Қазақтың балаға ат қою рәсімі

      Бала дүниеге келгенде әр бір саналы отбасы оған жарасымды әрі әдемі есім беруге тырысады. Кейбірі заманына сай, ел арасында кең таралған, заманауи есімдерді қойып жатса, кейбірі ата-бабаларының, ұлы тұлғалардың есімін, кейбірі ежелгі есімдерді қояды.
Азан шақырып ат қою

Жаңа туған сәби болашақта сыйлы, құрметті, үлкен адам болсын деген үмітпен ата-анасы жасы үлкен, сыйлы адамға ат қоюға қолқа салады. Жастардың әке-шешесі, ата-әжесі тірі болған жағдайда сәбиге атты солар қояды. Үлкендердің айтқаны бұлжытпай орындалатындықтын, міндетті түрде солар ұсынған ат қойылады. Кейде жастармен келісе отырып, баланың есімін үлкен кісілер таңдайды. Балаға есім үш күн ішінде берілуі құпталады.

Ауылдың беделді азаматы сәбиді қолына алып, азан шақырып, ағайын-туыспен бірге таңдалған есімді сәбидің құлағына дауыстап қайталайды. Ежелде ақсүйек әулеттердің баласына есімді молда құран оқып, кітапқа қарап қойған салт та болған екен.

Сәбиге ат қойғанда айтылуы қиын, қатаң дыбысты, жақсы немесе жаман мағына беретін немесе айқайлап тұрған есімдерден аулақ болған жөн.

Ғалымдар есім адамның тағдырына, болмысына әсер ете ме деген сауал төңірегінде ХХ ғасырдан бері зерттеулер жүргізіп келеді. Соның негізінде адам есімдерін зерттейтін антропонимика ғылымы пайда болған. Ғалымдардың зерттеуінше, адамның есімі оның өміріне айтарлықтай әсер етеді екен, баланы неғұрлым көркем есімдермен атаған сайын, оның тұла бойы да соған сәйкес көркемделе түседі.

Ырымға байланысты ат қою

Қазақтар көбіне баласына ырымдап ат қойған. Мысалы, ертеректе бала туылысымен ең алғаш кездескен кісінің атын қою дәстүрі болған. Мұны жақсы ырымға балаған. Сәбиге көз тимесін, өмірі ұзақ болсын деген мақсатпен мағынасы ерсі немесе сиқысыз есімдерді қойған. Мысалы, Сасық, Қисық, Шоқпыт және т.б. Бірақ қазір бұлар ескірген ырымдардың қатарында қалған.

Бұрынырақта балаға қолбасшы, пайғамбар, батырлардың есіміндерін берсе, бала оны көтере алмай, ауырып қалады деп те сенген. Сондықтан ондай есімдерді бергеннің өзінде баланы есейгенше еркелетіп, кейін басқа атпен атаған.

Адамның есімі оның тағдырына әсер етеді дегенді ескерсек, ежелде бала аурушаң болса  немесе үлкен қасіреттен аман қалса, оның тағдырын өзгерту мақсатында есімін де өзгерткен. Алайда мұндай ырымның қаншалықты өмірде іске асқандығы жайында нақты деректер жоқ.

Есімдерді ырымдап қоюдың  негізгі 15 түрі бар:

Ырымдар, есімдер.

Балаға артық саусағына қарай ат қою:

Артық, Артықәлі, Артықбай, Қосекен.

Балаға тіл-көз тимейді деген ниетпен ат қою:

Жаманбай, Қойшыбай, Ошақбай, Тезекбай.

Баланың дені сау, жаны берік болуы үшін ат қою:

Тасболат, Тастемір, Шымырбай.

Баласы шетіней берген шаңырақта жас сәбиге ат қою:

Аман, Аманкүл, Есен, Жүрсін, Тоқтар, Тұрсын, Тұрсынкүл.

Бала-шағаларының өмірі ұзақ болсын, көп жасасын деген ниетпен ат қою:

Жанұзақ, Жүзбай, Жүзжасар, Мыңжасар, Өмірбек, Сексенбай, Тоқсанбай, Ұзақбай.

Бұрын-соңды болған қару-жарақ аттарына байланысты ат қою:

Қылышбай, Мылтықбай, Найзабек, Садақбай, Шоқпарбай.

Солардай атақты, беделді, құрметті болсын деген ниетпен елдің ардақты азаматтарының атын беру:

Абай, Абылай, Ғабит, Жәнібек, Махамбет, Қазыбек, Әлихан, Сәбит, Сәкен, Сырым, Ыбырай.

Ерекше көзге түскен белгілеріне қарай ат қою:

Анарбай, Қалдыгүл, Қалдыбай, Құдірет, Меңдібай, Меңдігүл, Сүндет.

Ислам дінінің әсеріне байланысты ат қою:

Ғали, Жамал, Зылиха, Иса, Мұхаммед, Омар, Оспан, Сүлеймен, Хадиша.

Қыздың есіміне аспан әлемінің, аңдардың, асыл тастардың, қымбат маталардың, нәзік өсімдіктердің атын қою:

Айман, Алтын, Еңлік, Жібек, Жұлдыз, Күміс, Құралай, Мақпал, Меруерт, Раушан, Шолпан, Шынар.

Мерзімінен бұрын дүниеге келген балаға ат қою:

Лекер, Шалабай, Шалабек.

Көп күткен, тілеп алған, мұрат-мақсатыма жеттім-ау деген ниетпен ат қою:

Тілеуқабыл, Тілеуберген, Құдайберген, Арман, Бақыт, Мақсат, Мұрат, Қуаныш

Соңғы бала деген ниетпен ат қою:

Кенжебай, Кенжегүл, Кенжетай, Еркебала.

Төрт түлік мал, аң мен құстарға байланысты ат қою:

Арыстан, Аюбай, Бота, Ботагөз, Бүркіт, Қойшыбай, Сандуғаш.

Келесі бала ұл болсын деген ниетпен ат қою:

Ұлбала, Ұлжан, Ұлболсын, Ұлту, Болған, Тойған.

Басқа халықтардан енген есімдер

Қазақтарда сонымен қатар, өзге халықтардан сіңген есімдер өте көп. Айтылуы да, естілуі де әдемі, өзге тілде жақсы мағына беретін есімдерді қою соңғы жылдары кең танымал болуда. Әсіресе, қазақтарда ежелгі түркі, араб, иран есімдері көп. Мысалы, ежелгі түркі есімдері: Едіге («жақсы»), Ораз («байлық, сәттілік»), Манас («Сұмдық алып»), Бөкей («батыр, мықты»).

Араб есімдері: Абылай («ата, әке»), Аида («сыйақы, пайдалы»), Әсел («бал»), Әмина («сенімді»), Асхат («бақытты, сәтті»), Ғазиза («сүйікті, қымбатты»), Ғани («бай»), Данияр («жақын, таныс»), Динара («күміс ақша»), Жамал («әдемі, тартымды»), Қадір («құрметті»), Қайрат («күшті, қуатты»), Мәлік («патша»), Мұхит («мұхит, қоршаған орта»), Мұхтар («ерекше, таңдамалы»), Рәзия («сүйікті, тартымды»), Сәбит («нық, сенімді»).

Иран есімдері: Айдана («ақылды, дана»), Айнагүл («таза, мөлдір»), Ахан («темір»), Бақтияр («бақытты, қалаулы»), Бибігүл («Гүл шашқан ханым»), Дана («данышпан, ақылды»), Жәния («нәзік жанды»), Раушан («көрнекті, ашық-жарқын»), Рүстем («батыр, ержүрек»).

Қазірде түрік (Айлин, Әмина, Айша), ұйғыр (Ділназ, Гүзел, Адель, Гүлзар, Арслан), татар (Замира, Зухра, Мунира, Насима) есімдері қазақтар арасында кең таралуда.

   Шолпан Орынбаева,

Қостанай облысы  Лисаков қаласы.

Бөлісу: