уақыт пен кеңістікте үздіксіз дамып отырады, сондықтан мифология да үнемі өзгеріп отырады. Миф ата-бабаларымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұмытылмас мұраларының жиынтығы.

Қазақ – көшпелі ғаламның соңғы тұяғы. Оның көшпелі тұрмыс-салтын тастағаны күні кеше ғана. ХХ ғасырдың 20-30-жылдарында отырықшыланды. Бұл қазақ мәдениетінің негізі – көшпелі мұра, салт, ғұрып, сенім, рәсім мен ауыз әдебиеті сияқтылар кешенінен тұрады деген сөз.  «Миф деген нəрсенің не екенін түсіндіре қою оңай болмайды. Ең қарапайымын айтып өтсем: Адам баласы өзінің туғанынан бастап, о дүниеге кеткенге дейін өмір бойына, күн сайын, сағат сайын бұрынғы ата-бабаларының, Құдайдың адамды жаратқан кезінен бастап, жұмақтан қуылған сəтіндегі оқиғаларын қайталай береді. Яғни біз өмір бойы, қандай əрекетті болсын, қайталап келе жатырмыз. Біздің жақсы да, жаман əрекеттеріміз де қайталанып отырады. Бірақ біз мұны түсінбейміз. Сондықтан біздің ұлтымыздың басындағы барша қиындықтарды, тауқыметтерді шешу үшін, бастапқы нүктеге қайта оралып, зерттеп, түсініп, олардың қалай болғанын, қандай екенін білуіміз керек. Сол кезде ғана біз қазіргі заманның сауалдарына жауап таба аламыз» дейді Серікбол Қондыбай өз зерттеулерінде.

Аурудың өзін тағдыр ретінде қабылдап, 36 жасында қайтыс болған, ғылымға тосын қырынан келіп, ғаламның тылсым құпия сырын білуге ұмтылған С. Қондыбайдың азаматтық тұлғасының өзі аңызға айналды. Ол «өз халқының мифологиясын тіл арқылы тануға назар аударған бірінші қазақстандық».

Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлы:  «Арамыздан ерте кеткен талантты ғалым Серікбол Қондыбай – ұлттық руханиятымыздағы аса сирек құбылыс. Ол этнография мен археология, география мен ономастика, агиография мен теология, эпос пен тарих, мифология мен философия деректерін салғастыра зерттеп, түркітану мен қазақтануға мейлінше үлес қосты. Отандық ғылым үшін жемісті болар жаңа бағыт бастап берді. Ол қалдырған мұраның деректік, пайымдамалық құндылықтары мен мәнділіктерін зерделеу – осы заманғы ұлттанудың қалыптасуы мен кемелденуіне оң ықпал етері сөзсіз…» –дейді.

Ғалымның есімін насихаттау мақсатында 2211 жәдігерлерден тұратын мемориалдық музей қызмет атқарады. «Серікбол құбылысы» экспозициялық залында балалық шағы, отбасы, жоғары оқу орнындағы алғашқы зерттеулері,  «Маңғыстау географиясы» тұңғыш еңбегі, баспа бетінде жарық көрген шығармашылық-зерттеу жұмыстары, анасы мен апасының қолымен музейге тапсырылған жеке тұтынған бұйымдарынан құралған С.Қондыбайдың жеке бөлмесі, Серікболтану оқулары мен  шығармашылығы бойынша, өнердің әр саласынан дүниеге келген туындылар, Маңғыстаудың болашағы Серікболдың көзімен, «Ертегілі Маңғыстау», Ғалымдар мен жазушылар және мәдениеттанушылардың Серікбол туралы айтқан ой пікірлері, «Есен қазақ», С.Қондыбайға арналып ұйымдастырылған конференция жинақтарына арналған экспозициялар орын алған. Бүгінде бұл музейді Бердиева Рима Қанатбайқызы зор жауапкершілікпен басқарады.

 

 

Ерлан Тілекқабылов,

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы

 

 

Бөлісу: