Қарин Президент баяндамасындағы маңызды қағидаттарды атады

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин президенттің айтқанынан негізгі месседждерді атап өтті, деп хабарлайды dasturkb.kz.

Президенттің бүгінгі сөйлеген сөзінде мынадай негізгі месседждер болды:

1. Саяси реформалар жалғасады, саяси жүйе одан әрі жаңғыртыла береді.

2. Қазақстан – дамудың жаңа үрдісін қалыптастырып, түбегейлі реформа жүргізіп жатқан геосаяси төңіректегі бірден-бір мемлекет.

3. Мемлекет басшысы өзінің сөзінде алғаш рет Amanat партиясын ғана емес, Парламентке өткен басқа да партияларды атап өтті. Осылайша партиялардан дербес тұрған саяси төреші мәртебесін тағы бір рет көрсетті.

4. Мемлекеттің басты назары өзекті экономикалық мәселелерді шешу жағына ойысады.

5. Шағын және орта бизнесті дамыту ісі енді мемлекеттің экономикалық саясатының өзегіне айналады.

6. Барлық әлеуметтік топ өкілдеріне қатысты мемлекеттік қолдау шараларына тоқталған Президент өзінің саяси бағдарында әлеуметтік мәселелерге баса мән беретінін айқын аңғартты.

7. Президент ұзақ мерзімге арналған стратегиялық жоспарлауға қатысты ұстанымдарды жаһандық үдерістерді ескере отырып, қайта қарауды ұсынды.

Ең бастысы, Президент басты мақсатына жету, яғни халықтың әл-ауқатын арттырып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолында өзі бұған дейін ұсынған негізгі қағидаттарға арқа сүйейді. Бұл қағидаттар – заң үстемдігі, ел бірлігі, әлеуметтік жауапкершілік және ішкі саяси тұрақтылық, — деді Ерлан Қарин.
Бөлісу: