Үстіміздегі жылы Қазақстан халқы бірнеше маңызды мерейтойды атап өткізгелі отыр. Солардың қатарында — «Конституциямыздың 25 жылдығын, Алтын Орданың 750 жылдығын, Әл-Фарабидің 1150-жылдығын, Абайдың 175-жылдығын мемлекет деңгейінде атап өтетін болдық. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына ширек ғасыр толады. Тиісті іс-шаралардың барлығын ысырапшылдыққа жол бермей, мазмұнды ой тудыратын деңгейде өткіземіз», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2020-шы Жаңа жылға арналған құттықтау сөзінде.
Осы мерейтойлардың ішіндегі ең маңыздыларының бірі – ол Абай Құнанбайұлының 175-жылдығы. Ол туралы Мемлекет басшысы Қ.-К.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деген мақаласындағы айтылған пікірлері мен тұжырымдары бізді қатты қуантты. Өйткені Президентіміз айтқандай, қазіргі өркениетті мемлекеттердің барлығы дерлік шоқтығы биік тарихи тұлғаларымен мақтана алады. Олардың қатарында саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қолбасшылар, ақын-жазушылар, өнер және мәдениет майталмандары бар. Қазақ жұрты да біртуар перзенттерден кенде емес. Солардың ішінде Абайдың орны ерекше.
Қасым-Жомарт Кемелұлы осы еңбегімен Абайдың ақындық, ағартушылық және оқымыстылық дарындылығына тоқталып қана қоймай, оның қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер ретінде күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлағанын жан-жақты дәлелдеп отыр. Абай Құнанбайұлы – ұлы ақын, ойшыл, саяси қайраткер және біздің еліміздің тарихында үлкен із қалдырған адам. Ол әдебиеттің дамуына ғана емес, сонымен бірге Қазақстан, Ресей және басқа да Еуропа елдері арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға үлес қосқан, сондықтан қазақтың бітім-болмысын, мәдениеті мен әдебиетін бүкіл әлемге Абай арқылы таныту керек дейді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Кемелұлы мақаласының басты ерекшелігі – ол бұл еңбегінде Абай туралы ой-пікірлерін қазіргі заманғы талаптармен үйлесімді ұштастырып отыр. Оның айтуынша, қазір әлем күн сайын емес, сағат сайын өзгеруде. Барлық салада жаңа міндеттер мен тың талаптар қойылуда. Ғылымдағы жаңалықтар адамды алға жетелейді. Ақыл-оймен ғана озатын кезең келді. Заман көшіне ілесіп, ілгері жылжу үшін біз сананың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл қадам өркениеттің озық тұстарын ұлттық мүддемен үйлестіре білуді талап етеді. Мұндай кезде өзіміздің таптаурын, жадағай әдеттерімізден бас тартуымыз қажет. Абайдың кейбір қарекеттерге көңілі толмай, «Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап» деп үнемі сыни көзбен қарауының себебі осында. Ақын ел-жұртын түрлі өнерді игеруге үгіттеді. Соның бәрі уақыттың талабы екенін ол анық аңғарып, ұлтына ертерек үн қатты. Тіпті қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді, дейді Президетіміз.
Сондықтан, Мемлекет басшысының пікірінше, біз Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет. Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды. Оның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі.
Қасым-Жомарт Кемелұлының мақаласында көтерілген мәселелердің барлығын қайталамай-ақ, бұл еңбек маңыздылығы жағынан, менің ойымша, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақалаларымен тікелей ұштасып жатыр, өйткені бұл еңбекте Абайдың сарқылмас бай рухани мұрасы арқылы қоғамдық сананы қайта түлетудің кезекті көкейкесті міндеттері туралы айтылған.
Сол міндеттерді халық арасында кеңінен насихаттап, жүзеге асыруға белсенді атсалысу – біздің ғалымдарымыздың абыройлы парызы деп санаймын.
Талғатбек Әминов, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының
аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к., доцент