Әлия Жұматова – 1959 жылы 1 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласында дүниеге келген.
С. Сейфуллин атындағы орта мектепті, 1981 жылы ҚазМУ-дің заң факультетін бітірген.
Түркістан аудандық прокуратурасында жауапты қызметтер атқарған. Жолдасы – Тәжібек Мұсаев – Түркістан қаласы әкімінің орынбасары. Екі ұл, бір қыздан жеті немере сүйіп отыр.
– Әлия ханым, айтыңызшы, сізді қолдан ұзатты ма?
– Иә, мені әке-шешем қолдан ұзатты. Маған сырға салуға екі адам келді. Сол жолы ата-анамды құдалыққа шақырып кетті. Әке-шешем туыстарымызбен құдалыққа барып келген соң, ол жақты менің әке-шешем шақырды.
Құдалар «сырға салу», «есік ашу» және «құдалық» жолымен бір-ақ келді. Сөйтіп, жеке отау құрдық.
– Қазіргі таңда Түркістанда қалыңмалдың көлемі қанша болды?
– Қазіргі таңда Түркістан өңірінде қалыңмал бес жүз мың теңгеден басталады, ал «өлі-тірі» – отыз мың теңге немесе бір қой алып барады. Мен орташа бағаны айтып отырмын.
«Ана сүті» деп қыздың анасына жүз мың теңге береді.
– Ана сүті» мен «Өлі-тірі» қалыңмалдың ішіне кіре ме?
– «Өлі-тірі» мен «Ана сүті» қалыңмалға кірмейді.
– Қыздың жасауы осы қалыңмалға қарай жасалып жатқан шығар?
– Біреулердің құда шақыруға шамасы келмей, кейінге созылып кетуі мүмкін. Бірақ «қызға жасау беру (төсек-орын) ананың мойнына қарыз» дегенді әжелерімізден естіп өстік. Қазір сексеннен асқан өзімнің шешем де: «Қызға міндетті төсек-орын беру керек» деп үнемі айтып отырады.
Тағы бір айтпағым құрақ көрпеше – «жастардың бастары құралсын» деген ырыммен жас отауға арналып жасалады. Маған төсек-орын жасарда көзге көрінбейтін, тіптен еленбейтін – сыпыра, оқтау-тақтай, қыстыгүні пешке қолданылатын тұрмыстық құралдарды да берді. Өйткені сол кезде 94 жастағы әжем «жасауы жақсы болса, үй болуы жеңіл болады, ертең қиналмайды» деген екен. Шынымен де, үй-жай болғанда ешқандай қиналған жоқпыз. Күйеуім екеуміз қызметте болдық. Анам үнемі «еріңді сыйла, құрметте» деп ескертіп отыратын.
Жас отбасының іргесі берік болуына, шаңырақтың шайқалмауына қыздың анасының атқаратын рөлі айрықша. «Анасын көріп, қызын ал» деген тәмсіл бекер айтылмаған.
– Қыздың жасауына «қалыңмалдың» қаржысы жете ме?
– Қалыңмалға берген ақша не болады дейсіз. Қыздың әке-шешесі жоқ дегенде, міндетті түрде жатын бөлме жиһазы, мұздатқыш, теледидар, кіржуғыш машина, көрпе-төсек, сандық, ыдыс-аяқ, тағы сондай қазргі техникаларды апарады. Сонымен қатар, қыздың қыстық, жаздық киімдерін апарады. Қыз берген жақ әжептәуір шығындалады. Өйткені қызымның еңсесі түспесін, жүзі жарқын, абыройлы болсын дейді.
– Құдаларға киіт қоюдың белгіленген мөлшері бар ма?
– Құдаларға киіт қоярда заманның ағымына қарай екі жақ бір-бірін «тәтті шайға» шақырып, бір-бірімен танысып, той күнін белгілеп, алыс-берісті өзара келісіп алады.
Бір-бірінен қалыспай, құдаларына машина мінгізген құдалықтың да куәсі болдым. Осыған қарағанда киіт кигізу – құдалардың шама-шарқына қарай беріледі.
Менің бір байқағаным, киіт киіп қайтса, көңілі марқайып келгенін, киіт қоймаса, «қуыс үйден құр шықпа» деп бір мата берсе қайтеді екен» деп қайтатынын көрдім. Меніңше, құдалардың бір-біріне киіт қойғаны дұрыс деп ойлаймын. Бірақ шапан, мата емес, құдалықтан естелікке қалатындай, кәдесый – сувенир – киізден, ағаштан жасалған жабдықтар, қару-жарақ, картина, алтын-күмістен жасалған заттар болса, құба-құп. Себебі, қазақтың басқа халықтан ерекшелігі де осы салт-дәстүрінде жатқан жоқ па?
Қыз босанып, сәбиін алғаш рет әке-шешесіне алып барғанда немесе шақырғанда жиен немересіне бәсіре атайды. Бәсіреге – қой, сиыр, құлын береді.
– Әңгімеңізге рақмет!
«Дәстүр»