Ұл баланың тәрбиесі
Ұл бала – қазақта шаңырақ иесі, ер азамат, ата-ананың түтінін түтетуші. Ата-анасына, бауырларына, жарына қамқоршы, ел қорғаны әулеттің тірегі. Шаңырақ иесі, дана, шешен, батыр, ата, аға, іні, жар, ата-ананың мұрагері, отан қорғаушы, ұрпақ жалғастырушы, отбасын асыраушы, асқар тау әке.
Атам қазақ ұрпақ тәрбиесін бір сәт есінен шығарған емес. Ер балаларды елді қорғауға, мал бағуға, табуға, отын шабуға, отбасын асырауға дайындады. Үйдің шаруасын үйрету арқылы экономикалық тәрбиенің көзі болып табылатын үнемшілдікке, тәуекелшілдікке, тиянақтылыққа үндеп, сараңдыққа салынып кетуден жирендіріп отырған. Сондықтан да алаш ұлдары жомарт, ұсақ-түйекке мән бермейтін ер жігіттер болып өсті. Ата-бабаларымыз көшпенділердің заңы бойынша, ұлдарын «батырлық» мектебінде тәрбиеледі. Қазақ «батырлық» мектебінде оларды мергендіктің құпиясын білуге, соғыс өнерінің әдісін, жауының осал тұсын жіті байқау, 7-8 жасынан бес қарудың қыр-сырын ұғындыру жолында тер төккен халық. Қазақ ер баланы 5 жасынан атқа мінгізіп, тұлпарды таңдады. Себебі, қазақтың жалпақ даласын сақтап қалудың жалғыз жолы соғыста тек жеңіске жету ғана болатын.
Сондықтан да бабалар ұлдарынан жауына мейірімсіз, елін сүйген, ержүрек қырандар өсіруге мәжбүр болды. «Ата – балаға сыншы» деп балаларды сынап отыруды есінен шығармаған. Өмірде болған Құнанбай бидің Абай атамызды 13 жасынан бастап ел басқару ісіне араластырғаны мәлім. Уәли хан Шоқанды 3 жасынан хат танытып, 5 жасынан білімге баулыған. Ғұлама ақын Мәшһүр Жүсіп 8 жасында «мәшһүр» (білгіш) атанды. Кенесары үміт артқан ұлы Сыздықты 5 жасынан құмға пышақ қадап қойып, ержүректілігін сынаған. Батыр бабалар Қабанбай 16-ға толмай, Райымбек әулие 15 жасында ерекше ерлік жасады, ел шекарасын бекітті. Қазыбек би, Абылай хан бабаларымыздың 12-15 жасында-ақ ақыл мен асқан алғырлығы дүйім шартарапқа тарапты.
Орынборлық орыс зерттеушісі Николай Середа «Қазақ сұлтаны Кенесары Қасымовтың бүлігі» (1838-1847 жж.)» еңбегінде: жауларын кешірмейтін табанды, жасынан қиыншылыққа мойымауға дағдыланған шыдамдылығы «түйеге тең» деп бір айтса, кедергілерден қаймықпайтын, өз мақсатына жетуде кейін шегінуді білмейтін» деп тағы түйіндейді. Ал тарихшы, археолог, өлкетанушы Алекса́ндр Ма́йердің «Қырғыз даласы…» зерттеуінде «Кенесары ержүрек, айлакер, өркеуде, белгілі қарақшы деп сезімін жасырғысы келмесе де, ол адамдарды маңайына топтастыруға шебер «ұлы қасиеті» бар деп еріксіз мойындайды. Азулы хан, айбарлы қолбасшы Кенесары туралы орыстың ондаған ойшылы батыр атаның ерлігін, елін сүйген асыл тұлғаны зерттеген еңбектері ұшан-теңіз. Кенесары ханды кімнің қалай тәрбиелегені бізге беймәлім болғанымен, бала Кенесарының даланың ұлы аналар мен данышпан аталардың жоғарыда айтқан «батырлық» мектептен өткенінде күмән жоқ.
Қазақ ұлдарын қазан-ошақ, отбасындағы ұсақ-түйекке араластырмай, ел ағалары жақсылар мен жайсаңдарының көсемдері мен шешендерінің сөзін тыңдатқаны аян. Олар бала кезде ерте оянып, сергек болуға дағдыланған. Үйге қонақ келгенде, орнынан атып тұрып, қол алып, сәлем береді, мейманның атын байлайды, есігін ашып төрге шығарады, кетерде аттандырады. Өзге халықтарда кездесе бермейтін үлкенді сыйлау, қонаққа деген құрмет баланың санасына сіңіп, ғасырдан-ғасырға жалғасып келді. Орыс зерттеушісі Александр Левшиннің «Қырғыз-қазақ даласы мен ордаларының келбеті» (Санкт-Петербург, 1832) атты этнографиялық еңбегінде: «қазақ жігіті қызуқанды, рухы жайсаңдық пен ізгілікке тән, ержүрек, олар ылғи да жайдары жүреді, жалпы, сергек әрі еліктегіш келеді», – деп баяндайды. Бұл мінез бозбаланы әдептілік пен кішіпейілділікке, парасаттылыққа баулиды.
Өткен ғасырдағы классикалық шығармаларда ұл баланы ел қорғайтын отаншыл, ұлттың намысты азаматы, жомарт, әділ, үлкенге қайырымды болғанын суреттейді. Осындай тәрбиенің нәтижесінде Ұлы Отан соғысында қаһарман ерлік жасауда саны жағынан біздің халық көш бастады. Бұл тәрбиенің негізін қалаушылар қазақтың дана аталары, әжелері мен аналары еді. Қазақта әкені сыйлау деген ұғым іс жүзінде аса жоғары деңгейде болған. Баршамызға аян Абайдың әжесі Зере мен анасы Ұлжанның бейнесі еріксіз ойға оралады. «Абай» эпопеясындағы мына эпизодты еске түсіріп, кітап бетін ашсақ: «Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әкесінің үйіне күн кешкіре жеткен, 13 жасар шәкірт бала – Абай аттан түсіп, көп ішінен ең алдымен өзінің шешесі Ұлжанды көріп, соған қарай жүре беріп еді, шешесі анадай жерде тұрып:
– Әй, шырағым, балам, әуелі ар жағыңда әкең тұр… Сәлем бер! – деген.
Абай жалт қарап, жаңа көрді. Анадай жерде, қонақ үйдің сыртында, қасында екі-үш үлкен кісі бар, әкесі Құнанбай тұр екен. Ыңғайсызданып, қысылып қалған бала, шешесінің сондайлық салқын сабырының мәнін ұқты да, әкесіне қарай тез бұрылды». Мұхтар Әуезов қазақта ерлердің отбасында жоғарғы беделін ғана емес, әйелдердің еріне деген құрметін бала бойына ерте жастан сіңіргендігін аңғартады. Үлкенді сыйлау, құрмет тұту дәстүрлері қазақтың қанына ғасырлар бойы қалыптасқан айнымас салт.
Бала 13-15 жасқа толғанда «көршілес ауылдағы ақсақалдарға сәлем беріп кел» деп жіберетін болған, ондағы мақсат: абыз қарттардан өнегелі сөз тыңдасын, ел ішінде не болып жатқанынан хабардар болсын, елде кімнің жақсы, кімнің жаман екенін білсін, жаман мен жақсылықтың аражігін айырсын, тарихта болған оқиғаларды тыңдап, байтақ даланы батыр бабалардың қалай қорғағанын санасына сіңіріп, құлақғына құйсын дегені. Сондай-ақ қазақтар баланы бала демей, дана деп құрметпен қараған, әрі баламен бірге ойнап, ойын арқылы да білім мен тәрбиені қатар ұстанған ел.
Қазақ ұлын 4-5 жасында атқа мінгізген күннен бастап «сен ер жігітсің, еліңді қорғайсың, бізді асырайсың» деп балаға таудай жауапкершілік артқан. «Балаңды 5 жасқа дейін хандай көтер, 15 жасқа дейін құлдай жұмса, 15-тен асқасын досыңдай сырлас, сыйлас» деген ғибратын ескерді деуге бола ма? Тарихта осындай тәрбие алған балалардан ел тұтқалары бір сөзбен айтқанда, олар ержеткенде нар мінезді, бір сөзді, байсалды, жаны да, қолы да жомарт, бәрінен намысты жоғары қоятын жайсаң жігіттер өсті. Біздің бабаларымыз ұлын ежелден батыр, ел тұтқасы болуға лайық елім, жерім дейтін ұрпақ тәрбиеледі.
Жасынан қалыптасқан жақсы мінезбен өнер-білім балаға аса қажет болатынын атам қазақ алыстан болжапты.
Данышпан әл-Фараби бабамыз «Балаға қайырымдылық пен жаман қылық әуел бастан жаратылыстан дарымайды. Бірақ қайырымдылық пен жаман қылық жаратылысы тегіне байланысты болуы мүмкін. Сондықтан, оны қандай да болсын, сырттан келетін басқа ниетті қарым-қатынастан қарсы жаққа бағыттап жібермесе, ол әуел бастан-ақ жаратылысынан өзіне оңайырақ соғатын әрекетке бет қояды», – деп баланың генетикалық табиғатын оның әрекетінде басым болатынын сипаттайды.
Осы тұста халқымыздың тегі кім, тегіне қарайды дейтін сөзінің астары да айқындала түседі.
Бүгінгі күнде ұлдардың мінезіне көпшілік ер адамдардың көңілі толмайды. Оның басты себебі, жоғарыда айтып өткенімдей, тәрбиеден кеткен кемістіктер болып отыр. Ал екінші себеп, электрондық ақпарат құралдарындағы ұл балалардың тәрбиесіне теріс әсер ететін бағдарламалар, ер адамдардың тамақ пісіруі, т.б. Мәселен, Ресейдің телеарналарынан көрсетілетін «Иван Царевич и серый волк» мультфильмін бүгінгі күнге лайықтап түсірген. Жасөспірімдердің көпшілігі оны сүйіп көреді. Осы сияқты біздің батырларымыз жайында да тартымды, суреттері әдемі, балалардың психологиясына үйлесімді мультфильмдер көрсетілсе, ұл балалардың отаншылдық рухының көтерілуіне, ер мінездің қалыптасуына игі әсер етер ме еді деген үміт те жоқ емес.
Республикамызда Оралхан Бөкей, Мұқағали Мақатаев, Мағжан Жұмабаев, Абай, Жамбыл оқулары бар. Ал батыр бабаларымызға арналған осындай көркемсөз оқуларын көбейтсе дұрыс болар еді. Мәселен, Райымбек, Қабанбай, Кенесары, Бөгенбай батыр жырлары сияқты. Сондай-ақ бүгінде теледидардан жастарды тек ән-биге шақыратын бағдарламалар көп. Даусы да бар, аузы да бар, ән айтып жүр. Одан да білімге, ғылымға, отаншылдыққа байланысты бағдарламалар санын көбейтсе жөн-ау деген ой айтқым келеді. Себебі, Отан қорғаушы – ер азаматтар. Отанын қорғай білетін жан балалық шақтан қалыптасады. Сондықтан, Отан сақшыларын дайындау басты мәселе.
Қазақтар ер жігіт тәрбиесіне айрықша мән берген. Ұл баланың өмірге келуін «Ұл туғанда, күн туған» деп ерекше бақыт санаған. Себебі, елдің болашағы, атар таңы, кешер күні, бейбіт еркін өмірі, бүгінгі баланың, ертеңгі ер азаматтың қолында емес пе?
Қыз баланың тәрбиесі
Қазақ халқы қыз баланың бойындағы қасиеттерге, олардың тәрбиесіне қай кезде болсын, сонау ерте заманда да өте байыппен, ақылдылықпен қартыңаған. Қыз баланы бүкіл ауыл, ағайын-туыс болып тәрбиелеген. “Ұлың өссе ұлықтымен, қызың өссе қылықтымен ауылдас бол” деп халық даналығын берік ұстанып, қыз баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген.
Қыз балаға кесте тіккізіп, тоқыма, шілтер тоқытып, жүн түткізіп, тағы басқа қолөнер еңбегіне баулыған. Ас пісіртіп, үй жинатқан.
Қазақтың киіз үйі түрлі қолөнер бұйымдарымен безендіріліп, кішкене мұражай іспетті болған. Әдемі безендірілген қазақ үйді мен Алматы қаласындағы Ұлттық мұражайдан, Ә.Қастеев атындағы көркемсурет мұражайында Н.Хлудовтың салған суреттерінен көріп, таңғалған болатынмын. Осыған қарап, қазақ қыздарының, аналарының еңбекқорлығын, өнерлілігін байқауға болады.
Қазақ қыздарының адамгершілігі, ерлігі, инабаттылығы, адалдығы жөнінде баяндайтын жырлар, аңыздар, дастандар баршылық. Қыз Жібек, Баян, Еңліктер, міне, осы ойымыздың дәлелі. Халқымыз қыздарын алақандарына салып, аялап, олардың киім-киісіне, сыртқы сымбатына өте сын көзбен қарап, үлкен мән берген. Қыз бала бойжеткен соң оған шолпы тағып қоюдың өзінде бір үлкен мән бар. Шолпы таққан қыз бала бойын тік ұстап, адымдап жүрмей, әсем, кербез басуға үйренеді екен. Халқымыз «Қыз – жат жұрттық» деп ұлдан гөрі қызға үлкен құрметпен қараған. Осының айғағы ел ішінде Домалақ ана, Мұрын ана, Жәнбике, Қарқабат ана, Айша бибі сияқты елді аузына қаратқан әулие аналарымыздың шығуы қыздарын еркін ұстап, келін, ана болғанда да ерлермен тең дәрежеде ұстағанының дәлелі емес пе?
Қай кезеңде болсын, қандай қиыншылық болсын қазақ қыздары бойларындағы асыл қасиеттерін жоғалтпаған. Кешегі Ұлы Отан соғысында да «Алып анадан туады» деген аталы сөзді дәлелдеген қаршадай Әлия мен Мәншүктің қаһармандық ерлігінің өзі неге тұрады. Желтоқсан кезіндегі ел намысы үшін, егеменді ел болуы үшін жанын құрбан еткен Ләззат пен Сәбираның ерлігіне қалайша тәнті болмасқа? Міне, мұның бәрі тәрбиеге, қазақ халқының ата дәстүріне келіп тіреледі.
«Қыз» – ең қасиетті сөз. Қасиетті болатыны, бүкіл адамзат қыздан тарайды: қыз келін болады, келін анаға айналады, ал ана әже деген зор дәрежеге жетеді. Осы үшеуі арқылы ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын көбейтеді.
Ұлттың бойындағы бар жақсы қасиеттерді: тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, дәстүрін немересіне, немересінен шөбересіне жеткізуші, дамытушы, әрине, әйел-ана. Халқымыздың ырысты ынтымағын, береке-бірлігін, туыстың татулығын іске асыратын да, ұйымдастыратын да әйел-ана.
Кең-байтақ ұлы даланы мекен еткен халқымыздың бір тілде сөйлеп, әдет-ғұрып, салт дәстүрінің, мінез-құлықтарының да біркелкі ұқсас болып келуі бұрынғы өткен қасиетті Домалақ ана, Айша бибі, Жаған бегім, Нұрбике ханым, Айғаным,Ұлпан, Зере, Ұлжан сынды дана аналарымыздан қалған үлгі.
Қазақтар, әдетте, елге келін болып түскен қыз өз елінің барлық жақсы қасиеттерін, рухани-моральдық құндылықтарын өзімен бірге ала келіп, табалдырығын аттаған босағасының игілігіне, қала берді бүкіл сол бір қалың елге сіңірген. Бұл жақсы үрдіс, ғибратты ғадет бүкіл ұлттың бірлігіне, рухани болмысына игі ықпалын тигізген. Сондықтан да халқымыз қыздарына төрден орын беріп, қонақ деп еркелеткен, парасаттылыққа баулып еркін өсірген. Ерке қыз, иманды әйел, қасиетті ана солардан шыққан. Қазақтың батыл қыздары, ақын қыздары, ақылды қыздары ұлтты тәрбиеледі.
«Тар қолтықтан оқ тисе, тартып алар қарындас» деп қызға сеніммен арқа сүйеу де тек қазақта ғана бар. Қыздар тәрбиесі қоғамда рухани құндылықтарды, ұлы мұраттарды иманды және инабатты бәсекемен қалыптастырады. Бұл адамның ішкі түйсігіне өрелі қасиеттерді алға шығарады. Сол адамдық қасиеттерді бойына сіңіре білген жандардан тараған ұрпақ ақыл мен алғырлықтың бүкіл бітім-болмысын одан да артығырақ дамытады. Қызды тәрбиелеу, өсіру, ер жеткізу – ең маңызды мәселе. Қыз өсіру гүл өсірумен бірдей! Гүлге әлсін-әлсін су құйып, ауа жеткізіп, айналасын арамшөптерден тазартып отыру керек. Мұндай тиянақты күтім болмаса, гүл солып қалады. Қыз да сондай. Оған тәлім мен тәрбие, өнер мен өнеге, білім мен мәдениет керек. Қазақта әрбір ата-ана өз қызын өнегелі етіп өсіруге бар күшін салып отырады. Әрбір қыз өз отбасының тәрбиесімен ұядан ұшып, өмір деген үлкен әлемге қанат қағып жатады.
Қазақ қыздары ғасырлар бойы осындай отбасылық тәрбиемен өсті. Олардың отбасынан алған бар тәрбиесі жақсы келін болу ғана еді. Одан өзге ешқандай мамандықтары болған жоқ. Жан-жақты білім беретін, әр түрлі мамандықтарға үйрететін, өз бойындағы өнерін өрістететін мемлекеттік тәрбие алуға қазақ қыздарының қолы XX ғасырдың орта кезінде ғана жетті. 1944 жылы Алматыда қазақ қыздарына арналған Мемлекеттік педагогикалық институт ашылған. Бұл институт өз қыздарын жақсы келін болуға ғана емес, әр саладағы жақсы мамандар болуға тәрбиеледі.
Қазіргі біз өмір сүріп жатқан қоғамға тоқталсақ тәуелсіз, еркін еліміз осы заманның даму үрдісінің жылдамдығымен зымырап келеді. Алдағы мақсат – дамыған елдердің қатарына ену. Ал қоғам да уақыттан қалмай, ортамызға келген жаңа дүниелерге еніп, қалыптасу үстінде. Уақыт талабы – жарнамалық технология. Сондықтан қоғам уақыт талабына сай өмір сүру үшін, заманнан, адамдардан жеке тұлғалық факторларды талап етеді. Ұлттық сана-сезімге сіңіп, арғы тегімізден келе жатқан адами қасиеттерімізді жойып алмауды қажет етеді. Қазақ халқы ежелден келе жатқан мәдени мұрасы мен тәрбиелік мәні зор салт-дәстүрін жалғастырып келеді. Осындай байлықты нарықтық заманда қалыптастырып, ұлттық қасиетін жоймауы керек. Ең басты мәселе – адам тәрбиесі, оның қоғамдағы алатын орны. «Орта түзер ойыңды, ойың түзер бойыңды» – деп, Абай атамыз айтқандай, бойымыздан бұрын ойымыз ұзын болса екен.
Жанерке МАРАТ, Республикалық дарынды балаларға арналған №12 мамандандырылған мектеп-гимназияның 11 «А» сынып оқушысы,
Алматы қаласы.