Тәуелсіздікті алған жылдарындағы оқиғалардың бірі және бірегейі шет жұртта жүрген қандастарымыздың Атажұртқа оралуы2016 жылы Қазақтың әлемге тарыдай шашыраған қандастарын Атажұртқа шақырған ресми құжатты қабылдағанына ширек ғасыр толды. Тәуелсіздігімізбен қатар келген бұл мереке елеусіз қалған жоқ. Нұрсұлтан Әбішұлының Дүниежүзі қазақ құрылтайындағы баяндамалары, парламенттік мінберде жиі жасап жүрген мәлімдемелерінде әрқашан шетелдегі қазақтарға Атажұрттың құшағы айқара ашық екенін айтты.«Елге ел қосылса құт» деп дана халқымыз айтқандай, егемендікке енді жеткен тұста алыстағы бауырлардың оралуы үлкен демеу болғаны ақиқат.Қандастар мәдениетіміз бен руханиятымыздың, экономикамыздың дамуына, тіліміздің мәртебесін арттыруға, дәстүріміздің жаңғыруына үлкен үлестерін қосып қана қоймай, демографиялық жағдайымызға да игі әсерін тигізді.Осы бір ілекпен Манғолиядан қандасымызСәметқызы Күләшхан отбасымен ата жұртқа 2006 жылы Алматы облысы Қаратал ауданына көшіп келді. Атажұртқа көшкен кезінде атасының қолынан жасалған көптеген қолөнер бұйымдарында ала келген. Тарихы тереңде ғасырлық тарихы бар ертоқымын Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейіне тапсырған болатын.Атасы Омар Суықбайұлы 1880 жылы 1 желтоқсанда Өскемен қаласында дүниеге келген. 1937 жылдары ашаршылық заманда Қазақстаннан Қытай шекарасына өтіп, Қытайдың Ақсай өлкесінде тұрақтаған. Омардың әкесі Суықбай асқан шеберлігімен темірден түйін түйгн, теріден қайыс өрген, былғарыдан етік тіккен, ағаштан өрнек өрген ұста, шебердің қолөнер жұмысы ұсталық өнерімен Қытайдың Ақсайөлкесінде аты шыққан қолөнерші болған. Омар Суықбайұлының ұсталық өнерінен басқа балуан спорт өнерінің қас шебері деседі. Балуандығын дәлелдейтін Қытайдың Алтай өлкесінде Көктоғай деген жерінде Омардың өзі көтерген тасы қойылған. Қалмақтың балуанмен күрескенде екі қолын шынжырлап байлап -матап ел алдына әкелетін. Күнінде қара күштің иесі өгіз балуан атанған. Омар атамыздың көрікпелдік қасиеттері және жұлдыздарға қарап болжам жасайтын өнеріде болған. Омар атамыз өмірден өтерінен бір апта бұрын кенже ұлы Зейнелғабылға түсінде аян бергенін айтып, жерлейтін жерін көрсеткен. Омар Суықбайұлы 1985 жылы 7 желтоқсанда 105 жасында өмірден өтіп Қытайдың Ақсай өлкесі Құмыл аймағына жерленген. Омар Суықбайұлынан Сәмет, Зейнолла, Зейнеп, Зейнелғали 3 ұл 1 қыз ұрпақ тараған. Бабадан атаға, атадан балаға дарынды қасиеттер Омар Суықбайұлының ұлы Сәметке дарыған.
Қазақ халқының өмірінде ағаштан жасалатын үй және тұрмыстық бұйымдарының алатын орны ерекше. Ағаш өңдеуді кәсіп еткен шеберлерді халық, олардың жасайтын бұйымдарына қарай «үйші», «ерші», «арбашы», «ұста», «саз аспапшы» деп атаған.Көшіп қонып, мал баққан қазақ халқы үшін көліктің негізгі түрі — салт ат, соған орай ер-тұрман жабдықтарының алатын орны да өзгеше.Ағаштан жасалған бұйымдарды көркемдеп өңдеудің ең ежелгі түрі оған өрнек ою болып табылады. Адам баласы ғасырлар бойы ат әбзелдерін ою-өрнекпен көркемдеп безендіріп отырған.Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мұрасының рухани да материалдық қазынасының қомақты бөлігі ұлттық қолөнер.Халық қолөнерінің түп тамыры халықтың өмір сүру салтымен, шаруашылық дәстүрімен тығыз байланысты. Ғасырлар бойы уақыт елегінен өтіп ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ұлттық қолөнер бабалардан қалған мәдени мұрамыздың ең асыл құнды қазынасының бірі. Ол жаңа заман талаптарымен үндесе тарап ақыл-ойды асқарға, қиялды қиялға жетелейтін киелі мұра.Қолөнер туындыларын жасау белгілі бір көркемдік ұстанымды сақтауды талап ететіні белгілі.Көне заманнан бері көшпелі халықтың өмір қажетіне сай қалыптасқан айрықша құрал-жабдық және өнер туындысы. Ұлы Абай:
«Ер қосқанға ұқсайды сөз сөйлемек,
Қиыстырып қиыннан айтсам демек.
Атқа жайлы, мінуге және ыңғайлы,
Алды-арты бірден келсін дөп-дөңгелек»,- дегенде ер қосу өнерінің аса қиын да, қажетті өнер екенін айтқан.
Бұлардың ішінде қазақ халқы арасында көп тарағаны қазақы ер. Оның екі түрі әйелдерге және еркектерге арналған түрлері қолданылады.Еркектерге арналған ердің сүйегі жұқа және ықшамды, өте жеңіл келеді. Мұндай ерлерді онша әшекелемейді, тек жасалуына көп көңіл бөліп, жете өңдейді.Әйелдерге арналған ердің сүйегі ауыр, әшекейі мол, алтын, күміс, асыл тас, сүйек мүйізбен әшекейленеді.Балаларға арналған ерді- ашамай дейді. Ер бала дүниеге келгенде қазақ оған арнап жаңа туған құлын бәсірелейді. Сол бәсіресі тай, құнан болғанда үкі тағып, ашамай жасатып, баланы мінгізген. Ашамайдың алдыңғы және артқы қасы, қос қапталы болады.Ашамайда үзеңгінің орнын қоржын тәрізді тоқылған немесе ақ киізден басылған тепшік қолданылады.Ертоқым бабаларымыздан қалған ат әбзелдерінің бірі. Жылқыны жайдақ үйреткен көшпенділер, оған жайлы болу үшін ертоқымды да ойлап тапқан еді.
Ер тоқымның құрамында:Ертоқым, қалбыр тоқым, үзеңгі,құйысқан, өмілдірік, Қанжыға, Қайыс бау. Осының бәрі ағаштан ойылып, тері мен былғары, асыл тастармен жасалған қаңқаны толықтырып ер-тоқым атауына ие болады. Қалбыр тоқым (Терлік) — аттың арқасына жабылатын көлемі тоқымнан сәл үлкен терді сорып тұратын былғары материалдан даярланады. Қалбыр тоқым үстіне ерді қоямыз.Қайыс бау (тұрман) — Ер тоқым әрі бері жылжымас үшін және екі қапталға ауып кетпес үшін ойлап табылған қайыс бау.Үзеңгі — атқа жерден тез міну үшін ойлап табылған тепкішік немесе ілмек. Бұлда ердің ағаш қапталына қайыспен байлану арқылы ердің бір бөлігіне айналады.Құйысқан-бір ұшы аттың құйрығына ілініп, екі ұшы ердің екі қапталына бекитін құрылғы.Бұл ер тоқымның алдыға қарай жылжып кетпеуі үшін қажет.Өмілдірік— керісінше аттың кеудесінен (төсінен) ердің алдыңғы екі қапталына бекитін құрылғы. Бұл ер тоқымның артқа жылжымауын қамтамасыз етеді. Көбіне бәйге аттарына (шоқтығы биік) жылқыларға қолданылады.Қанжыға-ердің артқы екі қапталына бекіген екі бау. Бұл аулаған аңыңды байлап алуға немесе қажетті заттарыңды байлап алуға арналған бау.
Сәметқызы Күләшхан. 1974 жылы 27 желтоқсанда Қытайдың Шйнжаң өлкесі Құмлы аймағында дүниеге келген. Күләшханда өнерден құралақан емес. Мектеп қабырғасында жүріп темірден қиындылар қиып, ағаштан кермелер керіп қолөнер жұмыстарымен айналысқан. Қытайдың Санжы Сыпан атындағы техникумында «Қолөнер» мамандығы бойынша диплом алып шықты. Шйнжаң өлкесінде өзі білім алған Қызылжұлдыз мектебінде 10 жылға жуық қызмет еткен. Ата жұртқа 2006 жылы Алматы облысы Қаратал ауданына отбасымен көшіп келген. Күәш Сәметқызының мақсаты ата-бабасының тұтынған бұйымдарын Қазақстанның әр қаласындағы музейлерге тапсырып, елбасының жолдауында айтылған рухани жаңғыруға өз үлесін қосып жүрген жанашыр жанның бірі.Күләшханның жолдасы Кәдірбек Нұрақынұлыныңда қолөнер шығармашылығымен айналысатын білдік. Отбасымен өнердің шыңына жеткен шеберлер деседе болады. Сұңқар, Елікай, Марғұлан атты ұл мен қызға қазақ ұлтының негізгі тәрбиесін сіңіре білген ата-ана. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып кележатқан шеберлер әулетінің көненің көзі болған шебердің Ертұрманын қала тұрғындары мен қонақтары көріп тамашалауда.
Күләшхан Сәметқанқызы «ЭКСПО-2017» Астана қаласында өткен көрмеге қолөнер бұйымдарымен қатысқан, Алматы облысында өткізілген шеберлер байқау-көрмелердің қатысушысы. Бүгінде қолөнер жұмысымен гобелендік тоқыма бұйымдары Астана, Алматы, Қазақстанның музейлерімен жеке тұрғындар қолында сақталған.
Камшат Тоғаева, Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің экскурсия жүргізушісі