Ұлттық ойындарды заманауи үрдісте қолданудың алғышарттары

 

Қазақ халқы – алуан түрлі тарихи жағдайларды бастан кешкен халық. Біздің халқымыз әр дәуірде әлеуметтік-экономикалық түрлі формациялардан өтті. Олардың ізі тарихи даму жолымызда қалды. Ұлттық ойындар халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларына байланысты туып, дамығанына қазақ халқының ұлттық ойындарымен танысу барысында көзіміз анық жетеді.

Қазақтың ұлттық ойындары, жалпы алғанда, тақырыпқа өте бай және әр алуан болып келеді. Қазақ халқы өзінің ұзақ өмір сүру дәуірінде ойынның неше алуан түрлерін туғызып қана қойған жоқ, оларды іс жүзінде қолданып, олардың тәрбиелік, білімдік жақтарын да көре білді.

Бүгінгі уақыт мектеп мұғалімдеріне жастарды жаңа заман талаптарына сай, әрі озық ұлттық дәстүр рухында тәрбиелеп, өмірге әзірлеу секілді жауапты міндеттер жүктеп отыр. Бұл тұрғысында еліміздің әр өңіріндегі әдiскер ұстаздардың тиімді де ұтымды сабақ беру, үйрету тәсілдері бар екенінен хабардармыз.

Әр дәуірдегі ұрпақ тәрбиесі қашан да жалпыадамзаттық, адамгершілік ұстанымдарды басты бағыт етіп алады дегенімізбен, әр кезеңнің, атап айтқанда, бүгінгі күннің ұрпақ тәрбиесіне деген өз талабы, өз ерекшелігі бар. Халқымыз осындай жағдайларға орай: «Тауына қарай аңы, заманына қарай заңы», – деп айтқан екен. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі отыз төрт жыл ішінде еліміз еңсесін көтеріп, ана тілін, ата салтын, дәстүрін барынша қайта түлетуде. Жаңарған елге, жаңа тіл заңы және тұжырымдамалар мен бағдарламалар тәрбие жүйесіне жаңаша көзқарасты ұрпақ тәрбиелеуді талап етуде.

Жастарды жаңа заманға сай тәрбиелеу үшін ұстаздар қауымы оқу-тәрбие жұмысына шығармашылықпен қарап, оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін қолдануы керектігі анық. Сондықтан да тиімді оқу-тәрбие негіздерінің бірі – ұлттық ойындарымыз екендігін, олардың бала тәрбиесіндегі әлеуеті зор екендігін әрдайым ескеруіміз қажет.

Ұлттық ойындарды ойнату арқылы оқушылардың өзіндік салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына деген сүйіспеншілігі барынша артады.

Жалпы, педагогика ғылымында жас балалардың ойын әрекетінің оқу мен тәрбие үрдісінде алатын орны туралы ертеден мән берген. Бұдан шығатын қорытынды – ойын әрекеттері оқу мен еңбек іс-әрекеттерімен бірге адамның өмір сүруінің маңызды бір сипаты болып табылады.

Ойын – іс-әрекет әрі ойынның өзі адамның мінез-құлқын өзі басқарумен анықталатын қоғамдық тәжірибені қалыптастыруға арналған жағдаяттар негізіндегі іс-әрекеттердің бір түрі. Осыған орай, жалпы адамзат тәжірибесінде ойын әрекеті мынадай қызметтерді атқарады деп қарастырамыз. Ойынның жалпы сипаттары мынадай:

– ойын – сауық;

– коммуникативтік немесе қарым-қатынастық;

– диагностикалық (ойын барысында өзін-өзі шолу);

– өзгеру (өзін-өзі түзеу);

– әлеуметтендіру.

Бұл аталғандардың барлығы ойынның адамның дамуына, қалыптасуына, тәрбиесіне байланысты үлкен рөлге ие қызметтері болып саналады, әрі заманға сай өзге де қызметтері айқындалуы мүмкін.

Ойын – ес біле бастағаннан-ақ шұғылданатын, адамның өміртанымының алғашқы қадамы. Сол себепті де ойын арқылы балалар өмірден көптеген мәліметтер алып, білімін жетілдіреді. «Ойын – баланы өсіреді», – деп айтудың мәнісі осында болса керек.

Ойын – адам баласының дүниетанымдық көкжиегі қалыптасуының алғашқы қадамы болып саналады. Ойынды әдетте, әдепкі жағдай ретінде   қарастырамыз. Сондықтан да ойын, бір қарағанда қарапайым құбылыс не әрекет іспетті болып сезіледі. Ойын жекелік емес, міндетті түрде ұжымдық әрекет ретінде өмір сүреді. Ойынның ережелері ойнаушылардың қимылдық ой қабілетінің дамуына сәйкес белгіленеді, ойыншылардың бір-біріне деген сыйластық қажеттіліктерімен санасуы әр ойыншының жеке әрекеттерінен туындайды. Ойынның басты шарты – жеңіске жету болса, әр ойыншы өз қарсыласының мүмкіндігімен санасып, бір-біріне деген сенімін арттырады, ұжымшылдыққа, өзара бауырмалдыққа тәрбиеленеді.

Әрбір ойын түрінің шығу мен оны ойнауда өзіне тән сарындары болады. Мысалы, мазмұндық, рөлдік ойындар жас баланың зейінін, есін, ойлауын, қиялын қалыптастыруда зор маңыз атқаратынын психолог ғалымдар дәлелдеген. Ойын – баланың өз-өзіне деген сенімін қалыптастырады, ойынның әсері арқылы бала өз бойындағы қабілетті қалай дамыта алатынын, қасиетін қалай қанағаттандыра алатынын бағдарлай алады, бойында өзгелерге қарағанда қандай артықшылық қабілеті бар екенін байқап көреді, сезіне алады. Ал ақыл-ойды қажет ететін ойындарда бала белгілі бір ережелерді сақтап ойнауға дағдыланады. Өз кезегінде ол ойындар баланың тапқырлығын, байқағыштығын, зейінділігін арттыруымен қатар, өжеттікке, батылдыққа және басқа да жағымды қасиеттерге де баулуға игі әсер етеді.

Жалпы, педагогикда, оның ішінде халықтық педагогикада баланың күнделікті ойынына, оның түрлеріне ерекше мән беріледі; өйткені балалық шақта қалыптасатын олардың түйсігі мен әсері ересек адамның көңіліне, таным-түсінігіне өмір бақи өшпестей із қалдырады. Бала әдетте ойын арқылы өзін толқытқан бүгінгі қуанышын, ренішін, асқақ арманын білдіре алады және күні ертең сол арман-қиялын өмірде жүзеге асыруға деген ұмтылысқа түседі, орындауға мүмкіндік алады. Сөйтіп бүгінгі ойын, бейнелі әрекет – адам өміріндегі орындалған мақсатқа, ертеңгі шындық ақиқатқа айналатын кезі аз емес екені өмір тәжірибесінде жиі кездеседі.

Нақтылай айтқанда, болашақ тұлғаның, елге белгілі қайраткердің тәрбие жолы бала кезіндегі достарымен бірге ойнаған тәлімдік өнегелі ойынынан бастап қалыптасады.

Ойын мен еңбектің бір-біріне ұқсас сипаттары көп. Себебі, екеуі де қимыл-әрекетке құрылған үрдістер. Осындай ұқсастықтарына қарай кейбір педагог ғалымдар оларды «жақсы ойын» «жақсы жұмыс» сияқты деп қарастырып, бұлардың арасындағы айырмашылық шамалы деген түйін жасайды. Демек, ойын мен жұмыстың мұндағы көзге айқын көрінер ұқсастығы – сезімде деп қорытынды жасауға болады, яғни жақсы ойын да, жақсы жұмыс та адамның көңілін қуаныш пен шаттыққа толтырып, рақат сезімге бөлейді. Бұл жерде ескерерлігі: баланың ойында да жұмыстағыдай белгілі бір  деңгейде талап ететін жауапкершілік, мақсат болуға тиіс. Жұмыс пен ойынның айырмашылығын былай деп тұжырымдауға да болады: баланың ойыны нақты материалдық, рухани байлық жасай алмайды, ол бұрынғы дайын трафаретті қайталайды, ал жұмыс қандай бір материалдық, рухани игілікті өндірудің негізгі жолы екені белгілі.

Ойын – баланың көңіл-күйінің алуан түрлі қалпын сыртқа шығарудың қайнар көзі. Баланың қуанышы мен реніші ойында ғана анық байқалады. Ойын негізінде баланың санасында өтетін психологиялық ерекшелік мынадай жағдайлардан көрініс табады:

1) бала ойын барысында ойланады;

2) ойында сезінген әсері ұшқындайды, баланың мақсат жолындағы белсенділігі артады, олардың бойындағы ерік қасиеті, қиял елестері дамиды, баланың  қабілеті мен дарыны ұштала түседі.

Ойын үстіндегі бала бейне бір өмірдің өзіндегідей, қуаныш, реніш сезімінде болады. Онда ойын туралы жасалатын тұжырымдарды былай тізбектеуге болады:

а) Ойын – таптырмас тәрбие құралы, ойын арқылы баланың ақыл-ойы кеңейеді, тілі ұстартылады, сезім күйлері шыңдалады;

ә) балалардың бойындағы ерік пен мінез қасиеттерін бекітеді, олардың бойындағы адамгершілік сапасы артады, жетіледі;

б) ойын барысында балалардың бойында ұжымшылдық сезімі қалыптасады;

в) балалардың айналадағы әсемдік пен сұлулыққа бейжай қарамай, олардан ләззат алуына бағыт беріледі, яғни эстетикалық тәрбие беру жүзеге асырылады;

г) ойын мен еңбектің өзара ұқсастықтары негізінде балаға болашақ өміріне бағыт-бағдар беруге болады, осы арқылы олардың бойында еңбек дағдысы қалыптасады, еңбек тәрбиесін берудің көптеген міндетін шешуге көмектеседі;

д) ойын арқылы балалар бір-бірінен жылдамдық пен ептілікті, шеберлікті үйренеді, осы арқылы өзінің денесін шынықтырады;

Қорыта айтқанда, қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық ойын – өскелең жас баланы жан-жақты жарасымды тәрбиелеудегі психологиялық және физиологиялық негіз болып табылады.

 

Жанар Нұрланқызы,

Гуманитарлық ғылымдар магистрі

Бөлісу: